ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Қарулы күштердегі қазақ тілі әскери қызметшілер арасында әспеттелді

Қарулы күштердегі қазақ тілі әскери қызметшілер арасында әспеттелді
Суретті түсірген Ағыбай Аяпбергенов

Қыркүйек айының 20-шы жұлдызы күні Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық әскери тектерінде Қазақстан халқының тілдері мерекесі аясында кең ауқымда атап өтілген «Тіл – татулық тірегі» атты айлықты қорытындылаған мәдени іс-шара Астана қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтті. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп аталған бұл байқауға өңірлік сайыстардан іріктеліп шыққан 9 команда қатысып, өз бақтарын сынады.

Байқау басталар алдында сөз алған ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Қайрат Садықов мырза алдымен ел әскеріндегі мемлекеттік тілдің қолдану аясы жайында, сондай-ақ осы бағытта әскерилер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аз-кем айта келе, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілген қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне тоқталып өтті. Еліміз үшін аса маңызды осы бір мәселеге келгенде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек» деп қадап айтты. Содан кейін кез келген ұлт үшін ана тілі, ал біздің мемлекетіміз үшін қазақ тілі қашанда ардақты екенін жеткізе келе, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға арналған байқауға қатысатын командаларға сәттілік тіледі.

Тіл сайысына жиналған көрермен «Жас Ұлан» республикалық мектебінің «Мәңгілік ел», Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің «Достық», 83205 әскери бөлімінің «Тұлпар», Байланыс бас басқармасының «Бірлік», Әскери полиция бас басқармасының «Тәртіп сақшылары», 14776 әскери бөлімінің «Алтын үкі», Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасының «Бес қару», Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқармасының «Ақ желкен» және  Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасының «Ынтымақ» командаларының өнерін тамашалады.  

Алғашқы болып сахнаға көтерілген «Жас Ұлан» республикалық мектебінің «Мәңгілік ел» командасы таныстыру үрдісін саптық салтанатты әуенмен бастап, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Ал, әуен ырғағы бәсеңсіген тұста микрафонды қолына ұстаған өзбек ұлтының өкілі ақын Қадыр Мырзалиевтің «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деген өлең жолдарын айта келе, «Менің ұлтым өзбек болғанымен жаным қазақ» деп екпіндете сөйлгенде залдағы ел-жұрт қол соғып, қошеметін көрсетті. Сондай-ақ, бұдан кейінгі «Қазақ тілі – қасиетім» секілді әдемі өрілген жыр жолдары да көпшілік көңілін баурады. Бұл жерде жырды жүрекке жеткізу жағы басым болғандығын айта кеткен жөн. Алайда, өзбек бауырымыздан кейін өзін таныстырған украин ұлтының өкілі өз ойын қазақ тілінде жеткізгенімен, тіл заңдылықтарын сақтауда бірқатар кемшілікке бой алдырды. Әрине, сайыс болған соң олардың бойында қобалжу болатындығы анық. Дегенмен, команда құрамындағы өзге ұлт өкілдері (шешен және ұйғыр бауырларымызды қоса есептегенде) мемлекеттік тілі – қазақ тілін меңгеруге деген талпынысы жоғары екендігін аңғарта алды. Әсіресе, олардың биік рухты ерік-жігері тәнті етті.

Келесі кезекте өз өнерін көрсеткен Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің «Достық» командасы сахна шымылдығын ұйғыр ұлтының ән-биімен ашты. Бастапқыда бұл жағдай былайғы жұртқа таңсық болып көрінгені анық. Кейін келе бұл командаға ә, баста ұйғыр ұлтының салт-дәстүрін дәріптеу жүктелгенін ұққаннан соң осындай қадамға барған екен деген тоқтамға келгендей болдық. Дегенмен, олардың бұл бастамасы көрермен көңілін көтеруге сеп болғандай. Халық жылы қабылдады. Сондай-ақ, команданы қазақтың киелі музыка аспабы домбырамен әуелете таныстыруды ұйғарғандары және мұны өз деңгейінде жүзеге асыра алғандары да бізді қуантты.

83205 әскери бөлімінің «Тұлпар» командасы да «Достық» командасының ізімен өздеріне бекітілген грузин ұлтының ән-биімен сахналық қойылым жасады. Бұдан соң команда мүшелерінің жеке-жеке таныстырылымы болды. Таныстыру үрдісі мұнымен біткен жоқ. Жүргізушілер Грузия елі жайында да мағлұматтар беріп өтті. Осылайша, тек команда ғана емес, білдей бір мемлекет те жалпақ жұртқа таныстырылды. Сондықтан болса керек, бұл командаға таныстыруға берілген 2 минут аздық етті.

