Қанатты қыран

Қанатты қыран

«Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінде Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтің туғанына             100 жыл толуына орай, мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілермен «Батырлар мәңгі жасайды!» тақырыбындағы ашық тәрбие сағаты өткізілді.

Аталған ашық тәрбие сағатының басты мақсаты 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық батырлардың жанқиярлық ерліктерін дәріптеу және олардың қайталанбас ерліктерін ҚР Қарулы Күштерінің қатарындағы әскери қызметшілерге үлгі тұту болып табылады.

    «Батырлар мәңгі жасайды!» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатын 06708 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы капитан Б. Чебиков ашып берді.

    Алдымен мерзімдік қызметтегі әскер қызметшілерге ұшқыш батыр Нүркеннің өмірбаяны жеткізілді. Тақта алдында 1-ші зеңбіректі артиллериялық дивизионының қатардағы жауынгері Уәли Самат Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтің өмірі мен ерлік жолына зер салып, өз ойын еркін жеткізе алды:    «Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нүркен Әбдіров 1919 жылы 9 тамызда Қарқаралы өңірінің бұрынғы 5-ші ауыл, қазіргі Нұркен атындағы шаруашылық аумағында шаруаның отбасында дүниеге келген. Кейін ата-анасымен бірге Қарағанды қаласына көшіп, осы қалада әуе клубында ұшқыш мамандығын игерген. Ұлы Отан соғысы басталғанда Нүркен Орынбор әуе училищесінде оқитын. Кейін Нүркенді Сібір қалаларының біріндегі шабуылшы әскери ұшқыш дайындайтын курстарға жіберді».

    Нүркен Әбдірұлы оқуды тәмамдағаннан кейін 267 әуе шабуылдаушы дивизиясының 808-ші шабуылшы полкының құрамында майданға аттанады.
Ұшқыш Н.Әбдіров талай әуе шайқасына қатысып, ерлік пен өжеттік, әскери шеберлік танытты және әр берілген тапсырманы мұқият орындап отырды.
Барлығы 17 рет әуе шайқасына қатысқан Нүркен жаудың 18 танкісін, 46 жүк машинасы мен көлігін, оның ішінде оқ дәрі тасыған 18 керуенді, жанар май құйған 3 цистернаны талқандап, зенит қондырғыларының бесеуін, бірнеше жабық атыс ұясын, талай рет әуеден жау әскерін талқандады.
1942 жылдың 19 желтоқсанында өзінің серігі, атқыш әрі байланысшы Саша Комиссаров екеуі соғыс аспанына соңғы рет самғап шыққан еді. Ресей жеріндегі Боков - Пономорев станциясы маңайында олар тас құрсанған гитлерлік басқыншылардың үлкен алты танкісін, бірнеше атыс ұясын, зенит артиллериясының екі қондырғысын жойып жібереді.
Жау оғы самолетке дөп тиіп, өртене бастады. Сол сәтте ұшқыш Нүркен Әбдіров отқа оранған ұшағын неміс армиясының танктері шоғырланған тұсқа қарай бұрды. Осылайша құлдилай құлаған ұшақ ішіндегі Нұркен мен оның серігі Александр Комиссаров екеуі ақырғы рет қаншама жаудың көзін жойып, бірге жанқиярлық ерлікпен көз жұмды.
Осынау теңдесі жоқ ерлігі үшін Нұркен Әбдіровке 1943 жылғы 31 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қанатты қыран, қазақ халқының қаһарманы Нүркен Әбдіров осылай мерт болды.

    Келесі кезекте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нүркен Әбдіровтің жазған хаттарына шолу жасалды. Қаһарман Нүркеннің жазған хатынан үзіндіні 2-ші зеңбіректі артиллериялық дивизионының қатардағы жауынгері Б.Сембай оқып берді:

    «Менің қолыма қорғасыннан жауға сыйлық тартатын, тез ұшатын самолет тиді. Егер фашистерді біз жоймасақ онда олар бізді жояды, көңілді, бақытты өмір қайтып оралмайтын болады...».

Теңдесі жоқ ұшқыш Нүркен Әбдіровтің қайталанбас ерлігі мәңгілікке есте қалары сөзсіз. Ашық тәрбие сағатының соңында 1-ші зеңбіректі артиллериялық дивизионының қатардағы жауынгері Мәжіт Асан Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нүркен Әбдіров туралы жазылған өлең жолдарын мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілер алдында жатқа оқып берді:

Қызыл жалын лапылдап,
Кабинада ойнады,
Сұм ажал енді жақындап
Нұркенге келді жойғалы.
Ызаланып ашумен
Қабағы тастай түйілді.
Нұркен–бүркіт, жау–қасқыр,
Қасқырға бүркіт шүйілді.
Соңғы сөзі болды оның:
“Ақтық күшім халқыма!”
Эшелонға кеп түсті
Қалдырып түтін артына.
Өлімге басын тіксе де,
Намысын жауға берген жоқ.
Ұмытпайды елі оны–
Өлсе де ол, өлген жоқ!

     Аса қызықты өткен «Батырлар мәңгі жасайды!» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатын бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы капитан Бірлік Чебиков қорытындылай келе, батырдың жасаған ерлігіне ерекше мән беру керектігін айтты. Лауазымды тұлға капитан Бірлік Мамбетахынұлы өз сөзінде:

    «Ұшқыш Нүркен Әбдіров! Қайталанбас ерлік жасаған қазақтың қанатты қыраны!1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тарихындағы жіберілген қателіктермен біздің санамызда Нүркен Николай Гастелло деген ұшқыштың ерлігін қайталаған деген жаңсақ пікірдің қалыптасып келгені рас. Алайда шындық бізге, біздің елге Тәуелсіздікпен бірге жетті. Мұрағат құжаттарының зерделенуімен ұшқыш Н. Гастелло ерлік жасаған деген жерден басқа ұшқыштардың мүрделері табылғаны ақиқат. Жау ордасының үстінен тұңғыш рет «ұшақпен қанатты қақтығыс жасаған» қазақ халқының қайтпас та қайсар ұшқыш қаһарманы Нүркен екені шындық! Ендеше, осы Нүркендей батыр ағаларыңның ерліктерін үлгі етіп, Отан алдындағы Әскери антқа адал болуларыңды қалаймын!», - деп, ашық тәрбие сағатын түйіндеді.

    Ашық тәрбие сағатына қатысқан бөлімнің мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілері зор ұйымшылдықпен асқан белсенділік танытты.

 

                                                  Тілек Алшымбекұлы,

                                                    06708 әскери бөлімі,

«Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи