Ширек ғасыр шыңдалудан өткен Әскери-теңіз күштері

Егеменді еліміздің Әскери-теңіз күштері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1993 жылдың 2 сәуірінде құрылды. Әскери-теңіз күштерін құрудағы негізгі мақсат – Каспий теңізінің қазақстандық секторында стратегиялық маңызды объектілерге ұштасатын теңіздік экономикалық аймақта және су айдынында ел мүддесін қорғау жолындағы міндеттерді атқару. Өзара іс-әрекет ету жоспары бойынша Әскери-теңіз күштері өз міндеттерін Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарымен бірлесе атқарады.

Бастапқыда Ақтау қаласында әскери-теңіз базасы құрылған еді. 1999 жылдың шілде айында әскери-теңіз базасы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Теңіз бөлімдерінің құрамына кірді.
Ал Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің Қарулы Күштеріміздің дербес түрі ретінде қалыптасуы 2003 жылғы 7 мамырдағы ел Президентінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын әрі қарай жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шыққан сәттен басталады.

Жас егеменді еліміздің Әскери-теңіз күштерін қалыптастыру оңайға соққан жоқ. Біз білетіндей, сонау Кеңес заманында Қазақстанның аумағында КСРО-ның бірде-бір бөлімшесі болған жоқ. Оған қоса Қазақстан Республикасының Әскери-теңіз күштерін құру еліміз үшін қиын қыстау дағдарыс уақытында басталды. Яғни төл Әскери-теңіз күштеріміздің құрылу мен қалыптасу жолы «жаңа парақтан» басталды десек артық айтқандық емес. Оған қоса отандық әскери-теңіз күштерін құру мен оның басшылық құжаттарын әзірлеп енгізу жаңа құрылған Әскери-теңіз күштері органының өз мойнына жүктелді.

Жалпы отандық Әскери-теңіз күштерін құру екі кезеңнен тұрады.

Оның ішінде қайсысының анағұрлым күрделі болғандығын айыру қиын, өйткені қиындықтар мен түйінді мәселелер екі кезеңде де жеткілікті болды.

Бірінші кезеңде Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының құрамында 1-дәрежелі капитан Руслан Исламов басшылық еткен Әскери-теңіз күштерінің бөлімі құрылды. 1993 жылы күзде Ақтау қаласында Әскери-теңіз әскери бөлімі құрылды, оның командирі болып ол уақытта 1-дәрежелі капитан Ратмир Комратов тағайындалды. Осы сәттен бастап Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бөлімдері мен бөлімшелері құрылып, ол Әскери-теңіз күштері Батыстық стратегиялық бағытқа бағыттала бастады. Әскери-теңіз күштерінің басты міндеті жауынгерлік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері мен бөлімшелерін құру болып табылды.

Алда әскери теңіз мамандарын дайындау мәселесі тұрды.1994 жылы Орал қаласында Әскери-теңіз күштерінің Оқу орталығы құрылды және келесі жылдан бастап мұнда Әскери-теңіз күштері мен ҚР ҰҚК шекара әскерлерінің теңіздік бөлімдері үшін кіші кеме мамандарын дайындау басталды. Дайындау рөлдік-белгі беруші, радиотелеграфшы және трюмдік моторшы сынды үш мамандық бойынша жүргізілді. Жалпы, оқу орталығының құрылып- қалыптасуына 2-дәрежелі капитан Сергей Нелюбов, 1-дәрежелі капитан Петр Редьков, 1-дәрежелі капитан Ильдар Богданов және тағы да өзге көптеген офицерлер өз тараптарынан баға жетпес үлес қосты.

Әскери-теңіз күштерінің әрі қарай даму жылдарына тоқталсақ, 1996 жылы Ақтау қаласында 1-дәрежелі Руслан Ислам және оның орынбасары 2-дәрежелі капитан Владимир Есильбаев басшылық еткен Әскери-теңіз күштері қолбасшысының басқармасы құрылған еді. Ал оның құрамы кемелер мен катерлердің үш дивизионы, тыл базасы, оқу орталығы, байланыс торабы, арнайы мақсаттағы рота, гидрографиялық сынды бірнеше қызметтермен толықты.

Әскери-теңіз күштерін құрудың бастапқы дәуірінде Марат Түлекбаев, Ахметжан Шұқпұтов, Марат Базылов, Жандарбек Жанзақов, Қайыргелді Есенеев, Серікқали Бимурзаев, Болат Алтынбаев, Болат Сәрсенбаев сынды керемет флот офицерлері тұрды.

Осы кезде кеме жасау бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Орал қаласындағы «Зенит» Орал зауыты» мен «Гидроприбор» акционерлік қоғамы сияқты отандық кәсіпорындардың базасында Әскери-теңіз күштері мен ҚР Шекара қызметінің теңіздік бөлімдері үшін кемелер мен катерлер жасау ұйымдастырылды.

1999 жылы ел басшылығының шешімімен Әскери-теңіз күштері барлық инфрақұрылымымен, ұрыс кемелерімен және жеке құрамымен Қазақстан Республикасының Шекара қызметінің құрамына берілді.

Ал Әскери-теңіз күштерінің дамуы мен қалыптасуының екінші кезеңі 2003 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үш түрлі құрылымы туралы шыққан Президент Жарлығымен байланысты. Орта Азиялық өңірдегі және Каспий бассейніндегі туындаған жағдайды назарға ала отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әскери-теңіз кадрларын дайындау үшін Ақтау қаласында Әскери-теңіз институты құрылды. Оны мол тәжірибесі бар офицер, 1-дәрежелі капитан Ахметжан Шұқпұтов басқарды.

Оқу орнының материалдық базасын жаңарту мақсатында 2001 жылы қазақстандық теңізшілер Пендик түрік портынан (Мәрмәр теңізі) теңіз арқылы 1800 тонна суығыстырғыш кемені Ақтау портына алып келді. Жүзіп өтуде экипаждың үлкені 3-дәрежелі капитан Қ. Есенеев болды.

Сол кездегі Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың шешімімен сол жылдары «Батыс» Өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің құрамында Әскери-теңіз күштерінің бөлімдері мен бөлімшелері қайта құрыла бастады. Ол кезде «Батыс» Өңірлік қолбасшылығының басшысы лауазымын контр-адмирал Р.Комратов басқаратын.

Қолбасшылық басқармасы құрамында Әскери-теңіз күштерінің басқармасы, сонымен қатар теңіз жаяу әскері бригадасында әртекті кемелер дивизионы құрылды. Ал Қорғаныс министрінің орталық аппаратында іс-әрекетті үйлестіру үшін Әскери-теңіз күштерінің бөлімі құрылды.

Әскери-теңіз күштерінің дамуы мен қалыптасу жолындағы тарихи оқиғалардың бірі деп халықаралық келіссөздерге сәйкес 2006 жылы Оңтүстік Кореядан Қазақстанға құрамында үш шағын күзет кемелері бар кемелер тобын теңіз арқылы алып келуін айтуға болады. Бастапқы кезеңде кеме экипаждары Оңтүстік Корея Әскери-теңіз күштерінің оқу орталығында оқып, маманданды.  

Бұдан әрі аталған кемелер Түркияның Пендик портына дейін тасымалданып, экипаж қысқа мерзім ішінде Түркия аумағында кемелерді теңізден жүзіп өтуге дайындады және кемелер экипаждарын ашық теңізде бірлесе жүзуге бейімдеді.

Содан кейін кемелерді қазақстандық теңізшілер Ақтау портына теңіз арқылы алып келді. Кемелерді теңіз арқылы алып келу кезінде экипаждың үлкені 1-дәрежелі капитан Ж.Жанзақов болса, ал кемелер командирлері - аға лейтенанттар Қ. Омаров, М. Гущин және А. Сатқанов болды. Мәрмәр теңізінен Каспий теңізіне жүзіп өту ұзындығы 5,5 мың шақырым, яғни үш мың мильдан асқан еді.

Осы жүзіп өту барысында кеме экипаждары жоғары теңіздік дағды, мықты тәртіп пен асқан ұйымшылдық көрсете білді. Осындай кәсіби мамандардың арқасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделі нығая түсті десек артық айтқандық емес.

«Саудалық теңізде жүзу туралы» Заңға сәйкес Әскери-теңіз күштерінің құрамына Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан бес маяк берілді. Осы сәттен бастап Әскери-теңіз күштері жаңа арнайы міндеттер атқара бастады. Оны орындау үшін 3-дәрежелі капитан С.Махмутов басшылық еткен Гидрографиялық қамтамасыз ету қызметі құрылды.

2007 жылы гидрографиялық қамтамасыз ету саласында арнайы міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің құрамына «Жайық» гидрографиялық кемесі енгізілді. Ол Ресей Федерациясының кеме жасау зауытында жасалған.

2008 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес Астана қаласында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқармасы құрылды. Басқарманың негізгі міндеттері – Әскери-теңіз күштерін басқару, басқа да әскерлер түрлерімен өзара іс-әрекет ету, кемелерді,
әскери-техникалық мүлікті орталықтандыра басқару, кадрлар дайындаумен айналысу, сондай-ақ ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерін жауынгерлік дайындау және халықаралық әскери ынтымақтастық орнату болып табылды.

2010 жылдың ақпан айында Ел Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштеріне Жауынгерлік туды табыстады. Ал сол жылы Әскери-теңіз күштерінің күштер мен құралдарын басқаруға қолайлы болу мақсатында Ақтау қаласында 29011 әскери бөлімі құрылды.

2012 жылдан бастап жыл сайын Әскери-теңіз күштерінің құрамы жаңа зымыран-артиллериялық, мина-тартқыш кемелермен және катерлермен толықтырылып отырады. Қазірде Әскери-теңіз күштерінің құрамы отандық Орал зауытында жасалған «Зенит» заманауи қару-жарақтарымен, көп функционалдық 4 зымыран-артиллериялық кемелерімен жарақталып, бірнеше катерлермен толықтырылған.

Бұл жобалар алдыңғы қатарлы мемлекеттердің ұрыс кемелерінен кем түспейді.

Қазіргі таңда Әскери-теңіз күштерінің кәсіби серіктесі болып табылатын «Зенит» Орал зауыты – бұл тек Батыс өңіріне ғана емес, жалпы елімізге, тіпті алыс шет елдерге танымал кәсіпорын.

Ұзақ жылдар бойы аталған зауытты Қазақстан Қарулы Күштерімен 20 жыл бойы тығыз байланыс жасап келе жатқан тұлға, өз ісінің кәсіпқой маманы Вячеслав Хамзиевич Валиев басқарып келді.

Отандық зауыттан басқа, Қазақстанның Әскери-теңіз күштері Ресей Федерациясының кеме жасау зауыттарымен де тығыз ынтымақтастықта. Мәселен, 2016 жылы Ресей Федерациясының кеме жасау зауытында мина- тартқыш кемесі жасалып, жазда ол Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің құрамына берілді. Және оған еліміздің мақтанышы, заңғар тауының құрметіне «Алатау» аты берілген болатын.

Сонымен қатар, Әскери-теңіз күштері осы 25 жыл даму мен қалыптасу жолында әлемнің басқа да мемлекеттерімен тығыз әскери-теңіздік ынтымақтастықты жалғастырып келеді.

Атап айтсақ, 2015 жылы Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне арнайы сапармен Оңтүстік Корея Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы адмирал Джон Хо Соб және Иран Ислам Республикасының бас қолбасшысы адмирал Хабибулла Саяри келсе, 2017 жылы құрамында «Сарыарқа» және «Орал» зымыран-артиллериялық кемелері бар Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелер тобы Энзели портына кіре отырып, Иран Ислам Республикасына арнайы сапармен барып қайтты.

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы халықаралық әскери ынтымақтастық жоспарына сәйкес әртүрлі оқу-жаттығулар өткізіліп тұрады. Аталған оқу-жаттығуларға Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің және Ресей Федерациясы Каспий флотилиясының жалпы 43-тен аса ұрыс кемелері қатысты. Бүгінде Каспий теңізінің қазақстандық секторы теңізде ұрыс іс-қимылдарын жүргізетін, теңіз ұрысы, тактикалық теңіз десантын түсіру, және ұрыстың басқа да элементтері пысықталатын орын болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстан Әскери-теңіз күштері-дамыған инфрақұрылымы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы, Бас қолбасшы басқармасы, бірнеше бағынысты әскери бөлімдері, оқу орталығы, кемелерді орналастыру пункті, әскери лазареті бар үлкен күштік құрылымға ие жүйе .

 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"