Әскери тәрбие патриотизмді адам бойына сіңіруге үлкен үлес қосады

Патриотизм – кез келген мемлекеттің алтын діңгегі. Бүгінгі күні өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу барысында елеулі жұмыстар жүргізіліп келеді.  Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» деген қанатты сөзін ескерген Елбасымыз жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, адал еңбек пен отансүйгіштікке баулуға ерекше көңіл бөлуде.

Аталған жайттар Елбасымыздың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында да айтарлықтай мазмұнға ие болып отыр. Мәселен, мемлекет басшысының Қазақстан тарихына енген маңызды 10 идеясының алғашқысы, ең бастысы – қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу  болып табылады.

Тәуелсіз еліміздің халқын отансүйгіштікке баулу фактоларына келетін болсақ: ең алдымен ұрпаққа білім бергенде ұлтына, тіліне қарамастан білімнің қай саласы болсын міндетті түрде мемлекеттік тілді үйрету. Патриот, Отан қорғаушы жастарды тәрбиелегенде елді тек қарумен ғана емес, ақылмен де қорғау керектігін насихаттауымыз қажет. Отан қорғау жолында құрбан болған батыр, ержүрек ағаларымызды, аталарымызды, бабаларымыздың ерліктерін үлгі ете отырып, мемлекетіміздің дамуы, өсіп-өркендеуі жолында көп пайдалы еңбек еткен азаматтардың да еңбегін ардақтағанымыз абзал.

Бүгінгі таңда саяси тұрақтылық біздің қоғамымыз үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, әлемдік деңгейде тез өзгеріп отыратын жағдайларда, әр мемлекеттің басты міндеті болып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау болып табылады. Патриотизмнің күре тамыры сақ, ғұн дәуірлерінен, Күлтегін, Тоныкөк, Алтын Орда батыры Ер Едіге, ХYI-ХYIII ғасырда елі мен жері үшін жан аямай күрескен Жалаңтөс, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай т. б. бастау алады. Сонымен қатар, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәдени-рухани мұралар, тастағы жазбалардағы өсиет, нақыл сөздер жас ұрпақ бойындағы ерлік сезімін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға игі ықпал етеді.           

        Қазақстан Республикасының тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде төбе көрсетуі шын мәнінде тарихи оқиға. Оның мән-маңызын ешкім жоққа шығара алмайды. Уықсыз шаңырақ көтерілмейді, шаңырақты мықты уық, сапалы кереге ғана ұстап тұра алатыны сияқты, егеменді еліміздің тірегі оның қарулы күші. Қарулы күштердің негізгі ұғымы Отанын ыстық жүрегімен сүйетін сол елдің халқы. Оны қорғау ұрпақтан ұрпаққа ұдайы жалғасып отырады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз. Егер еліне қауіп төніп тұрса, жеке адам қаншалықты сәтті өмір сүргенімен, ол бәрібір қорғансыздың күнін кешеді. Қорғаныс саясатымызға келетін болсақ, біздің бейбітшілік сүйгіш халық екеніміз және ешкімнің жеріне, ресурстарына, байлығына көз тікпейтініміз баршаға аян болуға тиіс. Жеріміз де, мол қазынамыз да өзімізде жеткілікті, ол дәулетті өз еңбегімізбен еселей береміз. Бірақ, басқа елдермен өзіміз қандай қарым-қатынаста болсақ, Қазақстанға қатысты дәл сондай қарым-қатынасты талап етеміз және кез келген тосын жағдайларға әзір тұрамыз» – деген болатын.

Тәуелсіздіктің ұлы тірегі – сол мемлекеттің әскері. Ендеше, бүгінде жауынгердің орны аса маңызды. Нағыз отансүйгіш азамат қана, ержүрек сарбаз бола алмақ. Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі. Болашақ ұрпаққа сенімді мол артқандықтан, алдымен олардың рухани байлығын отансүйгіштік сезімде тәрбиелеу келешекке деген үлкен қазына. Өйткені мемлекет және мемлекет іргесін қалайтын жастардың ой-санасы барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Сондықтан әр азамат тұла бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге міндетті. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген сенімділікті патриотизм рухында өрбіту. Әскери тәрбие – патриотизмді адам бойына сіңіруде үлкен үлес қосатын сала. 

 «Құс ұясыз, жыртқыш інсіз болмайды, Отансыз жан өмірінде оңбайды» – деп ақын Мұқағали ағамыз жырлағандай, әр адамның өз туған жері , Отаны болады. Сол туған елін, халқын сүйген адам ғана нағыз патриот болып саналады.  «Отан деген бір-ақ сөз. Бірақ осы бір сөздің мағынасына тең келер ешбір сөз жоқ» - деп еді ғой сонау бір қанды майданда қаза тапқан қазақтың талантты жазушысы Баубек Бұлқышев. Егер әрбір адам мен Отансыз өмір сүре алмаймын дейтін болса, міне Отанға деген сүйіспеншілік осы. Нағыз патриот өзінің ісімен, үлгі боларлық әрекетімен көрінеді. Бүгінде ұлттық қауіпсіздік – бұл тек шекараны қорғау, қарулы күштеріміздің жауынгерлік әзірлігі, еліміздің тәуелсіздігін қорғау ғана емес, ол – экономикалық, экологиялық, демографиялық, ақпараттық аспектілерді де қамтиды. Патриотизм – ақыл, ой, сананың салтанаты, табанды тәрбиенің жемісі. Отанын ақыл, ой, санамен шын беріле сүймеген адам патриот бола алмайды. Патриоттық тәрбие бойына сіңбеген: бала күнінен ерлер туралы ертегілер тыңдап, елдікті, ерлікті мадақтайтын тақпақтар жаттап, эпостық шығармаларды етене қабылдамаған, ұлттық рухты бойына сіңірмеген адамдардың бойында бес кісінің күші болса да патриот бола алмайды. Ондай адамдардың ел ішінде «балуан» деп бағаланып, «алып» деп аталуы мүмкін. Бірақ, отан үшін от кешіп, жан қиюға әзір патриот екен деп ойлауға болмайды. Тәрбиенің күшімен шыңдалған патриотизм, қынаптан суырылған қылыштай жарқ етіп, Отанды қорғау сағатында өз қуатын көрсетеді. Қарулы күштеріміз – қашанда халқымыздың қамалы, келешекте үміт күтер сенімі, ар намысы, қолындағы шоқпары, астындағы тұлпары. Мемлекет әскери мамандарды дайындау үшін, алдымен халқының Отанға деген оттай ыстық жүрегін, мөлдір сезімін дүниеге келтіруі керек. Бұл сезім бесігінде іңгәлаған сәбиден, төрдегі бурыл қарттарымызға дейін тұла бойымызға сіңіп, қан тамырымызға тараған күнде Отан қорғау ісі жеңілдер еді. Отанға деген сүйіспеншілігімізді арттыра отырып, өзіміздің толыққанды әскеріміздің күшін арттыруға ұмтылу керек.

Отаншыл жан өз туған халқының озық өнеге-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін өз бойларына сіңіре отырып, өзгені де орнына сай құрметтей білуі тиіс. Нақ осы қасиеттер ел қорғайтын азаматтарымыздың өн бойынан қалтқысыз табылып жатса, мемлекетіміздің қорғаныс қабілеті күн санап арта түседі. Ел тәуелсіздігінің баяндылығы да осында. Осынау туып-өскен, өркендеген жерімізді, бүгінде әлемге танылған кең байтақ еліміздің топырағын өзге жұрттың табанына таптаттырмай, көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлеу қай-қайсымыздың да қасиетті борышымыз. Сондықтан суық көзден сақтар қорғаның, қиналғанда тірегің болатын айбынды сарбаздарға жүктелетін міндеттің қаншалықты салмақты болатыны өз-өзінен түсінікті. Өйткені, бабалар аманатын арқалаған жауынгер ұлдардың мақсаты қашанда ел тыныштығы болып қала бермек.

Бүгінгі Қарулы Күштеріміздің даму қарқынына зер салатын болсақ, біздің елімізді қорғайтын, Отанымыздың тыныштығын күзететін сарбаздардың рухының жоғарылап бара жатқанын байқауға болады. Мұны біз әскерилермен өткен жиында айқын байқадық. Олардың тақырып бойынша айтқан ойлары, өзекті пікірлері, әңгімелері – Отанға деген шынайы сүйіспеншілігін көрсетеді. Сондай-ақ, олар өзінің еліне, жеріне деген құрмет сезімдерін сөзбен ғана емес, игілікті істерімен де көрсетіп отыр. Мағжан Жұмабаевтың: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін», - деген өлең жолдары дәл осы сарбаздарға арналып айтқандай. Мәңгілік елдің осындай батыл, ержүрек, білімді сарбаздарына біз үлкен сенім артамыз. Патриоттар – Отан тірегі. Ел патриот болғанда ғана, еркіндікті сақтай алады.

                                                                                                              Қалдыгүл Тасполатова
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"