Сардарлар мен сарбаздардың бүгінгі және бұрынғы ұрыс тактикасы

Бүгінгі таңда ел әскеріндегі сардарлар мен сарбаздардың жауынгерлік қабілеті мен күш-қуатын арттыру мақсатында әскери құрылымдардың барлық тектерінде түрлі жаттығулар өткізіліп тұрады.

Мәселен, соның бірі – Командалық-штабтық жұмылдыру жаттығуы. Бұл негізінен сардарларға тиесілі. Онда алдымен жеке құрам мен техниканы қабылдау пункттері құрылады. Әкімшіліктің міндетін машықтандыру мақсатында адамдар мен көліктерді қабылдау іс жүзінде көрсетіледі. Жаттығудың әр кезеңінде бригадалар мен әскери құрылымдар командирлерінің есебі тыңдалады. Бригаданы соғыс жағдайының уақытына көшірудегі өзекті мәселелер де талқыланады. Ал, келісімшарт негізіндегі және мерзімді әскерге алынған жауынгерлерге арналған да арнайы сайыстар баршылық. Олардың қатарында «Үздік жауынгер-маман», «Үздік жауынгер-білімдар», «Үздік жауынгер-кавалер», «Үздік жауынгер-атлет», «Үздік жауынгер-мерген» және «Үздік жауынгер-ханым» секілді сайыстар бар.

 

Сондай-ақ, елдегі сардарлар мен сарбаздар халықаралық жарыстарда да өз біліктіліктерін шыңдап келеді. Бұған биыл кең ауқымда өткен Халықаралық армия ойындары жарқын мысал бола алады. Жалпы, Халықаралық армия ойындары талай елдің әскерилерінің кәсібилігі мен әзірлігін сынға салатын дода. Бұл шара шынтуайтында мемлекеттер арасындағы достықты нығайтумен қатар, әр елдің қорғанысының деңгейін анықтайды. Сардарлар мен сарбаздардың тәжірибелерін арттырады. Заманауи ұрыс тәсілдерін меңгеруге септеседі. Осылайша тізе берсек, бүгінгі таңда қарулы күштердің қауһарын арттырып келе жатқан жауынгерлік жаттығулардың сан түрін айтуға болады.

Осы орайда айта кетер маңызды жайт, біздің баһадүр батыр бабаларымыз өздерінің жауынгерлік жаттығуларын қалай жетілдірді? Бірнеше мемлекеттің жауынгерлерімен тізе қосып, ұрыс даласында қан төгіссіз шайқаспағаны ақиқат. Алайда, түрлі әскери тәсілдерді, қорғаныс амалдарын, шабуыл жолдарын жетік меңгерген. Сондықтан бабаларымыздың соғыс тактикаларын тәптіштегенді жөн көрдік. Тіпті, қазіргі әскери айла-тәсілдердің түп-төркіні біздің кешегі аға буынымыздан бастау алғаны да шүбәсіз. Ендеше, осы мәселені екшелеп көрейік.

Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының әскери өнері оның әскери-тарихи болмысын айқындап берді. Көшпелілердің әскери жүйесінің мұрагері қазақтар өз заманына сай соғыс тактикасын одан әрі дамыта білген. Әскердің құрылымы, соғыс жүргізу тактикалары мен әдіс-айлалары, ұрыстың барысына ықпал еткен батырлар жекпе-жектері, жауынгерлердің рухани және тұлғалық болмысы, қазақ әскери өнерінің өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Әсіресе, Жекпе-жекке шығатын кәсіби жауынгерлер соғыс тағдырына тікелей ықпал ететін күш болды. Қазақ әскери өнеріндегі жекпе-жек, негізінен, ауқымы кең, тың тақырып. Демек, өзінің кезегін күтіп тұрған, әлі зерттеуді қажет ететін күн тәртібіндегі мәселе.

Жекпе-жек – ұрыс не майдан алдындағы батырлардың жеке айқастары, оған қатысу батырлардың жауынгерлік борышы саналған. Өз ісіне машықты кәсіби жауынгерлер аз қантөгіспен, жеке айқастарымен соғыс тағдырын шешіп отырған. Жекпе-жекте жау батырын жеңу, батырлардың атағын шығарып, дәрежесін өсірген.

Майдан алдында атақты жауынгерлердің жекпе-жек айқасын өткізу – өткен ғасырларда, бұрынғы замандарда барлық халықтардың әскери қорғанысындағы ортақ дәстүр. Еуропа рыцарлары, жапон самурайлары, үнді кшатрийлері соғыста жекпе-жек өткізуді жиі қолданғанын олардың эпикалық жырларынан, тарихи шежірелерінен көруге болады. Көшпелі халықтарда да айқастар көбіне батырлар жекпе-жегімен басталған. Көшпелі түркі-монғол халықтарының батырлық эпостары да жекпе-жек айқастарды суреттейтін сюжеттерге толы.

Жекпе-жекте жау батырын жеңу, батырлардың атағын шығарып, дәрежесін өсіретіндіктен, оған қатысу абырой да саналған. Жеңімпаз батырлар әскердің, елдің ұранына айналып, жекпе-жек айқастарда қаза болғандардың есімдері өзі шейіт болған жерге қойылып, елі үшін жанын пида қылған ерлер есімі кейінге сақталып қалатын.

Айқас алдында батырлар жекпе-жегін өткізу қазақтарда XIX ғасырға дейін болды. Ақтабан шұбырынды кезінде қазақ пен қалмақ батырларының жеке айқастары тарихи жырларда көп айтылады. Кенесарының қырғыздармен соғысында да қазақ-қырғыз батырларының жекпе-жегі өткізіліп отырған. Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісі кезінде Исатай мен Қарауыл қожа әскері кездескенде де батырлар жекпе-жегі өткен. Жекпе-жекте жеңіске жете берген Исатай батырларының сұсынан сескенген Қарауыл қожа әскерін шегіндіріп алып кетеді.

Көшпелі батырлар мен көршілес отырықшы халықтардың әскерлерінің жекпе-жек айқастары ол халықтардың әдеби, тарихи жазбаларында айтылады. Мәселен, Иран мен Тұран батырларының жекпе-жегі “Шахнамеде”, ертедегі Русь богатырлары мен қыпшақ батырларының немесе орыс және Алтын Орда жауынгерлерінің жекпе-жегі орыс жылнамаларында суреттеледі.

Жекпе-жекке шыққан батырлар ұрыс бастар алдында бір-бірінің есімін, елін сұрап, өздерін де таныстыратын, өйткені батыр үшін кімді жеңіп, кімнен жеңілгенін білуі өте маңызды. Кейін батырлардың атына мадақ айтылғанда, ол жеңген, өлтірген батырдың да аты аталып отырған. Батыры жеңілген жаққа да бұл кейін өзінің батыры үшін кімнен кек алу керектігін білу үшін қажет. Жекпе-жекке шығу аса батырлықты қажет ететіндіктен, оған қатысқан ерлердің атының аталуы, олардың даңқын өз еліне де, жауына да танытатын.

Жекпе-жекке батырлар көбіне өзімен дәрежесі тең адаммен шығады. Хан мен хан, қолбасшыға қолбасшы, атақты батырға тәжірибелі батыр т.с.с. Өзіне тең адам шықпаса, батыр айқастан бас тартуға хақысы болған. Бұл өз абыройын кетірмеудің, намысын түсірмеудің белгісі болғандықтан, ол қорқақтық саналмайды да, оның талабын екі жақ та мойындайды.

Қазақтар небір ұрыс жүргізудің тактикалық тәсілдерін соны ұтымды қолданған батырлардың атымен атайтын болған. Мысалы, Абылай Бұқар жыраудан өз батырларының жағдайын сұрағанда: «Жанатай Талқы арқылы өтеді, Бөгенбай Құлжандап өтеді, ал Хан-Баба қайтып келеді», депті. Мұндағы «Құлжандап өту» ерлік пен айла көрсетіп, мықты ұрыс жүргізіп, жау қолынан сытылып шығады дегенді білдіреді екен. Бұл ұрыс әдісі ертеректе батыл жауынгер әрі керемет тактик болған Құлжанның атымен аталып кетіпті.

«Көз алдау». Айқас кезінде кейде қазақтар жау жағы әскер саны көп деп ойласын деп атқа адам бейнесін, киіндірілген қуыршақтарды қондырып қойған. Бұл әдіс әдетте қарсыласына үрей туғызады. Егер жаулары басым түссе, олар жауларына арт жағынан қууға жол берген. Олар бір-бірінен бөлінген кезде іздеріне түсіп қуа жүріп, майдандағыдан бетер қырғынға ұшыратқан.

«Ай қораланды» – қазақ әскерінің жоңғарлармен қақтығысында көп қолданылған әдістерінің бірі. «Ай қораланды» тәсілі – жауын айналдыра сырттан қоршап алып, содан соң біртіндеп қыса түсу. Мысалы, 1726 жылғы Сарысу өзені бойындағы Айран төгілген деген жердегі қазақ-жоңғар айқасында қазақтар жағы осы әскери әдісті пайдаланған.

«Қоян қашты» – өздері әдейі қашып, бөлініп қуған жауды қоршап алып, жойып жіберу. Алдыңғы әскер легін жау көріп қалса, оған жақындап барып, садақпен бірнеше рет атқан. Жау сескенбесе, оны алдау үшін кейін шегініп, негізгі әскердің торуылына ілестіріп келген, сөйтіп, қоршауға түсірген. Егер жаудың күші аса басым екеніне көзі жетсе, одан бір немесе екі күндік жерге қаша шегініп кетіп, басқа жасырын жолға түсіріп, торуылдай жүріп, қырғынға ұшыратқан. Егер бұл әдіспен ала алмаса, он-он екі күндік жерге шегініп кетіп, қауіпсіз бекіністі жерге орналасып алып, бөлшектеніп жеткен жауды жеңу амалын тапқан. Бұл амал да 1726 жылғы Айран төгілген деген жердегі ұрыста қолданылған. Бір атап өтерлігі, Аңырақай шайқасында қазақтардың негізгі қаруы садақ, найза, қылыш, айбалта, қанжар, арқан болғандықтан, олар отты қарумен сақадай сайланған жоңғарды жеңе алмауы да мүмкін еді. Бірақ, Әбілхайыр бастаған қазақ батырларының жауды көпшілік жағдайда қоршауға алып, жеке-жеке жойып жіберіп және жаудың тылмен байланысын үзіп тастап отыру тактикасының арқасында жеңгені белгілі.

«Тұлғама». Қазақтар шабуылда өздерінің «тұлғама» немесе «тұлғамыш» деп аталатын тәсілін қолданған. Бұл сөз көне түркі тілінде «қоршап алу» және «қарату» деген ұғымдарды білдіреді екен. Тұлғама – жауды қоршап алып, қоршаудағы жауға не оның тылына шабуыл жасау. Бабыр өзінің қолжазбаларында тұлғаманы Дешті Қыпшақ халқының шабуылдағы ұлы өнері ретінде көрсетеді.

«Теріден жасалған қайық». Плано Карпини мен Гильом де Рубруктың айтуы бойынша, түркілер мен моңғолдар әскери қақтығыстарда қиын жағдайларда өте айлакер, жол тапқыш болған. Егер олар алдарынан үлкен өзен кездесіп қалса, асқан айлакерлікпен жауынгерлерін де, аттарын да, мүліктерін де аман алып өтеді екен. Олар теріні дөңгелек қап тәріздендіріп тігіп, оған арқан өткізетін тоғалар қадап ішін жорықта қажет зат, мүлік, киім-кешекпен толтырады, өте мықты етіп байланыстырады. Осы әдіспен жасалған қайықты адамдар ат құйрығына байлап өздері үстіне отырады екен. Кейде екі ескек алып, соны есе отырып, арғы бетке өтеді екен. Сондай-ақ, әрбір сарбаз теріден мықтап тігілген қалта немесе қапшық ұстаған. Бұны алып жүруге кез келгені міндетті болған. Онымен де жоғарыдағы әдіс бойынша жүзіп өткен.

«Жылжымалы қамал». Екі жақтың күші бірдей түсіп, жаумен бетпе-бет кездесер жағдай туса, қазақтар сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Әдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құрады. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзуға керек-ті. Әр топтың араларына және арт жағына шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да әскер болатын. Ал егер жау жағының күші басым келіп, шабуылды олар бастайтынына Қыпшақтардың көздері жетсе, соғысу тәсілін басқаша жүргізетін. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасай-тын. Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудыратын. Жау қай жағынан келсе де, дөңгелене құрылған бекіністегі қазақтарды ала алмайды. Өздері оққа ұшады. Оның үстіне қазақтар әлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды. Ал шабуыл жасаған жау бұл жолдарды пайдалана алмайды. Өгіз, түйе терілерімен жабылған арба қорғанына қазақтардың бекінгенін білсе, әдетте жау ұрыс ашпайтын, өз бетімен кейін шегінетін.

«Моңғол диірмені». Жау кенеттен шабуылдаған жағдайда қазақ әскері қапталды қабыстырып, шеңбер жасайды да, атпен айнала шауып жүріп жауға қарай садақтан оқ жаудырады. Жау қоршауының ішінде қалып қойса да, сыртында болса да осылай айнала оқ жаудырып, жеңіске жеткен.

Бауыржан Момышұлының да даңқты бабаларының тарихынан жақсы хабардар екені соғыстағы әскери тактикаларынан жақсы аңғарылады. Батырдың соғыс өнерін көп жылдар бойы зерттеп жүрген Ким Серікбаев өз мақаласында «Шайқас эпизодтары Александр Бектің «Волокаламск күрежолы» («Волокаламское шоссе») мен Б. Момышұлының «Артымызда Мәскеу» («За нами Москва») шығармаларында жақсы сипатталған. Атаулы дереккөздердегі мағлұматтарды мұқият зерттей келе, сондай-ақ, әскери құжаттарға (балальонның жұмыс карталары мен әскери қимылдардың сызбалық жоспарлары) терең талдау жасау арқылы «Бауыржан шиыршығы» («Бауыржановская спираль». 1995 г.) атты термин енгізуіме себепкер болды. Бұл ұғымның негізі Б.Момышұлының батальоны қоршауды бұзып шығып, әскери қуаты басым күштерден шегініп отырып соғыс жүргізуімен тікелей байланысты. Батальон бас-көзсіз қашпаған, шегіне отырып ормандар мен төбелерді пайдаланып, жау колонналарына шиыршық сипатты тұтқиыл шабуылдар жасайды» деп өте қызықты дерек келтіреді.

Бауыржан Момышұлы – екі жүзден астам соғысқа қатысып, бірнеше рет қоршауда қалған қолбасшы. Соның бәрінде әскери әдіс-тәсілдерді игергендігінің арқасында аз шығынмен тапсырманы артығынан орындап отырады. Профессор Ким Серікбаев Момышұлының шегініп отырып соғысу тәсілін Кеңес үкіметінде бұрын-соңды болмаған жаңалық ретінде қарастырады. Рас, Кеңес үкіметі үшін мұның жаңалық екендігіне келісеміз, бірақ оның кешегі ең соңғы хан Кенесарыға дейін сақталған, ғасырлар бойы тұтынған көшпелілердің далалық ұрыс жүргізу тактикасы екендігіне еш шүбә келтірмейміз.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"