Қарулы Күштердің қуаты әскери парадта паш етіледі

Еліміздің Қарулы Күштері ширек ғасырға аяқ басты. Қауқарлы қару-жарағы мен айбынды әскері бар Қазақстанның қорғаныс саласы осы бір айтулы датаны  (7-мамыр 1992 ж.)  сән-салтанатпен ерекше атап өтуді жөн көріп отыр. Соның ішінде, әскери әлеуетімізді әйгілейтін әскери парадты және бірқатар бірегей шараларды өткізу министрліктің жоспарында бар.

Сөз басы

Бәрімізге мәлім, тоқсаныншы жылдардың басында қалыптасқан жағдайды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескерген ҚР Президенті Н.Назарбаев 1992 жылғы 7 мамырда «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығын шығарды. Міне, содан бері жыл сайын осы атаулы күннің және құрылған құрылымның маңызы артып келеді.

 Тұңғыш парад

Осыдан жиырма бес жыл бұрынғы бұл сәт тарихтың еншісінде қалды. Деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу құрметіне орай елімізде тұңғыш рет әскери парад Алматыда ұйымдастырылыпты. 1992 жылдың 7-мамырында Алматы қаласының Республика алаңында өткен бұл шараға ҚР ҚК әскер түрлері, Қорғаныс министрлігінің, әскери әуе күштерінің,  Шекарашылар әскерінің, Ішкі әскерлердің, әскери оқу орындарының, Алматы гарнизонының, әскери комиссариаттардың жинақталған полктары қатысқан. Бұл алғашқы әскери шеруді Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, армия генералы  Сағадат Нұрмағамбетов қабылдаған.

 

Коституция күніне арналды

Ел тарихында әскери парад азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заңымыз – Конституция күні құрметіне орай өткізілгенін бірі білсе, бірі білмес. Осы орайда Конституция күніне және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған еліміздің бас қаласындағы «Қазақ елі» монументі алдында ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен әскери шеруді айрықша атап өтуге болады.

2011 жылы өткен осы әскери шеруде (сол кездегі Қорғаныс министрі Әділбек Жақсы­беков әскерлердің шеруге әзірлігі ту­ра­лы генерал-лейтенант Мұрат Май­кеев­тің рапортын қабылдады) Қа­зақ­стан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қарулы Күштер әскер­лерінің барлық түрлері мен тектерінің жауынгерлері сап түзеп, қарсы алды. «Қазақ елі» алаңынан естілген айбынды дауыс тікелей эфирмен берілген трансляция арқылы бүкіл елге тараған-ды. Осы­дан кейін Елбасы Н.Назарбаев сап түзе­ген әскерлерді аралап, алғаш рет парад­ты өзі қабылдады. Одан әрі Мемлекет басшысы орнына келіп, әскерилер мен барша Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтады.

Елбасының сөзінен кейін әскери шеруде жаяу және әскери техникамен жылжыған Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерінің, Ішкі әскерлер мен Шекара қызметінің, республикалық Ұлан мен Төтенше жағдайлар министр­лі­гі­нің ең үздік әскери қызметшілері салтанатпен сап түзеп өтті.

Бұл парадтың ерекшелігі – тамыз айының 25-інен бастап ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қару­лы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлы­ғы­мен Қарулы Күштерімізде жаңа, жетілдірілген мерекелік және күнделікті киіп жүретін әскери киім үлгіcінің енгізілгендігі. Сонда әскери қызметкерлеріміз шеруде жаңа әскери киім үлгісін тұң­ғыш рет киіп шықты.

Екіншісі,  қазақстандықтардың бұ­ған дейін бұрын-соңды көрмеген жа­сақ­тар мен жаңа әскери техниканы елі­міздің бас алаңынан алғаш рет та­ма­ша­лауы болды.

Үшіншісі, бұл әскери шеруге тұңғыш рет мергендер жасағы, құрлық әскерлерінің таулы-атқыштар бригада­сы­ның әскери қызметшілері және   әйел әскери қызметшілердің екі жаса­ғы алғаш рет жүріп өтті.

Қазақстан Қарулы Күштері өкіл­дерімен қоса алаңға Отанымыздың шебін қорғаушы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің, Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің, республикалық Ұланның жасақтары сап түзеді.

Сондай-ақ бұрын көр­сетіліп жүр­ген техникалармен бірге, жаңадан қа­был­данған техникалар өз қуат­тарын көрсетті. Мәселен, жаяу әскердің жауынгерлік машинасы - БМП-2, «Стре­ла-10М» зенитті-зымыранды кешені, «Штурм-С» өздігінен жүретін танкке қарсы зымы­ранды ке­шеннің жасақтары, десантты-шабуылдаушы брига­да­ның Жауын­гер­лік туымен «Лэнд Ровері», «Хаммер» автокө­ліктеріне мінген «Қаз­бат» қазақстандық бітімгершілік ба­таль­онының арнайы мақсаттағы рота­сы, оларды жетілдірілген БТР-82А бронды транспортерлері, зенитті-ракеталық  С-125; С-200 және С-300 кешендері және тағы сол сияқтылар.

Еліміздің бас алаңында өткен әскер­лердің салтанатты шеруі мұнан кейін көк жүзінде Әуе па­рады жалғастыртырғаны бәріміздің есімізде. Әуелі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің туын  армиялық авиацияның Ми-17 тікұшақтары көгімізде желбіретті. Кейін шерулік сапты МИ-24 жауынгерлік тікұшақтарының екі тізбегі («пеленг» және  «сына» жауынгерлік тәртібінде),   «пирамида» жауынгерлік тәртібінде армиялық авиацияның көп нысанды Ми-17 тікұшақтар буыны,  ауыр әскери-көліктік тікұшақ Ми-26,  көп ны­санды Ми-17 тікұшақтары және МиГ-29 жойғыш ұшақтардың сүйемелдеуімен әскери-көліктік авиацияның Ту-154, Ту-134 және Ил-76 ұшақтары аспанымызда қалықтады.

Әуе шеруін жұртшы­лық­ты қайталанбас әсерге бөлеген Су-27 ұшақтарымен «Жетісу сұңқарлары» ұшу тобы аяқтады. Олар ұшудың «Бәй­терек» атты жоғары әдісін сағатына 800 шақырым жылдамдықта орындады. «Нес­теров тұзағы» тәрізді аса қиын фигура да көпшілікке ұсынылды. Осы парадта  әскери ұшқыштар өз ісінің майталман маман­дары екенін тағы бір дәлелдеді. Ин­же­нерлік-штурмандық есептері мен ұш­қыш­тық тәжірибелерін ұштастыра білген ұшқыштар төмен биіктікте қатты жылдамдықпен әуеде әдемі ұшып өтті.

Әскерлер парады әдеттегідей біріктірілген әскери оркестрдің әуендерімен аяқталды. Оған Қазақстан Республика­сы Қорғаныс министрлігі Әскери-ор­кестрлік қызметінің бастығы – бас әскери дирижер, полковник Александр Беляков жетекшілік етті.

Жалпы, 2011 жылы өткен бұл әскери шеруге 2500 әскери қыз­меткер, 130-дан астам қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ қатысып, қазақстан­дық әскери қызметкерлер құрлықта, әуе­де күрделі әскери техниканы басқа­ру­дың жоғары шеберлігін танытты.

Ал, 2012 жылы   3-6 мамыр аралығында Астанада өткен II халықаралық «KADEX-2012» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі шеңберінде мыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары, сондай-ақ 20-дан астам шетелдерден келген көрмеге қатысушылар мен әскери мамандар қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін, авиациялық шоуды, әскери бөлімшелер мен бронды техникалардың көрсеті­лімдерін, әскери оркестрлердің плац-парадын тамашалаған болатын. Осыған байланысты, 30 тамызда әскери парад өткізбеу туралы шешім қабылданып,  сол себепті, Конституция күні құрметіне арналған әскери парад көрмемен кезектестіріп өткізу жоспарланды.

 

Жауынгерлік парад

Ал, 2013 жылдың еншісіне бұйырған парад өзгеше атауға ие болды. Осылайша, ел тарихында 2013 жылғы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні тұңғыш рет өткен Қазақстан Қарулы Күштерінің Жауынгерлік парадымен есте қалды.

Үйреншікті әскери парадта әскери қызметшілердің саптық дайындығы және техника мен қару-жарақтың кейбір үлгілері сандық жағынан таныстырылса, жауынгерлік  парадта офицерлер мен сарбаздардың кәсіби дағдысы, бөлімшелердің іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ, Қазақстан армиясының қарамағындағы қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техниканың жауынгерлік мүмкіндігі көрсетілді. 

Сол күні Гвардейск гарнизонының полигонында әскери бөлімшелер Құрлық әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің заманауи қару-жарақ пен техниканы пайдалануының мүмкіндіктерін тактикалық және тәжірибелік тұрғыда танытты. Сонымен бірге Каспий акваториясындағы Қазақстан Әскери-теңіз күштері кемелерінің жауынгерлік атысы онлайн-режимінде таратылды.

Полигонда Құрлық әскерлерінің барлық қару-жарақ түрлерінен жауынгерлік оқ атулар жүзеге асырылды. Қазақстан Әскери әуе күштерінің ұшақтары мен тікұшақтарынан зымырандар нақты түрде жіберіліп, бомбалау тәжірибе жүзінде қолданылды, ұшқыштар өздерінің жоғары шеберліктерін көрсетті.

Осылайша, еліміздің Қарулы Күштерінің барлық түрлері мен тектерінің жеке құрамы құрлықтағы, әуедегі және теңіздегі кәсіби біліктіліктерін танытты. Мұнда әртүрлі құрамалардың, соның ішінде барлау және арнайы мақсаттағы әскери бөлімдер мен бөлімшелердің өзара іс-қимылы паш етілді.

Бір сөзбен айтқанда, офицерлер мен сарбаздар іс жүзінде Қарулы Күштердің қатарында нағыз патриоттар мен өз ісінің шеберлері қызмет ететіндігін және олардың «Мықты армия – мықты Қазақстан!» ұранымен Отанға қызмет ете беретіндігін дәлелдеді.

 

Отан қорғаушылар күніне орайластырылды

 

Бәрімізге мәлім, 2012 жылдың қазанында ҚР Президентінің Жарлығымен мамырдың 7-сі «Отан қорғаушы» күні болып белгіленіп, күнтізбеде оған мемлекеттік мәртебе берілді. Міне, содан бері әскери парад осы күнге орайластырылып, өткізіліп келеді. Оған – кейінгі жылдардағы ел-жұртты айбынды әскеріміз бен заманауи техникалары тізбегін тамашалатқан шерулер дәлел.

Соның ішінде, 2015 жылғы әскери парад Отан қорғаушылар күніне ғана емес, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналды.

Бұл парад өткен жылдардағы парадтарға қарағанда ең ауқымдысы болды. Оған 5 000-ға жуық әскери қызметші, 200-ден аса қару-жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатысқан.
Атап өтерлік тағы бір ерекшелігі, әскери шеруде қазіргі заманғы ҚР Қарулы Күштерімен қатар Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері көрсетілді.

 Әскери шеру 3 бөлімнен құралды: жаяу шеру топтарының өтуі, механикаландырылған колоннаның өтуі және әуе шеруі.
Парад ҚР Мемлекеттік Туы мен осыдан 70 жыл бұрын отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев және оның жауынгер досы Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі – Жеңістің Қызыл туын алаңға алып шығумен басталды.
Жаяу тізбектер шеруін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы ашып, Одан соң Ұлы Отан соғысы уақытындағы әскери киім үлгісіндегі үш парадтық топ жүріп өтті. Жалпы 24 шеру тобы салтанатты сапты құрады.
Тарихи бөлімдегі әскери техниканың тізбегінде Т-34 танкі, ЗиЛ-157 сүйреткен ЗИС-2 зеңбіректері, М-30 гаубицалары, аты аңызға айналған БМ12 РС-30 «Катюша», танымал «Максим» пулеметі, Дегтярев қол пулеметі және Шпагин тапанша-пулеметтері өтті.
Ал, парадтың қазіргі заман бөлімінде Қазақстан армиясының қару-жарағы мен әскери техника үлгілері көрсетілді. Бұл бөлімін басқармалы қару-жарақпен жабдықталған Т-72Б танкі бастап шықты. Соңынан ілесе танктерді қолдау жауынгерлік машиналары мен соңғы жылдары қазақстандық армияның сапына алынған жауынгерлік машиналар өтті.
Көптің назарын ерекше аударғаны – әуе шеруі. Әскери ұшқыштар жеке және пилотажды топ құрамында жоғары пилотаж фигураларын орындап, шеберліктерін көрсетіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығының құрметіне көк аспанға «70» санын бейнеледі.

 

25 жылдыққа арналады

Иә, биыл – Қарулы Күштеріміздің 25 жылдығы. Егемендігімізді алған алғашқы жылы (1992 жылы) іргеміз бекіп, қорғанысымыз мықталды. Елбасы Жарлығымен қолға алынған нақтылы істердің арқасында Қарулы Күштеріміздің қанаты қатайды, бұғанасы бекіді.

Тәуелсіздігіміздің тарихында Қазақстан әскері қалыптасу мен дамудың күрделі жолынан өтті. Ел мүддесіне сай келетін Әскери доктринасы қабылданып, Қазақстан Қа­рулы Күштерінің жаңа кел­беті қалыптасты.

Қазір жоғары кәсі­би, ұтқыр, заманауи қару-жарақ­пен және техникамен жарақтан­ды­рылған әскері бар мемлекетпіз. Жиырма бес жылда әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға артып келе жатқаны сөзсіз.

Міне, «Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік әзірлік!» ұранымен басталған биылғы жылы әскеріміздің қуатын, биік жауынгерлік рухын және дайындығын көрсететін кез де жетті.  Осы 25 жылдыққа арналған әскери парад бұрынғыларға қарағанда айрықша және өзгеше өтетіні хақ. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"