ӘСКЕРИ БАСПАСӨЗ ТАРИХЫ немесе бүгінгі дәстүр сабақтастығы

Рима БІЛӘЛҚЫЗЫ
«Сарбаз»


Биыл Қазақстан әскери баспасөзіне – 90 жыл. Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, тұңғыш қазақ әскери басылымы 1929 жылдың 7 қарашасында жарық көріпті.

Тарихты зерделеген басқосу

 

Тарихты түгендеу – бүгінгілердің парызы. Осыдан үш жыл бұрын басылымымыздың қатпарлы тарихын білмекке газет басшылары Алматы асып еді. Олар еліміздің әскери баспасөзін зерттеп жүрген ғалымдармен жүздесіп, мұрағат ақтарып, біраз жайтқа көз жеткізіп қайтты. Мұнан соң елордада осы кісілердің басы бірегей іс-шарада тоқайласты. Ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде өткен дөңгелек үстел еді. Оған Қазақстан Журналистика академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Александр Рожков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ және аталмыш университеттің оқытушылары қатысты. Жиылған қауымның сөз қылғаны – әскери басылымдардың шығу тарихы. Онда баяндама оқыған Александр Рожков мырза еліміздің әскери баспасөз тарихына тоқталып, жан-жақты сипаттама берді. Ол «Қазақстандағы әскери баспасөздің тарихы 1992 жылдан емес, 1969 жылы шыққан «Боевое Знамя» және одан әрі 1929 жылы тұңғыш қазақ тілінде шыққан «Қызыл әскер» газетінен бастау алады» деген өз топшылауын жеткізді.

Александр Рожков мырзаның айтуынша, ХІХ ғасыр жауынгерлік іс-қимылдың жиі орын алып тұрған кезі. Сол уақытта әскери басылымдар көптеп шыққан. Бірқатар әскери газеттердің атауын атай келе, «Қызыл әскер» әскери газетіне баса назар аударуымызды өтініп, онда шыққан мақалалардың қысқаша мазмұнына тоқталды. Сөйтіп, дөңгелек үстел барысында дәйекті деректер мен құнды мәліметтермен бөлісті.

 

Тұңғыш әскери басылым

 

Ғалым тілге тиек еткен «Qьsьl әsker» («Қызыл әскер») газеті – Қазақ әскери комиссариатының, кеңес қоғамдық-саяси қорғаныс ұйымының және «Еңбекшіл қазақ» баспасының басылымы болған. Ол 1929 жылдың 7 қарашасынан бастап 1936 жылдың 31 қазанына дейін Алматыда аптасына бір рет шығып тұрған. Оның бетінде мақалалар қазақша латын қаріптерімен және кішігірім ақпараттар араб графикасымен жарық көрген. Басылым форматы үлкен – А0.

Газет жазылу арқылы және жеке сатылымға да беріліп отырған. Газетпен Ілияс Жансүгіров, Асқар Лекеров, Әуезхан Көшімов шығармашылық қарым-қатынаста болыпты. Шығу мақсаты қорғаныс саласында жүргендерді сөзбен демеу, әскери қызметке жастарды тарту және офицерлердің әскери білімін жетілдіру еді.

Басқосуда осылай деп таныстырған Рожков мырза оның тігіндісі Алматыда сақтаулы екенін жеткізген-ді. Жуырда бас редактор Батырхан Серікұлы ғалым айтқан жерге барып, бағымызға орай осы құнды дүниеге кезікті. Жан-жағы жыртылған газеттің сарғайған беттерін (көшірмесін) біз де парақтадық. Міне, қолымыздағы «Қызыл әскер» газетінің алғашқы нөмірі. Латын қарпімен газеттің атауы – «Qьsьl әsker», шыққан күні – «№1 noıәbіr, 1929 g» деп көрсетілген. Оң жақ қатпалында өлкелік партия комитетінің құттықтауы, Қазақстан орталық атқару комитетінің құттықтауы, Қазақстан соғыс комисариаты, өлкелік ағартушылар одағының құттықтаулары берілген. Одан соң «bуgуn ulь өktәbіr tөnkerisine 12 cьl» деген бас мақала (суретімен) жарық көріпті. Екінші бетте «Eńbekсi eldiń eńregen eri qьsьl әsker өrkenin өssin!» деген үлкен тақырыппен мақала, «бір... екі... үш..., бір..., екі..., үш...,

дейді алда кәмәндір,...» деп басталатын «Ротадағылар соғыста» деген

өлең (латын қарпінде), 3-4 беттерде шетел жаңалықтары (араб графикасында) мен бірталай дүние жарияланыпты.

