Танк биатлонынан жеңспен оралды

Әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2017» халықаралық  жарысы шеңберінде Ресей Федерациясының «Алабино» полигонында 29 шілде – 12 тамыз аралығында өткен «Танк биатлоны – 2017» сайысында ҚР ҚК Құрлық әскерінің танк экипаждары екінші орынды жеңіп алды.

    Танк биатлоны – танк жүргізу мен танкіге орнатылған негізгі және қосымша қарудан оқ атудан дәлдік шеберлігін анықтау үшін танк экипаждары арасында ұйымдастырылатын қолданбалы жарыс. Танк биатлоны танкідегі кросс және танкіге орнатылған қарудан оқ ату секілді негізгі екі кезеңнен тұрады. Түрлі кедергілерден мүдірмей өту қажет. Сондай-ақ, үш түрлі әдіспен оқ атып, нысанаға дәл тигізе білу аса маңызды. Мүлт кеткен жағдайда, экипаж ұзақтығы 500 метр айып айналымына жіберіледі.Тарихи деректерге жүгінсек, НАТО елдері танкішілері арасындағы Канада армиясының (Canadian Army  Trophy) жүлдесі үшін жарыс 1963 жылдан бері өтіп келеді. Кеңестер Одағында 1970-ші жылдардың соңында Краснодар өлкесінің аумағындағы полигонда танктен оқ атудан жарыс болды. Жалпы алғанда, танк модельдерін радиомен басқару жанкүйерлері қауымдастығының танк биатлоны жарысы 2009 жылдан бері өтеді. Тұңғыш рет танк биатлонынан халықаралық жарыс Мәскеу түбіндегі Прохоровка селосы маңындағы ірі танк шайқасының 70 жылдығына арналып 2013 жылы 12-17 тамыз аралығында Ресей Федерациясының «Алабино» полигонында болды. Бес күнге жалғасқан биатлон бәсекесіне Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения мемлекеті түсті. Алғашқы орынды Ресей Федерациясы ұтып,мәреге екінші болып Қазақстанның Қарулы Күштерінің командасы жетті. Үшінші орынды Белорусь Республикасы иеленді.

   Танк биатлонынан әлем чемпионатына ҚР ҚК Құрлық әскерінің танк экипаждары 2013 жылдан бері қатысып келеді. Мәскеу түбіндегі Прохоровка селосы маңындағы ірі танк шайқасының 70 жылдығына арналған 2013 жылғы биатлон бәсекесінде еліміз Қарулы Күштерінің командасы екінші орынды иеленді. 2014 жылы да жеңіс тұғырынан көрініп, екінші орынды ұтып алды. 1-ші экипаж мүшелері танк командирі лейтенант Асылбек Мұсұрманқұлов, зеңбірек нысанашысы кіші сержант Ерасыл Жұмағұлов, механик-жүргізуші кіші сержант Думан Байжанов барлық жағынан басым болды. Экипаж 12 шақырымды 21 минут 20 секундта жүріп өтіп, рекордтық көрсеткіш жасады. Бұған қоса аға сержант Болат Әлиев «Чемпионаттың ең үздік нысанашысы» атанып, лейтенант Парахат Тыныштыбаев бастаған 2-ші экипаж жеке сынақта 36 экипаждың арасынан үшінші келді. Ал, 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған жарыста қазақстандық экипаж төртінші орынды еншіледі. 2016 жылы мәреге Ресей мен Қытайдан соң жетіп, үздік үштікке енді.

   Танк экипаждары арасындағы халықаралық біріншілікте 2013 жылы Ресей, Қазақстан, Белорусь және Армения ғана бақтарын сынаған. Биылғы додаға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Венесуэла, Ангола, Беларусь, Иран, Әзербайжан, Зимбабве, Армения, Моңғолия, Үндістан, Сербия, Кувейт, Никарагуа, Тәжікстан, Уганда, Лаос секілді барлығы 19 мемлекет қатысты. Командалар құрамы барлығы 21 адамнан құралды. Жарысқа сайдың тасындай іріктелген үш негізгі және бір қосалқы танк экипажы түсті. Олар жеке жарыс (барлық командалар), эстафета – жартылай финал (12 команда), эстафета – финал (4 команда) секілді кезеңдерден өтті. Әлем чемпионатына қатысушы танк экипаждарын, жаттықтырушылар мен қамтамасыз ету топтарын ҚР ҚК Бас штаб бастығының жауынгерлік әзірлік жөніндегі орынбасары генерал-майор Әмір Қасымбекұлы Халиков бастап барды.

