«Қаратау-2017» оқу-жаттығуы аяқталды

Қазақстанда «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы сәтті аяқталды. Қыркүйектің 12-сі мен 21-і аралығында өткізілген бұл оқу-жаттығудың барысына шолу жасағанды жөн санадық.

 

Жауынгерлік әзірлікке келтірілді

 

Қыркүйектің 12-сі күні ҚР Қарулы Күштерінде «Қаратау – 2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы басталды. ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың бұйрығы бойынша Қарулы Күштер мен әскер тектері барлық түрлерінің құрамалары мен бөлімдері жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілді.  

 Аталмыш іс-шараның мақсаты әскерлердің жауынгерлік әзірлігін және белгіленген мерзімде арналуы бойынша олардың тапсырмаларды орындау қабілеттілігін тексеру болып табылады.

 «Қаратау – 2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуына шығыс, оңтүстік-шығыс, оңтүстік және батыс өңірлерінде орналасқа құрамалар мен бөлімдер тартылды. Оқу-жаттығуға барлығы 10 мыңға жуық әскери қызметші, 1500-ден аса бірлік жауынгерлік техника, 40-тан аса ұшақ пен тікұшақ, сондай-ақ Әскери-теңіз күштерінің корабльдері қатысты.

Жауынгерлік әзірлікке келтірілгеннен кейін әскери басқару органдары оқу-жауынгерлік тапсырмаларын алып, белгіленген аудандарға бөлімшелерді жедел алмастыруға кірісті. Бұл ретте әскерлерге бейтаныс жерде әрекет етуге тура келді.

 Оқу-жаттығудың түпкі ойы бойынша күрделі жедел-тактикалық жағдай қарастырылған. Ол арқылы қолбасшыларға анағұрлым мақсатқа сәйкес шешім қабылдау, ал бөлімдер мен бөлімшелерге ұрыс алаңында шартты қарсыласқа шебер тұрғыда төтеп беру қажет болады.

Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес «Қаратау – 2017» оқу-жаттығуына жетекшілік ету Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевке тапсырылды. «Аталмыш оқу-жаттығудың ерекшелігі 4 бағытта әскерлердің ірі топтамасын бір уақытта басқару, Қарулы Күштер, әскер тектері, жауынгерлік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері барлық түрлерінің өзара іс-қимыл жасауы, сондай-ақ әскери барлау күштері мен құралдарының мүмкіндіктерін тексеру болып табылады», - деді оқу-жаттығу жетекшісі генерал-лейтенант Мұрат Майкеев.


 

 

Бейтаныс жерде әрекет етті

Қазақстан аумағындағы «Қаратау – 2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының жалғасып жатқан кезеңінде әскерлер шартты дағдарыс аудандарына жылжуға кірісті. Оқу-жаттығу барысында әртүрлі бағыттардан заңсыз қарулы құралымдардың еліміздің аумағына ену сценариі ойнатылды. Алматы мен Жамбыл облысының екі жетуге жолы қиын аудандарында шартты қарсылас өңір мен елде жағдайды әрі қарай тұрақсыздандыру мақсатында бекініп алды. Дабыл бойынша әскерлер көтерілгеннен кейін бірнеше сағат өткен соң дағдарыс аудандарына іргелес орналасқан аумаққа армиялық авиацияны қолдана отырып, қарсылас туралы мәліметтерді жинақтап, біріктіретін, сондай-ақ негізгі күштердің шығарылуы мен өрістетелуін қамтамасыз ететін барлау бөлімшелері түсірілді. Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдері қарулы шиеленісті оқшаулау жөнінде тапсырма алып, ұдайы орналасу пункттерінен дағдарыс аудандарына бірнеше жүздеген шақырымға марш жасады.

««Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлері жол мен теміржол қатынастарының желісін пайдалана отырып, құрамдастырылған тәсілмен ауысып отырады. Десанттық-шабуылдау бөлімдері мен бөлімшелері дағдарыс аудандарына жауынгерлік техникада аттанады. Қозғалу бағдарлары қолбасшылардың шешімімен айқындалған және марш барысында жасырынушылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», - деді оқу-жаттығу барысында Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Руслан Шпекбаев.

 

Әуе десанты түсірілді

 

Дағдарыс аудандарына іргелес орналасқан аумақта әскерлердің іс-қимылдарын қамтамасыз ету үшін бір уақытта 200-ден аса адамды құрайтын тактикалық әуе десанты түсірілді. Сәтті түсіруден кейін десанттық-шабуылдау батальоны биік жерге орналасып, әрі қарай мотоатқыш және танкті бөлімшелердің өрістетілуі үшін жердің бақылауын жүзеге асырды. Оқу-жаттығуға авиация белсенді түрде тартылғанын айта кету қажет. Бірінші кезеңде С-295 әскери-көлік авиациясының ұшақтары жеке құрамды жедел алмастыруды орындады.

«Бүгінгі басқару пункттері барлық қажетті байланыс түрлерімен жабдықталған, бүркемелеу мен қорғалудың жеткілікті деңгейіне ие. Бұл ұзақ уақыт бойы автономдық жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді. Оқу-жаттығу барысында қолбасшылар мен командирлердің қалыптасқан жағдайды жылдам бағалап, анағұрлым мақсатқа сай шешім қабылдау шеберліктеріне ерекше көңіл бөлінеді. Шешім қабылдау кезіндегі жеделділік бағынысты әскерлерге жауынгерлік іс-қимылдарға іс жүзіндегі дайындықты, ал шешім қабылдаудың мақсатқа сәйкестігінен түпкі нәтижеде операцияның сәтті өтуі байланысты», - деп Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Руслан Шпекбаев түсініктеме жасады.

Толық барлауды жүргізді

«Қаратау-2017» оқу-жаттығуы барысында барлау бөлімшелерінің күштері мен құралдары шартты қарсылас орналасқан аудандарды толық барлауды жүргізді.  Бөлімшелер шартты қарсылас орналасқан аудандарды оқшаулау үшін бекіністерге тұрақтады. Негізгі күштердің белсенді іс-қимылдары алдында арнайы операциялардың бөлімшелері заңсыз қарулы құралымдардың анағұрлым маңызды объектілерін барлау мен жоюды ұйымдастырды. Авиацияны бағыттау тобы 6000 метрден парашюттік тәсілмен десанттады. Мұндай биіктік қондыру кезінде байқалмауға мүмкідік берді. Ал, арнайы оттегі жабдығы мен экипировка әскери қызметшілерге дем алуды және үлкен биіктіктерде төмен температура мен желден қорғануды қамтамасыз етті.

Жаңа үлгідегі «Skylark» ұшқышсыз ұшу аппараттары түнгі жағдайларда нысаналарды айқындады. Өз кезегінде, «Wing Loong» барлау соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары өздігінен бақылауды жүргізді және шынайы уақыт режімінде анықталған қарсыласты зымырандармен жойды. «Бүгінде Арнайы операциялар күштері жоғары дәлдікте барлауды жүргізуге және қарсыласты жоюға мүмкіндік беретін заманауи қару-жарақпен жарақтандырылған. Жаңа жоғары технологиялық құралдар әскери қызметшілердің байланыссыз жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуді қамтамасыз етеді, жеке құрамды сақтап қалуға, сондай-ақ қысқа мерзімде жауынгерлік тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді, - дейді 36814 әскери бөлімінің командирі полковник Болат Жорабаев.

Әскерлер қолбасшылары қабылдаған шешімдерге сәйкес шартты дағдарыс аудандарына мотоатқыш, танкті, десанттық-шабуылдау және артиллериялық бөлімшелердің негізгі күштері келгенін айта кету қажет.


Теңізшілер кемені «босатты»

 

«Қаратау – 2017» оқу-жаттығуы шеңберінде Каспий теңізінің қазақстандық секторында әскери теңізшілер де корабльдің диверсияға қарсы қорғанысы мәселелерін пысықтады.

 «Қаратау – 2017» оқу-жаттығуына сәйкес заңсыз қарулы құралымдар өкілдерінің корабльді басып алу эпизоды ойнатылды. Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік жүзушілерінен құралған бөлімше Қазақстан Республикасы әлеуетті ведомстволарының арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасауда басып алынған кемені босату және шартты лаңкестерді жою жөнінде операция өткізді.

 Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Жандарбек Жанзақов «Заманауи соғыс пен қарулы жанжал тәжірибесі бізден жауынгерлік оқуды теңізге шығу мен жауынгерлік оқ атулардың дәстүрлі үлгілерінде ғана қажет етпейді. Бүгінде біз қарсыластың кез келген «шабуылына» дайын болуымыз керек», - деп атап өтті.  

Шартты дағдарыс ауданын оқшаулады

 

 Қолбасшының шешіміне сәйкес мотоатқыш және танкті бөлімшелер бастапқы аудандардан шығып, шартты дағдарыс ауданын оқшаулап, әрі қарайғы іс-қимылдар үшін бекіністерге жайғасты. Қазақстанда өтіп жатқан «Қаратау – 2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы барысында барлау бөлімшелері мен Арнайы операциялар күштерінің іс-қимылдарымен негізгі күштерді өрістету үшін қажетті жағдай жасалды. Алынған жедел мәліметтер негізінде оқу-жаттығу басшылығы жағдайды бағалап, шартты заңсыз қарулы құралымдардың іс-әрекетінің ықтимал сипатын айқындады. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мұрат Құсайынов дағдарыс ауданында арнайы әскери операцияны жүргізу туралы шешім қабылдады. Атыс шептеріне артиллерия жайғасты. Арнайы әскери іс-қимылдар барысында жауынгерлік қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, тәулік бойы шартты қарсыласты барлау жүргізілді. РХБҚ бекеттері радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылауды жүзеге асырды. Жауынгерлік күзету қарсыластың кенеттен шабуыл жасау мүмкіндігін, ал позицияларды инженерлік жабдықтау мен жедел бүркемелеу атыс құралдарының әсер етуінен жасырынушылық пен қорғалуды қамтамасыз етті.

«Оқу-жаттығу қолда бар күштер мен құралдарды барынша тарта отырып өтуде. Мотоатқыш, танкті, артиллериялық бөлімшелер мен авиацияның іс-қимылдары бірыңғай ниетпен біріктірілген және дағдарыс ауданында шартты қарсыласты оқшаулау мен жоюға бағытталған, - деді оқу-жаттығу басшылығы штабының бастығы генерал-майор Әділбек Алдабергенов. 

«Қаратау-2017» сәтімен аяқталды

 

Жалпы оқу-жаттығуда бірқатар маңызды мәселелер пысықталды. Атап айтқанда, бірнеше операциялық бағыттарда басқаруды ұйымдастыру, сондай-ақ түрлер мен әскер тектері арасындағы өзара іс-қимыл, шағын биіктіктерде парашюттерді аша отырып, үлкен биіктіктерден түнгі көру аспаптарын пайдалана отырып, арнайы жабдықпен жеке құрамның десанттауы, түнгі жағдайларда майдандық және армиялық авиацияны келтіру, ұшқышсыз ұшу аппараттары, артиллерия және авиация бөлімшелері құрамында өңірлік қолбасшылықтың жауынгерлік барлау-басқару жүйесін құру және қолдану. Оқу-жаттығудың мақсатына қол жеткізілді, қауіпсіздік шараларының бұзылуы орын алған жоқ.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"