Қарулы күштердің қажетіне жараған қажырлы еңбек

Біз бүгін 83205 әскери бөліміндеміз. Бұл бөлім ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды қызметшілері мен ҚР Қарулы Күштері Бас қолбасшыларын, Ақмола өңірлік гарнизонының лауазымды қызметшілерін қызметтік көліктермен қамтамасыз етеді. Және де шетелдерден елімізге арнайы келген сыйлы қонақтар мен делегацияларды да көлікпен алып жүру міндеті жүктелген. Сонымен қатар, ҚР Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысын, ҚР Қорғаныс минстрлігінің жоғарғы офицерлер құрамын, келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаратын сержанттар мен сарбаздарды киіммен әрі материалдық мүлікпен қамтамасыз ететін де осы бөлім.  

Жүргізушілердің жұмысы

Таңғы сағат 06:00. Әскери бөлімге әдеттегідей барлық тексеруден өтіп, ұлы телефондарымызды тапсырып, суретке түсіру үшін фотоаппаратымызға арнайы рұқсат алып барып ішке ендік. Таң атуға жақын қалғанымен дала әлі де болса қараңғы. Оның үстіне арқаның таңғы аязы өтіп барады. Әскери бөлімге кіріп жатқан кісінің қарасы көп. Бұлардың барлығының қызметтік көлік жүргізушілері екенін кейіннен білдім.
Алдымен 83205 әскери бөлімінің командирі полковник Еркін Алашбаевқа жолықтық. Біздің әскери бөлімге келу мақсатымызды сұрап білгеннен кейін полковник Еркін Алашбаев:  «Қарулы Күштердің барынша ашықтылығы мен қолжетімділігін арттыру керектігі үнемі айтылып жүр. Бұқаралық ақпарат құралдарында Қарулы Күштер қызметін білікті түрде жария ету, қоғамда оң көзқарас қалыптастыру, әскери қызметтің беделін арттыру және насихаттау керек-ақ. Сондықтан, біздің 83205 әскери бөлімі туралы жазуға келсеңіздер ешқандай бөгет жоқ. Алдымен бөлімнің жалпы жұмысымен танысып шығыңыздар», – деп өз рұқсатын берді.

***
Бұл уақытта көлік жүргізушілері әскери бөлімге толық келіп болған. Олар үшін күнделікті осы уақытта келу қалыпты жағдайға айналған. Себебі, сөз басында айтқанымыздай ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды қызметшілері мен ҚР Қарулы Күштері Бас қолбасшыларын сағат 08:00 мен 08:30 аралығында жұмыс орындарына жеткізу міндеті жүктелген. Ол үшін көліктерін тізгіндемес бұрын барлығы да арнайы тексерістен өтулері керек. Мен де әлденеден құр қалардай жүргізушілермен бірге жүріп, әскери бөлімнің барлық жұмысына қанық болуға тырысып бағып жүрмін. Әскери бөлімдердегі темірдей тәртіпке алғашқыдай емес, етім үйрене бастаған секілді.  
Жүргізушілер алдымен медициналық тексеруден өтуге бет алды. Онда жүргізушілердің қан қысымы, дене қызуы тексеріліп, шағымдары тыңдалады. Егер денсаулығына қатысты қандай да бір шағымы болған жағдайда жүргізуші жұмысқа жіберілмейді. Тексеруден өткен оларға парк кезекшісі көліктің құжаттары мен кілтін беріп, көліктерін техникалық тексеруден өткізуге жіберді.

Техникалық қауіпсіздік

Автомабиль техникасын жөндеу және қызмет көрсету бөлімінің технигі қатардағы жауынгер Ербол Жамихан төрт бағанды көтергішке шығарып, әрбір көліктің қозғалтқышын, тежегішін, май-суын, доңғалақтарына дейін түгел тексеріп шығып жатты. Жұмысының қанша қарбалас болып жатқанын көріп тұрсақ та, амал жоқ жанына барып оның жұмысы туралы сөйлесуге тура келді.  
«Бұл жерде көлік қозғалтқышындағы жеңіл-желпі ақауларын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Егер кешкісін жұмыстан қайтқан жүргізуші көлігінің қандай да бір жерінен ақау шығып тұрғанын айтатын болса, кешіктірмей жөндеу жұмысына кірісеміз. Әр күні әр түрлі жағдайлар болып тұрады. Қанша дегенмен бұл техника. Бұзылмай, бүлінбей тұрмайды. Алайда, барлығы жаңа, соңғы үлгідегі  көліктер болғаннан кейін бізге аса қиындықтар туындамайды», - дейді қатардағы жауынгер Ербол Жамихан.
Бірінші тексеруден өткен көліктер шыға берісте тағы да екінші тексеруден өтуде. Мұнда көліктің тұманды күні жағатын, алысқа түсетін шамдары, оңға және солға бұрылғанда жанатын және тежегішті басқанда жанатын шамдары тексеріліп, сыртқа, яғни жұмысқа шығуларына рұқсат беріледі. Осыншама тексеруден өтіп шығамын дегенше, сағат таңғы 7:00-ді көрсетіп тұрды.
Қорғаныс министрлігінің қызметшілерін жұмысқа тасымалдайтын үлкен автобустар да осы жерден шығады. Бір сағаттың ішінде барлығына үлгерген жүргізушілер көліктерімен сап түзеп, бірінен соң бірі қаланың нөпір көліктерінің арасына қосылып жатты. Жүргізушілер ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды қызметшілері мен ҚР ҚК Бас қолбасшыларын жұмыстан кейін шамамен кешкі 19:00 уақытында алып шығады. Кешкі кептеліспен алысып, әскери бөлімге қайта оралғанша сағат 21:00 мен 21:30-болады. Келгеннен кейін де көлікті түгел тексеруден өткізіп, жуып-шайып, май-суын құйып, құжаттары мен кілтін тапсырып, ертеңгі жұмысқа қайта даярлап қояды. Егер, күрделі жөндеулер қажет болған жағдайда оны да қызмет көрсету бөлімінің технигтеріне тапсырады.
Міне, дәл осындай қалыппен күнделікті 90-100 көлік қызмет атқарады. Бұл – бірінші автомабиль батальонының жүргізушілері атқаратын жұмыс. Бұдан бөлек екінші автомабиль батальонының жүргізушілерінің атқаратын жұмыс да бар. Біз бірінші автомабиль батальонының жүргізушілерін шығарып салғаннан кейін, осы екінші автомабиль батальонының жүгізушілерінің жұмысымен танысуды бастадық.
«Бүгін бізде «Жүргізушінің міндеттері», «Жол апатының негізгі себептері» деген тақырыптағы сабақтар өтуде. Екінші батальонының негізгі жұмысы –  техникаларды тасымалдау. Егер, бірінші автомабиль батальонының көліктері істен шығып, қиындыққа тап болған жағдайда екінші батальон көмекке барады. Сондай-ақ, полигондарда өтетін оқу-жаттығуларға да осы екінші батальонның жүргізушілері барады», – дейді екінші автомабиль батальонының комантирі Мақсат Өтешов.
Мұнда полигондарда өтетін оқу-жаттығуларға арналған үлкен техникалар да тұр.
Әскери бөлімді аралап жүріп Линкольн көлігін көзім шалып қалды. Әзірге мұнда елеусіздеу тұрғанымен бұл көліктің атқарар міндеті үлкен екені баршамызға аян. Әр жылда 7 мамыр күні Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ауқымды әскери парад өтіп тұратыны белгілі. Әскери шеру басталып, мемлекеттік Ту алаңға әкелінгеннен кейін алаңға Қорғаныс министрі дәл осы салтанатты көлікпен шығады.
Сапқа тізілген әскерді шолып шыққаннан кейін Қорғаныс министрі мінберде тұрған Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшыға әскерлердің мерекеге арналған парадқа дайын екендігін баяндайды. Сол айтулы да ауқымды әскери шерудің басты көлігі деуге болады мұны. Сөздің тоқетерін  айтқанда, «Кабриолет» түріндегі Линкольн Таун-Кар – әскери шеру өткізу кезінде Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрін алаңға салтанатты түрде алып шығатын көлік.
Линкольн автокөлігін дәл қазіргі уақытта пайдаланбаса да, күнделікті күтім жасалып тұрады екен. Елімізде 2010 жылы осындай 3 автокөлік сатып алынған болатын.

Мөр дайындау бөлімі

Біз енді 83205 әскери бөлімінің өзге де жұмыстарымен танысып шығуды мақсат тұттық. Әскери бөлімдегі өзге қызметшілер үшін таңғы тексерілім 08.45 те басталды. Алдымен әскери бөлімнің әрбір бөлім командирлері  83205 әскери бөлімінің командирінің бірінші орынбасары подполковник Еркеболат Таиповқа, ал подполковник 83205 әскери бөлімінің командирі полковник Еркін Алашбаевқа әскери қызметшілердің барлығының түгел екендігі туралы баяндады.
Осыдан кейін бізді командирдің бірінші орынбасары подполковник Еркеболат Таиповтың өзі ертіп жүріп, бөлімнің барлық жұмыстарымен таныстырып шықты.
Біз бас сұққан алғашқы бөлімде темір құрылғылар тізіліп тұр екен.
«Бұл 83205 әскери бөлімінің ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Қарулы Күштеріне мөрлер мен мөртаңбалар және металл мөрлер дайындайтын бөлім. Осы бөлімнің бастығы, 1997 жылдан бері осы бағыт бойынша жұмыс жасап келе жатқан Әділхан Әбдібеков Қыдырбайұлы», – деп таныстырды подполковник Таипов.  
Менің көкейіме ең алдымен келгені: «Барлығына бір мәрте мөр дайындап берсе болады емес пе? Сонда бұл бөлімнің не қажеті бар?» – деген ой болды. Және бұл ойымды іркіп қалмай бөлім бастығы Әділхан Қыдырбайұлына да айттым.
«Рас. Сырттай бір қарағанда дәл солай ойлауыңыз заңды. Бірақ, ішкі жұмыстарымен таныса бастағаннан кейін ойыңыз өзгереді», – деп бөлімнің жұмысы туралы түсіндіре бастады. «Мәселен, бір әскери бөлімнің немесе департаменттің атауы ауысты делік. Демек, сол бөлімге немесе департаментке қарасты барлық бөлімшелерде де өзгеріс болады. Осыдан кейін барлығына мөрлер мен мөртаңбаларын қайта даярлауға тура келеді. Ал, әскери салада мұндай өзгерістер жиі болып тұрады. Сондықтан да жұмыс дамылсыз жалғаса береді. Бір қараған кісіге аса жұмыс жоқ секілді көрінгенімен бұл жерде жұмыс көлемі жекелеген мөр дайындайтын фирмаларға қарағанда екі, тіпті үш еседей ауқымды», – деп түсіндірді.
Расында да, жәшіктерде жиналып тұрған металл мөрлерді көргенде  бұл жердегі жұмыстың аз еместігін аңғарғандай болдық.

