Теңізшіні жаттығу шынықтырады

Шалқыған шартарап, айбынды атырап Каспий - қазақтың көзінің қарашығындай сақтар бойтұмары, бағына біткен байлығы. Қойнауы толы қазына теңізді қорғау - елдің еңсесі болып отырған экономикасын қорғау. Төрт мемлекетпен шектесетін Каспийді күзету - қазақ елінің абыройын күзету. Бұл асқан жауапкершілікке толы жанкешті міндетті жылының тең жартысын ашық теңізде өткізетін әскери теңізшілер атқарады. Бүгінгі әңгіме ауанымыз да көпшілігіміз үшін осы таңсық кәсіп теңізшілер өмірі жайында болмақ.

Теңізші-үлкен жаупкершілікті қажет ететін мамандық

Қарт Каспийдің асау толқындары, көк теңіздің көз қарықтырар сұлу көрінісі, ақ шағаладай самсаған ақ киімді матростар, алып кеме. Бұл біз көрген кинодағы көркемдік немесе ақ шағаладай қаз-қатар тізілген матростардың әдемі киіміне қызыққан сарбаздар романтикасы. Ал, шын мәнінде табиғаты тылсым қарт Каспийдің қаталдық танытатын кездері де аз емес. Сондықтан болашағын теңізбен, егеменді еліміздің Әскери-теңіз күштерімен байланыстырғысы келген маманға, біріншіден, оның денсаулығы мықты, физикалық тұрғыда дайын және жан-жақты білім қажет. Жалпы, Әскери-теңіз институтына түсу үшін, ең алдымен мектепте Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткеннен кейін жергілікті аудандық немесе қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармаға Әскери жоғары оқу орнына түсу үшін өтініш жазып, сол жерде іріктеу арқылы өткен адам Әскери-теңіз институтына түсе алады. Қазіргі таңда Әскери-теңіз күштерінің қатары жыл сайын отандық және шетелдік оқу орындарының түлектерімен толықтырылып келеді. Әскери теңізшілер Ресей, Германия, Түркия, Корея, Әзірбайжан, Пәкістанда оқиды.

Теңізшілер өз елімізде даярланады

Каспий теңізінде әскери теңіз күштерінің құрылуы 2001 жылы Ақтауда әскери теңіз институтының ашылуына түрткі болған еді. 29011 әскери бөлімінде ашылған орталық қазіргі таңда жалпы кемелік кіші мамандарды даярлайды. Бұл Әскери-теңіз күштерінің даярлық жоспарына 2014 жылдан бастап енгізілген болатын. Оның негізгі мақсаты - ұрыс кемелеріне кіші мамандарды даярлау. Бұл курста оқу уақыты 3 айға созылады, аталған мамандар курстан алған тәжірибесі бойынша әрі қарай кемеге қызмет етуге жөнелтіледі. Қазақстанның әр облысынан әскерге келісімшарт бойынша шақыртылған, әскери теңізші қатарында қызмет етуді таңдаған азаматтар Әскери-теңіз күштерінің Оқу орталығында міндетті түрде осы курстан өтеді. Ал курс аяқталысымен старшиналарға сертификаттар табысталып, 3-ші сыныпты маман біліктілігі беріледі. Әскери-теңіз күштері Қазақстан Қарулы Күштерінің ең жас түрі болғандықтан бүгінде жеке құрамның 70 пайызы - білімді де білікті жас мамандар. Бүгінгі таңда жас болса да әскери теңізшілер арасында аға лейтенант (қазіргі 3-дәрежелі капитан)
К.Шаршанқұлов, капитан-лейтенант Ф.Тагирбеков, аға лейтенант Ф.Әбдіразақов сияқты жас офицерлер «Жауынгерлік ерлігі үшін» ордендерімен марапатталса, келісімшарт әскери қызметшілері арасынан «3-дәрежелі Айбын» орденімен 3-сыныпты старшина Ғ.Қойшыбекұлы марапатталған.  

     Әскери-теңіз күштерінің қорғаныс қабілеті қаншалықты?

 

«Әскери-теңіз күштері - егемен еліміздің Қарулы Күштерінің ең жас саласы. Десек те, оның қорғаныс қабілеті тиісті деңгейде десек артық емес. Қазақстанның Әскери-теңіз күштері бүгінде отандық «Зенит» Орал зауытында жасалған заманауи қару-жарақпен жарақталған. Сондай-ақ көп функционалдық бірнеше зымыран-артиллериялық кемелер мен катерлер, Ресей Федерациясының зауыттарында жасалған гидрографиялық кемесі мен мина тартқыш кемесі бар. Аталған кеме жобалары қару-жарағы мен жасақталуы жағынан әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің ұрыс кемелерінен кем түспейді» дейді Әскери теңіз күштерінің баспасөз хатшы- офицері, капитан Жамиля Тұяқбаева.

Әскери-теңіз күштерінің құрылуы мен қалыптасуына елімізде шағын, алайда ұтқыр, заманауи қару-жарақпен жарақталған, техникалық тұрғыда дамыған, Каспий теңізінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғауға қабілетті Әскери-теңіз күштерін құру бойынша қазақстандық әскер басшылығы салған күш-қуат, қажыр-қайраты бүгінде ақталды десек артық айтқандық емес. Бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері Каспий маңы мемлекеттері арасында күш-қуаты бойынша лайықты орынға ие және Каспий өңіріндегі тұрақтылық кепілдігі болып табылады.

 

Жауынгерлік даярлық-теңізші тірлігінің тірегі

 

Әскери-теңізшілердің біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын теориялық және жауынгерлік оқу жаттығулар өтіп тұрады. Атап айтқанда, «Кемені ұйымдастыру және оны ұрыс пен жорыққа дайындау», «Кеменің жүзуі және кемемен ұрыс іс-қимылдар жүргізу», «Біртекті (әртекті) тактикалық топпен, кемелер құралымымен ұрыс іс-қимылдарына дайындалу және оны жүргізу» сынды курстық тапсырмалар үнемі пысықталып тұрады. Еліміздің Әскери-теңіз күштері бірнеше жылдар аралығында Каспий маңы мемлекеттерімен бірлескен Әскери-теңіз оқу-жаттығуларына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері аясында өтетін бірлескен оқу-жаттығуларға қатыса отырып, өздерінің біліктілігін арттыруда. Сонымен қатар, бүгінде Әскери-теңіз күштерінің мамандары АҚШ, Корея, Қытай, Ресей сияқты мемлекеттерде өздерінің біліктіліктіліктерін арттыру мақсатында арнайы курстарға барып оқиды, өз білімдерін шыңдай түседі. Атап айтсақ, өткен 2017 жылы «Боцмандық іс» мамандығы бойынша Америка құрама штаттары Әскери-теңіз күштерінде курста оқыған Әскери-теңіз күштерінің 29011 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі, бас старшина Әлібек Таңатов аталған курсты үздік бітіріп елге оралды. Жауынгерлік даярлық бойынша жыл сайын халықаралық деңгейде өтетін Халықаралық армия ойындарына қатысып келе жатқан кемелер экипаждары 2015, 2016 жылдары қатарынан екі жыл 2- орында иемденсе, 2017 жылы да 3- лайықты орынға ие болды.

 

         Теңіз өз табиғатымен, тылсымымен қызық

Теңіз үнемі бір қалыпта тұрмайды. Сондықтан кеме теңізге шығар алдындағы дайындық - бір экипаж мүшелерінің тағдырына әсер ететін асқан жауапкершілік. Кеме командирі теңізге шығуға дайындалу жоспарын жасайды және осы жоспарға сәйкес кемедегі бүкіл қару-жарақ пен экипажды дайындайды. Оның ішінде, әсіресе кеменің штурмандық, зымыран-артиллериялық, байланыс, электр-механикалық, жауынгерлік бөлімдерінің дайындығы жүргізіледі. Осы дайындық жұмыстары бітіп, бөлімнің штаб- бастығының басшылығымен арнайы құрылған комиссия дайындық барысын тексергеннен кейін кеме теңізге шығады. Қазіргі таңда кеме экипажының саны 30-ға жуық. Олардың әрқайсысына тиесілі өзіндік функционалдық міндеттері бар. Экипаж құрамының бір ерекшелігі Қазақстанның
Әскери-теңіз күштерінде бас старшина Жанар Ибраева,
2-сатылы старшина Дарья Кириченко және 1-сатылы старшина Майра Абдрахманова сияқты әйел әскери қызметшілер де ер азаматтармен қатар кемеде қызмет атқарып келеді. Ерекшелігі деп атап өту себебіміз- Каспий маңы мемлекеттері арасындағы 4 мемлекет ішінде (Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан, Иран) кемеде қызмет өткеретін әйел әскери қызметшілер жоқ.

Кеме үлкен толқында – ойыншық секілді. Ауа-райы қалай құбылса да, кемеде түздің тірлігі тоқтамауы тиіс. Теңізге шығу барысында, мәселен ұзақ қашықтықтарға шыққан кезде қатты дауыл соққанда кеме толқынның әсерінен аударылып кетуі мүмкін. Осы үшін кемеде кеме командирі өз экипажымен барлық жағдайға дайын болуы тиіс. Кемеде осы үшін штурман мамандары қарастырылған, бұл мамандар осындай дауыл тұрған немесе тағы басқа да жағдайларда кемені аман ұстау үшін дұрыс жүру бағдарын және кеменің жылдамдық курсын туындаған жағдайға байланысты реттейді және кеменің апатқа ұшырамауына бар күшін салады. Тағы бір айта кететін жайт, қатты толқын соққанда кеме экипажының 90 %-ы теңіз ауыруына шалдығады, яғни қатты тербеліс кезінде тепе-теңдікдің болмауынан жүрек айну, бас айналу құбылыстары орын алады. Ол үшін ,әрине әрбір кемеде медицина қызметкерлері экипажбен бірге болады. Десек те, «Теңіз қателескенді кешірмейді» дейтін әскери-теңізшілердің басты ұстанымы- оларды үнемі қырағы, өз ісіне тиянақты болуға, ең бірінші рухының мықты, шыныққан болуына жетелеп келеді. Каспий – жел бағыты күніне бірнеше рет өзгеріп тұратын, болжауы қиын қатал теңіздердің бірі. Десе де, ғұмырының жартысын теңізде өткізетін теңіз баласы буырқанып, ақ көбіктеніп жататын теңізін аңсайды да тұрады. Кемедегінің жаны бір демекші, ауызбірлік – бұл теңіз бауырластығының негізгі түсінігі. 

                                                  Материал   Әскери теңіз күштерінің баспасөз қызметі өкілдерінің берген мәліметтері негізінде әзірленді

 

 

 

 

 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"