Әскерилерді баспанамен қамтитын құжат

Әскерилерді баспанамен қамтитын құжат

Қарашаның соңғы күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтті. Палата Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялады. Шарттың негізгі мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақта бірыңғай кедендік реттеуді қамтамасыз ету. Сонымен қатар сенаторлар екі оқылымда қарап, тұрғын үй туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді қабылдады. Заңның мақсаты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарының әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру болып табылады. Атап айтқанда, түзетулерде әскерилерге берілетін қызметтік тұрғын үй орнына бюджет қаражаты есебінен арнайы ақшалай қолдау көрсету қарастырылған. Бұл ретте, осы тұрғын үй төлемдерінің мөлшері аймақтық және отбасылық құрам ерекшеліктеріне қарай сараланатын болады. Құжат қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтын кезде (егер ол әскери қалашықтарда, шекара заставалары және өзге де жабық нысандар аумағында болса) әскери қызметшілерге төленетін, тұрғын үй жәрдемақысы мен ақшалай өтемақы мөлшерін есептеу тәртібін айқындайды. Тұрғын үй төлемдерін пайдаланудың мақсаты, оларды төлеуді тоқтату негіздері, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің құрамы нақтыланады.

Алқалы жиында баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, бұдан былай қызметтік борышын атқару кезінде өмірі қиылған әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешілетін болады. «Заң жобасындағы келесі бір жаңашылдыққа тоқталсақ, әскери қызметті өткеру барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының баспанасыздық мәселесі шешіледі. Аталған отбасыларға әскери қызметшінің өмірі қиылған өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделіп отыр», деді вице-министр.
Сонымен қатар заң жобасында әскери қызметін өткеру кезінде жарымжан болып қалған немесе ауыр дертке шалдығу нәтижесінде әскери есептен шығарылған қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету қарастырылуда. Бұл санаттағы әскерилерге де қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу ұсынылады.
«Тағы бір маңызды жаңа нормаға тоқталсақ, баспананың жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасуына байланысты, олар жекешелендіруге жатпайтындықтан, бұл мәселе қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты болып отыр. Заң жобасы бойынша оларға сол өңірге тиесілі тұрғын үй төлемдері ай сайын 50 пайыз көлемде аударылатын болады. Бұл өз кезегінде әділетті болып табылады, себебі мемлекет аталған әскерилерді тегін қызметтік баспанамен қамтамасыз етеді, олардың коммуналдық төлемдерін де толықтай мемлекет көтереді. Сондықтан әскери қызметшінің мұның сыртында мемлекет беретін 50 пайыз сомасындағы тұрғын үй төлемдерін жинақтап, банктердің ипотекалық несиелендіру бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігі бар», деді Талғат Мұхтаров.
Отырыс барысында ведомство өкілі саладағы өзге де қарастырылып отырған тетіктерге тоқталды. «Әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есеп-шотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі баспананың 1 шаршы метр құнын әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептеледі», деді Қорғаныс министрінің орынбасары баяндамасында.
Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемін (баспананы жалға алғаны үшін өтемақы) келесі мақсаттарға жұмсай алады: ипотекалық несиені пайдалана отырып, баспананы сатып алуға; тұрғын үй арендасын төлеуге, соның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға; үлестік баспана құрылысына тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге; тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және баспана жағдайларын жақсартуға.
Заң жобасы әскери қызметшілердің баспана проблемасының басқа да түйткілді түйіндерін тарқатуға бағытталған. Бірінші кезекте, 20 жыл және одан көп ғұмырын қорғаныс саласына арнаған әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызды мәселесі шешімін таппақ. Олардың біразы көшіп кетуге мүмкіндігі болмағандықтан, әлі күнге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда төл баспанасыз қызметтік тұрғын үйлерде өмір сүруге мәжбүр. «Әскери зейнеткерлердің тағы бір бөлігі, тіпті ешқандай баспана берусіз қызметтен шығарылған. Бұл ретте заң жобасымен қандай да бір тұрғын үй берілместен, қызметтен шығарылған осы әскери зейнеткерлер біржолғы ақшалай өтемақыны алдағы 2018 жылы алатын болады. Яғни олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады», Т.Мұхтаров.
Оның сөзіне қарағанда, әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделген. Осының арқасында ведомстволардың қолданыстағы қызметтік тұрғын үй қоры босатылады және ол баспаналар іс басындағы әскерилердің кіруіне ұсынылады.
Мемлекет қорғаныс саласынан қаражат аяған емес. Бұл бағытта жұмсалатын ақша көлемі жыл санап ұлғайып келеді. Өйткені, әскери қызметшінің ахуалы алаңдатпаса, қорғанысымыз да асу алдырмасы бесенеден белгілі. Әрі осы салаға деген жас ұрпақтың көзқарасын айқындап, жігерлі буынның қалыптасуына ықпал етеді. Ал жоғарыдағы заң қорғаныс саласындағы біршама түйткілдің бетін ашып, шешілуіне тағы септесетініне сенім мол.

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК