Астана тарихы арыдан сыр шертеді

Астана тарихы арыдан сыр шертеді

1998-2018. Қазақ астанасының Жетісудың алмалы шаһарынан Сарыарқаның салқар төсіне қоныс аударып, өсіп, өркендеп, гүлдену жолына түскен, әлемге танылып үлгерген жылдар! Бас қалаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен Астана деп айдар тағылды, ғаламат, сәулеті мен сәні келіскен құрылыс нысандары бой көтерді, дүниежүзі дүлдүлдерінің бағын сынаған сайыстар өтті, ғаламдық проблемаларды, мәселелерді ортаға салып, талқылаған жиындар ұйымдастырылды, жер шарын желпіндірген жыр, ән, той думандарымыз, кешегі ЭКСПО-2017 көрмеміз... талайды таңдай қақтырды, сүйсіндірді.
Бұл айтылғандардың әрқайсысы бір-бір тақырыпқа жүк болары анық. Ал бұл жолы қазақ астанасының кешегісін түгендеп, бүгінгі елорданың тарихын сөз етсек. Қалған әңгіме жалғаса берер...

Орынбордан – Ақмешітке

Алғашқы астанамыз 1920 жылы қазіргі Ресей Федерациясы Орынбор облысының аумағындағы Орынбор қаласы болғанын тарихтан білеміз. Сол тұста автономиялы Қазақстан астанасының уақытша Орынборда болатындығы баршаға мәлім болды. Өйткені, патшалық өкімет тұсында бұл қала Орынбор шекара желісінің ішкі бөлігінде орналасқан еді. Ал қазақтардың бұл жақта жүріп-тұруы шектеулі болатын. Далалықтар тек арнайы төлем арқылы ғана бұл қалада уақытша тұрақтай алатын.

Екіншіден, Орынбор Қазақстанның барлық өңірлерінен тым алшақта орналасқан, ал мұның отарлаушы мемлекетке тиімсіздігі байқалды. Үшіншіден, Қазақстан шекарасы башқұрттардың жеріне өте жақын болуы да тілі, діні мен мәдениетінің тамыры бір халықтардың көршілес жатуынан қауіптенген большевиктерге ұнай қоймады. Сондықтан жуық арада астананың көшірілетіні, қазақ шекарасының өзгеретіні белгілі.

Жаңа астана ретінде «үміткер» қалалар қатарында Семей, Ақтөбе, Орал, Алматы, Ақмешіт, Шымкент болды. Тіпті, бір кездері қазақ билеушілерінің басқаруында болған және пайыздық жағынан қазақ тұрғындары басым орналасқан Ташкент қаласы да қаралды. Ең қызығы, сол кезде үміткер қалалар арасында Ақмола да аталды.

1925 жылы Қазақстан астанасы Ақмешітке ауыстырылды. Жаңа астана Қазақ хандығының бұрынғы елордалары болған Сығанақ пен Түркістаннан тым алыс емес. Осы жылы сәуірде бас қалада өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезінде Қырғыз АКСР атауы Қазақ АКСР болып өзгертілді. Алайда, кейінгі оқиғалар көрсеткендей, ыңғайлы көлік-қатынас жолдары болмағандықтан, жаңа астана ел ордасы мәртебесіне сондай лайық бола қоймады. Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп өзгерткеннен де ештеңе өзгере қоймады.

Алматыдан – Ақмолаға немесе осы көштің алты себебі

Түрксіб құрылысының басталуы ел ордасын Жетісудың төріндегі Алматыға көшірге себеп болды. Өйткені, бұл шаһар арқылы қолайлы көлік магистральдары өтетін. Ол жерден Орталық Азияның басқа елдеріне де шығуға мүмкіндік бар еді. Бұл оқиға заңды тұрғыда 1927 жылдың 3 сәуірінде орын алды. Ал іс жүзінде көшіру екі жылдан кейін ғана жүзеге асты. Осылайша, Алматы қаласы 1997 жылға дейін Қазақстанның елордасы мәртебесін иеленді.

Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары елордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде мәселе туғанын көбіміз көзімізбен көріп, көңілімізбен сезінгеніміз есімізде. Бұл идеяны көтерген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамына күмәнмен қарағандарымыз қаншама. Ал оларды тарихи бастамаға сендіру үшін дәйекті һәм дәлелді негіздер керек, салмақты себептер болғаны жөн. Бұлар болмаса, мұндай мәселе тумас та еді.

Ендеше алғашқысын айтайық, ол кезде Алматының дамуы үшін аумақтық ресурс таусылған болатын. Қала енді қайта құлаш жазып дами алмайды, өйткені барлық жағынан биік таулар қоршап алған. Мегаполис бастапқыда 700 мың тұрғынға деп жобаланған, ал сол тұста оның тұрғындарының саны 1 миллионнан асып үлгерген-тін. Оның үстіне, оңтүстік мегаполисті сумен қамту, кәріздендіру жұмыстарында айтарлықтай қиындықтар туындады.

Екіншіден, Алматының экологиялық ахуалы да нашарлай түсті. Бұл сейсмикалық қауіпті өңір еді. Қаланың желдетілуі нашар. Ал үшіншіден, республиканың оңтүстік бөлігінде халық тығыздығы жоғары, солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық өңірлерде өте төмен болды. Жаппай ашаршылықтың, саяси қуғын-сүргіндердің, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жүз мыңдаған азаматтардың құрбан болуының салқын салдары әлі де сақталған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жергілікті емес тұрғындар өздерінің ұлттық республикаларына, этникалық мекендеріне қайта көшуі белең алғанын білеміз. Мұндай көші-қон оқиғалары кеңшар, ұжымшарлар таратылған жылдары қатты жүрді.

Төртіншіден, Алматы барлық тұрғындарын жұмыспен қамти алмады. Мәселен, жаңа кәсіпорындардың ашылуы электр қуатының жетіспеушілігіне, шикізат, су және басқа да қажеттіліктерді жеткізудің қиындығына байланысты шектелді. Бесіншіден, елорданың солтүстікке ауыстырылуы геосаяси жағдайларға да байланысты болды. Бұл жайында Президент «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Осы әрекетімен Қазақстан Солтүстікпен және Оңтүстікпен, Шығыспен және Батыспен тең құқықты ынтымақтастыққа ашықтығын паш етті» деп жазады. Бұған қоса, елдің орталығы республиканың барлық шекараларынан тең қашықтықта орналасуы тиіс. Алтыншыдан, Астананы көшіру қажеттігі елдің индустриалдық-инновациялық дамуы үшін алға қойылған міндеттерге де байланысты болды.

Тарихи шешім дұрыстығын дәлелдеді

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ болашақтағы жаңа елорданы іздестіру белсенді түрде басталған екен. Оның түрлі нұсқалары қарастырылған, айталық, Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазған… Әсіресе, Сарыарқа төсіндегі Ақмола әлеуетті елорда ретінде халықаралық 32 стандартқа сай келген: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық шарттар, қоршаған орта, инженерлік және транспорттық инфрақұрылым, құрылыс компаниясы, еңбек ресурстары, геосаяси аспектілер және басқалар.

Содан кейін жаңа Астана елдің ең географиялық орталығында орналасқан әрі көліктік қатынас жолдары ыңғайлы, яғни әуе жолы, теміржолдар мен автомобиль магистральдарының қиылысқан тұсында бой көтерген. Көріп отырғанымыздай, бас шаһар төрт құбылаға тең өсе алады, географиялық ахуалы кез келген бағытта ұлғая түсуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұнда сейсмикалық қауіп жоқ.

Астананың Алатау етегінен Арқа төсіне көш түзеуіне Есіл өзенінен жиналатын орасан зор су қоймасы да әсер еткенін айту керек. Жаңа елорданы таңдау геосаяси себептерден де туындады, демографиялық және қауіпсіздік сынды мәселелер де шешімін бірден тапты. Тіпті, Ақмоланың таза әрі желдетілетін, жазық жерде орналасқан қала ретінде экологиялық тұрғыдан ұтымдылығы басым болды. Елордасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған кезеңде мұнда небәрі 280 мың ғана адам тұратын.

Енді тарихи көштің құжаттарына көз салып көрелік, 1993 жылдың соңында ел Президенті астананы Алматыдан республиканың басқа бір қаласына көшіру қажеттігін алғаш рет жария еткенін естідік. Жаңа бастамаға мүлдем сенбегендер мен күмәнданғандардың қатары аз болмағанын айттық. Көпшілік Арқаның ысқырған желі мен қақаған аязынан қорықты. Ресми деңгейде бұл бастама 1994 жылдың 6 шілдесінде Н.Назарбаевтың республиканың Жоғарғы Кеңесінің сессиясынада сөйлеген сөзінде айтылды. Мұны депутаттар қолдап, шұғыл түрде елорданы көшірудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге нұсқау берген қаулы қабылдады.

Бұдан кейінгі оқиға былай өрбіді: 1995 жылдың 15 қыркүйегінде Мемлекет басшысы елорданы Ақмолаға көшіру туралы Жарлыққа қол қойды, 28 қыркүйекте Үкімет мемлекеттік мекемелерді көшіру жөніндегі комиссия құрды.

1997 жылдың 20 қазанында тәуелсіз Қазақстан өмірінде маңызды тарихи оқиға орын алды, Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің астанасы Ақмола болып бекітілді. Ал 8 қарашада елордаға мемлекеттік биліктің ерекшелік белгілері – Ту, Елтаңба және Президент штандарты әкелінді. Парламенттің қос палатасының бірлескен мәжілісінде Н.Назарбаев: «Біз, Қазақстан Республикасының жоғарғы өкіметі, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола біздің мемлекетіміздің астанасы болып табылады деп салтанатты түрде мәлімдейміз» деп атап айтты.

1998 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгерді. Осы жылы ЮНЕСКО шешімімен Қазақстанның жаңа елордасына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы мен медалі берілді. 10 маусым күні бірқатар шет мемлекеттер басшыларының қатысуымен Астананың халықаралық таныстырылымы өтті. Бұл жаңа, орасан зор ауқымдағы және өте қысқа мерзімде іске асырылған мега жобаның бастамасы еді.

P.S. Иә, мұның бәрі тізбектеп шыққанға оңай. Осынша оқиғалар барысында Елбасының қандай сын сағаттарды басынан кешіп, ұйқысыз түндерді өткеріп, орасан күш-жігерін жұмсағанын еңбектеріндегі жазбалар әйгілейді. Ең бастысы, Президент шешімі дұрыстығын дәлелдеп, бас шаһар қарқынды даму жолына түсті. Бұл жайында сәл кейінірек...

 

Асхат РАЙҚҰЛ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Итоги конкурсов АрМИ-2018 на территории Казахстана

Итоги конкурсов АрМИ-2018 на территории Казахстана