Армысың, Көктем-Ару! Әз-Наурыз!

Армысың, Көктем-Ару! Әз-Наурыз!

    Наурыз - Жыл басы. Табиғат мейрамы. Ызғарлы қыстың көбесі сөгіліп, жер-әлем көгеріп, ақтың молаятын шағы. Наурыз - тіршілік атаулының бастауы. Қалың қыстың қыспағынан шаршаған жан біткеннің жадырайтын, жасаратын шағы. Наурыз - пейілдің кеңейіп, мейірімнің молаятын, өз-өзімізге есеп беретін рухани жаңғыру айы.

Қазақ мен Наурыз ұғымы қашан да ажырағысыз. Өйткені Наурыз нышандары көшпелі қазақтың күнделікті тұрмыс салтына еніп кеткен. Наурыз - қазақтың қазақтығын танытатын мейрам. Әрине, Наурызды қазақтың төл мерекесі деп меншіктеп алуға келмес. Ол түркі жұртына ортақ мейрам. «Наурыз» сөзінің өзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны береді. Яғни, Жаңа жылды, түнгі түнек жіңішкеріп, күндізгі жарық ұзара түсетін Жаңа күнді қарсы алу.
Шығыс тойы жайлы тарих не дейді?
Әлемдегі ең көне мерекелердің бірі саналатын Наурызды Орта Азия халықтары бес мың жылдан бері атап келеді. Мұның туу тарихы жайында талас та көп, пікір де саналуан. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметовтің айтуынша, Наурыз мерекесін көшпелі түркі жұрты зороастризм сенімінен бұрын тойлаған. Оған дәлелді ғалым көне «Афрасиаб» жырынан келтіреді. «Афрасиаб жырында көшпелілер көктем шыға ұлыстың ұлы күнін тойлаған. Ал, «наурыз» – Иран мәдениетінен Тұран мәдениетіне сіңіскен термин. Яғни, көшпелі түркі жұртының ұлыстың ұлы күнін тойлауы «наурыз» терминімен бекітілгенмен мазмұн тұрғысынан алып қарағанда ежелден түркі жұртында бар дәстүр» дейді ғалым. Ежелгі түркілер Наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні отты алаулатып жағып, Жаңа күнді жарықпен қарсы алған. Ондағы мағына барлық жамандық атаулы, пәле-жала ескі жылмен қалсын деген ниетпен өздерін аластау. Ежелгі шығыста Наурызды қарсы алуда қолданылған бұл дәстүрді дінге қайшы деген пікірлер де бар. Бірақ белгілі этнограф, ғалым Жағда Бабалық Наурыз мерекесінің ешқандай отқа табынуға, құлдыққа қатысы жоқ екенін дәлелдеуге тырысады. Әдебиетші ғалымдар мен өнертанушылар да бұл мейрамды қазақ халқы ислам дінін қабылдамастан бұрын тойлағанын айтады. Олардың пікірінше, Наурыз мейрамы – қазақ халқының көшпелі тұрмысының қуанышты кездерін бейнелейтін ұлық мереке.
Қытай жылнамаларында да арғы бабаларымыз Ғұндардың Наурыз мерекесін тойлағаны жазылған. Ғұн қағандары күн мен түн теңелген 22-наурыз күнi таң алакеуімде таудың басына шығып, көкке қолын жайып, Тәңiрден тiлек тiлеп, «Әумин» дескеннен кейін, абыздар қобызбен аңыратып тоғыз қоңыр күй шалып, іле-шала 365 жiгiт қолдарындағы қобызбен 365 күй тартады екен. Яғни, бір жылдағы 365 күннің әр күніне бiр күйден арнайды. Осылайша Наурыз мерекесі басталып, түрлі дән-дақылдан наурыз көже жасалып, салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындар өткізіліп, ат шаптырып, көкпар тартылып, мерекені мәре-сәре болып тойлайды екен. Наурыз түркінің төл мерекесі екенін зерттеуші Бақыт Әбжет те дәлелдейді. Оның айтуынша, көне түркінің мифінде жерді өгіз көтеріп тұр деп есептелінеді. Жерді бір мүйізіне салып көтеріп тұрған көк өгіз мүйізі талғанда, екінші мүйізіне ауыстырады. Осы кезде жер қайта жаңарып, тіршіліктің ояна бастауы жаңа жылдың келгенін білдіреді. Халық өгіз белгі бергеннен Наурыз мейрамын тойлауға кірісетін болған.