 

   1-ші экипаж:

Аға лейтенант Асылбек Мұсұрманқұлов

Аға сержант Ерасыл Жұмағұлов

Аға сержант Думан Байжанов

 

   2-ші экипаж:

Аға лейтенант Олжас Оңалбай

Аға сержант Дмитрий Алькенов

Аға сержант Марат Түсіпов

 

   3-ші экипаж:

Аға лейтенант Еламан Абишев

Аға сержант Рустам Молдашев

Кіші сержант Бейімбет Бодесов

 

   4-ші экипаж:

Лейтенант Фируз Тулабаев

Аға сержант Сұңғат Садуақасов

Сержант Әділет Алпамысов

 

   Экипаждар чемпионаттың алғашқы кезеңінен-ақ топты жарды. Жауынгерлік көлікті жүргізуден, түрлі қашықтықтағы нысаналарды жоюдан, танкіге қарсы өткелдер мен бөгеттерден өтуден де алдына жан салмады. Екі аптаға созылған «Танк биатлоны – 2017» сайысының финалында ҚР ҚК Құрлық әскерінің 1-ші экипажы 36 минут 07 секундта, 2-ші экипажы 37 минут 06 секундта, 3-ші экипажы 32 минут 28 секундта мәреге жетті. Жалпы уақыты 1 сағат 45 минут 41 секунд нәтижесімен еліміздің үздік танкішілері екінші орынды иеленді.

   Аға лейтенант Еламан АБИШЕВ: «Ең алдымен Президентіміз – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысына, ҚР Қорғаныс министріне, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысына халықаралық жарысқа дайындалуға барлық жағдайды жасағаны үшін зор алғысымызды білдіреміз. Биылғы биатлонда бес түрлі танк тізгінделді. Мәселен, Ресей      Т-72Б3МК, Қытай Type 96, Үндістан Т-90 және Белорусь өз танкілерін, қалған 15 мемлекет Ресейдің Т-72 танкісін тізгіндеді. Полигонда айып тұрағы да көп болды. Бірінші айналымда жылдамдықты, екінші айналымда 125 мм 2А46М зеңбірегінен 1600 метр, 1700 метр, 1800 метр қашықтықта орналасқан нысанаға, үшінші айналымда зениттік пулеметтен 900 метр қашықтықта орналасқан 25-ші және 11-ші нысанаға, төртінші айналымда танкілік Калашников пулеметінен 600 метр, 700 метр, 800 метр қашықтықта орналасқан 3-ші және 9-шы нысанаға оқты дәл тигізу оңай болмады. Финалда түрлі кедергілер қойылған төрт шақырымды үш мәрте айналып өтуде бар күшімізді салдық. Қалай дегенмен 1130 аттың күші бар Т-72 танкісін тізгіндеу, шұңқырдағы судың мөлшерден көп болғандығына қарамастан танкіге қарсы өткелдерден, сулы шұңқырлардан, кедергілерден, миналы-жарылыс пен соққы беру бөгетінен, төбе мен соқпақ көпірден сүрінбей өту әскерилердің жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлігін талап етеді».

   Аға лейтенант Асылбек МҰСҰРМАНҚҰЛОВ: «2013 жылы Құрлық әскерлерінің әскери институтын енді бітіріп келгенімде, Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімінің құрамасы танк биатлонынан жүлдемен оралып жатты. Сол сәтте келесі жылғы жарысқа міндетті түрде қатысамын деп болашаққа мақсат қойдым. Алға жетелеген арманым осымен төртінші жыл жетістікке алып келді. Алдыңғы жылдармен салыстырғандағы бір ерекшелік: айып тұрақтары көбейген. Биыл Ангола, Әзербайжан, Армения, Моңғолия танкішілерінің жақсы дайындалып келгені байқалды. Біздің 1-ші экипаждың нысанашы-операторы аға сержант Ерасыл Жұмағұлов тәжірибесі мол маман. Ал, механик-жүргізуші аға сержант Думан Байжанов танк биатлонына биыл бесінші жыл қатарынан барды. Бұл жолы да ауызбіршілігіміз, өзара түсіністігіміз бен ойымыз бір арнада түйісіп жатты».

   Аға сержант Марат ТҮСІПОВ: «Мен биыл төртінші рет (2013, 2015, 2016 жылдары) қатыстым. Әлем чемпионатының ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Полигон әскери қимылдар театрының аясында жасалып, кәдімгі ұрыс өтіп жатқандай әсер қалдырады. Телекамералар мен ұшып жүрген роботтар оқтың тигенін анық көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда жарыс күндері «Алабино» нағыз ұрыстың спорт алаңына айналды».


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"