Туған өлкедегі кездесу

   Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту мәселесін ескере отырып, әскер жасына дейінгі жасөспірімдер арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚР Қарулы Күштері Бас штабының Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы Қайсар Мұғалов Әйтеке би ауданы, Басқұдық ауылына барды.

Осы өлкеде туып өскен полковник Қайсар Мұғалов туған жерге тағзым етті. Балалығы өткен сағыныш мекенінде ауылдың жастарымен жүздесті, мектеп оқушыларымен кездесті. Игі шарада ел өміріндегі әскери қызметтің маңыздылығы атап көрсетілді. Болашағымызды жалғайтын жас толқынға Отан қорғаудың қасиетті борыш екендігін түсіндіруді көздеген кездесуде жауынгерлердің Отан қорғаудағы, бейбіт елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы қалтқысыз қызметі жөнінде әдемі әңгіме өрбіді. Оқушыларға патриотизм, ұлтжандылық, ерлік пен батылдық, Отан қорғау, найзасын қолдарынан тастамаған батыр бабаларымыздың жеңісті жолын жалғау жайында қызықты сұхбат өтті.               

 

– Жастармен кездесудегі мақсат – еліміздің ертеңін жалғайтын жас ұрпақты патриотизмге баулу, әскери қызметтің қоғамдық қауіпсіздікке қосқан үлкен үлесін кеңінен насихаттау. Ерлердің ерлігін егемен еліміз мақтан тұтады. Әскери қызметтегі ерлердің ерліктерін үлгі-өнеге ретінде көрсету арқылы жас ұландарымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеуге болады, - деді өз сөзінде Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі департамент бастығы Қайсар Мұғалов.

Сондай-ақ, кездесу аясында оқушыларға әскери қызметтің қыр-сыры, әскерилердің күнделікті тыныс-тіршілігі, қызмет барысындағы ерлік әрекеттері жайында салиқалы да салмақты сөз қозғалды. Оқушылар Алаш азаматтарының ерлік ісін естіп, тәнті болды.

Мұндай керемет кездесулер жас толқынның жүрегінде Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге қызығушылығын оятуға игі ықпалын тигізетіні сөзсіз. Еңселі ерлердің ерлігін ту еткен бұл жылы жүздесуде егемен еліміздің қасиетті қорғаны болу қазақ халқының барша ер-азаматтарының ұлы борышы екендігі жас буынға жан-жақты түсіндірілді. «Жас буынды тағылымды тәрбиеге, елі мен жеріне сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған мұндай шаралар білім ордасында жалғасын тапса, біз сияқты ауыл балалары үшін үлкен қуаныш болатыны сөзсіз», - деді 11 сынып оқушылары.

Президент Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуына қатысты Бағдарламалық мақаласында ерекше ескерте келіп: «Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын атап көрсетіп келдім және атап көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды» деген болатын. Осы ұстанымды басшылыққа алатын болсақ, жастарды азаматтылық, патриотизм, еліміздің қарқынды сатылап дамуы идеяларының рухында тәрбиелеуге деген үлкен бетбұрыс жасалды.

         Кеш соңында жастарға патриоттық тәрбиенің өзектілігін насихаттап жүрген полковник Қайсар Қайырбайұлы алғашқы әскери дайындық пәнінен үздік шығып, жетістігімен көрініп жүрген жастарға жекелеп сыйлықтар таратты. Бұл жас-жеткіншектердің Отанға деген махаббатын арттырды. Шараға қатысқан Басқұдық аулының әкімі Берік Спандиярұлы мектеп директоры Лайық Ыбырайұлы ауыл жастарымен кездесуге келген жерлестеріне алғысын білдіріп, аталмыш шаралардың жастарға жаңа серпін беретінін жеткізді.

Әсет Жомарт

Ақтөбе облысы Қорғаныс істері жөніндегі

департаменті баспасөз қызметі бастығы


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"