Үздік барлаушы-мерген

Дана халқымыз әйел затын ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балап, ерекше құрмет көрсеткен. Халық эпосындағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, одан бергі Домалақ ана мен Айша бибі, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай, ел билеген Айғаным, Ұлпан ана – ел басына күн туғанда ер азаматтардың жігерін жанып, жүрегіне от берген қазақтың қаһарман қыздары. Бүгінгі бейбіт заманда еліміздің Қарулы Күштеріндегі әскерилердің 10 проценті қыз-келіншектер. Әскердегі әйелдер жүктелген міндетті атқаруда тиянақтылығымен, жауаптылығымен, белсенділігімен, әрі кәсіби біліктілігімен ерекшеленеді. Олар – жеке құрамның әскери тәртібін  күшейтуде де әскери бөлім командирлері мен олардың орынбасарларының сенімді серігі. Әскердегі әріптестеріне үлгі болып жүрген қазақ әйелдері қандай құрметке болса да лайық.  

Әсем Жәкенова Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы Қызылағаш ауылының тумасы. Бала күнінен Отан қорғаушы болуды армандап, әскери адам болатынына сенді. Семейдегі Шәкәрім атындағы Университетте оқып жүргенде-ақ күреспен айналысты. Кейін қол жекпе-жегіне ауысып, спорт шебері атанды. Дзю-до, самбо күресі және кір тасын көтеруден спорт шеберлігіне үміткер. ТМД және еліміздің Қарулы Күштері арасындағы көптеген жарыстарға қатысып келеді. Ешқайсысынан жүлдесіз қайтқан емес. ТМД және ҚР Қарулы Күштері арасындағы жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері. Мәселен, 2015 жылы «Ынтымақтастық жауынгері» халықаралық әскери-кәсіби шеберлік байқауында жеке есепте екінші орынды ұтып алды. 2016 жылы  Отан қорғаушы күні қарсаңында ҚР Президентi – ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Отан алдындағы әскери борышын мінсіз атқарғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Елбасының қолынан алды.
   Әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2017» халықаралық жарысының шеңберінде Санкт-Петербург қаласы Қызыл селосындағы С.М.Киров атындағы Әскери-медицина академиясының оқу орталығында 31 шілде – 10 тамыз аралығында  өткен «Әскери-медициналық эстафета» байқауында кәсіби біліктіліктің жоғары деңгейін көрсетті. Халықаралық жарыста Қазақстан екінші орынды жеңіп алған болатын. Айта кетейік, «Әскери-медициналық эстафетаға» Ресей, Қазақстан, Белорусь, Зимбабве, Иран мемлекетінің ерлер және әйелдер командаларының әскерилері қатысты. Олар екі кезеңнен құралған сайыста жеке шеберліктерін көрсетіп, командалық біріншілікте мықтылықтарын мойындатты. Макаров пистолеті мен АК-74М автоматынан атып, кедергілер жолағынан өтті. Ұрыс даласындағы салмағы 65-70 кг, бойы 165-170 см, оқ өтпейтін кеудеше мен жалпыәскери шлем киген, жеке АК-74М қаруы бар шартты жаралыны іздеу, оған жақындау, дәрігерлікке дейінгі жәрдем беру, сыртқы қан кетуді уақытша тоқтату, бірінші жарасын таңу, әрі қауіпсіз жерге сүйрелеп жеткізу секілді алғашқы көмек көрсетудің негізгі шарттарын орындады. Сондай-ақ, атып қиратылған БТР-80 бронетранспортерінен экипажды эвакуациялау, шартты жаралыны санитарлық көлікке отырғызу, көліктен шығару, күрделі жағдайдағы мекенде жеңіл броньды көп мақсатты тартқыштарды жүргізу міндеттерін де орындады.
   «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінің 2017 оқу жылындағы жауынгерлік әзірлік, әскерлер қызметі, тыл және техника мен қару-жарақ жағдайы, мемлекеттік-құқықтық дайындық, әскери тәртіп пен құқық тәртібінің қорытындысы бойынша сержант Әсем Жәкенова «Үздік маман-барлаушы-мерген» атанды. Тағы бір мақтанышпен айта кетер жай, Әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша Щучинскіде өткен (28 ақпан соңғы күн) ҚР Қарулы Күштерінің 15-ші спартакиадасының қысқы кезеңінде шаңғы спорты, эстафеталық сайыс, кір тасын көтеруден, әскери қызметші әйелдер арасындағы волейбол жарысы, армиялық қоян-қолтық ұрыс секілді сынақтарда Әсем тағы да мықтылығын көрсетті. Оның спорттық-техникалық дайындығы жоғары бағаланды. Шаңғы жарысында жеке, ізіне түсіп және эстафета кезеңдерінде биіктен көрінді. Барлығы төрт алтын медальді қанжығасына байлады.
«Кәсіби шеберлік – күнделікті жаттығулар арқылы жинақталатын тәжірибе. Ал, мергендік – үлкен мектеп. «Мерген – қорғаныста тіреніш, шабуылда сүйеніш» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Әрі менің лауазымым – аға барлаушы-мерген. Барлаушы шапшаң, шыдамды, салқынқанды, денесі шыныққан, қандай қиындық болмасын төзімді болуы керек. Барлаушыға ынта мен жігер, білім мен біліктілік, берілген тапсырманы тыңдай білу, оны іс жүзінде дұрыс орындай білу аса қажет. Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы, Кеңес Армиясының қатарына командир ретінде шақырылған алғашқы қазақтың бірі Бауыржан Момышұлының «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп еңбек еткін!» деген қанатты сөздері менің өмірлік қағидамның басты ұраны іспеттес. Әрине, әскерде қызмет ету қыз-келіншектер үшін оңай шаруа емес. Дегенмен армияның тәртібі өзгеше. Тәртіпсіз армия болмайды», деді Әсем әңгіме арасында.  
   Әйел затына мергендік пен барлаушылықты қоса алып жүру ауыр емес пе? Бұл сұраққа ол еш мүдірместен «Жоқ. Мен үшін мерген атану – міндет емес. Бұл менің сүйікті кәсібім» деп жауап берді. Шынашақтай келіншек үшін түрлі деңгейдегі додалы жарыстарға қатысу, бәйгеге басын тігу – үлкен мереке. Екі баланың анасы аяғының ауырлығына қарамастан, талай жарыстарға қатысып жүрді. Оның айтуынша, дүниеге сәби әкелу, ұрпақ өсіру – әр әйелдің арманы. Ал, дені-қарны сау, аяқ-қолы балғадай балаға өмір сыйлау – зор бақыт. Сержанттың пікіріне жүгінсек, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту жолында қызмет етіп жүрген арулардың орны ерекше. Әскери әйелдердің өмірге деген құлшынысы, келешекке ұмтылысы, оң көзқарасы өзгелердің сый-құрметін арттыра түседі. Өз күш-жігерін игілікті іске жұмсайтыны да қуантады. Өмірдің қиын кезеңінде жеке басын ойлап шетте қалмай, көмегін көрсетететін, жаны жайсаң, жүрегі кең, пейілі ақ – тағы да осы әйелдер қауымы.
   Көпшілік «мерген қыз» деп атайтын Әсем Жәкенова 7,62 миллиметрлі Драгуновтың мерген винтовкасынан оқ атудан көрсеткішін жылдан-жылға жаңартып келеді. Құралайды көзге атқан мерген қыздың мақсаты – Отанын, елі мен жерін ерекше қадір тұтатын, рухы мықты, намысы биік офицер болу.

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"