Оңтүстіктің тыныштығын күзеткен оғландар

Қазақ – әлімсақтан жауынгер халық. Шекарасының тыныштығын ежелден ойлаған халқымыз қай заманда да территориясының тұтастығын, айқындығын, анықтығын естен шығармаған. Тіпті, кешегі қылышынан қан тамған Кеңес заманында да Жұмабек Тәшенов, Дінмұхамед Қонаев сынды аталарымыз ел іргесін берік етуге, байтақ даламыздың тұтам жерін жат қолына бермеуге күш салды. Арғы бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен Атырау мен Алтайдың, Арқа мен Алатаудың арасын қорғағаны – бөлек әңгіме. Бүгінгі айтпағымыз – республикамыздың оңтүстік өңірін қорғау және күзету және жауынгерлік, тылдық, техникалық қамтамасыз ету мақсатында құрылған 85395 әскери бөлімінің ұжымы туралы.

Бөлім қалай құрылды?

Хош, сонымен қос ғасырлық тарихы бар киелі шаһар – Тараз қаласының Төле би көшесінде орын тепкен әскерилер мекеніне ат шалдырдық. Құшақ жая қарсы алған бригада командирі подполковник Ержан Ыбыраев амандық-саулықтан соң-ақ бөлімнің жағдайымен барынша таныстырып бақты.

– Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000-жылы 3-қаңтарда «Қазақстан Республикасының оңтүстік шекарасын қорғау және күзету бойынша ұйымдастырушылық іс-шараларын жүргізу туралы» Жарлығы жарияланды. Іргемізді аталған құжат негізінде осы жылы 5-тамызда қаладық. Содан бері Отан алдында абыроймен қызмет етіп келеміз. Сарбаздарымыз бен сардарларымыз сан сын-қатерлерді бастан өткеріп, белестерді бағындырды, асулардан асты, - деп ағынан жарылды командир.

Расында, әскери ұжымның кешегісі мен бүгінінің арасында жетістік те, мақтаныш та көп. Бөлімнің жеке құрамы әу баста бірінші және екінші армия корпусының әскери бөлімдерінен келген офицерлерден, прапорщиктерден, сержанттардан және сарбаздардан жасақталған екен. 2000-жылғы мамыр айында бөлімнің бөлімшелері Жамбыл облысына қарасты Гвардейский қалашығындағы 30212 әскери бөлімінің оқу-жаттығу полигонына шоғырланады. 20-мамырдан 1-тамызға дейін ұрыстық атыспен бригадалық тактикалық оқу-жаттығу өткізу арқылы бөлімшелер үйлестіріледі. Сода кейін бес күннен соң Елбасы – Қарулы Күштердің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Әулиеата өңіріне табан тіреп, 85395 әскери бөлімін салтанатты жағдайда ашады. Осы рәсімде ұжым басшылығына Жауынгерлік Ту табысталып, жасақтар Отан алдындағы борыштарын өтеуді бастап кетеді.

 

Нұрлы ойлы Нұртілек

Шаһардың ауа райы да жанға шуақ сыйлайды. Көкке қос арқан бойы көтеріліп үлгерген көктем күні еліміздің мамыражай тіршілігіне қуат беріп, сәулесін шашады. Биік-биік дуалдармен қоршалған, аумағы ат шаптырым бөлім аумағында жауынгерлердің әрқайсысы өз ісімен айналысуда. Бірі дене жаттығуымен айналысса, бірі алып атыс құралдарының айналасында жүр. Ал біреулері қас-кірпігін қақпай қарауылдықты мойнына алған. Жақын маңдағы атардағы жауынгердің бірін әңгімеге тартып, сұхбаттасып көрген едік. Екеуара диалогымыз былай өрбіді:

– Біз «Сарбаз» газетінің өкілі едік. Сіздің есіміңіз кім, қай өңірден келдіңіз? Әскери борышыңызды өтеуде қиындықтар туып жатқан жоқ па?

– Есімім – Нұртілек. Жаңатайдың ұрпағымын. Өзім Ақтөбе топырағындағы Әйтеке би ауылының тумасымын. Кеш те болса Отан алдындағы парызымды атқаруды жөн санадым. Бұл – мен үшін үлкен абырой. Ең бастысы, әскери қызметім шежірелі Тараз шаһарында өтіп жатқанына қуанамын. Бұл маңда қандай мықты бабаларымыз, батырларымыз өткен десеңші. Іргедегі Шу өңірінде Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын құрған жоқ па?! Былтыр ғана 550 жылдығын салтанатты жағдайда ел болып атап өттік. Осындай өлкеде, далада табанымның ізі қалып, қызметімді өткеріп жүргенім, бір сөзбен айтқанда, бақыт!

