Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет

Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет

Мемлекет басшысы сап түзеген Құрметті қарауылмен бірге Даңқ мемориалындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар рухына бір минут үнсіздік арқылы тағзым етті.

Елбасы ардагерлер мен рәсімге қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде қазақстандықтардың фашистік басқыншыларды жеңуге зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

– Қазақстаннан майданға 1 миллион 800 мыңнан астам жауынгер аттанды. Солардың жартысы қайтып оралмады. Олар соғыста ерен ерлік көрсетті. 500 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Тыл еңбеккерлері майданға қару, азық-түлік және керек-жарақ жөнелту үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сұрапыл соғысты көрмеген қазіргі ұрпақтың бақытты екенін айтты.

– Біздің аталарымыз революция мен репрессияны, әкелеріміз Ұлы Отан соғысын бастан өткерді. Ал біздің ұрпақ бейбіт заманда өмір сүруде. Бұған ардагерлеріміздің қосқан үлесі зор. Сіздерге алғысымыз шексіз! – деді Мемлекет басшысы.

Рәсім соңында Елбасы соғыс және еңбек ардагерлерімен еркін әңгімелесті.

– Сіздер жанымызда жүргенде, біздер – балаларыңыз бен немерелеріңіз, өзімізді алаңсыз сезінеміз. Ерліктеріңізді үлгі-өнеге тұтып, сіздерден қайсарлықты, Отанымыздың патриоты болуды, Атамекенді сүюді, сондай-ақ Отанымыз үшін қасық қанымыз қалғанша күресіп, сүйікті Қазақстанымыз үшін жанымызды құрбан етуге дайын болуды үйренеміз. Қымбатты достар, баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, табыс және жақсылық тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.

Майдангерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипаты мен қамқорлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

 

***

Жалпы зұлмат жылдарда Отан үшін отқа түсіп, батыр атағына ұсынылғандардың бәрі бірдей тиісті наградасын ала алмағаны белгілі. Қазақстан бойынша ондай ардагерлердің қатары 100-ден асып жығылады.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Астана қаласында осындай ардагерлердің бірінің шаңырағына арнайы барып, оның ұрпақтарымен кездесті.

Есімі ел есінде мәңгі сақталған осындай батыр аталарымыздың бірі Аманша Жұмашұлы Меңдіғалиев. Ол әйгілі Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрысқа қатысқан. Ауыр жарақатына қарамастан 362-ші өздігінен жүретін артиллерия полкін бастап Берлинге дейін жетеді. Сол жерде Аманша атамыздың батареясы жау әскеріне ойсырата соққы беріп, нәтижесінде Кеңес әскері Германия астанасының шығыс бөлігіне басып кіруге мүмкіндік алады. Осы ерлігі үшін ол бірден Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды.

Алайда сол бір алтын жұлдызға қол жеткізе алмай кетті. Бірақ ерлік ешқашан ұмытылмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының Жарлығымен Аманша Меңдіғалиевке «Отан» ордені салтанатты жағдайда табыс етілді. Жеті бала тәрбиелеп өсірген ардагер атамыз 28 немере сүйді. Аманша ата 2008 жылы 90 жасында дүниеден озды.

Бүгінде батырдың отын өшірмей, қарашаңырақта ұлы Асылбек Меңдіғалиев отыр. Ол да әке жолын жалғап, әскери өмірді таңдаған. Мереке күні Аманша атаның шаңырағына арнайы ат басын бұрған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары батырдың ұрпақтарымен кездесіп, оларға құрмет көрсетті.

Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде Астана қаласында тұратын өзге де Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады.

 

***

 

Адамзаттың басына төнген алапат соғыстың аяқталғанына биыл міне, 73 жыл толып отыр.

Берлиннің түбінде фашистердің қарсылықсыз тізе бүккені туралы Актіге 1945 жылдың 8 мамырында түнгі сағат 22:43-те қол қойылды. Мәскеу уақыты бойынша бұл сәт – 9 мамыр 00:43 еді. Уақыт айырмашылығына байланысты сол күннен бастап Жеңіс мерекесін Еуропа – 8 мамыр, Кеңес Одағы 9 мамыр күні атап өтетін болған.

Тарих пен уақыт безбеніне салынған бұл соғыс бүгінге дейін Ұлы Отан соғысы деген атауға ие. Соғыс 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 1945 жылдың 9 мамырында аяқталды. Қазақстаннан 1,5 миллионға жуық азамат майданға аттанды. Оның тең жарымы Отанына оралмады. Елдің 500-ден астам азаматы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Өкінішке орай, майдан алаңында ерлікпен шайқасқан жауынгерлер туралы айтып беретін ардагерлеріміздің қатары да күннен-күнге сиреп барады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынған мəліметіне сəйкес,  бүгінде Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 2067 майдангер қалды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2018 жылғы 1 сəуірдегі жағдай бойынша елімізде 2067 екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, 140 606 тыл еңбеккері және 65817 ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдар тұрады.  Ардагерлердің басым бөлігі Алматы қаласында (387 ардагер), Шығыс Қазақстан (246), Оңтүстік Қазақстан (187) және Қостанай (165) облыстарында тұрады. Ал олардың ең аз саны Атырау (29 ардагер), Қызылорда (37), Маңғыстау (36) облыстарында тіркелген. Министрліктің хабарлауынша, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері Жеңістің 73 жылдығын мерекелеу қарсаңында ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, оларға теңестірілген адамдарға жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге бір реттік ақшалай төлемдер берді.        

                                                           

***

Елордасы Астанада мерекелік шара 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста жарақат алып, қайтыс болған ақмолалық жауынгерлердің қорымында дәстүрлі түрде гүл себеттерін және «Даңқ гүл шоқтарын» қою рәсімінен басталды.

«Жас ұлан» мектебінің оқушылары және ардагерлер салтанатпен сап түзеп өтіп, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Марқұмдарды еске алу іс-шарасында соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қаза болған марқұмдардың туыстары, Астана қаласы әкімдігінің басшылары, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Астана қаласы әкімдігі атынан әкім орынбасары Ермек Аманшаев сөз сөйледі. «Келер ұрпақтың бейбіт өмір сүруіне, Отанын қорғауға және одан кейінгі өмірде салтанатты өмір сүру үшін шыбын жандарын қиған ардагерлерді еске алып тұрмыз. Осы Ақмола өңірінен сұрапыл соғысқа аттанғандардың ішінен отыз жауынгер Кеңес одағының батыры атағын алған. Сіздердің ерліктеріңіз біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Сіздерге Астана қаласы әкімдігінің және қала тұрғындарының атынан басымызды иіп алғыс айтамыз. Денсаулықтарыңыз зор болып, бізге үлгі көрсетіп арамызда жүре беріңіздер. Мейрамдарыңыз құтты болсын!», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Қазіргі таңда елордамызда тоқсаннан аса ардагер және үш мыңға жуық тыл еңбеккері тұрып жатыр. Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловтың сөзінше, өткен жылы Жеңіс мерекесін жүз отызға жуық ардагер қарсы алса биылғы мерекені тоқсаннан аса ардагер қарсы алайын деп отыр. Елордада тұрып жатқан барлық ардагерлер санаторий-курорттық емдеумен және коммуналды-тұрмыстық қызметтерді өтеуге ай сайын ақшалай өтемақымен қамтамасыз етілген, сондай-ақ ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсетіледі.  Айта кетейік, осы жылы Астана қаласы мәслихатының шешімімен барлық екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне 500 мың тенге көлемінде біржолғы материалдық көмек төленген. 
                   

***

 

Түске қарай II дүниежүзілік соғыстың құрбандарын еске алуға арналған «Жаужүрек полк» шеруі өтті.

Шараға Ұлы Жеңісті ұлықтайтын және бейбітшілік пен жеңісті сыйлаған аталарының жанқиярлық ерлігін құрметтейтін барша қала тұрғындары мен азаматтары, әскери қызметшілер қатысты. Акцияға қатысуға мыңдаған адам ниет білдіріпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға 15000-ға жуық адам қатысты. Олардың ішінде отбасы мүшелерімен, балаларымен келген азаматтар көп. Мыңдаған астаналықтармен бірге қала қонақтары мерекеге аталарының суреттерін ұстап шықты. Мерекелік шеру «Қазақ елі» монументінен басталды. Басқа адамдар колоннаға жол-жөнекей қосылып отырды. Сөйтіп, Отан қорғаушылар мемориалына жеткенше «Жаужүрек полктің» ұзындығы бір шақырымнан асып кетті.

Қатысушылар қолдарына Ұлы Отан соғысында қаза болған аталарының портреттерін ұстап, соғыс жылдарындағы әндерді орындай отырып, үлкен мақтанышпен жүріп өтті. Одан кейін «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Айта кетейік, «Жаужүрек полк» акциясы әлемнің 600 қаласын қамтыды. Жылдан жылға шара бұқаралық сипатқа айналуда.

 

***

Бұл шеруді облыс халқы да жалғастырды. Көкшетауда 9 мамыр - Жеңістің 73 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара барысында соғысқа қатысқан майдангерлердің құрметіне акция ұйымдастырылды.