Наурыз Нұх пайғамбар заманында да тойланған
Ол жайында ғұлама Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Нұх, Наурыз тарихы» атты еңбегінде жазады. Ғалым мереке шежіресін былайша тарқатады: «Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазықұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан» деп Нұх қауымның топан судан аман-есен құтылғандарына шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, той жасағандығын жеткізеді. «Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы - «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам - сол Самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі – Ғажам жұрты жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале – жыл басы» деп мейрам қылған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұпа-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген» дейді содан кейін.
Машһүр Жүсіп бабамыздың бұл дерегін Жағда Бабалық өзінің «Наурыз - мұқым ғаламның жыл басы мерекесі» атты мақаласында былай деп тереңдете түседі: «1970 жылдары Мәскеудегi Ленин атындағы кiтапхананың архивiнен ескi бiр жырды кездейсоқ оқығаным бар еді. Араб графикасымен жазылған жыр екен. Ол жылдары арнайы рұқсатың болмаса, көшірмесін жасатпайтын. Көшірмесін алмағаннан кейін авторының аты-жөнiн ұмытып та қалыппын. Осы шығармада жер-жиһанды топан су қаптағанда Нұх пайғамбардың кемесi кеп Қазығұрт тауының басына тоқтағаны, дәл сол күнi күн мен түннiң теңескенi әсерлі баяндалады. Нұх пайғамбар күн мен түннiң теңесуінің құрметіне, сондай-ақ, азғынданған қауымның жойылып, жаңа бір тіршіліктің басталғанын тойлағаны суреттеледі. Жыршы бұл мерекені «Наурыз» деп көрсетеді. Бірақ, жыр иесі Нұх пайғамбар қайтыс болғаннан кейiн Наурызды тойлау үрдісі ұмытылғанын, арада үш ғасыр өткенде ғана Наурыз атты алып тұлғалы адам Нұх пайғамбардың бастамасын жалғастырып, жыл басы Наурызды тойлауды қайта қолға алып, осылайша Шығыс халықтары Наурызды жыл басы мерекесі ретінде тойлауды үрдіске айналдырғаны жырланған.

Наурыз жайлы аңыздарды сөйлетіп көрсек...

Парсы патшасы Жәмшид елінің аумағын аралап жүріп, Әзербайжан атты мекенге тап болыпты. Осы жерде уәзірлеріне күнгей бетке қаратып үлкен тақ орнатуды бұйырған екен. Күн сәулесі тақпен шағылысып, айналаға ерекше нұр шашыпты деседі. Содан кейін жұрт осы күнді жаңа жыл есебінде тойлауды әдетке айналдырған. Қалай болғанда да, бұл мереке 18-ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда аталып, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген. Көктем мерекесі туралы мәліметтер антикалық және орта ғасырлық жазушылардың еңбектерінде де кездеседі. Шығыс жыл санағы бойынша, мереке ирандықтардың жаңа жылы Наврузбен жанасады. Ал белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали былай дейді: «Наурыз мерекесін парсылардың аржағында ежелгі түркілердің мерекелеп келгендігіне анық көз жеткіздік. Алматы маңындағы Аңырақай деген жерде таңбалы тастар бар. Сол тастардағы жазулардан Наурызды түркі халықтары осыдан төрт-бес мың жыл бұрын тойлап келгендігі анықталды.
Наурыз мейрамының түп тарихын зерттеп зерделеуді Астанада ашылған Түркі академиясының ғалымдары да қолға алды. Деректердің дені осында сақталған. Атауы парсыдан шыққанымен, көне түркілік тарих тың дүниелерді қайта ұсынып отыр. Шығу тегі тым әріде жатқан жыл басының шежіресі әлі де болса елеп-екшеуді қажет етеді».
Демек, бай тарихы, мәдениеті бар Наурыз мейрамы тағы да бір мәрте түркілердің ғажайып өркениет иесі болғанын дәлелдейді. Өйткені бұл мереке жайлы тарихтың дені солай сөйлеп тұр.

Тәуелсіздікпен келген қуаныш
Тәуелсіздікпен қайта түлеген Наурыз қазақ үшін ұлы қуаныш, өйткені бұл мейрам - ұлтымыздың ұлық, басты мерекесі. Уағында ұлтты ұлыстың ұлы күнімен қайта қауыштырған Өзбекәлі Жәнібеков «Наурызды елден, елді Наурыздан ажыратуға болмайды» деп әз-Наурыздың Алаш жұрты үшін қаншалықты маңызды екенін дөп басып айтқан.
Кеңестің кесір саясаты көшпелі қазақтың рухани бай мәдениетін көрсететін Наурыз мейрамына да тиді. 1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің қыспағымен наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Сөйтіп, «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтында айтылады», – деп ұлы Абайдың өзі мән берген ұлыс мерекесі талай теперішті бастан кешті. Алаш қайраткерлерінің «Қазақ» газетінің 1913 жылғы наурыз айындағы басқарма атынан берілген мақаласындағы: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде Наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын қалаш, бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді» деген жолдарынан қарап, «балапан басына, тұрымтай тұсына» тартқан қиын-қыстау замандарда Наурыздың тойланбай қалғанын анық аңғарамыз.
Сан жылдар бойы сынын жоғалтып, санадан өшіруге тырысқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, наурызды рухани құндылығым деген ұлтжанды азаматтарымыздың арқасында Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі қайтадан жалғасын тапты. Наурыз мерекесі 1991 жылы, 15 наурызда Қазақ СР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын "Наурыз мейрамы" деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н.Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23-күндеріне "Наурыз мейрамы" деген атақ берді.

Наурыз тойының мән-мағынасы қандай?

Наурыз - тіршілік біткеннің қайта түлеуі. Жер-Ананың жіпсіп, ақ көрпесін сілкіп тастап, көк шығып, көркеюіміз. Мал атаулының жайылымға шығып, аузымыздың аққа кеңелуі. Қыбырлаған жаны бар тіршілік атаулының табиғатпен бірге оянуы. Қыстан қысылып шыққан халықтың жылымық келгенге арқа-жарқа боп қуануы.
Наурыз келіп, жер арқасы кеңігенде халық алыс-жақын, туған-туыс, көрші-қолаңын іздеп, амандық сұрасып, көрісу салтын жасайды. Көрісу мейрамы бүгінде, әсіресе батыс өңірінде жақсы сақталған. Сондай-ақ бұл мерекеде біреуге өкпе-реңіші бар адамдар өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп, арадағы суық қарым-қатынастың жібін үзіп, қайта табысады. Демек, Наурыз- татулықтың, береке-бірліктің мерекесі.
Наурыз тойының тағы бір тамаша атрибуттарының бірі - Наурыз көже. Жеті түрлі құнарлы азықтан жасалатын тағам келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде әрбір шаңырақта міндетті түрде дайындалады. Бұл күні үй иесі дастарханына қыстан сүрлеп, сақтап келген бар дәмдісін салады. Бұл ізгі ниеттің негізгі мағынасы- келген жаңа жыл молшылық, берекелі жыл болсын дегені.
Наурыз-бұл өнер мерекесі, еңбек мерекесі. Ұлыстың ұлы күнінде халық бар өнерін ортаға салып, жүзден жүйрік анықталады. Ат шаптырып, аударыспақ ойнап, жамбы атып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасайды. Келін түсіру, қоныс тойын тойлау, балаға ат қою, тұсау кесу сынды тамаша дәстүрлерді де осы жаңа күнге орайластырып жатады.
Наурыз- еңбек мерекесі дейтініміз, Жаңа күн, Жаңа жылмен қатар жаңа игі бастамалар дүниеге келеді. Яғни, адам өткен жылын қорытындылап,өз-өзіне есеп беріп, жаңа жылдан жақсылық күтеді. Тіршілігін де, жан дүниесін де ескі дүниелерден тазартып, өкпе-реңіштің барлығын артта қалдырады. Демек, Наурыз-рухани жаңғыру айы.

Әзірлеген Меруерт САФАЕВА



Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК