Бүгін Мәжілісте терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылды күшейтуге арналған жаңа заң жобасының тұжырымдамасы мақұлданды. Сондай-ақ қолданыстағы көші-қон ережесін жетілдіру жайы да қозғалды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынған құқықтық құжат бойынша өзге қалаға көшіп барған азамат жергілікті органға міндетті түрде тіркелуі керек. Бұл талап 10 күннің ішінде орындалмаса, алдымен ескерту беріліп, кейін айыппұл салынады.
Сонымен қатар қару-жарақ сатушы дүкендерге талап күшейтіледі. Күзет қызметін жүзеге асыру ісіне де ерекше бақылау енгізіледі. Бірақ депутаттар заң жобасының кейбір нормалары талапқа сай емес екенін ашық айтты. Бұл ретте Нұрлан Нығматулин кемшілікті түзеп, оларды екінші оқылымға дейін жан-жақты жетілдіруді тапсырды.