Әлем елдеріндегі Жаңа жыл...

«Әр елдің салты басқа» дегендей, әлем елдерінің жаңа жылды қарсы алу үрдістеріне де қатысты десек артық емес. Алайда, Григориан күнтізбесіне негізделіп, бірі олай, бірі бұлай қарсы алғанымен, бәрінің сән мен мәнінің бір екендігіне көз жеткіземіз. Яғни, мерекелік көңіл-күйдің көрігін қыздыру басты мақсат есепті.

Жапониядағы бір айлық Жаңа жыл

 

Күншығыс мемлекеті Жаңа жылды григориандық күнтізбе бойынша тойлайды. Мереке 25 желтоқсанда басталып, отыз күнге дейін ұласып жатады. Олар саулық, байлық, махаббат белгісі ретінде үйлерін бамбук, алша бұталары және шыршамен сәндейді. Бұл айда жапондар міндетті түрде шіркеуге соғып, құдайдан бақыт пен денсаулық сұрайды. Ал Жаңа жыл күні бір-біріне қонаққа барып, нандарды ақ пен алқызыл түске бояйды. Ақ пен алқызыл түстер сәттілік әкеледі дегенге сенеді.

 

Қытайда шартылдақтар жарылады

 

Қытайдағы Жаңа жыл көктемнің бастауы ретінде тойланады. Оны Ай фазасы арқылы белгілейді. Қытайлықтар міндетті түрде қызыл түсті киім киіп, үйлерін сәндеп, сол түні шартылдақ атып, фейерверктер жағады. Үйдің ішін жинастырып, бақыт үшін орын қалдырады. Ал кешкі асқа үйдің барлық құрамы түгел отыру керек. Алыста оқып, жұмыс жасайтындар міндетті түрде осы күн үшін үйіне қарай жолға шығады.

 

                                Австралияда су киімдері киіледі


Австралияда Жаңа жыл 1 қаңтардан басталады. Дегенмен, нақ осы уақытта ол жерде күннің ыстық болатыны сондай, Аяз ата мен Ақша қар сыйлықтарын суға түсерде киетін киімдерімен жүріп таратады. Өз кезегінде осындай аздаған киімдік ерекшеліктері болмаса ағылшын тілді елдердегі үрдістен алшақ кете қоймаған.

 

 

                              Болгарияда бәліш пісіріледі


Болгарияда Жаңа жыл дәстүрлі түрде үйде қарсы алынады. Мереке басталмастан бұрын үйдегі ең жасы кіші адам шыршаның жанында тұрып қонақтарға қарата ән салады. Алғыс ретінде оған сый-сыяпат жасалуға тиіс. Ән салушы балаларға негізінен тәттілер сыйланады. Ең қызықты сәт сағат тілі 12-ні ұрғанда болады. Осы уақытта үй ішінде жаңа жылдық сүйісу үшін жарық сөндіріледі. Тек осы үрдістен кейін ғана үй бикесі ішіне сый-сыяпаты жасырылып пісірілген бәліштерін бөліп, кесе бастайды. Жеушілері тиын тістесе – байлыққа, раушан бұтағы болса – махаббатқа деп ырымдалады.

  

Италияда сыйлықты Ла Бефана әкеледі


Италиялықтар Жаңа жыл түні терезесінен ескі заттарын, атап айтқанда, үтіктерін, үстелдерін, гүл құмыралары мен етіктерін лақтырады. Жаңа жылда қаншалықты көп зат лақтырсаң, келер жылы соншалықты молшылыққа кезігесің деп есептелінеді. Бұл ретте балаларға сыйлықты Санта Клаус немесе Аяз ата емес, жүрегі жұмсақ фея – Ла Бефана әкеледі деген сенім бар.

  

Испанияда жастар «некелеседі»


Испанияда ерекше жаңа жылдық дәстүр аталып өтеді. Яғни, шартты түрде жас жігіттер мен қыздардың некесі қиылады. Ол үшін жеребе тасталып, сол шек бойынша бірге түскен жұптар мереке аяғына дейін отбасы болып есептеледі. Әрине, қазіргі таңда мұның әзіл-сықақтық қана мәні бар. 
Бұдан бөлек, мереке қарсаңында испандықтар қонаққа барарында сыйлық себетіне шампан сала баруды әдет еткен. Және бір ескертерлік жайт – Жаңа жыл ол елде қоғамдық мейрам іспетті. Өйткені, нақ осы түні қалың бұқара орталық алаңға жүзім жеуге барады. Сағат тілі соғысымен әрбір испандық 12 жүзім жеуге тырысады. Яғни, осы рәсім орындалатын болса, алдағы жылы тілек орындалады деп біледі.

 

Германияда Лебкухен желінеді


Германияда рождество Жаңа жылға қарағанда кеңірек тойланады. Яғни, бұл отбасылық мереке саналады. Жанұяның барлық мүшщелері міндетті түрде дастархан басына жиналуға тиіс. Осы күні Бешерунг – дәстүрлі сый-сыяпат, сыйлық алмасу үрдісі орын алады. Жаңа жылдық мәзірдегі ең басты тағам – Лебкухен деп аталады. 16 ғасырда мейіз бен ұннан тұратын осынау тәтті тағамның ұзындығы адам бойына жететін болған. Оңтүстік Германияда көбінесе шыны немесе фарфор торайлар, кейде ақша сақтауға арналған құтылар сыйға тартылады.

 

Бұл күні болжам жасалады


Фин елінде жаңа жылдық басты кейіпкер – Joulupukki, яғни, Аяз атаны олар осылай атайды. Сенімге сәйкес, ерте заманда ол сыйлықтармен бірге шыбық алып келетін болыпты. Ол үйге бас сұғарда: «Бұл үйде тілазар балалар бар ма?» деп кіретін болған-мыс. Ал, қазіргі таңда шыбық емес, сыйлықтар сыйланады және кисель мен күріш ботқасы әзірленеді. 
Бұл ретте қыздар құдай қосар қосағын түсінде көрем деген ниетпен қалайыны ерітіп, суға салады. Сол суға сұлулар беторамалының ұшын батырып, басына қойып жатады. Өзіндік дүниетанымында түсінде көрінген жігіт оған болашақта жолығуға тиіс көрінеді.

 

Тайлықтар су шашады

 

Сонгкран деп аталатын тайлық Жаңа жыл көне үнді астрологиялық күнтізбе бойынша жыл ауысқанда, жаңбыр маусымында тойланады. Олар буддалық монахтарды мерекелік асқа шақырып, Будда мүсіндерді раушан мен жасмин жапырақтары араласқан сумен жуады. Бұл күні құрғақ қалатын адам жоқ. Тайлықтар көшеден өтіп бара жатқандарға ақ саз бен тальк қосылған су шашады. Бұл – бір жылда бойда жиналған негативтен арылтуға көмектеседі дегеннен шыққан. Жүргіншінің артынан не иығынан су төгу – бақыт тілеуші дегенді білдіреді.

 

Бирмалықтардың тинджаны

 

Бирмалықтардың Жаңа жылы 12 мен 17 сәуір аралығында өтеді. Бұл мерекенің жергілікті атауы – Тинджан. Олар жаңбыр құдайының назарын өздеріне аударту үшін бұл күнді сауық-сайранмен өткізеді. Жастар үлкендерге құрмет білдіріп, шашын бұршақ пен шөп тамырларынан жасалған сусабынмен жуып береді. Сонымен қатар, су қоймаларындағы балықтарды құтқарып, үлкен көлдерге жіберу дәстүрі бар. Ол «мені он рет құтқару үшін, сені бір рет құқарамын» дегенді білдіреді екен.

 

                                     Үндістанда бірнеше рет тойланады

 

Жаңа жылды Үндістан секілді бірнеше рет қарсы алатын мемлекет жоқ. Үнділердің дәстүрлі Гуди-падва жылы наурыз айында аталып өтіледі. Көптеген штаттарда Жаңа жылды сол жерде өмір сүріп жатқан халықтардың дәстүрлі күнтізбесіне байланысты өткізеді. Олардың ішіндегі ең ірілері – Бенгаль Жаңа жылы, Хопи. Бояулар фестивалі көктемнің басында тойланады. Бірінші кеште Холик әйел құдайының тұлыпын жағып, адамдар бірін-бірі ашық бояулармен шомылдырып, мәз-мейрам болысады.

 

Эфиопияда шыршаны жағады

 

Жаңбыр маусымы аяқталатын уақытта (11 қыркүйекте) Эфиопия мемлекеті Жаңа жыл – Энкутаташты тойлайды. Олар үлкен алаңға жиналып эвкалипт пен шырша ағаштарын тұрғызып, жағады. Сосын өртенген ағаштың басы қай жаққа құлайтынын қарап тұрады, жанған бөрене құлаған бетте өнім мол болады дегенге сенімнің нышаны. Мейрам күні эфиопиялықтар ұлттық киімдерімен шіркеуге бару дәстүрі бар. Балалар гүл түптерін көршілерге таратып, ақшалай сыйлық алады. Қыздар ән айтса, ұлдар сурет салады екен.

                                  

                                     Израильдың Жаңа жылы күзде

 

Еврейлердің Жаңа жылы Рош ха-Шана қыркүйекте немесе қазан айында келеді. Мәселен, олар биыл 5780 жылды қарсы алды. Бұл мейрам күні «Өмір кітабына» жазылып, бір-біріне ақ тілектерін жаудырады. Сол сияқты балға батырып алма жеу дәстүрі бар. Ол жылдың тәтті болуына септігін тигізеді дейді. Олардың сенімінше осы күні Адам жаратылып, жұмақтан қуылған екен.

 

Грекиядағы қасиетті Василий күні

 

1 қаңтар Гректер үшін тек Жаңа жыл емес, жарлыларды жебеуші  Ұлы Василий күнін еске алу мерекесі. Бұл күннің басты тағамы – жаңғақ пен жидек қосып әзірленген василопит бәліші. Оның ішіне міндетті түрде «бақыт әкелетін» тиын салынады. Тиын бұйырған адам сол жылы ең бақытты жан болады дегенді білдіреді. Аңыз бойынша қасиетті Василий осылай өз байлығын кедей жандарға үлестірген екен. Грек балалары Жаңа жылдық сыйлықты Санта-Клаус немесе Аяз Атадан емес, сол Ұлы Василийден күтеді.   Балалар таңертең тосын сыйға қол жеткізу үшін түнде өз кебістерін ошақ ауызына қойып кетеді.

                                 

                             Шотландияда оттан секіреді

 

Самайн – бұл өнім жинау маусымы өз мәресіне жеткенде, Жаңа жылдың басын білдіретін көне кельттердің мерекесі. От, білте шамын жағу бұл күннің басты атрибуттары. Оттың ортасынан малдарын айдап өтіп, өздері де секіріп жатады. Кельт ұлттарында, Шотландия, Ирландия мен Мэн аралында 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түн жылдың басы болып есептеледі.

 

                                    Уэлсь тілінде ән шырқалады

 

Ұлыбританияның Пембрукшир мен Гваун алабында ескі дәстүрмен келе жатқан халық тұрады. Барлық Ұлыбритания григориан күнтізбесіне көшкеніне қарамай, олар 1753 жылды тойлап отыр. Гваун алабына Жаңа жыл 13 қаңтарда кіреді. Бұл күні балалар уэлсь тілінде ескі әндер айтып, сыйлықтар алу үшін көршілерге соғады.

                        

                           

Times Square жаңа жылдық айна істеттес


Америкалықтар үшін Жаңа жыл үлкен де жарық Times Square сағатының тілі 12-ні көрсеткенде енеді. Осы сәтте алаңға жиылған халық сүйісуге көшеді және автокөліктерінің дабылын үсті-үстіне баса бастайды. Ал өзге тұрғындар осындай үйреншікті у-шудан-ақ жаңа жылдың келгенін түсініп, қара бұршақты қомағайлана жей бастайды. Аталған тағам сәттілік әкеледі деп есептелед

 

 

Ескі Жаңа жыл қайдан шыққан?

 

Ескі Жаңа жыл юлиан күнтізбесінен григориан күнтізбесіне көшу барысында пайда болған. Олардың айырмашылығы арасындағы 13 күн. Яғни, қаңтардың  13-нен 14 қараған түні тойланады. Бұл мейрам Ресей мен Кеңес Одағының құрамында болған бірнеше мемлекетте тойланады. Оған қоса, Косово, Босния мен Герцеговина мен Черногорияда мерекеленеді. Македонияда ескі Жаңа жылды көшеде қарсы алу дәстүрі бар. Көршілер үстелді далаға алып шығып, дастархан жайып қарсы алады.  Ал Швецарияда бұл күнді «Ескі қасиетті Сильвестр» күні деп атайды. Ал Сербияда сербтік Жаңа жыл деген атауға ие. Жапониядағы ескі Жаңа жыл – Риссюн, көктемнің басы болып есептеледі.

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"