Ағымдағы жылдың айтулы төрт оқиғасы

Ағымдағы жылдың айтулы төрт оқиғасы

Ағымдағы жылдың айтулы төрт оқиғасы
тарих парақтарынан жарқырап көрінеді
Жаңа жыл есік қағып тұр. Әне-міне 2017 жыл да тарих қойнауына сүңгиді. Әр жылдың өз жетістігі бар, әр уақыт бір оқиғаны еншілейді, әр дәуірде бір ахуал салтанат құрады. Қазақстан қарышты қадамын биыл да сәтті жалғастырды. Жағымды жаңалықтар тауық жылында көптеп орын алды. Олардың әрқайсысы бір-бір кітапқа жүк боларлық.
Жаңа жыл – бір белес. Ал белеске шыққан соң, артқа қарап, өткенді саралап, екшеп, зерделеу – заңдылық. Ендеше 2017 жылы қандай шаруалар атқарылды, қандай іс тындырдық? Солардың салмақтыларына шолу жасап, таразыласақ.

Қысқы ойындар қызығы
Алдымен Алматыда ұйымдастырылған Қысқы универсиада ойындарын әңгімелесек. XXVIII қысқы Дүниежүзілік спорт додасы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтті. Оңтүстік астанадағы байрақты жарыстың тұмары ретінде сұңқар таңдап алынды. Тұмарды ұсынушылардың пікірінше, сұңқар жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшынысты бейнелейді екен. Логотип айқын көрінетін динамикалық пішіні бар сұңқар қанаты түрінде жасалған. Осы символға орай, Универсиаданың ұранына «Қанатыңды кең серпі!» тіркесі таңдалды.
Қысқы ойындар спорттың 12 түрі бойынша үміткерлерді сынға салды. Олардың арасында тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында) және керлинг ойындары бар. Оларға FISU альянсына кіретін 50 мемлекеттен бес мыңнан астам студент қатысты.
Жарыста Қазақстан 11 алтын, 8 күміс, 17 қола жүлде қанжығалап, екінші орын иеленді. Жеңімпаз елдердің құрамына кірген үздік бестікті 71 медальмен Ресей Федерациясының командасы бастап тұр. Содан кейінгі тізімді Қазақстан, Корея, Жапония, Польша жалғайды.

Ел мерейі – ЭКСПО
Елді ғана емес, әлемді елең еткізген оқиғалардың көшін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі бастап тұр. Аса елеулі жиын 10 маусым күні басталды, 10 қыркүйекте қорытындыланды. Көрме Астанада өтеді деген күннен бастап нысандардың құрылыс жұмыстары 6 жылға есептелген болатын. Президенттің жан-жақты көмегі мен қолдауы арқасында құрылыс 21 айда аяқталып, қонақтарды қарсы алуға дайын тұрды.
93 күнге созылған шараның алғашқы күндері келушілер саны 20-30 мыңның шамасында болса, соңғы тәуліктерде бұл көрсеткіш бес есеге дейін көбейіп, жүз мыңнан асып жығылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық көрменің жабылу рәсіміне қатысып, Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында ЭКСПО-2017 табысты өткенін айтты. Ол көрменің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті. «Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды», деді Елбасы.        
Күн сайын елордамыз төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жеткен түрлі мәдениеттің әуені мен нақышына бөленіп тұрды. Жалпы, ЭКСПО аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілді. Жиын бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды. Көрмені өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті.
«Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталды. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік берді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналаспақ. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс.
Көрме өткізілген 3 ай уақытта 33 мың әртіс Астанада өнер көрсетіп, көрмеге 180 елдің меймандары келіп қайтқан. 4,5 мың ерікті еңбек етіп, қонақтар 100 млн фотосурет түсірген. Көрме аумағында 88 ұсыныс жасалып, жас отбасылар жаңа өмір бастаған. Өз кезегінде ғалымдар 153 өнер туындысын таныстырған.
ЭКСПО-ны өткізу арқылы Қазақ елі, Астана халықаралық шараны ұйымдастыра алатын іргелі мемлекет екенін аңғартты. Үш мыңнан аса тақырыптық, мәдени, ағарту шаралары ұйымдастырылып, көрменің салмағын биіктетті. ЭКСПО тарихында Астанадағы тарихи шара өз орнын айшықтады.  

Латын графикасы – қарышты қадам
Жылдың басты оқиғаларының бірі – Президент қазақ тілін латын әрпіне көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Осыдан тура бес жыл бұрын, 2012 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы “Қазақстан-2050″ Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауын жасаған болатын. Онда: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», делінген.
26 қазан күні Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Оның еліміз үшін бірнеше артықшылығы бар. Соның бірі тіл тазалығында. Латынға көшу арқылы тіліміз­дегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді.
Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.  Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Бүгінгі компьютерлердің дамыған заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігі баршаға белгілі. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, технология, математика, физика, химия формулалары, ғылыми терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер латын әліпбиімен байланысты. Яғни, ол таңсық емес, күнделікті өмірде қолданып та жүрміз.  
Бүгінде түбі бір түркі елдерінің барлығы латын әрпін қолдануда. Біз өзімізге дейін латын әліпбиіне көшкен түркітектес елдерде болған олқылықтарды жіберіп алмай, олардың тәжірибелерін ескеріп, байыптылықпен, жан-жақты таразылап, ортақ шешіммен жүзеге асыруға тырысып жатырмыз. Бұл – оңды қадам. Мемлекет басшысы атап өткендей, мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер жоқ.
Латын әліпбиіне көшу туралы Президенттің Жарлыққа қол қоюы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Бұл – еліміздің болашақ бағдарын анықтаудағы, рухани жаңғыру жолындағы жасалып отырған маңызды қадам.

18 миллионға толтырған жыл
2017 жыл Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғынын дүниеге әкелді. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, мамыр айында Қазақстан xалқының саны 18 миллионға жетті. Осылайша, 11 мамырда 18 миллионыншы нәресте өмірге келді. Ол Алматы облысы Талдықорған қаласының тұрғыны – Мүслима Саматқызы. Өңір басшысы Амандық Баталов Бестібаевтар отбасына арнайы барып құттықтап, жас отбасыға 3 бөлмелі пәтер сыйлады. "Еліміздің 18 миллионыншы тұрғынының Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында дүниеге келгені – бәріміз үшін ерекше қуанышты оқиға. Демографиялық өсімінің жылдан жылға ұлғайып келе жатқаны халықтың Елбасымыздың салиқалы саясатына, Қазақстанның болашағына деген сенімінің зор екенін білдіреді. Жас ұрпақтың алаңсыз өсіп, білім алуына елімізде барлық жағдай жасалып келеді. Елбасының атынан, Жетісу жұртшылығының атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Кішкентай нәресте аман-сау өсіп, ер жетіп, елдің абыройлы азаматы болсын!" деген әкім жаңа тұрғын үйден жас отбасына баспана кілтін табыс етті.
Мүслиманың атасы Еркінбек Бестібаев пен әжесі Бибітай Жасыбаева кішкентай нәрестеге, жас отбасына, жалпы өз әулеттеріне көрсетілген үлкен құрмет пен сый үшін Президентке, облыс басшылығына ризашылығын білдірді. "Мүслима – біздің жетінші немереміз. Біз ұл-қыздарымыз бен немерелерімізді елге қызмет ететін, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосатын білікті азамат етіп тәрбиелеуге бар күш-қайратымызды жұмсайтын боламыз", деді Бибітай апа.  
Сәбидің анасы Диана Омарханова 1991 жылы туған, қаладағы №16 мектепте дефектолог маман болса, әкесі Бестібаев Самат 1982 жылы туған, №5 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Жалпы, тәуелсіздік жылдары халық саны 1 562,5 мың адамға немесе 9,5 пайызға өсіп, ағымдағы жылдың 1 маусымында 18 014,2 мың адамды құрады.

P.S. Тауық жылындағы айтулы оқиғалар бұл төртеумен шектелмейді. Жетістікке жатқызуға лайық жағдайлар жеткілікті. Мәселен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы. Ел тынысына серпін беріп, іргелі шаруалардың атқарылуына сеп болды. Одан қалса, Тұңғыш Президенттің есімі Астана халықаралық әуежайына беріліп, Елбасының биіктегі орны мен рөлін айқындады. Түрлі тарихи деуге лайық реформалар қабылданды. Халықаралық басқосулар мен жиындар бар. Әрқайсының маңызы мен салмағы өзінше бөлек.
Ит жылынан да игі жақсылықтар күтеміз!
Жаңа жыл құтты болсын!


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

Броньды машиналар кәсіпорны

Броньды машиналар кәсіпорны

БКМ "Барыс 8х8"

БКМ "Барыс 8х8"