ӘСКЕРИ БАСПАСӨЗ ТАРИХЫ немесе бүгінгі дәстүр сабақтастығы


«Сөздің ең ұлысы – тарих»,  – дейді ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов.  Сондай-ақ, сол бабамыз: «Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер»  деген екен. Ал, қашанда қазақтың тарих таңдаған перзенті, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «тарихсыз болашақ жоқ» екенін алға тартып келеді.
Иә, кешегісіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Біз де осы орайда тарихқа зер салып,  өткенімізді шолып, бүгінгімізді бағдарлап, білген-түйгенімізді саралағанды жөн көрдік.  Сонымен...

Түп-тамыр

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейтін орнықты тұжырымы бар. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі Ахаңның бұл сөзі әлі де мәнін жоғалтқан жоқ.

Осыдан 145 жыл бұрын іргетасы қаланған (алғаш 1870-1882 жылдары Ташкентте «Түркістан уалаятының газеті» мен Омбыда «Дала уалаятының газетінен» 1888-1902 жылдары жарық көрген) қазақ баспасөзінің XX ғасырдың басында («Тұрмыс» 1905 ж., М.Дулатов «Серке» 1907 ж. газеті, М.Сералин «Айқап» 1911-15 ж. тұңғыш журналы, Е.Бұйрин «Қазақстан» 1911-13 ж. газеті, А.Байтұрсынов «Қазақ» 1913-18 ж. газеті , «Еркін қазақ», «Алаш» 1916 ж., «Бірлік туы», «Сарыарқа» 1917 ж., «Абай» 1918 ж., «Жас азамат» 1918 ж., «Ақ жол» 1920 ж., «Шолпан», «Сана», «Темір қазық» 1923 ж.) қалыптасқаны белгілі.

Айта кету керек, сол кезеңдерде А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, М.Шоқай, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедұлы, К.Кемеңгеров, Ж.Ақпаев, М.Тынышбаев, т.б. алаш қайраткерлері қазақ баспасөзінің дамуына зор үлес қосып, газеттер мен журналдарда қазақ халқының саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани мәселелерін көтеріп, ұлттық сана-сезімінің оянуына, елдегі демократиялық үрдістердің дамуына жол ашты.

Осы кезеңде қазақ баспасөзі қоғамның қай саласына болсын араласып, барлық жанрларда тақырыптық, идеялық жағынан кең өріс алды.

 

Қазақстан әскери баспасөзі

 

Тарихи деректер мен дәйектерге жүгінсек, сол XX ғасырдың басында еліміздің әскери баспасөзі пайда болды. «Ол қалай және қандай жағдайда пайда болды?» деген сауалға жауапты тарқатып көрелік.

Ол кезде қазақ жері небір тартысты бастан өткеріп жатты. 1918-1920 жылдардағы кеңестік Ресейде орын алған азаматтық соғыс қазақ елін де шарпығаны мәлім. Сол кезде Қазақстан азаматтары қызыл армия қатарында да, «ақтар» басып алған аудандарда жасақталған партизандық жасақтар құрамында да азаматтық соғысқа қатысуға мәжбүр болды. Дегенмен, көбісі Кеңес үкіметінің әскери құрылымы қызыл әскерді (жұмысшы-шаруа қызыл әскері) қолдап, оны орнатуға күш салды.

Соған сәйкес, кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1918 жылы жұмысшы-шаруа қызыл әскерін құру туралы декрет шығып, 21 ақпанда жұмысшылар мен шаруаларды қызыл әскер қатарына шақырған үндеу қабылданды. Мұнымен қоса, Жоғарғы әскери кеңес (4-наурызда), әскери комиссариаттар (8 сәуірде), Бас штаб пен әскери округтер (4 мамырда) құрылды. Сол 1918 жылдың 4 мамырында РКФСР ХКК-нің шешімімен құрылған округтің бірі – Түркістан әскери округі. Оның құрамында Түркістан облысы, Каспий бойы аймағы, Самарқан, Ферғана, Сырдария, Жетісу аймақтары болды. Штабы Ташкент қаласында орналасты.

Осы кезде 1918 жылдың қазанынан бастап Ташкентте әскери округтік басылым жарық көрді. Атын бірнеше рет («Красноармеец», «Красный фронт», «Набат революций», «Клич трудового казачества», «Борец за коммунизм», «Еженедельник политработника», «Красноармейская газета», «Красная звезда») өзгерткен сол газет туралы зерттеуші-ғалым Александр Рашков «Жаңа сападағы әскери басылымды одан әрі дамыту үшін әзірленген негіз ретінде «Красноармеец» газетін Түркістан өлкесіндегі тұңғыш басылым деп айта аламыз», («Қазақстан Республикасы әскери баспасөзінің даму үрдісі» атты зерттеу еңбегінде) дейді. Ғалымның жазуынша, бұл тұңғыш басылымның (1918 ж.) 30-ға жуық нөмірі жарық көрген.

Одан кейін, әрине, ғалымның зерттеуінде келтірілген Орынбор мен Полторацкеде «Кизил юлдуз»-«Красная Звезда», Ақтөбе майданында «Наша фронтовая жизнь» (1919 жылғы мамыр айының соңында), Жетісу майданында (1919 жылдың желтоқсанында) «Бой за коммунизм», Түрк майданында 3-ші Түркістан дивизионы саяси бөлімі органының «Правда» газеттері әскери журналистиканың негізін қалыптастырды. Бұл басылым беттерінде көбінесе, майданнан жеткен хабарламалар, елдің ішкі жағдайы мен халықаралық оқиғаларға қатысты мақалалар «ресми» тілде беріліп тұрды.

Ал, 1926 жылдары елдегі әскери құрылымдық өзгерістерге байланысты жоғарыда түрленген «Фрунзевец» газеті бұрынғыдай Түркістан әскери округіне емес, Орта Азия округіне қарайды. Өйткені, сол жылдың 4 мамырында Түркістан майданы Орта Азия әскери округі болып өзгерген-ді. Округ құрамына қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан республикаларының аумағы кірді. Осыған байланысты, әскери басылымның да жұмысы кеңейіп, бес республикадағы қорғанысқа бағытталды.

 

Тұңғыш қазақ басылымы

 

Ал, тұңғыш ана тілімізде (қазақ тілінде) жарық көрген газет – «Қызыл әскер». Александр Рожков мырзаның дерегінше, «Qьsьl әsker» («Қызыл әскер») – Қазақ әскери комиссариатының, кеңес қоғамдық-саяси қорғаныс ұйымының және «Еңбекшіл қазақ» баспасының апталық газеті. Басылым 1929 жылдың 7 қарашасынан бастап, 1936 жылдың 31 қазанына дейін Алматыда аптасына бір рет, қазақша латын әріптерімен және кішігірім ақпараттар араб әріптерімен жазылып шығыпты. Басылым форматы үлкен - А0.

Газет жазылу арқылы және жеке сатылымға да беріліп отырған.

Газетпен Ілияс Жансүгіров, Асқар Лекеров, А.Көшімов шығармашылық қарым-қатынаста болыпты. Шығу мақсаты – қорғаныс саласында жүргендерді сөзбен демеу, әскери қызметке жастарды тарту және офицерлердің әскери білімін жетілдіру еді. Газет бетінде алғашқы әскери дайындық (соның ішінде әйелдер үшін де), шетелдегі әскери  жаңалықтар, сонымен қатар, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелері жарық көріпті. Баса айта кететін жайт, сол уақыттың өзінде фотолар, кестелер, түрлі  қызықты суреттермен қоса, мақалалар публицистикалық стильде жазылып, соның арқасында қазақша әскери терминдер қолданысқа енгізілген екен. Бұған көз жеткізгісі келген адам мұрағатқа барып, танысуына болады. Өйткені, аталмыш газет тігіндісі бүгінде толық болмаса да, бүтін күйінде Алматыдағы ғылыми-техникалық ақпараттық орталығында сақталған екен.

 

«Журналистиканың алтын парағы»

 

1941 жылы Ұлы Отан соғысы кезеңде қарумен бірге қолдарына қалам алып, майдан даласының шежіресі болған майдангерлер әскери баспасөздің дамуына едеуір үлес қосты. Олар Кеңес әскері жауынгерлеріне рух беріп, олардың ерлік ісін қаламдарына арқау етті. Ана тіліміздегі басылымдардың қатары көбейіп, қазақ тілді әскери баспасөздің жүгі едеуір көтерілді. Осы кезеңді тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев «қазақ журналистикасының алтын парағы» деп санайды. Оның айтуынша, қазақ тілінде 20-ға жуық майдандық, армиялық және дивизиялық газеттермен қоса, жүздеген жауынгерлік парақшалар шығып тұрған.  Материалдар жауынгерге жететіндей тілмен, ашық, қызықты жазылып, нақты бағытталғандығымен ерекшеленген. Ол кездегі майдандық басылымдар  жауынгерлердің бойындағы жауға деген жеккөрушілік қасиет пен оларды жеңіп шығуға деген құлшынысын арттырды, өз Отанын шексіз сүюге тәрбиеледі. Елімізден  соғыста 70-ке жуық журналистер қызмет жасады. Дәл осы  басылымдардан әскери қазақ публицистикасы шығып, кейіннен қатайған.

 

Бейбіт күндегі «Боевое знамя»

 

1969 жылы Орта Азия әскери округі қайта құрылғанда еліміздің әскери баспасөзі «Боевое знамя» газеті дүниеге келді. 1980 жылдардың ортасында аталмыш газете қазақтың бір баласы – Сапарғали Жағыпаров қызмет етті. Ол: ««1984 жылдары Боевое знамя» газеті А-2 форматта, күн сайын, жүз мыңнан астам таралыммен шығып тұрды. Өз алдына редакциясы бар басылымды полковник Владимир Чекалин басқарды. Редакцияда тәжірибесі мол әскери журналистер, шамамен 50-шақты адам жұмыс істеді, - дейді Сапарғали аға.

Мәскеудегі Львов атындағы жоғары-саяси училищесін бітірген тұңғыш қазақ әскери журналисі Сапарғали Жағыпаров лейтенант кезінен-ақ осы газетпен тығыз байланыста болды. Тынық мұхиты флотында жүріп, қаламын серік еткен Сапар аға тек «Боевое знамяда» ғана емес, еліміздің басқа да басылымдарында қазақ тілінде әскери тақырыптарды қаузады.

ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник Сапарғали Жағыпаров қазір әскери ортада сыйлы, оны білмейтіндер кемде-кем. «Боевое знамядағы» кезеңінен бастап бүгінге дейінгі қаламы түспеген Сапар ағаның өмірі бізге де үлгі.

Айта кету керек, сол кезеңдерде Кеңес Одағының әскери басылымдары – «Фрунзевец» те, «Боевое знамя» да ақпарат айдынында қатар шығып тұрды. Кейін Кеңес өкіметі құлаған кезде олардың орнын басқа ақпарат құралдары басты.

 

Жаңа тарих беттері

 

Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін егемен ел атандық. Осы тұста тәуелсіз Қазақстан армиясының жаңа тарихы 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарулы Күштерді құру туралы Жарлығына қол қойған күннен бастау алды. Қазақстанның қарулы күштерінің дербес құрылымы өмірге келгеннен соң, араға алты сай салып, «Боевое знамя» газетінің базасында ҚР Қорғаныс министрлігінің органы «Қазақстан сарбазы» - «Воин Казахстана» газеті өз оқырмандарына жол тартты.

Газеттің алғашқы санының жарық көруі 1992 жылғы 16 желтоқсанына тұспа тұс келді. Аталмыш басылым өзінің алғашқы санын ел Президентінің ақ батасымен ашып, тұсауын кесті.

Газеттің тұңғыш бас редакторы Виль Рахманқұлов болды. Одан кейін есімі бәрімізге таныс Сапарғали Жағыпаровқа бас редакторлық бұйырды.

««Қазақстан сарбазы» - «Воин Казахстана» газеті А-2 форматта, 4-беттен, аптасына екі рет, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл басылым Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына өзінше үлес қосты. Әр қадамы, әр жолы осы газет беттерінде айқын көрініс берді», дейді сол кезді еске ала Сапар аға.

Иә, сол кезде газеттің әр қызметкері өзінше үлес салмағын бөліскені рас. Атап өтсек, әскери тақырыпқа қалам тербеген Совет Сейітов, Марат Нұрсейітов, Какимхан Құттыбаев, Сәндібай Күмісбеков, Шәміл Хайруллин, Борис Грибачев, Алтынбай Дәуренбеков, Жүніс Омар, Әубәкір Смайлов, Құдайберген Медиманов, Марат Жүнісбек, Мұхарбек Махамбет және т.б. «Қазақстан сарбазында» қолтаңбалары қалды.

Алдынғы буын ағалардың осы жолына кейін өмірдің ағымымен біз де келдік.

Ол – «Қазақстан сарбазы» атын (2007 жылдың аяғына дейін «Қазақстан сарбазы» (Воин Казахстана) деген қосарланған атпен шығып тұрды) өзгертіп, «Сарбаз» газетіне айналған шақ. Бұл 2008 жылдары еді. Газеттің бас редакторы Ярослав Голышкин болды. Ал қаржы жағынан басқару «Қазақстан ГАЖ орталығы» акционерлік қоғамына берілді.

Кейін қаламы қарымды, белгілі журналист Ерғазы Әсембеков бес жылға жуық бас редакторлықтың тізгінін ұстады. Газеттің мазмұнына ғана емес, бет-пішініне де өзгеріс әкелген марқұм Ерағаның еңбегі өлшеусіз. Ол кісі өмірден озса да, елеулі ісі газет беттерінде қатталып қалғаны сөзсіз.

Бүгінде «Сарбаз» газеті қазақ және орыс тілінде Д-2 форматта, аптасына бір рет, 6 беттік болып шығып келеді. Сонымен қоса, «Айбын» журналы мен «Әскери заңгер» газеті де жарық көріп, әскери басылымның қатары толықты. Басылымдардың меншікті иесі – «ГИС Әскери Медиа» ЖШС. Директоры әрі бас редактор – Батырхан Қуатбек.

Қазір бөлек отау боп шыққан жаңа сападағы «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы еліміздің қуатты Қарулы Күшін дәріптеуде, айбынды әскердің абыройын асқақтатуда дәстүр сабақтастығын жалғастырып келеді.

 

Түйін

Иә, дерексіз тарих болмайды. Жоғарыда тарихи деректер мен зерттеуші ғалымдардың дәйектерін негізге ала отырып, бүгінгі «Сарбазды» кешегі «Қазақстан сарбазы» газетінің және одан бұрынғы «Боевое знамяның» заңды ізбасары десек, қателеспеспіз. Ал, негізі тұңғыш қазақ басылымы «Қызыл әскерден» бастау алған деген тұжырымға тоқтап отырмыз.

Тамыры тереңге бойлаған қазақ әскери баспасөзінің бүгіні де ертеңгі күні тарих қатпарында қалатыны сөзсіз. Оны болашақтың еншісіне қалдырдық.

Рима ӘБЕУОВА


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"