Астана экономикасының жаңа алгоритмі

Биыл Астана қаласына 20 жыл толып отыр. Осы белес алдында өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында қала әкімі Әсет Исекешев экономикаға өсім әкелетін 10 негізгі бағытқа айрықша тоқталды. «Цифрлық технология өміріміздің сан алуан саласына дендеп енуімен көптеген мамандықтардың «күні өтеді». Алайда бұдан қауіптенудің қажеті жоқ. Керісінше, біздің алдымызда еңбек нарығын бейімдеп, қолынан іс келетін әр жан өз еңбегімен табыс таба алатын жағдай қалыптастыру міндеті тұр. Астананың жағдайында ірі өнеркәсіпті дамыту қолайсыз. Өйткені экологияға зиян. Сондықтан Дубай, Мәскеу, Пекин, Сингапур секілді ірі мегаполистердің тәжірибесін зерделей келіп, елордаға қолайлы 10 секторды таңдап алдық» деді. Олар: туризм, заманауи өндіріс, қаржы секторы, девелопмент, сауда және логистика, мемлекеттік секторға және халықаралық компанияларға қызмет көрсету, мәдениет, спорт және креатив сектор, білім беру және денсаулық сақтау саласы.

Әсет Өрентайұлының айтуынша, мұның бәрі шағын және орта бизнестің өрісін кеңейтіп, елордадағы еңбек белсенділігін арттырады. Айта кетерлігі, Астана соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жылдық өсімі тұрғысынан көшбасшы қалалардың қатарында. Бизнестің аймақтық жалпы өнімдегі үлесі 57,4 пайызға жетіп отыр. Басқаша айтқанда, Атырау облысының бюджетіне мұнай қаншалықты маңызды болса, Астана бюджеті үшін шағын және орта бизнестің орны соншалықты қомақты. Сондықтан жоғарыда аталған он бағыт бойынша кәсіпкерлерге нақты қолдау жасап, қолайлы орта қалыптастыру Астана қаласы әкімдігінің алдыңғы кезектегі міндеті саналады.

 

Тиімді кредитке сұраныс жоғары

Жергілікті атқарушы органның жан-жақты қолдауын кәсіпкерлер «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық қарсаңында анық сезінді. Мысалы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен Астана қаласы әкімдігі бірлесе дайындаған «Астана-Бизнес» бағдарламасы аясында 359 бизнес жобаға 34,5 млрд теңгенің кредиті берілді. Бағдарламаның ерекшелігі сол – бизнесін енді бастаушылар мен жастардың («Astana-ZhasStarT», «АstanaStartup»), бұрыннан бар қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындардың («AstanaService»), көтерме және бөлшек сауда саласының («AstanaRetail») қажеттіліктері мен төлем қабілетін мұқият зерделеп, оларға тиімді шарттарды ұсынды. Соның нәтижесінде 1200 жаңа жұмыс орны ашылып, 1600 жанның жұмысын сақтап қалды. Аталмыш кредиттеу бағдарламасына сұраныс жоғары, сондықтан бұл бағыттағы жұмыс алдағы уа­қытта да жалғасады.

 

Сервистік келісімшарт сапаны арттырады

Астанадағы кейбір мемлекеттік мекемелердің қызметтерін сервистік келісімшартқа ауыстыру, мемлекет пен жекенің әріптестігі арқылы жүзеге асыру бизнесті ынталандыратын ілкімді шаралардың қатарына жатады. Мұндай жұмыс тәсіліне білім беру мен денсаулық саласы, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары, көлік тасымалы қызметі көше бастады. Мысалы, қаладағы жол-көлік қозғалысындағы заң бұзушылықтарды және қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалау «Сергек» жүйесіне («Көркем-телеком» ЖШС) сеніп тапсырылғаны мәлім. Аталмыш жүйе тек биылдың өзінде 12082 жол-көлік ережесін бұзу фактісін анықтап, 55 млн 155 мың теңгенің айыппұлын жинады. Ең бастысы, жүргізушілердің шамадан тыс еркінсуі салдарынан болатын жол-көлік оқиғалары азая бастады.

Ал технологиялық жарақтану, бизнес-процесті реттеу, мемлекеттік және бизнес құрылымдармен, тұтынушымен қарым-қатынас тұрғысынан «Сергек» әлдеқайда тиімді жұмыс істеп отырғаны байқалады. Мысалы, жүргізуші айыппұлдың көлемін сол сәтінде біле алады, 1 апта ішінде тө­лесе, 50 пайыз жеңілдік жасалады. Сақтандыру компаниялары те­зірек шешім шығару үшін қажет мәліметтерді «Сергектен» оңай алуына болады. Бір сөзбен айтқанда, бизнес бар жерде – сапа да, бәсекелестік те болады. Сол секілді қаладағы көптеген мемлекеттік мекемелер қызметтік көлік орнына такси қызметін пайдалануға көшті.