Мұнан кейінгі нөмірлерде де газет бетінен алғашқы әскери дайындық (соның ішінде әйелдер үшін де), шетелдегі әскери  жаңалықтар, сонымен қатар, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелерін көруге болады. Айта кетерлігі, сол уақыттың өзінде фотолар, кестелер, түрлі қызықты суреттер жарияланған. Мақалалар публицистикалық стильде жазылып, ондағылар барлық мәселені қамтуға тырысқан.

Сондай-ақ зерттеуші ғалымдардың айтуынша, газетте әскери қызметшілердің шығармашылығына да орын беріліп, өлеңдер, әңгімелер, Отан қорғауға шақырылған жаңа әскерилер туралы материалдар, ерекше көзге түскен жауынгерлердің фотосуреттері де басылып шыққан. Қазан революциясының 12 жылдығына орай жарық көрген «Қызыл әскердің» бастапқы таралымы 6000 дана болған екен.

 

Майдандық қазақ газеттері

 

Басқосуда мүйізі қарағайдай ғалымымыз Сағымбай Қозыбаев мырза соғысқа дейін және соғыстан кейін де шығып тұрған әскери басылымдарды сөз етті. «Қым-қуыт майданда шыққан әскери газеттер және үнпарақтары «оқы да, өртеп жібер» деген пиғылмен кеткен талай басылымдардың атын атау мүмкін болмай қалды», деді Қозыбаев мырза.

Бүгінде Алматыдағы Қазақ­стан Республикасы Ұлттық кітап­ханасының «Сирек қол­жазбалар қорында» майдан газеттері сақтаулы тұр. Атап айтқанда, «Алға жауға қарсы», «Жауға қарсы аттан», «Қызыл Армия», «Майдан правдасы», «Отан үшін», «Отан үшін ұрысқа», «Отанды қорғауда» және т.б. Жиыны – оншақты газет. Бірақ майдан газеттерінің барлық жылдары мен айлары түгел деп айту қиын. Өйткені кейбір газеттердің тігінділері жекелеген айлар бойын­ша ғана болса, кейбіреулерінің бір­жылдық немесе екіжылдық қана тігінділері бар.

«Соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі қазақ баспасөзін анықтап қарау керек. Әлі де зерттей түсу қажет. Мәселен, мен жақында «Жиянгерлерге жауабымыз» деген газеттің шыққанын білдім. Үш жыл қатарынан басылыпты. Орысшасы – «Ответ империалистом». 1934 жылы «Қорғанпаздықты күшейтейік» («Укрепим оборону») деген әскери газет шыққан екен. Мен үшін бұл – тың жаңалық. Міне, осындай-осындай ізденістер жүргізіп, зерттеулер жасасақ, Қазақстанның әскери баспасөзінің тарихы тым тереңде жатқанын білуіміз әбден мүмкін», - дейді ғалым.

Иә, 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіңде қарумен қоса қолдарына қалам алып майдангерлер әскери баспасөздің дамуына едеуір үлес қосты. Кеңес әскері жауынгерлеріне рух беріп, олардың ерлік ісін қаламдарына арқау етті. Ана тіліміздегі басылымдардың қатары көбейіп, қазақ тілді әскери баспасөздің жүгі едеуір көтерілді. Осы кезеңді профессор «қазақ журналистикасының алтын парағы» деп санайды. Ғалымның айтуынша, қазақ тілінде 20-ға жуық майдандық, армиялық және дивизиялық газеттермен қоса, жүздеген жауынгерлік парақшалар шығып тұрған. Майдан жылдарындағы газеттер: «Қазақ жауынгерлері, неміс арамдарын аямай жой!», «Неміс оккупанттарына өлім», «Тілесең жеңісті, өлтір немісті», «Кек ал, жау­ын­гер» және т.б. ұран сөздермен, айдарлармен жарық көрген екен. Жеңістің сәттерін бейнелейтін мақала, хабарлардың өзі: «Жексұрын дұшпан тапталды», «Төрт атқыш 517 немістерді жойды», «Айбынды қазақ халқы – Совет отаны үшін күресте» және т.б. тақырыптармен оқырманына жол тартқан.

Газет бетінде ақпарат, хабар, мақала, әңгіме, хат, пікір, ереже, ертегі, бұйрық, жауынгерлердің жазған хаттары басылған. Материалдар жауынгерге жететіндей тілмен, ашық, қызықты жазылып, нақты бағытталғандығымен ерекшеленген. Ол кездегі майдандық басылымдар  жауынгерлердің бойындағы жауға деген жеккөрушілік қасиет пен оларды жеңіп шығуға деген құлшынысын арттырды, өз Отанын шексіз сүюге тәрбиеледі.

 

Бейбіт күндегі «Боевое знамя»

 

Мұнымен қоса, ғалымдар 1969-1989 жылдардағы «Боевое знамя» газеті жарық көргенін айтып өтті. Осы тұрғыда Рожков мырза: «1969 жылы 1 қарашада Алматы қаласында «Боевое знамя» газеті шыққан. Бұл Орта Азия әскери округінің құрылуына байланысты ашылған басылым еді. Кеңес уақытында барлық округтердің өзінде басылым органдары болатын. 20 жылға жуық уақытта газет Орта Азия әскери округіндегі әскери өмір жылнамасын жүргізіп отырды.

Айтпақшы, «Боевое знамя» деген атаумен Кеңес әскері кезінде әр жылдары 20 газет шыққан. Бірақ соның ішінде ең көлемдісі әрі танымалы осы газет болған. Округтің таратылуына байланысты 1989 жылы «Боевое знамя» газеті өз жұмысын тоқтатты. Газет тігіндісі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Орталық архивіне берілді», деді.

Ғалым мырза айтқан бұл газетте 1980 жылдардың ортасында қазақтың бір баласы – Сапарғали Жағыпаров қызмет етті. Бүгінде біз ол кісіні «әскери журналистиканың атасы» дейміз. Сапар аға сол кездерді сағына еске ала әңгімелеп берді.

«Ол жастық шақтың бір ғажайып кезеңі еді. «Кең пейілді кем болмас» дегендей, ұжым жақсы қарсы алғанмен, редакция газетінің басшылары «мына қазақтың жігіті қандай журналист екен?» деп, бірден іссапарға Қырғыз жеріндегі Кеңес Одағының Батыры генерал Панфилов атындағы дивизияға жіберді. Ол кезде Орта Азия әскери округінің бөлімдері Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Тәжікстан республикаларында орналасқан болатын. «Жығылсаң нардан жығыл» демекші, алғашқы қадамнан ойдағыдай өтіп, тапсырманы орындадым», дейді Сапар аға.

Осы ағамыз қызмет еткен жылдары, яғни 1984 жылы «Боевое знамя» газеті А-2 форматта, күн сайын жүз мыңнан астам таралыммен шығып тұрыпты. Өз алдына редакциясы бар басылымды полковник Владимир Чекалин басқарыпты. Редакцияда тәжірибесі мол әскери журналистер, шамамен 50-шақты адам жұмыс істеген.

«Мәселен, редактордың орынбасары полковник Владимир Мартынюк, бөлім басшылары майор Виктор Муковоз, майор Василий Калантыренко, тілшілер майор Геннадий Орлов, майор Олег Калинчиков, майор Станислав Козак, тағы басқалары Львов жоғары әскери-саяси училищесінің журналистика факультетінің түлектері болды. Ал, Ұлы Отан соғысының ардагері, майдан тілшісі отставкадағы майор Григорий Красилов нағыз қаламгердің қаламгері болатын. Бізге үлгі болып, «білімдіден ақыл шығар, ақылды қарттан нақыл жұғар» дегендей, тәжірибесімен бөлісетін. Мәдениет бөлімінің бастығы подполковник Николай Завьялов атақты ақын Пушкин тілінің сарқылмайтын бұлағы еді. Сондай-ақ офицерлермен бірге қаламгер-қызметкерлер де қызмет жасады», - дейді Сапарғали аға.

Айтып отырса, Сапар аға лейтенант кезінен-ақ осы газетпен байланыс орнатыпты. Тынық мұхиты флотында жүріп, «Боевое знамяда» ғана емес, еліміздің басқа да басылымдарында қазақ тілінде әскери тақырыптарға жазып тұрған.

ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник Сапарғали Жағыпаров ортасына сыйлы. Әскери салада оны білмейтіндер кемде-кем. Қолынан қаламы түспеген ағаның өмірі бізге өнеге.

Айта кету керек, сол кезеңдерде Кеңес Одағының әскери басылымдары – «Фрунзевец» те, «Боевое знамя» да ақпарат айдынында қатар шығып тұрды. Кейін Кеңес өкіметі құлаған кезде олардың орнын басқа ақпарат құралдары басты.

 

 

Тәуелсіздік жаршысы – «Қазақстан сарбазы»

 

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Қорғанысы мықталып, шекарасы бекіген елдің төл әскері де құрылды. Сол тұста осы саланың өз басылымы болуы қажеттігі туындады. Сөйтіп, 1992 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда орыс және қазақ тілінде «Қазақстан сарбазы» газетінің бірінші саны жарық көрді. Аталмыш басылым өзінің алғашқы санын ел Президентінің ақ батасымен ашып, тұсауын кесті. Бұл басылым ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты шыққан елдегі жалғыз әскери газет болды.

Ғалым Рожков мырза осы «Қазақстан сарбазы» Орта Азия әскери округіне қарасты «Боевое знамя» газетінің базасы негізінде шығарылғандығын айтады.

«Сол кездің ресми құжаттарына қарайтын болсақ, «Қазақстан сарбазы» Орта Азия әскери округінің «Боевое знамя» газетінің базасында шығарылған деп көрсетілген. Бұған қоса, жаңа басылымға ғимарат, типография, тарату жүйесі берілген. Алғашқы кезде «Қазақстан сарбазы» бұдан бұрынғы басылымды қайталады. Әсіресе полиграфиялық ұқсастықтар болды. Сонымен қатар, қызметкерлердің көбі «Боевое знамядан» еді. Олар: Григорий Красилов, Николай Завьялов, Николай Мальцев, Александр Бавтуто, Василий Даньшин, Людмила Бондарцова және Орта Азия бойынша танымал әскери фототілші Виктор Дубровченко. Бірінші редакторы подполковник Виль Рахманкулов болды. Майданда болған әскери журналистер-жазушы Әзілхан Нұршайықов және белгілі ақын Сағынғали Сейітов шығармашылық қарым-қатынас жасап тұрды. Газеттің басшылығына подполковник Сапарғали Жағыпаров келісімен ондағы оң өзгерістерді байқауға болады. Газеттің бет-келбеті өзгеріп, қорғаныс саласындағы барлық жаңалықтар белсенді жазыла бастады. Әскери жаңалықтардан өзге ойын-сауықтық материалдар, ақпараттар, әңгімелер, сөзжұмбақтар беріліп тұрды. Қызметтік толықтырулар да болды. Әскери журналистердің қатарын лейтенант Сәндібай Күмісбеков, лейтенант Құдайберген Медиманов, капитан Борис Грибачев, майор Марат Нұрсейітов, майор Владимир Кульгускин, подполковник Кәкімхан Құттыбаев, қатардағы Гүлмира Тойболдина, капитан Алтынбай Дәуренбеков, Ауданбек Қуандықов және Михаил Андронов толықтырды. Газет аптасына екі рет шығып тұрды», дейді ол.

Иә, Қазақстанның Қарулы Күштерінің дербес құрылымы өмірге келгеннен соң, араға алты ай салып, «Боевое знамя» газетінің базасында ҚР Қорғаныс министрлігінің органы «Қазақстан сарбазы» – «Воин Казахстана» газеті өз оқырмандарына жол тартты. А-2 форматта, аптасына екі рет, қазақ және орыс тілдерінде шыққан басылымда Қазақстан Қарулы Күштерінің әр қадамы, әр жолы сөзсіз қатталып қалды. Сол кезде әскери тақырыпқа қалам тербеген Совет Сейітов, Марат Нұрсейітов, Кәкімхан Құттыбаев, Сәндібай Күмісбеков, Шәміл Хайруллин, Борис Грибачев, Алтынбай Дәуренбеков, Жүніс Омар, Әубәкір Смайлов, Құдайберген Медиманов, Марат Жүніс-Бек, Мұхарбек Махамбет және тағы басқаларының «Қазақстан сарбазында» қолтаңбалары қалды. Бұл кісілер – біз үшін тағылымы мол жандар. Орта буын ағалардың кейбірімен әлі де байланыстамыз. Арагідік қара шаңыраққа келіп, жүріп өткен жолдарын еске алып, ақыл-кеңестерін беріп тұрады. Мерейтой қарсаңында (келесі беттерде ардагерлердің естелігімен таныс боласыздар) дидарласқан ағалардан біраз жайтты біліп, мағлұмат алдық. Оны біз қайталап жатуды артық санадық. Дегенмен, бұл газет жабылғанға дейін 1992 жылдан 2003 жылға дейін Алматы кезеңін және 2003 жылдан 2007 жылға дейін Астана кезеңін бастан өткергенін айта кетейік.

 

Газет атауын өзгертті

 

2007 жылдың аяғында Қорғаныс министріндегі құрылымдық өзгерістерге байланысты «Қазақстан сарбазы» газеті жабылды. Ол азаматтық ортаға берілді. 2008 жылы «Қазақстан сарбазы» атын (2007 жылдың аяғына дейін «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана» деген қосарланған атпен шығып тұрды) өзгертіп, «Сарбаз» газетіне айналды. Газеттің бас редакторы Ярослав Голышкин болды. Ал қаржы жағынан басқару «Қазақстан ГАЖ орталығы» акционерлік қоғамына берілді.

«2007 жылы «Сарбаз» әскери журналистиканың жаңа шығарылымы ретінде жарық көрді. Қорғаныс министрлігінің орталық әскери органы ретінде емес, жаңа бағытта қайта құрылды», дейді ғалымдар осы кезеңді.

Әскери баспасөзді зерттеушілер тілге тиек еткен құрылымдық өзгертудің бел ортасына біз де қосылдық. Өмірдің ағымымен жан-жақтан жиылған қыздар әскери ортаға имене ендік. «Сарбаздық» қыздарға – Бақытгүл Абайқызы, Жансая Сыдықбай, Анар Қызыкеноваға және маған бұл сала мүлдем таңсық еді. Қазақ бөлімінің басшысы Ақан Жанпейісовтің «әскери әліппесін» өтіп, келе-келе оны меңгердік. Сол тұста «Сарбаз» газеті қазақ және орыс тілінде А-3 форматта, аптасына бір рет, 16 беттік болып шығып жүрді. Оның беттеліп, безендірілуіне әріптестеріміз Ерлібай Қадырбай мен Бахтиер Пулатов үлкен үлес қосты. Сонымен қоса, «Айбын» журналы да жарық көріп, әскери басылымның қатары толықты.

Кейін Ерғазы Әсембеков бұл басылымдардың бас редакторлық тізгінін ұстады. «Жетісу», «Алматы ақшамы», «Астана ақшамы» газеттері мен «Астана», «Алтын тамыр» журналдарында тер төккен қаламы қарымды журналист соңғы демі таусылғанша «Сарбаздың» жүгін арқалады. Ол кісі біздің шығармашылығымызды шыңдады, құндылыққа құнттады. Газеттің шын жанашыры еді. «Макеттің майын ішкен» ағамыздың әр басылымда қолтаңбасы қалды. Парасатты, ақкөңіл жанның мектебінен бәріміз өттік. Бәріміз үшін «қызметіміздің алтын кезеңі» еді. Ол кезде редакцияда бізбен бірге Алуа Искакова, Сұлтан Әли, Андрей Шацких, Олег Таран, Арай Сүгірбай, Алма Шаукен, Нұржас Жақсыбай және марқұм Құнанбай Абаев қызмет етті.

Айта кетерлігі, Ерғазы Әсембеков басқарған жылдары баспасөз ісі жаңаша тыныстанды. Редакция мен құрылымдар арасында берік қатынас орнады. Қарулы Күштердің әр тектері мен түрлері тығыз байланыс орнатып, тыныс-тіршіліктері дер кезінде газет бетінде жарық көрді. Халықаралық оқу-жаттығулар, халықаралық іс-шаралар, Қорғаныс министрлігі тарапынан өткізілген іс-шаралар, әскери бөлімдер, әскери білім ордалары туралы материалдар тұрақты айдарлармен беріліп тұрды.

 

«Сарбаз» жеке отау болды

 

2015 жылы «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ-ның еншілес «ГИС Әскери медиа» ЖШС құрылып, «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы сол серіктестікке қарады. Жеке отаудың директорлық қызметі Нұрғали Бақтиярұлына бұйырды. Ал бас редакторлық орында (Ерағаңнан кейін келген) журналист Қойшыбай Есентаев қала берді.

Штаттық кесте қайта құрылды. Шығармашылық топқа арналған «Жауынгерлік әзірлік» және «ақпарат» бөлімдері пайда болды. Әкімшілік жүйе де өз күшіне енді. Жаңа директор бірталай құрылымдық өзгертулер жасады. Соның салдарынан бұрынғы әріптестермен қош айтысып қала бердік. Дегенмен, ортаны Асхат Райқұл, Әлия Майсейітова, Дана Омар, Олег Цхай сияқты білікті жастар толтырды.

Жаңа леппен, тың жаңалықпен газет одан сайын көркейді. Мазмұны да жаңарды. Ақпаратты графикалық түрде беру тәсілдері қолданысқа енді. Сараптама, шолу, шетел жаңалықтарын беру кеңінен орын алды. Әскерилердің күнделікті тыныс-тіршілігі газет бетінде фоторепортаж (фототілші Ағыбай Аяпбергенов) арқылы да көрініс тапты. Заман талабына сай басылым өз көшінен қалыс қалмады. Кейін директор болып келген Батырхан Қуатбектің тұсында да бірнеше түрленіп, қайта жаңарды. Инфографика, сараптама, сұхбат, репортаждар көбеймесе, азайған жоқ.   Әсіресе танымал адамдармен сұхбаттасу тұрақты түрде беріліп тұрды.

Бір сөзбен айтқанда, оқырмандар сұранысына қарай газет өз жұмысын жалғастыра берді. 2016 жылы оның электронды нұсқасы – Sarbaz.kz ақпараттық порталы іске қосылды. Оған қоса «ГИС Әскери медиа» тағы бір басылыммен – «Әскери заңгер» газетімен толықты. Ол «Сарбаздың» бұрынғы форматында (А-3), айына бір рет шығады. Ал «Сарбаздың» бүгінгі форматы – D-2. Бұрынғыдай аптасына бір рет жарық көретін басылымның бет саны өзгерген. 6 бет – қазақ тілінде, 6 бет – орыс тілінде, барлығы 12 бет боп шығып, көптің жүрегінен орын табуда.

 

 

Ғалымдар пайымымен – 90 жыл

 

 

«Жас келсе – іске» деген. Газеттің жаңа басшысы Батырхан Серікұлы қызметке келісімен, өткенімізге көз жіберіп, тарихты таразылағанды жөн санады. Сөйтіп, бағаналы сөз етіп отырған бірегей шараның өтуіне сеп болды. Онда әскери баспасөз хақында қаншама мағлұматтарға кенелдік. Көкейге қонымды қаншама ойлар айтылды. Дегенмен Александр Рожков мырза сөзінің жаны барына көпшіліктің көзін жеткізді. Ол: «Сарбаз» газеті – бұл шығарылымның жаңа түрі. Сараптай келе, біз жоғарыда аталған әскери басылымдардың («Қызыл әскер», «Боевое Знамя» және «Қазақстан сарбазы») тақырыптық, патриоттық және тілдік қолданыс (қазақ тілі) жағынан ұқсастығын байқаймыз. Бүгінде газет – аптасына бір рет шығатын әскери-патриоттық басылым. Сонымен, апталық әскери қазақ газеті «Қызыл әскерді» – әскери басылымның бастауы, ал «Сарбазды» оның заңды мұрагері деп айтуға болады», деді. Соңында қатысушылар бір ауыздан әскери баспасөздің негізі осы басылымнан бастау алады деген ұйғарымға келді. Сөйтіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қойылды. Содан бері дөңгелек үстелде қабылданған қарар бойынша газеттің шығу мерзімі «1929 жылдың 7 қарашасынан бастап шығады» деп өзгертілді.

P.S. Дерексіз тарих болмайды. Жоғарыда тарихи деректер мен зерттеуші ғалымдардың дәйектеріне сүйенсек, осыдан тоқсан жыл бұрын қазақ әскери баспасөзінің негізі қаланыпты. «Илегеніміз бір тері» болғандықтан, бұл маңызды күннен айналып өте алмайтынымыз анық.

 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"