Қазақ тілінің хас шебері

Қазақ тілінің хас шебері

   «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының мемлекеттік тілді дамыту және мемлекеттік-құқықтық дайындық жөніндегі аға офицері Ардақ Махметқызы Алпысова – бұрынғы Семей облысы Шұбартау ауданының тумасы.

Жастайынан білімге құштар болуына оның қазақ тілі мен әдебиетінің жілігін шағып, майын ішкен, «Халық мұғалімі» атанған анасының ықпалы зор болды. Ана жолын қуған ол рухы биік, өршіл болып өсті. Бала кезінен қоғамдық өмірге белсене араласып, мұғалімдік жолды еш ойланбастан таңдады. 18 жылдан артық мектепте ұстаздық етіп, 2005 жылы әскери бөлімге қызметке келді. Жаңа ортаның жауапкершілігін сезіне жүріп, әскери істі зерделеуге бар күш-жігерін жұмсады. Өзі қызмет атқарған әскери бөлімдегі іс жүргізудің мемлекеттік тілде сауатты жүргізілуін, бұйрықтардың мемлекеттік тілде сапалы шығарылуын, сапқа тұрғызулар, баяндау, кезекшілік тапсырулардың мемлекеттік тілде болуын қадағалады. Мемлекеттік тіл сабақтарын жаңа инновациялық әдістерді пайдалана отырып жүргізді. Мемлекеттік тіл мамандарының жиындарында оқыған баяндамалары мен ашық-көрсетілімді сабақтары жоғары бағаланды. Басқа әскери бөлімдердегі әріптестерімен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болып, оларға кез-келген уақытта әдістемелік көмегін көрсетті. Ісіне адал, тиянақты, сауатты әскери қызметкер мамандығы бойынша кәсіптік шеберлікті жақсы меңгеріп, өзіне және айналасындағыларға да талап қоя білді. «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – шағын ауқымдағы шаруа емес. Ат төбеліндей ғана бір шоғыр зиялы қауымның еншісіне тиген терінің илеусіз пұшпағы емес. Тіл дегеніміз – мемлекетттік саясат, ұлт айшығы. Көңілінде өзі өрбітіп, ғұмыр кешіп отырған Отанына деген кіршіксіз қылауы жоқ саналы азаматтың бірінші ой-мұраты – мемлекетті сақтап қалу десек, оның өзі сол мемлекеттің басты атрибуттарын сақтап қалудан, соның бірі – тілді дамытудан басталса керек. Қазақта «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген жақсы сөз бар. Менің ойымша, әуелі өз тілімізді өзіміз сыйламасақ, өзгеге сыйлатудың оңай еместігін ұғынатын кез жетті. Өзін осы мемлекеттің бір азаматымын, осы қоғамның бір мүшесімін деп санайтын өресі биік адамның сол мемлекеттің атымен аталатын халыққа, оның салт-дәстүрі мен тіліне деген құрметі де жоғары болуы тиіс. Мемлекеттік тілдің мәртебесі бәрімізге ортақ. Біз өз тілімізде сөйлеп, өзгелерге үлгі бола білуіміз керек. Әскер қатарындағы әр азамат бұл мәселеге жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Сонда ғана мемлекеттік тілдің өріс алуына кең жол ашылады» дейді тіл жанашыры.

   Ардақ Махметқызы – ҚР Қарулы Күштері және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша «2011 жылдың үздік оқытушысы». Оның еңбекқорлығының арқасында 16443 әскери бөлімінде мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету мақсатында бірқатар игі істер атқарылды. Атап айтқанда әскери бөлімдегі мемлекеттік тіл тыңдаушыларымен өткен «Мен мемлекеттік тілде сөйлеймін» тақырыбындағы саяхат сабақ, «Сәлем – сөздің анасы» аралас сабағы, «Ұжым беделі – менің беделім» дәстүрлі емес сабағы, ашық көрсетілімді сабақтар, «Хош келдің, әз Наурыз!», «Бәрі де Жеңіс үшін!», «Желтоқсан жаңғырығы», «Еркіндік нышандары», «Біз деп шашы ағарған», «Отан үшін отқа түс, күймейсің!», «Ата Заңым – ардағым», «Мен қызмет атқаратын әскери бөлім», «Ұлы Абайға – 165 жыл» тақырыптарындағы мәдени-композициялық іс-шаралар, «Абай оқулары» , «Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері», «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» дәрістері жеке құрамды отансүйгіштікке баулуға, ұлттық мүддені қастерлеуге, патриоттық сезімін одан әрі күшейтуге ұйытқы болды. Елімізде тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасында ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауына «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының «Қазақ рухы» командасын Ардақ Алпысова бастап барған болатын. Байқауда бұл команданың белсенділігіне, тапқырлығына, ойды жеткізудегі тіл байлығы мен мәдениетіне, ойындарды көрсету барысында музыкалық сүйемелдеу мен электронды бейнекөріністерді қолдану шеберлігіне жоғары баға берілді. «Іс жүргізудегі сөз қолдану мен пікір сайыс» тапсырмасын орындауда мемлекеттік тілде басқару мен іс жүргізуге қатысты құжаттар талданды. Ал, «Терминдер әлемі» сайысында әскери қызметшілер орыс тіліндегі терминдердің қазақша баламаларын дұрыс айтып берді. Тіл туралы ұлы ғұламалардың дана сөздері мен мұраларынан үзінді келтірді. Мемлекеттік тілге қатысты қызмет барысындағы тілек, ниет, ұсыныс, ой-пікірлерін жеткізді. Заңнамалар мен Елбасы сөздерінен, Жарлық, бағдарлама және тағы басқа ресми құжаттардан дәйек сөз алып, түйін жасаудан да білімдерін жан-жақты көрсетті. Байқаудың қорытындысы бойынша «Қазақ рухы» тобы қалалық және облыстық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Биыл қыркүйектің 4-і күні Астанада өткен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» конкурсында да Ардақ Махметқызы жетекшілік еткен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының «Көк бөрі» командасы жүлделі бірінші орынды иеленді.

  

                                                                                         Алуа ИСКАКОВА

Суретті түсірген автор


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства