Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов - танымы терең тарихи тұлға

Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі,  Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов бүгінде арамызда болғанда 93 жасқа толатын еді. Тәуелсіз еліміздің төл Қарулы Күштерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Сағадат Қожахметұлының бүгін туған күні. Айтулы датаны негізге ала отырып, «Сарбаз» газетінің бүгінгі санында тарихи тұлға жайында кеңірек мағлұмат беруді ұйғардық. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың кезінде атқарған іргелі істері мен өскелең ұрпаққа өнеге боларлық өсиет сөздері өміршеңдігімен ерекшеленеді.

        Сағадат атамыз 1924 жылы Ақмола облысы Ақкөл ауданына қарасты (бұрынғы Алексеев ауданы) Қосым ауылында туғанын жақсы білеміз. «Батыр атамыз балалық шағында қай жердің топырағын басып, шаңын жұтты екен, қай өзен-көлге шомылып, асық ойнады екен? Оның ата-анасы жайлы толығырақ білсем» деген сұрақтар көкейімде тұрды. Ғаламтор, энциклопедия, кітаптардан ізденіп, тапқанымды ортаға салмақпын. 

Батыр атамыз өзінің туған жерін ешқашан жадынан шығармай, үнемі есінде сақтап жүрген. Ол өзінің соңғы жазған еңбегінде: "От огненных лет до суверенной армии" деген кітабында туған жері туралы: «лес из белоствольных берез вперемежку с шептунами-осинами», и просторные ковыльные степи: «По весне и осенью стоял птичий гомон: на озере обитало много пернатых. Летом наше село, зеленое, веселое, купалось в щедрых лучах солнца. А зимой дремало в глубоких сугробах»- деп, туған топырағы туралы аса бір жылылықпен және ерекше сезіммен еске алады.

      Ал, журналист Болат Жүнісбеков батыр атамызбен сұхбаттаса отырып, жазған «Отасу» атты эссе-кітабында: «Қыста туған ауылы Қосым қалың қардың астында дамылдайды. Кей жылдары, тіпті арқаның адуын желі ұйтқи соғып, үйіре жинаған қар үйлерді шатырына шейін тұмшалайды. Балалар үшін қызықтың көкесі сонда басталады. Аппақ төбелердің астын үңгіп, неше түрлі күрке соғады. Олардың ортасына түсіп кетіп, қойыны-қоныштары қарға толып, үсті-бастарына сүмек-сүмек мұз қатса да қарамайды. Бірақ, үнемі олай емес, қардың түте-түтесін шығарып, бір төбені бір төбеге қосып, боран соғады. Табиғаттың ондай дүлей күндері үйден аттап шыға алмайды» деп, Қосым ауылының кысқы келбетін сипаттайды. Иә, Сағадат  атамыз орманға бай, табиғаты қыста қатал, жазда жаймашуақ , сулы, нулы мекенде туып-өскенімен, әкенің аяулы  алақанын көру ғұмырына жазбапты.

дүние есігін ашуға бір  ай қалғанда аяулы әкесі Қожахмет өмірден озады.  Анасы Айса жалғызілікті болса да екі баласына жетімдіктің дәмін татқызбай, еркелетіп ұстады. Ағасы Сағит екеуі алаңсыз ер жетіп келе жатқан шақта жан аналары Айса бақилық дүниеге аттанады. Сағадат онда жетіден енді ғана асқан еді. Барлық ауыртпашылық жалғыз ағасының мойнына түсті. Сағадат үшін жалғыз  ағасы  Сағит әке де, шеше де бола білді. Бірақ сұм соғыс ағасын да көп ұзатпай майдан даласына алып кеткен еді. Сағадат Нұрмағамбетов ағасы Сағитты жанындай жақсы көрген. «Ол шымыр денелі, жұдырығы тоқпақтай, қой көзді, анама ұқсайтын» деп еске алып отырады екен.

       Сағадат жастайынан алғыр, өжет болып өсті, анасының айтқан әңгімелерін жас болса да, есінде   мәңгі  сақтап үлгерді. Ал батырлар жайындағы әңгімелерді туыс атасы Әлжан ақсақалдан  көп еститін. Әсіресе, Қобыланды батыр, Алпамыс батыр туралы жыр-дастандарды тыңдағанды қатты ұнатқан. Сағадат атамыздың болашақ өмірде  батыр  атануына  Әлжан атасының айтқан батырлар жырының да септігі болған шығар деген ой келеді маған. Мектепті Сағадат атамыз үздік бітірген, аудан орталығында оқыған, екі сыныпты бір жылда бітіріп, жақсы оқуымен ерекшеленген. Туған жері  Қосым ауылында соғыс кезінде  есепшi қызметiн, клуб меңгерушiсi қызметтерін  атқарады. Сағадат Нұрмағамбетов  әу баста география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған екен. «Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алатын» дейді замандастары естеліктерінде.

           Сағадаттың жастық шағы  сұрапыл Ұлы Отан соғысымен дөп келді. Ерте ер жетті. Майдан жолын Солтүстік Кавказдан – Кубаньнан бастаған Сағадат фашизмнің ұясы – Берлинде аяқтады. Шығыс Еуропаны басып өтіп, Батыс Еуропадан бір-ақ шықты. Cағадат Нұрмағамбетов атамыз соғысты жеңіспен аяқтап, туған жері Қосым ауылының топырағын 21 жасында Кеңес Одағының батыры болып қайта басуға жазды.

            Міне, Сағадат атамызды дүниеге әкелген қасиетті Ақкөл жері -Еуразияның жүрегi, бүгiнде айбатты да асқақ Астанадан 107 шақырым қашықтықта орналасқан. Қаланың  қазіргі тұрғындар саны – 17 мыңнан астам. Ақкөл қаласында батыр атамызға арналған мұражай және көше аты берілген.

        Сонымен қорытындылай келе, жас жеткіншектер Сағадат атамыздың өмірінен үлгі алып, оның бойындағы қарапайымдылық, алғырлық, өжеттілік, намысшылдық тәрізді небір жақсы қасиеттерді бойларына сіңіріп өсетініне мен кәміл сенемін, және батыр атамыздың атымен «Жас ұлан» республикалық мектебінің аталуы мен  үшін мақтаныш.  «Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» деп Бауыржан атамыз айтқандай, оның жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады демекпін. Болашақта Ақкөл қаласына барып өз көзіммен батыр туған өлкені көріп, қасиетті мекенге тағзым ету ойымда бар.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"