Әскерилерді баспанамен қамту жеңілдей түседі

Әскерилерді баспанамен қамту жеңілдей түседі

Баспана мәселесі – қай кезде де өзекті. Күйі болмаған, үйі болмаған әскери Отанына қалай қызмет етпек? Бұл ахуал осы уақытқа дейін қорғаныс саласында барынша оң шешімін тауып келгенінен хабардармыз. Енді одан да үлкен мүмкіндіктер қарастырылып, жеңілдей түсуде. Айталық, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі пәтер үшін берілетін ипотеканы әскерилерге 5 пайызбен ұсынбақ. «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, осы жылдан бастап шамамен 67 мың әскери отбасы жинақ жүйесіне қатыса алады. Олардың ішінде Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік қызметі, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметінің әскерилері бар.

Қауырт желі және қамқорлық
Алдымен қосымша әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз етудің жаңа тетігі мәселелері бойынша түсіндірме жұмысын сапалы жүргізу үшін барлық 18 өңірлік пайдалану бөлімінде қауырт желі ашылғанын айта кетсек. Олардың нөмірлері ақпараттық стендтер мен Қорғаныс министрлігінің www.mod.gov.kz. ресми сайтында орналасқан.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мақсатында Мемлекет басшысы әскери қызметтің беделін, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік-құқықтық мәртебесін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. «Заң жобасының мақсаты мен маңызы тұрғын үйге мұқтаж барлық әскери қызметшілердің санаттарын жеке баспанамен қамтамасыз ету болып табылады. Қарастырылып отырған тетіктерге тоқталсақ, әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есеп-шотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі баспананың 1 шаршы метр құнын әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептеледі», - деген еді Қорғаныс министрінің орынбасары Т.Мұхтаров .
Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемін ипотекалық несиені пайдалана отырып, баспананы сатып алуға; тұрғын үй арендасын төлеуге, соның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға; үлестік баспана құрылысына тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге; тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және баспана жағдайларын жақсартуға пайдалана алады.
Зейнеткерлер шет қалмайды
Жоғарыдағы заң жобасы әскери қызметшілердің баспана проблемасының басқа да түйткілді түйіндерін тарқатуға септеспек. Яғни, бірінші кезекте, 20 жыл және одан көп ғұмырын қорғаныс саласына арнаған әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызды мәселесі шешімін таппақ. Олардың біразы көшіп кетуге мүмкіндігі болмағандықтан, әлі күнге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда төл баспанасыз қызметтік тұрғын үйлерде өмір сүруге мәжбүр.
«Әскери зейнеткерлердің тағы бір бөлігі тіпті ешқандай баспана берусіз қызметтен шығарылған. Бұл ретте заң жобасымен қандай да бір тұрғын үй берілместен, қызметтен шығарылған осы әскери зейнеткерлер біржолғы ақшалай өтемақыны 2018 жылы алатын болады. Яғни олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады», - деді Т.Мұхтаров. Оның сөзіне қарағанда, әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделген. Осының арқасында ведомстволардың қолданыстағы қызметтік тұрғын үй қоры босатылып, ол баспаналар іс басындағы әскерилердің кіруіне ұсынылмақ.

Алпыс мың әскери пәтер алады
Биылдан бастап мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, кадеттер мен курсанттар еңбек өтіліне қарамастан екінші деңгейдегі банктердегі шоттарға тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы қолданыстағы заңнамада қарастырылған үстемақыны алмастырады. Бұл ретте жекешелендіруге жатпайтын қызметтік баспанамен, оның ішінде, жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тиесілі төлемнен 50 пайыз көлемінде екінші деңгейлі банктерге ақшалай қаражат аудару жоспарлануда.
Қорғаныс саласы қызметшілерін баспанамен қамтудағы келесі бір жаңашылдыққа тоқталсақ, әскери қызметті өткеру барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешіледі. Аталған отбасыларға әскери қызметшінің өмірі қиылған өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделген. Мұнымен қоса, заңнамада әскери қызметін өткеру кезінде жарымжан болып қалған немесе ауыр дертке шалдығу нәтижесінде әскери есептен шығарылған қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл санаттағы әскерилерге де қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу ұсынылады.
Тағы бір маңызды жаңа нормаға тоқталсақ, баспананың жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасуына байланысты, олар жекешелендіруге жатпайтындықтан, бұл мәселе қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты болып отыр. Заңнама бойынша оларға сол өңірге тиесілі тұрғын үй төлемдері ай сайын 50 пайыз көлемде аударылатын болады. Бұл өз кезегінде әділетті болып табылады. Себебі мемлекет аталған әскерилерді тегін қызметтік баспанамен қамтамасыз етеді, олардың коммуналдық төлемдерін де толықтай мемлекет көтереді. Сондықтан әскери қызметшінің мұның сыртында мемлекет беретін 50 пайыз сомасындағы тұрғын үй төлемдерін жинақтап, банктердің ипотекалық несиелендіру бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігі бар.
Жалпы, тұрғын үй төлемдерін алушылар, қызмет өткеретін арнаулы мемлекеттік органнан немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың мемлекеттік мекемесінен өзінің жеке арнайы шотына аударылған ақша туралы мәліметтерді жыл сайын талап етуге; жеке арнайы шотына пайдаланылмаған тұрғын үй төлемдерінің сомасын жинақтауға; тұрғын үй төлемдерін қызмет өткеретін жеріне қарамастан, Қазақстанның кез келген өңірінде мақсаты бойынша пайдалануға құқылы. Осылайша, жалпы Қазақстанда 60 мыңнан астам әскери мен күштік құрылымдардың өкілдері баспаналы болады деп күтілуде.
Асхат РАЙҚҰЛ

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК