Әскерилер баспаналы болды

Әскерилер баспаналы болды

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Семей гарнизонының «Юность» мөлтекауданында жаңадан бой көтерген 120 пәтерлі екі тұрғын үйдің кілті табыс етілді.

   Семей қаласының «Юность» мөлтекауданындағы бес қабатты екі тұрғын үйдің ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов әскери қызметшілердің Отанды, елді, жерді қорғауға дайын болу құрметті миссиясын әрдайым абыроймен атқаратынына зор сенім білдірді.  
–    «Құрметті офицерлер мен сержанттар! Құрметті қонақтар!
Елбасымыздың Қарулы Күштерді қолдап, әскери қызметшілердің мәртебесін арттыру мақсатында қол қойған заңның бірі – әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Міне, бүгін «Юность» мөлтекауданында жаңа үйдің құрылысы ҚР Қорғаныс министрінің жеке бақылауымен қолданысқа беріліп отыр», деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Қашағанов. Ол екі және үш бөлмелі қызметтік пәтерлердің Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолындағы патриотизм мен еңбекке көрсетілген құрмет екенін де атап өтті. Жаңа қоныстың кілтін табыстау рәсіміне ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, Анголадағы жауынгерлік қимылдарға қатысқан запастағы генерал-майор Александр Мартынов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, «Әскери құрылыс»АҚ өкілі Боранбай Зиенов те қатысты. Қоныс тойына жиналған жұрт көптен күткен қуанышымен де бөлісті.

   Бақытгүл МҰҚАШЕВА: «Өмірлік серігім болған, 44736 әскери бөлімінде старшина шенінде қызмет еткен Ержан Қонарбаев Зайсан шекара отрядынан шақырылып, тәжік-ауған шекарасындағы әскери ұрысқа қатысқан еді. Қалайқұм шекара отрядының 2547 әскери бөлімінде 1997 жылдың 9 қаңтары мен 19 сәуірі аралығында, бас-аяғы үш ай және он күн жауынгерлік міндетін атқарды. Көзі тірі кезінде Пяндж өзенінің бойында өткен қиын күндерді еске алып, 1995 жылы 7 сәуірде Памир тауларының Пшихавр шатқалындағы бес сағатқа созылған қанды қырғында 17 қазақ жігітінің қаза болғанын да айтып отыратын. Қазақстан әскерінің тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 17 жыл толуы қарсаңында жаңа қонысқа ие болып, қуанышқа бөленіп жатырмыз. Ең алдымен мемлекетіміздің басшысы – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевқа, ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовқа, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Қашағановқа қамқорлығы мен қолдауы үшін айтар алғысым шексіз».

   Майор Думан БІЛӘЛОВ, 44736 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары: «Бүгін біз үшін, біздің отбасыларымыз үшін ерекше де, айтулы сәт. Себебі, көптен күткен баспанаға қол жеткізіп отырмыз. Осының барлығы мемлекетіміздің тарапынан, Қорғаныс министрлігі тарапынан әскери қызметшілерге жасалған қамқорлық, әрі мемлекеттік тұрғын үй мәселесі жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы деп білемін. Жаңа пәтеріміздің іргетасы берік, шаңырағы биік, керегесі кең болсын! Шаңырағымыз бақыт пен қуанышқа, құт-берекеге толы болғай! Қоныс тойларымыз құтты болсын!»  

   Әділет майоры Қуаныш ЖӘКЕЕВ, Семей өңірлік гарнизонын әскери полиция жасағының аға офицері: «Еліміздің Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында нақты он міндет көрсетілген. Индустрияландыру, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту», адами капитал – жаңғыру негізі, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі, «ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін міндеттері қоғамдағы өзекті мәселелердің шешіміне бағытталған. Жолдауда көрсетілгендей, баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21, 6 шаршы метрді құрады. 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу міндеті тұр».

Алуа ИСКАКОВА
Суреттерді түсірген автор

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Итоги "KADEX - 2018"

Итоги "KADEX - 2018"