Қоғамды демократияландырудың жаңа қадамы және жаңа қазақстандық патриотизмнің мәселелері қаралды

Өткен аптада Астанадағы ҚР ҚМ ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Әшімбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Алдымен  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы М.Әшімбаев Конституция қабыл­дан­­ған 1995 жылдан бері 22 жыл өткенін, осы жылдар ішінде қоғам мен әлем өзгеріп, сәйкесінше жа­ңа үрдістер пайда болғанын айта келіп, соған орай Елбасымыз басқару жүйемізді жетіл­­діріп, тиімділігін арттыру­ды көздеп отырғанын жеткізді.

«Бұл – халық­т­ың жағдайын жақ­сартуға тікелей әсер ететін рефор­малар. Яғни, министр­­лер дұрыс жұмыс істесе, жауапкершіліктері артса, өзекті мәселелердің түйінін тарқатса, ол мем­ле­кеттің ілгерілеуіне, халықтың жағдайының дұрысталуына оң ықпал етері сөзсіз. Демек, бұл реформа елдің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын одан әрі жақсартуға сеп болары анық. Соны­мен қатар, ол билік тармақтары арасында тең­герім­­ділікті, мемлекеттік органдар жұмысының ашық­тығын қамтамасыз етуге, бақылау тетігін күшей­туге бағытталған. Жалпы, президенттік билік әлсіре­мей­ді. Президенттің енді, керісінше, стратегиялық мәсе­ле­лерге көбірек мән беруіне мүмкіндігі болады, яғни қауіп­сіз­дік саласына, сыртқы саясатқа басымдық береді», деді ол.

Мұнан кейін күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор жазушы, ғалым Мырзатай Жолдасбеков Елбасы Жолдауының маңыздылығына тоқталды.

– Елбасы халыққа Жол­дауын 1997 жылдан бастады. Бұл – жиырма бірінші Жолдау. Осы Жолдаулардың бәрінің тарихи маңызы болды. Елді дамыту жолындағы біздің үлкен, айқын жолдарымызды саралап, анықтап берді. Биылғы «Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда бес институттық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты тағдырлы құжаттарды жүзеге асыруға қатысты әдістер мен жолдар көрсетілген. Мәселен, онда Елбасы бүкіл әлемді қамтып отырған индустриялық төңкеріс, цифрлы инновациялық технология секілді мәселелердің заманы туды дегенді айтып отыр. Бұл үшінші жаңғыруға бастайтын қадамдар. Бұл жаңғыру арқылы біз алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырмыз, деген ғалым ағамыз елдегі конституциялық реформаға қатысты пікірлерін де айта кетті. «Мен мынаны айтар едім. Конституция 1995 жылы қабылданды, содан бері оған 59 өзгеріс енгізілді. Осы жолы Елбасы 40-қа жуық өзгеріс енгізуді ұсынып отыр...Қазір біз демократияның жаңа баспалдағына қадам басып жатырмыз. Осы кезде Президенттің өзі ойланып-толғанып, билікті бөлісейін деп отыр. Осыған сәйкес, елде үлкен конституциялық реформа жүрмек. Егер, ол жүзеге асса, Үкімет пен Парламент ауқымды өкілеттіктерге ие болады. Енді Үкімет белгілі бір жоспар-бағдарламаны өзі қабылдап, өзі орындайтын болады. Яғни, әрбір министр өзіне жүктелген жүкті мойнымен көтеруі керек. Ал бұл жұмыстардың бәрі кадрға келіп тіреледі. Мәселен, мемлекеттік қызметке келетін адам мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы тиіс. Яғни, ол жерге Отанын сүйетін, елін, ұлтының салт-дәстүрін қадірлейтін адамды алуымыз керек», деді.

Ал, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әкім Тарази  конституциялық реформаға қатысты мәселені халыққа жан-жақты ұғындыру қажеттігін айтты. Аға буын өкілдерінен соң сөз алған  «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бұл маңызды мәселе ел арасында талқыланып жатқандығын, оның барысын бас басылым бетінде жарық көріп жатқан зиялы қауым өкілдері мен ел ағаларының, жалпы оқырмандардың ой-пайымынан және ұсыныстарынан байқауға болатынын жеткізді. Бұдан өзге,  газет бетінде беріліп жатқан шетелдік сарапшылардың да пікірлерінің бір парасы «Қазақ­стандағы үдеріс Орталық Азияның жетекші мем­лекеті ретінде демократиялық үдерістерге жаңа сер­пін береді, тұтастай өңірдің дамуына оң ықпалын тигі­зеді» деген ортақ тұжырымға тоғысатынын айтты.

Мұнан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселеге кезек берілді. Онда жиынға қатысушылар қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы жаңа қазақстан­дық патриотизмді қалыптастыру мәселелерін ортаға салды. Осы орайда ҚР ҚК Бас Штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары полковник Қайсар Мұғалов жастарды әскери-патиоттық тәрбиелеу мақсатында Қорғаныс министрлігі лайықты жұмыс жүргізіп жатқандығын жеткізіп, соның бірқатарына тоқталды. Соның ішінде, былтырғы жылы әскери-техникалық мектептердің мұғалімдері 15 мыңнан астам орта мектеп пен колледждің оқушыларыменен кездесіп, патриоттық тақырыпда сабақтар, 3 мыңнан астам балаға ӘТМ-де ашық есік күні өткізілген. Жалпы, жылдың қорытындысы бойынша 130-ға жуық патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылған екен.

Осындай атқарылған бірегей істерді тізбектеген ол жүргізілген талдау нәтижесінде көрсетілгендей, кейбір іс-шараларды ұйымдастыру барысында қиыншылықтарға тап болғандықтарын да айтып өтті. «Ең алдымен олар қаржыландыру көзінің, жеткілікті құқықтық пен оқу-материалдық базаның, тиісті қолдаудың, жастарды тәрбиелеуге мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің бытыраңқылығымен сипатталған тиісті қолдаудың жоқтығымен байланысты болды. Әдетте аталған жұмыс көбінесе демеушілік қолдау, тиісті заңды күші жоқ меморандумдар мен келісімдер негізінде жүргізіледі. ҚР мемлекеттік жастар саясаты заңына сәйкес ҚМ патриоттық тәрбиелеу жұмыстарын өз құзыреті шегінде ғана жүргізеді.

Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі базасында құрылған әскери-патриоттық орталықтарының да проблемалары сондай. Соған қоса жастармен әскери-патриоттық жұмыс жүргізу үшін алаңдар, инфрақұрылым объектілері, әскери-техникалық мүлік жетіспейді», деді баяндамашы.

Осылай деп бірқатар мәселені ортаға салған полковник Қайсар Мұғалов жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөнінде кешенді бағдарлама әзірлеу, елімізде әскери-патриоттық тәрбиені дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесін (ал өңірлерде әкім орынбасарларының басқаруымен құрылса) құру, кадет сыныптарының желілерін кеңейту, жас армияшылар клубының жарғысы мен салтанатты антын бекіту, бірыңғай Республикалық жас армияшылар бірлестіктерінің электрондық тізбесін жүргізу, сондай-ақ, халықты біріктіретін Патриотизм күнін жариялау және тағы басқа маңызды ұсыныстарын айтты.

« Бұл күн біздің еліміздің көпұлттық халқын – кәсіпкерлерді, әскерилерді, әсіресе жастарымызды біріктіретін болады. Бұл мереке күні біздің батырларымызды, ғарышкерлерімізді, спортшыларымызды, еліміздің дамуына үлес қосқан ұлы тұлғаларымызды және еліміздің жетістіктерін насихаттар едік», деді соңында ол.

Отырыстың қорытындысы бойынша «Мирас» кеңесінің мүшелері еліміздегі патриоттық тәрбие беру жүйесін жетілдіру жөнінде, оның ішінде Скаут қозғалысының тарихы мен халықаралық тәжірибесін, сонымен бірге ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-патриоттық мектептерінің және қосымша білім беру мектептерінің мүмкіндіктерін есепке ала отырып, республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қызметін қайта қарастыру туралы ұсыныстарын әзірледі. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"