Әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы заңнама


«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңы әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандырудың маңызды бір бөлігі болып танылатын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін жаңа бағытқа бұрды.
    Осы Заң қолданысқа енгізілгеннен бастап әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларын түбірімен өзгертті деп айтсақ артық емес шығар.

Қолданыстағы тұрғын үй қатынастары туралы заңнама әскери қызметшілерді 3 санатқа бөлді:

1)    2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте 10 жылдан кем болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы төленді;

2)    2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте он жылдан көп болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге берілген қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендiруге құқылы болды;

3)    2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте он бес және одан да көп жыл болған әскери қызметшілер күнтізбелік есептеуде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіруге құқылы болды. Қызметтік тұрғын үй өтеусіз жекешелендіруге жатпаған жағдайда, олардың құқықтары ақшалай қаражатпен өтелді.

Бірақ, осы заң нормалары қолданысқа енгізілген сәттен бастап әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесі толығымен шешілген жоқ. Екінші санаттағы әскери қызметшілердің көпшілігі жеткілікті қызметтік тұрғын үй қорының жоқтығына байланысты әлеуметтік жағынан ең осал топ болып қалды.

Осыған байланысты, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіру мақсатында Қорғаныс министрлігімен тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды.

Арнайы мемлекеттік органдардың оң тәжірибесін ескере отырып, әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің және әскери зейнеткерлердің тұрғын үй құқықтарын жүзеге асырудың бірден-бір тиімді құралы ретінде тұрғын үй төлемі алынды.

Осы тұрғын үй төлемінің мәні мен мағынасын ашып айтсақ.

Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерге, олардың еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, отбасы құрамын ескере отырып екінші деңгейдегі банктерде ашылған жеке арнайы шотқа қызметін өтеп жүрген мемлекеттік мекемемен тұрғын үй төлемі ай сайын аударылады. Сосын, тұрғын үй төлемін алушының тапсырмасы бойынша екінші деңгейдегі банк заңда көзделген мақсаттарға ақшалай қаражаттарды аударады (ипотекалық кредитті (қарызды) пайдалана отырып немесе төлемді бөліп-бөліп өтеу арқылы, тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу немесе кейіннен сатып алу мақсатында тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу үшін пайдалану, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеу үшін пайдалану, тұрғын үй құрылыс жинақ салымдары түріндегі жинақтарды толтыру үшін пайдалану және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану арқылы тұрғын үй-жайды меншікке алу).

Жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тиісті тұрғын үй төлемінің 50% аударылатын болды.

2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте он жылдан көп болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендiру құқығы сақталатын болады. Сонымен бірге, күнтізбелік есептеуде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін осы әскери қызметшілер қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығына ие болады. Қызметтік тұрғын үй өтеусіз жекешелендіруге жатпаған жағдайда, олардың құқықтары ақшалай қаражатпен өтеледі.

Осы қабылданған заң жоғарыда айтып өткен әлеуметтік жағынан осал әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға және әлеуметтік әділеттілікті орнатуға едәуір әсерін тигізді.

2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үйге мұқтаж, бірақ қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілер әскери қызметтен шығарылған кезде (теріс себептермен шығарылған жағдайдан басқа) тұрғын үйге мұқтаж болып танылған уақыттан бастап барлық қызмет кезеңіне біржолғы ақшалай төлем түріндегі тұрғын үй төлемін ала алады.

Бұл норма заңға толықтырулар енгізу арқылы әскери қызметтен шығарылатын әскери қызметшілердің отбасы құрамына сәйкес тұрғын үйді меншігіне алу үшін тиісті тұрғын үй төлем ақысының көлемін жинақтау мүмкіндігін берді.

Айта кететін жағдай, бұл норма тұрғын үйді жекешелендіру құқығын немесе қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын жүзеге асырған әскери қызметшілерге қатысы жоқ.

Қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін және әскери қызметтен шығару себебі қызмет атқару кезеңінде болған мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алудан) салдарынан әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы бойынша әскери есептен шығарумен қызметке жарамсыз болып танылған әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауға да ерекше көңіл бөлінгенін атап айтқан жөн.

Оларға біржолғы ақшалай өтемақы түріндегі тұрғын үй төлемі әскери қызметшінің қызмет атқарған Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі жаңа тұрғын үйдің құнымен тең төлену мүмкіндігі берілді.

Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету өзекті мәселе болғандықтан, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға өзгерістер енгізудің арқасында әскери қызметте еңбек сіңірген жылдары 20 жылдан астам болатын, қазіргі кезде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда тұрып жатқан әскери зейнеткерлерге де өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына біржолғы ақшалай өтемақы төлеу қарастырылды.

Тұрғын үй қатынастарын реттейтін заңнамада енгізілген өзгерістер әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру бағытында ерекше қорғайды, олардың әлеуметтік-құқықтық мәртебесін нығайтады және жалпы алғанда әскери қызметтің беделін арттыруға ықпалын тигізеді деп үміттенемін.

 

Әділет подполковнигі Б.ӨТЕБАЕВ

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері

Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасы

Заң бөлімінің бастығы

                           


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"