 

Инвесторлар үшін қолайлы қала

Қалалық әкімдік тарапынан нақты қолдау бизнесмендерді түрлі жобаларға қорықпай қаржы салуға ынталандыратыны анық. Егер 2013 жылы жекеменшік инвестиция үлесі 46 пайыз шамасында болса, былтыр оның көлемі 76 пайызға жетіпті. Ал шетелдік инвестиция көлемі 3 есе артқан. Былтыр «Астана – инвестиция үшін қолайлы қала» арнайы бағдарламасы қабылданып, құжат рәсімдеу, рұқсатнама алу жағы едәуір оңтайландырылды. Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевтің айтуынша, қазіргі кезде жалпы құны 3 млрд доллар болатын 60 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның 26-сында шетелдік инвесторлар мен трансұлттық компаниялардың үлесі бар.

Айталық, таяу келешекте Астанада фармацевтикалық зауыт (Иордания, «HIKMA»), жабық бульвары (Сантьяго Калатрафа архитектуралық бюросы), «Resident plaza» көпфункционалды тұрғын үй кешені (Сербия, «Dana Holdings»), «Диснейленд» ойын-сауық паркі (БАӘ, «Sabis»), Галактикалық музей секілді ірі нысандар пайда болады. Сонымен қатар, биыл «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 17,1 млрд теңгені құрайтын 13 индустриялық жоба іске қосылады. Айта кетерлік жайт, құрамына елорданың әкімшілік орталығы мен №1 Индустриялық парк кіретін «Астана – жаңа қала» АЭА өзінің алға қойған міндеттерін орындауы жақын. Индустриялық парк аумағында бүгінге дейін 44 өндіріс орны ашылса, 3500 адам жұмыспен қамтылды. Ал Есіл өзенінің сол жағалауындағы тусырап жатқан жердің 70 пайызы игерілді.

Жаңбырдан кейінгі көктей дүркіреген тұрғын үй құрылысын айтпағанның өзінде, соңғы 20 жылда сол жағалауда 316 әлеуметтік, қоғамдық, өндірістік мақсаттағы нысандар бой көтерді. Спорт кластері, медицина кластері, бірнеше жоғары оқу орны, халықаралық әуежай, теміржол вокзалы, заманауи бизнес орталықтар мен бес жұлдызды қонақүйлер, ойын-сауық орталықтары Астананың ажарын ашып қана қойған жоқ, мыңдаған жұмыс орны мен табыс көзін тауып бергені даусыз. Ендігі меже – Төртінші индустриялық рево\люция көшіне ілесіп, цифрлы технология мүмкіндіктерін игеру. Сол себепті Үкіметтің арнаулы қаулысымен «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағының аумағы (584 га) бекітілді. Оның аясына №2 Индустриялық парк пен Назарбаев университетінің ғылыми зерттеулерді коммерциялизациялау мақсатында құрылған «Astana BusinessCampus» мекемесі біріктірілді. Жаңа экономикалық аймақ аясында 2042 жылға дейін ғылыми негізді, технологиялық тұрғыдан тиімді талай өндіріс орны тұсауын кеседі.

 

Адами капитал – айрықша назарда

Алайда сапалы адам капиталын қалыптастыруға күш салмай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы мен Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алға қойған міндеттер межесін орындау – қиын шаруа. Бұл тұрғыдан Астана қаласы әкімдігінің есебі мығым секілді. Мысалы, 2020 жылға дейін Астана қаласында 900-ге жуық нысан пайда болады екен. Оның 550-і тұрғын үй болса, қалған 270-і – өндірістік нысан, 11-і – сауда орны, 50-і – қонақүй мен мейрамхана, 14-і – денсаулық сақтау мен білім беру нысаны. Мұның бәрі жүзеге асқан жағдайда 55 мың тұрақты, 100 мыңға жуық уақытша жұмыс орны ашылады. Сәйкесінше мамандарға талап та күшейеді. Сондықтан халыққа есеп беру кездесуі барысында Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев жұмыспен қамту және кадр дайындау саясаты біршама өзгеріске ұшырайтынын атап өтті.

Қазір Статистика департаменті 2013-17 жылдардағы мәлімет бойынша қала халқын жасы, жынысы, білімі және қай салада жұмыс істейтініне талдау жасап жатыр. Ал тіркелген заңды және жеке тұлғалар, ондағы жұмыс орнының нақты саны туралы мәліметті Мемлекеттік кірістер департаменті, кәсіпкерлердің, жұмыссыздықтың түйткілді мәселелерін анықтауды «Атамекен» ҰКП қолға алды. Осы мәліметтер негізінде, Астана қаласының әкімдігі жұмыспен қамту және кадр даярлау саясатына бірқатары өзгеріс жасауды жоспарлап отыр.

Әділбек ЖАПАҚ


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"