Қазақстандықтар қастерлі мерекені жоғары деңгейде атап өтті

Қазақстанның өз алдына дербес ел болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет атанғанына 26 жыл толды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойған еді. Осылайша ел егемендігі жарияланып, республика өз бетінше ішкі-сыртқы саясатты жүргізетін, өз аумағында билікті толық иеленген тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет мәртебесін алды. «Бұл күні уақыт өлшеміне бағына қоймайтын мақтаныш, қуаныш пен толқыныс өзара үйлесім тауып, ерекше сезімге бөлейді»,- деді Президент мерекедегі сөзінде. Иә, еліміздің ең қастерлі мейрамын Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұртшылық зор қуанышпен, айрықша мақтанышпен, еселі табыспен атап өтті. Тіпті, алыс-жақын шет мемлекеттіктер де Қазақстанның Тәуелсіздігі күнін елеусіз қалдырған жоқ. Халықаралық белгілі саясаткерлер төл мейрамымызбен құттықтап, тілеулестіктерін танытты. Салмақты шаралардың соңғы күндері ұйымдастырылғандарына назар аударып, оқырман назарына ұсынсақ.

Әлеуметтік нысандар әр өңірде ашылды
Мереке Оңтүстік Қазақстан облысында жоғары дәрежеде тойланды. Облыстың аудан, қалаларында әлеуметтік және коммуналдық 110 нысан ел игілігіне тапсырылды. Осылайша көпқабатты 19 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1 мыңнан астам адам баспаналы болды. Сонымен бірге 15 балабақша мен 3 мектеп және 11 ФАП, 9 мал дәрігерлік бекеті, 5 спорт алаңшасы ел игілігіне ұсынылды. Өңірде 9 аллея мен қақпа, 7 елді мекенге инфрақұрылым жүргізіліп, бірқатар ауылда абаттандыру жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек, 1 көпір, 10 ойын алаңшасы мен 4 мәдениет үйі жаңарды. Сондай-ақ 700-ге жуық тұрғыны бар елді мекенге ауыз су құбыры қосылып, үш кəсіпорын және тағы басқа да нысандар ашылды.
Жамбыл облысында бірнеше спорт және білім беру нысаны ел игілігіне берілді. Мәселен, Құмшағал алабында шағын футбол алаңының құрылысы аяқталды.  Жақында ғана қалаға аумағына қосылған аумақта енді мұнда жедел инфрақұрылым дамып, заманауи мектептер бой көтеруде. «Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған осы және 4 алаң құрылысына 45 млн теңге қаржы жұмсалды. Осының бәрі қала тұрғындарының спортқа деген әуестігін, ұмтылысын арттыру мақсатында жасалып жатыр. Елбасы халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуды міндеттеген болатын. Сол тапсырманы орындау мақсатында қала әкімдігі тарапынан игі шаралар жалғаса береді»,- деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жасұлан Ханалиев.
Тәуелсіздік күні Ақмола облысында аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің қатысуымен бірнеше əлеуметтік нысан мен тұрғын үй тапсырылған. Бурабай ауданының Кенесары ауылында салынған дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлесе, Щучинск қаласында 210 орындық балабақша ашылды. Екі қабатты ғимаратта бүлдіршіндердің тəлім-тəрбие алуына барлық жағдай жасалған.
Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында 18 отбасы қоныс тойын тойласа, Аршалы кентінде де жаңа 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымер қатар, осы Астанадағы Ш. Құдайбердіұлы көшесінен тағы бір өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын «AQMOL» дүкені ашылғанын айта кету керек.

Отшашу, шеру, флешмоб
Астананың үш ауданында ел Тәуелсіздігі күні құрметіне отшашу болды. Мерекелік шаралардың шырқау шегі болған фейерверк Есіл өзенінің жағалауында, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының маңында және Абылайхан даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан саябақта атылды.
Елордадағы ең ірі іс-шаралардың бірі қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттер болды. Астананың ашық алаңдарына орнатылған сахналарда Әлішер Кәрімов, Әли Оқапов, ағайынды Жүгінісовтер, Маржан Арапбаева, Асқар Жүнісбеков, «АртДомбыра» триосы өнер көрсетті. Мерекеге орай өткен мәдени шаралардың қатарында көрмелер, байқаулар, театрлардың премьералық қойылымдары мен түрлі концерттер бар.
Осы күні Маңғыстау жастары Мемлекеттік туды Ақтау көшелерімен алып өтті. Акцияда белсенді жастар ұзындығы – 15 метр, ені 7 метр болатын Мемлекеттік ту мен ұзындығы – 10 метр, ені 6 метр болатын Рухани жаңғыру туын алып, Тәуелсіздік көшесі бойының «Мәңгілік алау» жанынан Ақбота саябағына дейін шерулеп жүріп өткен. Оған өңірлік жастар ұйымдарының, жастар бірлестіктері мен одақтарының жетекшілері, жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК шекара қызметі «Жағалау күзеті» қызметінің әскерилері қатысты.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздікпен құрдас полицейлер флешмоб өткізді. Петропавл полицейлері салтанатты саптық байқау өткізіп, Қазақстанның Әнұранын шырқады. Сап түзеу ерекше үлгіде өтті: полицейлер «16» санын бейнелеп сап түзіп жүрді. Өңірдің ішкі істер органдарында 1991 жылғы 80 полицей жұмыс істейді. «Еліміздің басты мемлекеттік мерекесінде күшейтілген жұмыс нұсқасына көштік. Бізге қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың құқығын қорғау жүктелді»,- дейді Петропавл қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Асан Смағұлов.  
Тәуелсіздік монументіне тәу етті
Алматы халқының мерекелік шарасы көңіл сүйсінтеді, көз қуантады. Қала тұрғындары мен қонақтары, белсенді азаматтар, қоғам қайраткерлері Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды. Шараға қалалық әкімдік өкілдері, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, үкіметтік емес ұйымдар, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатының салдарын зарарсыздандыруға қатысқан азаматтар, жастар ұйымдары қатысты.
«Бүгін – еліміз үшін ең маңызды күн. Қазақ тарихында ата-бабамыз тәуелсіздік үшін жанын пида еткен. Міне, осы мақсатқа жеткенімізге 26 жыл болды. Осы уақытта қуатты экономика қалыптасты. Әлеуметтік, ғылым, білім саласы қарқынды дамып келеді. Қазақстан инвестиция тартуда Орталық Азияда жетекші рөл ойнап келеді. Ал дамыған елдің 30-дығына ену туралы мақсат қол жеткізуге болатын меже деп санаймын. Барлықтарыңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын»,- деді Тұран университетінің ректоры, қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов.
Жиын соңында әскери-үрмелі оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен Алматы өңірлік гарнизонының әскерилері салтанатқа қатысушылар алдынан әскери саппен өтті. Сонымен қатар, Астана алаңында мерекелік концерт өтіп, отшашумен аяқталды. Қаланың әр ауданында көрмелер, мерекелік кештер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылды.
Әлем елдерінде Әнұранымыз шырқалды
Қытайдағы Қазақстандық студенттер қауымдастығының Сиань бөлімшесі ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай ҚХР Шэньси провинциясы Сиань қаласында мерекелік концерт өткізді. 150 қазақстандық студент қатысқан шарада қазақстандық студенттердің өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін Қытайдағы Қазақстан елшілігі консулдық бөлімінің меңгерушісі Болат Сырлыбаев, Сиань көлік университеті Жібек жолының Экономикалық белдеуі Инновациялық орталығы жанындағы Орталық Азия құқық ғылыми орталығының директоры София Ушурова, сондай-ақ қазіргі уақытта Сиань шет тілдер университетінде қазақ тілі кафедрасында жұмыс істейтін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы Гүлайым Оспанқұлова марапатталды.
Кеште оңтүстіккореялық әнші Tak Joo Yoo «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Республикалық және халықаралық фестивальдердің лауреаты Нұрбол Садықов «Аққу» күйін шертіп, «Попурри» орындады. «Біздің еліміз әлемдік деңгейде жоғары беделге ие болды. Студенттеріміз елімізді мақтан тұтып, бірлік пен ынтымаққа ұмтылғандарын қалаймыз. Біздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен келісім нығая берсін»,- деді Сиань бөлімшесінің төрайымы Нұргүл Мақұлбек.
Осындай басқосулар Қытайдың Бейжің, Шанхай, Үрімжі және басқа да қалаларында белсенді түрде ұйымдастырылды. Бауырлас мемлекеттің іргелі шаһары – Анкарада да атаулы күн елеусіз қалмады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығы және екі ел достастығының 25 жылдығымен ұштасты. Салтанатты жиында Анкараның «Сынав» колледжінің төртінші сынып оқушылары Қазақстанның әнұранын орындады. «Бұл жобаны Түркиядағы Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлының ұсынысымен салтанатты қабылдауға арнайы әзірледік. Осылайша, Қазақстан мен Түркияның достастығын көрсеткіміз келді. Әрине, оңай болмады.  Екі апта бойы түрік балаларына қазақша сөзді үйретіп, мақамын дұрыстадық. Олар әнұранның алдымен сөзін жаттады, содан кейін әнін үйренді»,- дейді «Отау» ансамблінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Эльмира Шендуран.
Ал Аргентинаның Росарио қаласындағы Ұлттық ту мемориалдық кешенінде еліміздің Тәуелсіздігі күніне арналған Қазақстан Республикасының туын көтеру салтанатты рәсімі өтті. Росарио әкімшілігінің қолдауымен Бразилиядағы Қазақстан елшілігі мен Қазақстан мәдениет орталығы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға қалалық әкімшілік, қалалық кеңес өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, ұлттық мәдениет орталығының белсенділері мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Аргентинадағы Қазақстан елшісі Қайрат Саржанов қала мен мемориал басшылығына жыл сайын еліміздің Тәуелсіздігі күні Қазақстанның мемлекеттік туын көтеретіндіктеріне ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген негізгі жетістіктерді атап өтті. Росарио мэрі сыртқы істер департаментінің басшысы Серхио Барриос былтыр негізі қаланған Қазақстан мәдениет орталығының маңызын әңгімеледі.

Қастерлі мерекеміз ғаламдық масштабтағы саяси қайраткерлердің де назарынан тыс қалмаған. Айталық, Ресей, Беларусь жəне Əзербайжан президенттері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына Тəуелсіздік күнімен құттықтау лебізін жолдаған. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік жəне ғылыми-техникалық салалардағы жетістіктерін, əлемдік аренадағы беделі мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде, Астана процесінде өзекті халықаралық мәселелерді шешуге қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті. Ол достықтың ізгі дəстүрлеріне, тату көршілікке жəне өзара құрметке негізделген қазақстандық-ресейлік қарым-қатынастардың табысты дамуын жоғары бағалады жəне екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың əрі қарай нығая түсетініне сенім білдірген.
Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Тəуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттілік орнатуда, əлемдік аренадағы беделін нығайтуда, экономикалық дамуда, әлеуметтік жəне конфессияаралық келісіммен қамтамасыз етуде елеулі табыстарға қол жеткізгенін айтты. «Бүгінде Қазақстан экономиканы реформалау, саяси жəне қоғамдық өмірді жаңғырту бойынша ауқымды мәселелерді шешіп келеді. Бейбітшілікке күш салу арқылы қауіпсіздікті қолдауға айтарлықтай үлес қосуда»,- делінген құттықтау хатта.
Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, екі ел арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестіктің əлі де нығая түсетініне, қос мемлекет халықтарының мүддесі үшін дамитынына сенім білдіреді. Əзербайжан Республикасының президенті Ильхам Əлиев өз құттықтауында «бауырлас қазақстандықтардың əлемдік қауымдастықтың белсенді жəне беделді мүшесіне айналғанын» ерекше атап өткен. «Тарихы бір, ұлттық-рухани құндылықтары бір халықтарымыздың қалауымен əзербайжан-қазақстандық мемлекетаралық қарым-қатынастардың одан әрі дами түсетініне сенемін»,- дейді Ильхам Әлиев.
P.S. Әлбетте, мереке шаралары мұнымен шектелмеген. Көңіл сергітер, кеуде тояттар жиындар мен басқосулар ұшан-теңіз. Тек жалғасын тауып, дербестігіміз баянды болғай!
    Мерекелік шолуды әзірлеген Асхат РАЙҚҰЛ

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"