Оған облыстың әр ауданынан келген соғыс пен тыл және еңбек ардагерлері, майданда шейіт болғандардың туған-туыстары қатысты. Шара барысында барлық қатысушылар соғысқа қатысқан туысқандары мен ата-әжелерінің суреттерін қолдарына ұстап Абай көшесінің бойымен Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне дейін жүріп өтті.

Айта кетейік, Ақмола облысынан соғыстың алғашқы алты айында 37 мың адам, ал соғыстың барлық кезеңінде 80 мыңнан астам адам шақырылған.

Олар барлық майдандардағы шайқастарға, яғни, Мәскеу, Сталинград, Курск доғасы тәрізді өзге де ұрыстарға қатысқан 66 ақмолалықтың Кеңес Одағының Батыры атанғаны, оның ішінде 13 адам Даңқ орденінің толық иегері болғаны ақмолалықтардың ерліктерінен хабар бергендей.

 

***


Ақтауда да Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан батырларға арналған салтанатты шеру өтті.

Бүгінде Маңғыстау облысында соғысына қатысқан 22 ардагер және 928 тыл ардагері бар. Жеңісті жақындатқан майдангерлер Ақтау қаласында ұйымдастырылған мерекелік шарада төрден орын алып, айтулы күнді тойлауға арналған мейрамның қонағы болды.

Орталық көшеден Мәңгілік алау монументіне дейін қамтылған шарада ескерткішке гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздік орын алды. Содан кейін қала тұрғындары мен қонақтарына «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты театрлық және концерттік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты рәсімде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жиналған жұртшылықты Жеңістің 73 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Отан қорғаушылар күніне» арналған әскери парадта - «Қарулы Күштер - бұл қауіпсіздіктің басты кепілі, егемендіктің берік іргетасы және біздің Отанымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы» деген болатын. Бүгінгі нақты қауіптерге, терроризмге және күтпеген әлемдік экономиканың қиындықтарына қарамастан, біз елдің тұрақтылығын бағалап, этникааралық бейбітшілік пен Қазақстан халқының бірлігін бағалауымыз керек. Сондай-ақ, біздің ардагерлеріміздің Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесінің зор екенін атап өткім келеді. Олардың ерен ерлігі мен көзсіз батырлығы біз үшін батылдық пен табандылықтың, борыш пен адалдықтың жарқын үлгісі болды», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Шараға келген тыл ардагері Ақілгек Орақова сол жылдардың қиындығын айтып, мерекемен құттықтады. «Жеңіс күні аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік елде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бұл аға буынның жан қияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Қаһарман қайсарлықтың қас үлгісмін көрсеткен қайсар рух пен жалынды жігердің жемісі! Білектің күшімен, найзаның ұшыменен мына елді қорғап қалған азаматтардың қазіргі азаматтар соның жолын қусын. Еліміз аман болсын! Аман болайық! Балдардың денсаулығы мықты болсын!»,- деді.

Айта кетейік, Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан Кеңесбай Енсегеновке облыс әкімі Ералы Тоғжанов жаңа пәтер кілтін табыс етті. Ардагер II дәрежелі Отан соғысы ордені, «Еңбек ардагері» медалі, ІІ дәрежелі «Даңқ ордені» ордені, «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.  




                                                            ***

 

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары – 1942-1943 жылдары Сталинград майданының жақын тылы саналған, бірнеше рет неміс-фашист ұшақтары бомба тастап, нағыз соғыс түтінін иіскеген еліміздегі бірден-бір өңір. Сондықтан да Оралда Жеңіс күніне арналған салтанатты шаралар жыл сайын ерекше өтеді.

Биыл да батыр қыздар – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспанованың ескерткіші орнатылған алаңға гүл шоғын қоюмен басталған шаралар күні бойы жалғасты. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Жеңіс алаңында, Мәңгілік алау басында сөйлеген сөзінде осы өңірден майданға аттанған 80 мыңға жуық жауынгерден күні бүгін көзі тірі 108 ардагер қалғанын айтып өтті.

Бұл күні Батыс Қазақстан облысында да ардагерлерге ерекше назар аударылып, сый-құрмет көрсетіліп, бүгінгі бейбіт күн мен тәуелсіздік үшін рахмет айтылды. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры «Мәншүк» қойылымының премьерасымен атап өтті.

Батысқазақстандықтардың биыл Астананың 20 жылдық тойына тартуы да Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметованың еңселі ескерткіші болғалы тұр.

Міне, осылай, еліміздің түкпір-түкпірінде 9 мамыр – Жеңіс күні сән-салтанатымен атап өтілді.

 



Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Итоги конкурсов АрМИ-2018 на территории Казахстана

Итоги конкурсов АрМИ-2018 на территории Казахстана