Өз кезегінде сахна төріне көтерілген Байланыс бас басқармасының «Бірлік» командасы түрік ұлтының шашбауын көтеріп шықты. Алдымен, өздерін өлеңмен және қара сөзбен таныстырған команданың мүшесі әрі қарай сахнаға қасындағы ханшайымдарымен бірге Сұлтан Сүлейманды шығарып, таныстыру рәсімін жалғады.

Ал, Әскери полиция бас басқармасының «Тәртіп сақшылары» командасы таныстыру үрдісін өз қызметтеріне сай әскери саптық салтанатта бастады. Сондай-ақ, Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» атты өлеңін өзбек ұлтының өкілі жоғары деңгейде оқып берді. Бұдан кейін сөз алған команда мүшелері де екпінді дауыс ырғақтарымен елді еліте алды. Қысқасы, бұл команданың таныстыру рәсімі тыңдарманның рухын бір көтеріп тастады.

14776 әскери бөлімінің «Алтын үкі» командасы да өздерін өлең-жырмен таныстырды. Бірақ, бірқатар команда мүшелері көпшіліктен қысылды ма, әйтеуір арагідік сөзден жаңылып жатты. Олардың бұл кемшін тұсын көрермен қауым қол шапалақпен жуғандай болды. Әйтсе де, тіл білуге деген талпыныстары тәп-тәуір.

Кезек Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасының «Бес қару» командасына келгенде олар ә, дегеннен-ақ көрерменді өздерінің сардарлар мен сарбаздардан құралған саптық салтанатымен баурап алды. Ал, бұдан кейін команда мүшелері өздерін жеке-жеке таныстырып шықты.

Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқармасының «Ақ желкен» командасы мен Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасының «Ынтымақ» командалары да сайыстың таныстыру бөлімін өздеріне тән сән-салтанатпен атқарып, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді.

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп аталған байқаудың екінші, яғни соңғы бөлімі әр командаға алдын ала бекітілген ұлттың салт-дәстүрін дәріптеу міндеті жүктелген екен. Мәселен, сахнаға бірінші болып шыққан «Жас Ұлан» республикалық мектебінің «Мәңгілік ел» командасы шешен ұлтының «Қылыштасу» рәсімін көрсетті. Мұнда ағайындар арасындағы даудың қалай шешім тапқаны сахналық қойылым арқылы баяндалды. Ал, Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің «Достық» командасы ұйғыр ұлтының «Қыз алып қашу» дәстүрін көрсетсе, 83205 әскери бөлімінің «Тұлпар» командасы грузин ұлтының «Келін түсіру» салтын ұсынды. Байланыс бас басқармасының «Бірлік» командасы түрік ұлтының «Қына түні» дәстүрін дәріптесе, Әскери полиция бас басқармасының «Тәртіп сақшылары» командасы өзбек ұлтының «Қыз айттыру» дәстүрін сахналады. Өз кезегінде 14776 әскери бөлімінің «Алтын үкі» командасы татар ұлтының «Сабантойын», ал Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасының «Бес қару» командасы кәріс ұлтының «Баланың 1 жас» және «Ата-ананың 60 жас» тойларын көрсетті. Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқармасының «Ақ желкен» командасына әзірбайжан ұлтының «Келін таныстыру» дәстүрі міндеттелсе, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасының «Ынтымақ» командасына неміс ұлтының «Мамыр ағашы» дәстүрін сахналау бұйырыпты. Жалпы, барлық командалар да шама-шарқынша әр ұлттың салт-дәстүрін тиісті деңгейде көрермен назарына ұсынуға тырысып бақты.

Қарулы Күштеріміздегі әскери құрылымдар арасында республикалық деңгейде өткен аталмыш тіл сайысында әділ қазылар алқасына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы  Қуаныш Жұмабекұлы Асылов төрағалық етті. Қазылар алқасының шешімі бойынша «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық байқауда бірінші орынды Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасының «Ынтымақ» командасы, екінші орынды Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасының «Бес қару» командасы, ал үшінші орынды Әскери полиция бас басқармасының «Тәртіп сақшылары» командасы иеленді.

Осы орайда айта кетер жайт, бұл іргелі шара Қорғаныс министрлігіндегі Әкімшілік департаментінің ұйымдастыруымен өтіп отыр.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Что ждет военнослужащих после внесения изменений в законодательство о воинской службе?

Что ждет военнослужащих после внесения изменений в законодательство о воинской службе?