***

Келесі материалдық қамтамасыз ету бөлімінің жұмысымен таныстық. Мұнда сөз басында айтқанымыздай, Жоғарғы Бас қолбасшының, ҚР Қорғаныс минстрлігінің жоғарғы офицерлер құрамын, келісімшарт бойынша әскери қызмет атқаратын сержанттар мен сарбаздарды киіммен әрі материалдық мүлікпен қамтамасыз етеді.
«Киімдер жаздық-күздік, қыстық-көктемдік болып бөлінеді. Киім-кешектің қатарына бас киімнен бастап аяқ киімге дейінгінің барлығы кіреді. Сонымен қатар, погондар да, жұлдызшалар да осы бөлімнен алынады. Бізде киім-кешек кез келген уақытта беріле бермейді. Бір киім белгіленген уақытқа дейін жарамды», – дейді киім-кешек материалдық қамтамасыз ету бөлімінің аға маман жауапты орындаушысы аға сержант Зейнекүл Әжібаева.

Мемлекеттік тілдің орны бөлек
83205 әскери бөлімінде ҚР Қарулы Күштері әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі бөлімі мен мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі қызметтің жұмыстарымен де таныстық. Көп жағдайда әскери қызметшілердің үй жағдайына көңіл бөлуге аса уақыты бола бермейді. Себебі, олардың алдында таңның атысы, күнің батысы жоспарланған жұмысты, жүктелген міндетті, Отан алдындағы борышты адал әрі мүлтіксіз орындау міндеті тұрады. Алайда, олардың да отбасы, бала-шағасы, туған-туысы бар екенін мемлекет естен шығарған емес. Кейбір отбасының кезек күттірмей шешімін табуы тиіс мәселелері болады. Міне, осы секілді өзекті деген мәселелермен ҚР Қарулы Күштері әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі бөлім айналысады. Әскери қызметшілердің үй кезегіне тұруы, балаларының балабақшаға немесе мектепке баруы жайында қандайда бір күрмеу кезіксе, соны шешуге атсалысады.
Ал, мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеру мақсатында мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі қызмет жұмыс жасайды.
«Мен 83205 әскери бөлімінде 2015 жылдан бастап мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі қызметтің бастығы лауазымын атқарып келемін. Бұл жерде негізінен әскери қызметшілер мен офицер, сержанттарға сабақ беремін. Мұнда жұмысты нәтижелі атқару үшін арнайы «Қазақ тілі» бөлмесі берілген. Бүгінгі таңда құжаттардың барлығы мемлекеттік тілде жүгізілетін болғандықтан, сол құжаттарды сауатты жазуға үйретеміз. Сонымен қатар, қазақ халқының тарихи тұлғаларының өмірі мен шығармашылығы туралы оқытамыз. Әскери қызметшілер сол өткен сабақтар туралы тоқсан сайын бақылау жұмысын тапсырады. Олар, диктант, реферат жазу және ауызша талқылаулар арқылы өтеді.
Бізде мемлекеттік тілді үйренушілер «қарапайым», «орта», «жоғары» деп білімдеріне қарай үш деңгейге бөлінеді. Бастапқы топта негізінен өзге ұлт өкілдері оқиды. Қазір латын графикасына өту мәселесі бойынша біз де латын әліпбиі туралы сабақтар өткізіп жатырмыз. Әскери бөлімдегі мемлекеттің тілдің қолданыс аясын жалпылама деңгейде алып қарайтын болсақ, қазақ тілінің қолданысы өте жоғары деңгейде деп айтуға болады», – дейді Ләззат Ысқақова

Олжас СӘНДІБЕК
Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕН


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"