Ақорда

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев АҚШ-тың Сауда министрі Уилбур Росспен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика және инвестиция салаларындағы қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысы Сауда министрінің бұл сапары АҚШ-тың Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айқын аңғартатынын, сондай-ақ өзара экономикалық байланыстарды нығайтуға септігін тигізетінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қаңтар айындағы АҚШ-қа ресми сапары барысында жоғары деңгейде өткен кездесулердің нәтижелеріне тоқталды.
– Кездесуде Президент Дональд Трамппен өзара түсіністікке қол жеткіздік. Қазақстан мен Америка арасындағы қарым-қатынастар кеңейтілген серіктестік деңгейіне көтерілді. Бұл туралы тиісті мәлімдемеге қол қойылды. Мен ресми сапар барысында АҚШ-тың «бизнес капитандарының» үлкен тобымен кездестім. Бірлескен бизнес-форумда жалпы құны 7 миллиард АҚШ доллары болатын түрлі 27 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бүгінде елдеріміз арасындағы сауда көлемі 2 миллиард АҚШ долларына жетті. Биыл бұл көрсеткіш 30 пайызға өсті, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму тарихына тоқталып, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қол қойылған келісімдер жөнінде айтты.
– Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, әлемдегі ірі ядролық полигонды жапқан соң, біз Президент үлкен Джордж Бушпен ынтымақтастық жөнінде бірінші келісімшартқа қол қойдық. Сол кезде «Шеврон» компаниясы біздің елде жұмыс істеуге ниет білдірді. Бұл компания жұмысының тарихы Қазақстанда бизнес жүргізудің қаншалықты табысты болатынын айқын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанның көпвекторлы саясат жүргізіп отырғанын және серіктес елдердің бәрімен тату қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.
Уилбур Росс Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдіріп, Астананы көрген кездегі әсері жөнінде әңгімеледі.
– Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Әуежайдан келе жатып, Астананың сәулетіне тамсана қарадым. Сіздерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде әрі экономикаларыңыз да қарыштап дамып келеді, – деді АҚШ-тың Сауда министрі.
Сондай-ақ, У.Росс Астанаға өзімен бірге Қазақстанмен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ниет білдірген америкалық 16 компанияның делегациясы келгенін атап өтті.
АҚШ-тың Сауда министрі Қазақстан Президентіне АҚШ Президенті Д.Трамптың ізгі тілегін жеткізіп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, кеңейте түсуге мүдделі екенін айтты.

***

Нұрсұлтан Назарбаев «Азия-Еуропа» форумының ХІІ саммитіне қатысты.
Мемлекет басшысы саммиттің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қақтығыстардың көбеюі, санкция және сауда соғыстарының өршуі жағдайында халықаралық саясат шиеленістің шегіне жетіп отырғанын атап өтті.
– Біз бүгінгі «Азия-Еуропа» форумының саммитін осы проблемаларды шешу үшін пайдалануымыз қажет. Өкінішке қарай, қазіргі кезде әлем табысты диалог пен өзара түсіністікке қол жеткізе алмай келеді. Бәріміз өткен ғасырдың 60-жылдарындағы Кариб дағдарысын еске салатын бүгінгі экономикалық және саяси текетірестерге куә болып отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл саммит АҚШ, Ресей, Қытай сияқты әлемнің ірі елдерін, Еуропа Одағын халықаралық шиеленістерді шешудің жолын іздеуге шақыруы қажет екенін айтты.
– Егер Сириядағы, Украинадағы және өзге де елдердегі проблемаларды реттемесек, ахуал одан да күрделене түседі. Баллистикалық ракеталардың таралу қаупі сейілмейінше, халықаралық терроризм басты мәселе болып қала бермек, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы жағдайдың күрделене түсуіне байланысты кейбір кедей мемлекеттердің ахуалы одан әрі қиындайтынын айтып, адамзат үшін оның елеулі қауіп-қатер саналатынын атап өтті.
– Мемлекеттер көшбасшылары Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін де, терроризмге қарсы күресте де өзара тіл табыса білді. Сондықтан, мен АҚШ, Ресей, Қытай елдерінің, сондай-ақ Еуропа Одағының басшыларын диалогқа шақырып, өзекті проблемаларды талқылау үшін Астана алаңын пайдалануды ұсынамын. Бұл мәселе БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы сессиясында да қарастырылуы мүмкін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Азия мен Еуропадағы жаһандық сын-тегеуріндерге қарсы тұруға бағытталған серіктестікке белсенді атсалысуға дайын екенін тағы да атап өтті.

***
Мемлекет басшысы Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесті.
Қазақстан Президенті кездесу барысында саммиттің дәстүрге сай жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Еуропалық комиссия төрағасын биылғы желтоқсанда Санкт-Петербургте өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысуға шақырды.
Жан-Клод Юнкер «Азия-Еуропа» форумының XII саммитіне Қазақстан делегациясының және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзінің қатысуының маңыздылығын атап өтті.
– 2008 жылғы Қазақстанға жасаған сапарым және әлемдегі тұрақтылық туралы әңгімеміз менің есімде. Біздің жиі кездесіп тұрғанымыз жөн, – деді Еуропалық комиссия төрағасы.
Тараптар халықаралық саясаттың күн тәртібін, соның ішінде жаһандық қауіпсіздік проблемаларын қарастырып, Еуразия экономикалық одағының Еуропа Кеңесімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті саммит барысында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ли Кэцянмен, Ресей Федерациясының және Италия Республикасының премьер-министрлері Дмитрий Медведевпен және Джузеппе Контемен кездесті.

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства