Алпыс жылдық асу

Алпыс жылдық асу

Жердің егесі – ел. Ал ел мен жердің қорғаны қашанда ер. Бейбіт заманда ел тыныштығын күзетіп, ал жаугершілік кезеңде шекара шебін жаудан қорғайтын ерлердің ісі біткен емес. Ел барда, жер барда қашанда ерге сын. Демек запастағы офицер тәрбиелеу – шындап келгенде қоғамның күйіп тұрған мәселесі. Осы ретте, бүгінгі әңгімеміздің арқауы 60 жылда елімізге  15 мыңдай запастағы офицер даярлап шығарған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің әскери кафедрасы жайлы болмақ. 26 қыркүйекте әскери кафедра 60 жылдық мерейтойын атап өтті.

Салтанатты шара

Мерейтойлық шараға ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы өкілі, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті АҚ Басқарма төрағасы, әскери кафедраны әр жылдары бітірген түлектер, ардагерлер мен ұстаздар, әскери мамандар мен студенттер қатысты. Мерекелік шара кафедраның жеке ғимаратының саптық алаңындағы кафедра жеке құрамын тұрғызудан басталып, мерейтой құрметіне арналған түрлі сайыстарда жеңімпаз атанған студенттерді марапаттаумен жалғасты. Ал шараның ресми бөлімі бас ғимаратта мемлекеттік туды кіргізуден басталды. Бүгінде осы оқу орнын басқарып отырған Басқарма төрағасы профессор Ақылбек Күрішбаев мерейтойлық шараның кіріспесін ашып, барлық әріптестер, студенттер қауымын 60 жылдық мерекемен құттықтады. Әскери кафедраның қашандағы негізгі мақсаты өзінің жеке қасиеттерін жан-жақты дамытып, жетілдіре алатын, Отан қорғау ісінде өзінің конституциялық міндетін орындай білетін болашақ офицерлерді дайындау екендігін алға тартқан ол кафедраның соңғы кездегі жеткен жетістіктеріне де біршама тоқталды.


Өздеріңізге мәлім, 1958 жылы біздің университетіміздің құрамында әскери кафедра жұмысын бастады. Одан бері көптеген өзгерістер болды. 1985 жылдан бастап қосалқы жайлары бар, техникалық қызмет көрсету бөлімшелері бар жеке 4 қабатты оқу ғимараты салынды. Әскери кафедраның оқу сыныптары, өз зертханасы, әскери техниканы, автомобильдерді сақтау паркі бар. ҚР Қорғаныс министрінің қолдауымен заманауи қару-жарақтар мен әскери техникамен жабдықталған. Бізде әскери және педагогикалық тәжірибесі мол мамандар жұмыс істейді,- деп атап өтті Басқарма төрағасы.

Басқарма төрағасынан кейін сөз алған ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева университет басшысына министрдің орынбасары, генерал-лейтенант Талғат Мұхтаровтың атынан құттықтау хатын тапсырды. 60 жылдық мерейтойы аталып отырған бұл кафедраның еліміздегі жетекші білім ордаларының бірі екенін атап өткен Айгүл Төлембаева өз әріптесін мысалға да келтірді.

–Студенттер, болашақ Отан қорғаушылар, сендер тек қана запастағы офицер ғана емессіңдер, сендер нағыз офицерсіңдер. Запас сөзі тек формальды түрде рәсімдеу үшін ғана қажет. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық ауылшаруашылық институттарында әскери кафедралар ашылды. Неге? Өйткені сендер жердің қадірін білесіңдер, демек жерді қорғаудың қадірін білесіңдер, техниканың не екенін білесіңдер. Мен сендерге Қорғаныс министрінің білім басқармасының бастығы полковник Нурмахановтың осы кафедраның түлегі екенін айтқым келеді. Ол еліміздегі әскери оқу саласын басқарады. Бұл кафедраның жақсы кадр дайындайтынын мен осы кісі арқылы тағы бір мәрте дәлелдегім келеді.

Мерекелік шара ары қарай Басқарма төрағасының кафедра ұстаздарына, ардагерлерге, әріптес өзге де университеттің әскери кафедра мамандарына 60 жылдық мерейтойға арналған құрмет белгілері мен грамоталарын тапсыруымен жалғасты. Көркемөнерпаздар концерті де кеш көркін аша түсті.

Жылдар. Белестер

1957 жылы құрылған оқу орны ол кезде Целиноград ауылшаруашылық институты деп аталатын. Бір жылдан кейін Кеңес Қарулы күштері үшін резервтік командалық құрамды дайындау мақсатында елдің басқа да көптеген жоғары оқу орындарындағы сияқты әскери кафедра құрылған. Кафедра ең қажетті деген оқу-материалдық базаны құрап, 1958 жылдың қазан айынан бастап әскери дайындық өткізе бастаған. Бірақ 2 жыл жұмыс жасаған мерзімде кафедра бірде бір запастағы офицер дайындап үлгермей, 1961 жылы Қарулы күштердің қатарын қарусыздандыру мен қысқарту шараларын қабылдау кезінде әскери кафедра таратылады. Тек 1965 жылдан кейін ғана қайтадан кафедра ашылып, алғашқысында барак типті жеке ғимаратқа орналастырылады. «Басында әскери кафедрамыз құрылғанда екі мамандық болды: мотоатқыштар және автомобиль жөңдеу мамандықтары»,-дейді Қазақ агротехника университетінің әскери кафедра бастығы отставкадағы полковник Төлеген Дуламбаев.

–Осы солтүстік аймақта біздің әскери кафедрамыз ең бірінші болып ашылды. 60 жылдың ішінде 15 мыңнан астам запастағы офицерлер дайындаппыз. Алғашында екі мамандық бойынша дайындасақ, бара бара мамандықтар көбейе бастады. Қазіргі таңда біз офицерлерді 5 мамандық бойынша дайындаймыз. Ол мотоатқыштар, яғни жалпы әскери офицерлер, топографиялық қызмет офицерлері, автомобилдік техника жөңдеу және оны жүгізу мамандығы. Одан кейін автомобилдік техниканы қолдану және қамтамасыз ету. Және биыл мына 5- тамақ әзірлеу, азық-түлікпен қамтамасыз ету офицерлерін дайындауға кірістік. Жалпы Қазақстан бойынша әскери кафедраларды алсақ, біздің кафедра – мателиальдық-техникалық, библиотекалық қоры жағынан, ғимарат, кластар, лаборатория жағынан ең бір үздік кафедралардың бірі,- дейді кафедра бастығы.

Қазіргі уақытта әскери кафедрада 26 оқу взводтарында 400-ге тарта студент оқиды. Кафедра 18 оқу дәрісханасы, оның ішінде 10 дәрісхана мультимедиялық құралмен жабдықталған. 2 компьютерлік сынып, атыс тирі, қару-жарақ сақтауға арналған бөлме, ғылыми-әдістемелік жұмыс кабинеті, кітапхана, бейнебақылау орнатылған кезекші бөлмесі бар. Әскери автомобильдік техниканың 9 бірлігі мен броньді танк техникасының 4 бірлігі бар.

Жыл сайын әскери кафедраны 200-ге жуық студент бітірсе, соның 10-15 %-ы ҚР Қарулы күштері саласына барады екен. Әскери кафедра негізінен дәлдік оқыту жүйесі, яғни сала-сала бойынша оқытады. Мәселен, геодезия мамандығы бойынша жалпы білім алатын студенттер әскери кафедрада топографияны оқып, әскери салада топограф мамандығымен жұмыс істеуіне болады. Ал ауылшаруашылығы техникасын оқып жатқан мамандар әскери техника саласы бойынша оқиды, соны зерттейді. Демек дәлдік оқыту жүйесінің де болашақ мамандарға берері мол. Кафедрада қашанда оқу мен тәжірибені қатар ұштастырып отырамыз. Студенттер жылына бір рет полигонға барады,-дейді әскери кафедра бастығы отставкадағы полковник Төлеген Дуламбаев.

– Студенттер кафедрада екі жыл оқиды. Сол екінші жылдың аяғында бір айға далалық жиынға шығамыз. Сонда практикалық сабақтар өтеді, ант қабылдайды. Содан кейін бізде емтихан тапсырады. Астана қаласының барлық университеттері далалық жиынға 40- станцияға барады. Сонда жарыс, сайыстар ұйымдастырылады. Армрестлинг, кір көтеру, арқан тарту сынды сайыстарда біздің студенттер десантниктерге де қарамай бірінші-екінші орын алып жүр.

60 жылдық белесте қаншама түлек түлеп ұшып, өмірдің сан саласына қадам басты. Қоғамның бір кетігіне кірпіш болып қаланып, өмірден өз орнын тапты. Еліне елеулі еңбек етіп жүргендері де бар.

Түлектер лебізі

Серік Жазин(Шекара қызметі директорының орынбасары, полковник)

–Мен осы кафедраның түлегімін. 1998 жылдары оқыдым. Университетті тәмамдағаннан кейін Ұлттық қауіпсіздік қызметі органына бардым. Қазіргі уақытта Шекара қызметі директорының орынбасарымын. Шенім – полковник. Үлкен армандарымның жүзеге асуына күш салған ұстаздарыма мың алғыс айтамын

Тұрсынбек Өмірзақов (ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты)

Мен Целиноград ауылшаруашылық институтында 1976 жылдан 1981 жылға дейін оқыдым. Ол кезде ұстаздарымыз сондай тамаша болатын, бұрын соғысты көрген тәжірибелі офицерлер сабақ берді. Үшхоз жаққа тактикалық оқуға шығаратын, әлі күнге дейін есімде. Дала полигонында қалай жұмыс істеу керек, қалай қимылдау керек, мылтықты қалай қолдану керек, соның барлығын бізге тамаша, түсінікті тілде түсіндіріп беретін. Әскери кафедрада майор Карбаев деген болды. «Майор Карбаев везде пройдет!» деп жүретінбіз студенттер. Тактикалық оқуға далаға шығамыз, сонда қарға батамыз, күректі алып дөңгелекті тазалаңдар дейді, сосын машинаны алып шығатынбыз. Жалпы мұның барлығы елін, жерін қорғайтын ер азаматтарға өте керек. Мен өзі аңшылықпен әуестенем. Аңшылықта, өзіңіз білесіз, мылтықпен дәлдеп ата білу керек. Біздің тамаша-тамаша ұстаздарымыз болды, әлі де көп. Ол ұстаздар әлі күнге дейін осында істеп жатыр, мен ол кісілерге ризамын. Өйткені сол кісілердің үйреткендері маған өмірлік тәжірибе, ары қарай өсуіме өмірлік азық болды. Мен осы институтты бітіріп шыққан түлектер негізінде құралған Түлектер клубының мүшесімін. 65 депутаттық сауал жасадым. Соның 7-8-і ауылшаруашылық саласына арналған. Аграрлық университетке жатақхана салу мәселесінде септігім тиді. Өйткені мен осы жердің түлегімін, бұл жердің проблемасын жақсы білем. Қазіргі таңда өзге елдердің қарулы күштері дамыған үстіне даму үстінде. Ойлаймын, қазіргі таңда электроникасы басқа болуы керек, жер қорғайтын қарулар бар. Соның барлығын студенттер, курсанттар білуі керек. Бұған үкімет те көңіл бөлуі керек.

Жаңбыршы Нұркенов (Түлектер клубының төрағасы, университеттің құрметті поофессоры)

–Мен 1970 жылғы түлекпін. 48 жыл болды. Ол кезде арнайы дайындық деп аталатын. Өмір бойы есімде қалыпты. Мен үлкен алғыспен еске аламын ұстаздарымызды. Димитриенко, Антипов, Боков, Орлов деген подполковник, полковник ұстаздар болды.Ол кезде 15-16 пән болатын. Жеке инженерлік дайындық, саперлік іс, топография, картография, байланыс құралы... менің әлі күнге дейін есімде.Олардың берген білімдері санамызға тереңдеп енді. Өйткені олар өз ісін жанындай жақсы көрді, өйткені олар өз елінің патриоты болатын. Олар бізге үлгі болатын. Залда отырған болашақ экономист, инженерлер! Командирлік білім сендерге де керек,өмірлеріңе керек. Өйткені өмір кафедраға қарағанда күрделірек. Қолбасшы болу әркімге бұйыра бермейді. Бірақ командирлік міндетті білулерің керек. Жағдайды дұрыс түсініп, бағалай алмасаң, жеңілесің! Дұрыс шешім қабылдай алмасаң, тағы да жеңілесің! Бұл – командирлік білімнің қыр-сыры. Өмірде де сондай. Ұстаздарымның санама осыны құйып тастағаны, маған өмірде көп көмектесті. Уақыттарыңды босқа өткізбей, әскери саланы жақсы меңгеріңдер!

P.S. Ия, командирлік ұстаным – қарт ұстаздың осы бір өмірлік ұстанымы көпке ой салғандай. Қарапайым қағида. Бірақ бір өміріңе жетерлік азық. Уақыт ағымын дұрыс аңғарып, сын сағатта дұрыс шешім қабылдау ерлердің ісі емес пе?!

                                                                                                  Меруерт САФАЕВА

                                                             Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕН

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства