Астана – бейбітшілік қаласы

Астана – бейбітшілік қаласы

Өткен аптада Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы мен Сыртқы істер министрлігі бірігіп өткізген «Астана – бейбітшілік қаласы» халықаралық конференциясы өтті. Онда Астана әкімі Әсет Исекешев елорданы әлемдегі ең ақылды 50 қаланың тізіміне енгізу мақсатында жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндады.

Алдымен, шаһар басшысы елорданың 20 жылдық жетістігіне тоқталды.

– ЕҚЫҰ саммиті, «EXPO-2017» халықаралық көрмесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті – Астанада өткен ірі форумдардың бір бөлігі ғана. 20 жыл – кез келген қала үшін тек бастама. Осы уақыт аралығында әртүрлі міндеттер атқарылып, жаңадан қала салынды. Бүгінде елордада еліміздің жаңа толқыны өмір сүріп жатыр. Қала халқы 3,5 есе өсіп, миллионнан асты. Ал инвестиция көлемінің жылдық мөлшері 44 есеге көбейді. Елорданың жетістіктері Астананы урбанизацияның заманауи үлгісіне айналдырады, – деп атап өтті Әсет Исекешев.

Сондай-ақ, қала әкімі елорданың даму жолдарымен таныстырды. «Астананы әлемнің саяси және дипломатия орталығының жоғары стандартына сәйкестендіре отырып, еліміздің инновация, сауда, экономика, денсаулық сақтау, білім беру салаларының орталығына айналдыруды көздейміз. Осы орайда, қаланы жаңғыртудың жаңа бағдарламасы әзiрленiп жатыр. «Ақылды әрi қауiпсiз қала» тұжырымдамасы адам капиталы мен қала инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді. Әлемдегі 50 интеллектуалды әрі заманауи қалалардың қатарында көріну үшін Астана Еуразияның мәдени, ғылыми орталығы ретінде өз әлеуетін нығайтып, өңірлерден ғалым-зерттеушiлерді, студенттерді тартуға мүдделі» деп сөзін қорытындылады қала басшысы.

«Астана – бейбітшілік қаласы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы отандық және шетелдік саясаткерлер мен беделді сарапшыларды тарту мақсатында ұйымдастырылды.

Татулық пен бірлікті ту етіп келеді

Елімізде жыл сайын Астана күнін сән-салтанатымен атап өту дәстүрге айналған. Биыл да Астананың 20 жылдық мерейтойы өз деңгейінде атап өтілмек. Елордамызды бір көруге құштар болып жүрген шалғайдағы халық та Астанаға сапарларын 6 шілдеге арнайы жоспарлауда. Былтыр ғана ұйымдастырылған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі бас шаһардың келбетін алыс-жақын шет мемлекеттердің, еліміздің тұрғындарына таныстырғаны есімізден шыға қойған жоқ. Мұның бәрі — олардың Астанаға деген құрметі мен сағынышының белгісі екені сөзсіз.

Сәті түскенде айта кеткен жөн, Астанамыздың тарихы ежелгі Бозоқ қаласынан бастау алатынын біріміз білсек, тағы біріміз біле бермейміз. Осы тұста, тарихқа көз жүгіртіп өткен артық болмас. 1820 жылы Ресейдің императорлық «Сибирский вестник» журналында орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі жарияланды. Осы күнделік беттерінде Шангин Бас штабтың тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл мен Нұра арнасын зерттей жүріп, Бозоқ көлінің жағасында көне қаланың орын тапқанын баяндайды.

Қаланың атауы Бозоқ екен. Ғалымдар Бозоқ қаласының гүлдену дәуірі біздің заманымыздың Х-ХІІ ғасырына келетінін айғақтайды. Көптеген тарихи шежіре нақ Орталық Қазақстан даласы арқылы бір кездері біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығының орта шамасында Еуразияның Батысы мен Шығысын жалғастырған Ұлы жол өткенін дәлелдейді. Олжайхан және Оғызхан туралы халық аңыздары нақ осы Орталық Қазақстанмен байланысты баяндалуы бекер емес. Ортау, Ұлытау, Кішітау, Ордатау және Әскер-құдық сияқты жерлер түрлі кезеңде даланың даңқты да ұлы баһадүрлері: Жошы, Бату, Орда, Ежен, Тайбұғы, Көшім, Орыс және Әбілқайыр Шайбанилермен аталады. Екі құрлықтың түйісінде көсіліп жатқан бұл кеңістік соғыс және басқыншылық шайқастар алаңы ғана болған жоқ. Сонымен бірге ол діндердің, мәдениеттердің, ұлттардың және ұлыстардың басын қосқан орталық еді. Әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолына дейін осы даламен Көне Эллада мен Қиыр Шығыс халықтары мен елдерін жалғастырған құба жол өткен-ді. Археологтардың тағы бір пайымдауынша, табылған Бозоқ қаласы қыпшақ хандарының әскери ордасы немесе тіпті резиденциясы болған тәрізді. Бұл көне қала қазір Астана қаласынан 15 шақырым жерде Бозоқты көлінің жағасында орналасқан екен.

Ал Ақмола қаласының тарихы 1830 жылдан, яғни Қарауыткөл алқабында Ақмола бекінісінің салынуымен басталады. 1830 жылдың 18 маусымында, ақсақалдардың қол қоюымен құжат жасалды. Бұл қазақ болыстарының аға сұлтандары мен ақсақалдарының берген тілхаты сияқты болды. Атын өзгертіп жатпады, патша әкімшілігінің бар қағазында Ақмола деп жазылып кетті. Ол кездері бекіністе бар-жоғы 313 адам тұрып жатты. Жылдар өтті. Ақмолаға Ресей мен Шығыстың сауда қатынасының көпірі іспеттес Сібір, Орал, Орта Азия көпестері қоныс аудара бастады. Кішкене ғана қорған біртіндеп қалаға айналды. Мұндай мәртебе, Ақмола станицасына Ресейдің Ішкі істер министрлігінің 1862 жылдың жетінші мамырындағы шешіміне байланысты берілді. Қазіргі заманның тілімен айтқанда, Астана сол кездің өзінде инвесторлардың назарын аударатын еді. 1863 жылдың өзінде, Ақмолада елу бір ресейлік, үш жүз қырық шетелдік көпес тұрақты өмір сүретін. Саудагерлердің жалпы саны 1236 адамды құрады.

Ресей империясының 1862 жылғы 7 мамырындағы шешімімен, Ақмола станицасына қала мәртебесі берілді. Сол жылдан арада тура бір ғасыр өткенде қала атауы Целиноград болып өзгереді. Ол кездері қала тың өлкесінің орталығына айналды. Ақмола Целиноградқа айналып қана қоймай, 200 000 халқы бар үлкен қала деңгейіне жетті. Міне, осы шежірелік мағлұматтардан-ақ қала елорда болуға лайық екенін түсінуге болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы қалаға тарихи Ақмола атауы қайтарылып берілді. Мінекей, сол тұста Ақмоланың ел астанасы боларын ешкім болжай да алмаған. Бұл туралы тарих былай дейді: «Қазақстан бойынша ел астанасын ауыстыруға әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, ауа райы, жер бітімі, сейсмикалық жағдай, қоршаған ортасы, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, құрылыс кешені, еңбек ресурстары сияқты түрлі көрсеткіштер бойынша Ақмола қаласы ең лайықтысы болып шықты. 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы шығарды».

Бұл қаулы үш жылдан кейін ғана жүзеге асты. 1997 жылы тәуелсіз Қазақ­станның Президенті Н.Назарбаев елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдаған Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, қазақ тарихында тағы бір ұлы көш басталды.

Ел астанасының көшірілуі қыстың қақаған аязына дөп келді. Сондықтан Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсауы 1998 жылдың 10 шілдесі күні кесілді. Біз күні кешеге дейін Астана күнін дәл осы 10 шілде күні атап өтіп келдік. Кейін Астана күні ел астанасын ауыстыру туралы қаулы қабылданған 6 шілдеге ауыстырылды. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге – Астана күні атауы беріліп, оны атап өту – шілденің 6-сына бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, шілденің 6-сы – Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Астана үлкен қалалар мен Халықаралық астаналар Ассамблеясына кірген.

1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астанаға ең жоғары белгілердің бірі «Бейбітшілік қаласы» деген атақ берілген болатын. Қала өркендеп өсіп келеді. Ол қайталанбас өзінің ырғағымен өмір сүруде. Шыны керек, қала күнін атап өту тек Астана халқы үшін емес, бүкіл ел үшін игі дәстүрге айналған. Сөзсіз ғажайып шаһар тек біздің ғана емес, дүниежүзіне зиялылық нұрын төгетін тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның сәулетті қаласына айналып отыр. Жастарымызды болашаққа бастайтын бас қаламыз, арман қала – жас қаламыз – өнер, білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда. Ендеше, Астанадай ғаламат қала қазақ елінің мәңгілік жерұйығына айналарына сенім зор.

 

Төрткүл дүние көз тігеді

6 шілде күні еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Бұл мерекеге орай елордамыз шетелден және өңірлерден 1 миллионнан аса туристерді қабылдауға дайын.

Бұл шара – тек Астана үшін маңызды емес, өз мемлекетімізді таныстыруға тамаша мүмкіндік. Елорда мерейтойына орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің қолдауымен 600-ден астам ауқымды мерекелік бағдарлама дайындалған. Мамандардың мәліметінше, бас шаһар 2018 жылы шетелден және аймақтардан келетін 1 миллионнан астам туристерді қабылдауға дайын. «Қонақтарды қарсы алуға қалада 200 қонақүй мен 1100 қоғамдық тамақтану орны әзірленген. Әуежайдың жаңа терминалы мен жаңа теміржол вокзалы сақадай сай. Негізгі шаралар өтетін орындарға шаттл автобустары қатынайды. 1-10 шілде аралығында құқық қорғау органдарының 2,5 мың қызметкері күшейтілген режімде жұмыс істеп, қауіпсіздік жіті қадағаланады. Одан басқа, Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылады. Қажет болған жағдайда, 13 медициналық мекеменің көмегіне жүгінуге болады» дейді ұйымдастырушылар.

– Елорда күніне орай 7 жаңа саябақ пен гүлзар ашылып, 40 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 157 мың шаршы метр алаңға гүл егіледі. Аула аймақ­тарын, қоғамдық алаңдарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. 20 жылдық қарсаңында 100-ден астам аула тапсырылса, жыл соңында аула саны 400-ге дейін жетеді. Мұның барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке инвесторлардың қаражатымен абаттандырылмақ. Елорданың бір топ өнерпазы ел аймақтарына арнап «Астанадан ақ тілек» мерекелік бағдарламасын ұсынады, – деген болатын қала әкімі Әсет Исекешев.

Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов 600-ден астам мәдени-спорттық шаралар туралы кеңінен мәлімет берді. «Астананың 20 жылдығын атап өтуде ұлттық болмысты сақтауға бағытталған шаралар көптеп ұйымдастырылмақ. Әкімдік 1 шілдеде «Қазақ елі» монументі алаңында Ұлттық домбыра күнін атап өтеді. «Көшпенділер әлемі» этнофестиваліне Түркия, Болгария, Венгрия, Башқұртстан, Қырғызстан елдері қатысады. Одан басқа, «Астана Арқау», «Spirit of Astana» музыкалық фестивальдері, «Қазақстан Барысы» турнирі сияқты дәстүрлі шаралар болады. Шет аймақта орналасқан 10 тұрғын үй алабы да мерекелік шаралардан қалыс қалмайды.

Толық мәлімет 21 мамырдан бастап www.astanaday.kz сайтында жариялануда» деді ол.

 

САУД АРАБИЯ СОФИЯСЫ – АСТАНАДА

 

Ал G-Global басшысының орынбасары Мұрат Қарымсақов Сауд Арабиясы азаматшасы атанған София роботы Астанаға арнайы келетінін мәлімдеді. Ол Жібек жолы елдері қалаларының мэрлер форумына қатысады. «Роботты құрастырушы Бен Герцель форумға спикер ретінде қатысуға келісімін берді. Меніңше, гиноид Софияның елордаға келуі ең қызықты шаралардың бірі болады» деді G-Global өкілі. Бүгінде J.P. Morgan Chase корпорацияның директорлар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель, Болгарияның бұрынғы президенті Петр Стоянов, Қытайдың AngelVest қорының ортақ құрылтайшысы Девид Ченнің форумға қатысатындары белгілі деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум жұмысы жемісті болған жағдайда, Жібек жолы елдері қалалары мэрлерінің клубы ашылады. Ғылым, білім беру, әдебиет, туризм, спорт, бизнес, мемлекеттік емес ұйымдардың қауымдастығы да осы алаңда құрылады.

 

Асхат РАЙҚҰЛ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства