Сан түрлі авиация техникасын меңгерген білікті ұшқышты білеміз бе?

Әскери мамандықтарға қатысты халықаралық «АрМИ-2016» ойындарының салтанатты ашылуында еліміздің әскери-әуе күштерінің ұшқыштары Гвардейский полигонының көгінде талайдың таңдайын қақтырар авиа-шоу көрсетті. Әсіресе жиналған жұрт әскери ұшқыш, әрі мерген полковник Талғат Сыздықовтың EC-145 тікұшағын жүргізудегі кәсіби шеберлігіне ерекше тәнті болды.

Талғат Серікұлы Сыздықов Ақмола облысы Ерейментау ауданының Ерейментау қаласында 1971 жылы қазан айының 25-інде дүниеге келген. Т.Шаханов атындағы №3 орта мектепте оқыды. Қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, сыныптың редакциялық алқасының мүшесі болды. Жаттықтырушы И.С.Потапенконың қарамағында ауыр атлетикамен де айналысты. Білім ұясын тәмамдаған соң, бала күнгі арманы –ұшқыш болуды мақсат етіп, Ресейдің Сызрань қаласындағы жоғары әскери авиациялық училищесіне түсті. «Командалы-тактикалық авиацияның ұшқыш-инженері» мамандығын үздік аяқтаған соң, әскери қызметін өтеу үшін 01852 әскери бөліміне жіберілді. 2005 жылдың тамыз айында Ю.А.Гагарин атындағы әскери-әуе академиясының тыңдаушысы болып қабылданып, 2007 жылы маусым айында «Армиялық авиацияның құрылымдары мен бөлімдерін басқару» мамандығы бойынша өте жақсы аяқтады. Бұдан соң Әуе қорғанысы Күштері Бас қолбасшысы Басқармасының әскери-әуе күштері армиялық және әскери-көліктік авиациясының аға инспектор-ұшқышы, Әуе қорғанысы Күштері Бас қолбасшысы Басқармасының әскери-әуе күштері армиялық және әскери-көліктік авиациясы басқармасының әуе-атыс және тактикалық дайындық бастығы болды. Бүгінгі күні 54835 әскери бөлімінің командирі. Бұл әскери бөлім 1944 жылы 14 наурызда Моңғол Халық Республикасының Ундер-Хан қаласында құрылып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Мұндағы ұшқыштар И-6, Як-9, Як-3, Як-17Б, МиГ-15 бис, МиГ-17, МиГ-17ПФ, МиГ-19, Як-25, Як-28, Су-9, Ту-128, Миг-31, МиГ-31б, По-2, Як-9В, Як-25М, Ту-124, МиГ-25, Ми-8 секілді сан түрлі авиация техникасын меңгеруде үлкен жетістіктерге қол жеткізген.

   Әскери ұшқыш, әрі мергеннің әуеде көлік жүргізген уақыты 2000 сағаттан асып жығылады. Ол Ми-2, Ми-24, Ми-8, Ми-17, америкалық өндірістің UH-1-H2, сондай-ақ EC-145 секілді тікұшақтардың түр-түрін меңгерді. Әуе кемесінің экипаж мүшелері ұшуды орындауға дайындықсыз ешқашан жіберілмейді. Ұшуға дайындық жалпы, алдын-ала және ұшу алдындағы дайындық деп үшке бөлінеді. Жалпы дайындық оқу жылына бекітілген жауынгерлік әзірліктің жоспарына сәйкес, әр айдың соңында екі күннің ішінде өткізіледі. Ол авиациялық бөлімнің штаб бастығының ұйымдастыруымен, құрылым командирлерінің жетекшілігімен жүзеге асырылады. Алдын-ала дайындық дегеніміз – нақты ұшу тапсырмаларын орындау әзірлігіне ұшқыштар құрамын келтіру. Ал, әуе кемесі экипажының ұшу алдындағы дайындығы метеорологиялық, орнитологиялық, әуедегі және жердегі (теңіздегі) жағдайға қарай жасалады. Экипаж мүшелеріне ұшар алдында сегіз сағаттық ұйқы керек, таңғы асты ішкені де міндетті түрде тексеріледі. Ұшқыш дәрігерден соң, психологқа экспресс-тест тапсырады. Сынақтан сүрінбей өткендер ғана ұшу алаңына жіберіледі. Жалпы алғанда, ұшқыштарға Астанадағы зауыттың EC-145 тікұшағының заманауи басқару және компьютерлік жүйелері ұнайды. Алғашқыда Eurocopter концернінің тікұшағын АҚШ армиясы, Франция жандармериясы мен азаматтық қорғанысы, Германияның федеральді полициясы мен жалпы неміс автомобильді клубы, Марокко корольдігінің жандармериясы, Филиппин жағалау күзеті және тағы басқалары таңдады. Ал, қазақстандық модель жалпы мақсаттағы операцияларды жүзеге асыру үшін бейімделген. Орта көлемдегі тікұшақтардың арасында көш бастаушы.

   Полковник Талғат Серікұлы Сыздықов, 54835 әскери бөлімінің командирі: «Мәселен, ерлігімен әлемдік авиация тарихында аты қалған Талғат Бигелдинов бортында 4 реактивті снаряд, 600 килограмдық бомба, танкіге қарсы ататын екі зеңбірек пен екі пулемет оқ-дәрі тиелген «ИЛ-2» ұшағына отырып, көк жүзінде 500 сағат болды. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы – Берлинді алуға бірінші болып қатысты. Ол мінген ұшақты неміс басқыншылары «Қара ажал» деп атады. Ең үздік ұшқыш-штурмовиктің 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте Батыры атануы –

нағыз кәсіби біліктіліктің үлгісі. Өз басым жедел-тактикалық командалы-штабтық «Өзарақимыл-2009» жаттығуына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қарулы Күштері құрылымдарының, ҚР Қарулы Күштерінің өңірлік қолбасшылық әскерлерінің, Қазақстан Республикасындағы өзге де әскер мен әскери құрылымдардың және басқарма органдарының қатысуымен лаңкестікке қарсы «Бейбітшілік миссиясы–2010» біріккен әскери жаттығуына, 2014 жылы КАДЕХ әскери көрмесінде екі бірдей бағдарламаға және Астанада 2-5 маусым аралығында өткен IV халықаралық «KADEX-2016» көрмесіне қатыстым. Армия халықаралық ойындарының салтанатты ашылуында EC-145 тікұшағында өнер көрсетудің де бақыты бұйырды. Кез-келген авиа-шоу кезінде биіктіктегі ауаның қысымы, желдің жылдамдығы, бұлттың төменгі шекарасы ескеріліп, ұшудың, әуеде ұшақты немесе тікұшақты басқарудың, қонудың тәжірибесі көрсетіледі. Ұшқыштардың шеберлігі шыңдалып, әскери техника да сынақтан өтеді. Бұл – жылдың кез-келген мезгілінде және тәуліктің кез-келген уақытында күрделі метеорологиялық жағдайда ұшу шеберлігінің кәсіби деңгейін барынша арттыруға зор мүмкіндік береді. Қуаныштысы сол, елімізде шығарылатын EC-145 тікұшағының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Ендігі міндет: тікұшақтарды жүргізуді бұдан да сапалы меңгеру. Себебі, бүгінгі күні әуе шебін қорғаушыларға қойылып отырған талап күшті».


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"