Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамалары мен әскери бөлімдерінде әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілердің босатылуына орай жауынгерлік тумен қоштасу рәсімін өткізе отырып, жаппай салтанатты іс-шаралар өтуде.
Естеріңізге сала кетсек, заңмен белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген 2017 жылғы күзгі шақырылымның 6000-ға жуық мерзімді әскери қызметшісі запасқа босатылады. Салтанатты сап түзеуде әскери бөлімдердің командирлері, қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бастықтары, сондай-ақ еліміздің Қарулы Күштерінің ардагерлері сөз сөйледі. Бір жыл бойы әскери қызметшілер әскери мамандықты меңгеріп, жауынгерлік даярлықта елеулі нәтижелерге қол жеткізді, бірнеше мәрте іс жүзінде жоғары жауынгерлік машықты паш етті. Қызметтік міндеттерін адал орындап, үлгілі әскери тәртібі, жауынгерлік және дене даярлығындағы жоғары көрсеткіштері үшін әскери қызметшілер грамоталармен, ата-аналарға арналған алғыс хаттармен марапатталды. Бірқатар әскери қызметшіге кезекті әскери атақтар берілді. Босатылатын әскери қызметшілердің бірсыпырасы Армиялық халықаралық ойындар, «Батыс» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы мен «Іздестіру» жедел тактикалық арнайы оқу-жаттығуы сияқты республикалық және халықаралық ауқымдағы іс-шараларды дайындау мен өткізуге белсене атсалысқанын айта кетейік.