– Жөн екен. Өзіңіздің замандастарыңыздың, қаруластарыңыздың бойынан қандай артық немесе кем қасиеттерді байқадыңыз?

– Бұл менің көптен бері айтқым келіп жүрген дүние еді. Біз – тәуелсіз елдің буынымыз. Және осыны мақтан тұтамыз. Біздің замандастарымыздың бойында батыр, ақын, шешен бабаларымыздың қаны бар, тегі бар! Біз кешегі кеңестік идеологияның шет-жағасын да көрмедік. Біз – еркін ойлы, азат саналы ұрпақпыз. Барлығымыздың ойымызда бір ғана нәрсе бар. Ол – ел алдындағы борышымызды өтеп болған соң, азаматтық өмірде де қызметімізді елге сіңіру.

Мен айтатын бір ғана кемшілігіміз – кейбір жігіттердің тілдерінің «шұбарлығы». Елімізді үш ғасыр бойы отарлаған ұлттың тілінде сөйлеуімізді неге қоймаймыз осы?..

 

Сарбаздар қызметіне сақадай сай

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің құрамына кіретін 85395 әскери бөлімі жауынгерлік, тылдық, техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінен тұрады екен. Бригаданың негізгі қару-жарағы – БМП-2 деп аталады. Мұның қандай техника екенін түсінбеген боларсыз. Бұл жайында командирдің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары Марат Шахашов әңгімелеп берді:

– Қазіргі уақытта бригаданың жеке құрамының дайындығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында кез келген тапсырманы мүлтіксіз атқаруға әзірміз. Бұл бағытта БМП-2 танкісінің маңызы орасан зор. Мотоатқыштар бөлімшелерін тасымалдауға және оларды соғыс алаңында ату арқылы қолдауға, машинадан ұрыс жүргізуге арналған жеңіл құрышты, шынжыр табанды жүзетін соғыс машинасын біздің әскерилеріміз әбден меңгерген, - дейді ол. Техниканың тактикалық-техникалық сипаттамаларына тоқталсақ, ішіне 3 және 8 десанттан тұратын экипажды сыйдыра алады. Әскери салмағы 13,8 тоннаға жетеді. Қарулары – 30 мм автоматты зеңбірек, 7,62 мм қосарланған пулемет. Жылдамдығы сағатына 65 шақырымға дейін және 500 шақырымды еркін бағындыра алады.

Бөлімнің ішін аралау кезінде бригаданың сабақтар өтуге арналған оқу-материалдық базалар нысандарын тамашаладық. Командирдің техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Асхат Смагзаевтің айтуынша, топтық және динамикалық тренажерлар сыныбы сарбаздардың жаттығуына әзір тұр. Ату тренажері қажетті құралдармен толық жабдықталған. Ұрыстық атыс пен роталық тактикалық оқу-жаттығуларды өткізетін полигон сарбаздардың дайындығына қай кезде де әзір.

 

Оқу-жаттығуларда шыңдалған

Бригаданың алдына қойған міндеттерімен командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бауыржан Дүйсенбаев таныстырды. Оның мәліметіне сүйенсек, бөлім жауынгерлері қауіп төнген жағдайда арнайы операцияларды жүргізіп, қаруланған заңсыз топтарды жою керек. Сонымен қатар стратегиялық маңызды нысандарды қорғауға дағдыланған.

– Табиғи және технологиялық, экологиялық апаттардың салдарын жеңілдетуге де атсалысамыз. Әр сарбазға Отан үшін қызмет етуді үйретіп, патриоттық тәрбиеге баулимыз. Ісіміз нәтижесіз емес, көптеген шараларға қатысып, абыройлы атақтарға да іліктік. Бұл – офицерлердің ілкімді жұмысының жемісі, - дейді Б.Дүйсенбаев.

85395 әскери бөлімі құрылғалы бері кең көлемді «Сарыарқа-2004», «Іле-2006», «Алдаспан-2012», «Шоқпар-2013», «Шығыс-2013», «Өзара іс-қимыл-2013», «Айбалта-2015» оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жоғары деңгейдегі әзірліктерін байқатты. Сонымен қатар «Өзара іс-қимыл-2009», «Бейбіт миссия-2010» сынды халықаралық жиындарда да белсенділік көрсеткен.

– Мұндай басқосулар біздің жігіттеріміздің әскери, жауынгерлік даярлықтарын шыңдай түсті. Біз осы жарыстар арқылы нағыз қазақ армиясына лайық жаужүректігімізді аңғарттық. Мұндай оқу-жаттығу жиындарына алдағы уақыттарда да қатысып, бағымызды сынайтын боламыз. Бөлімнің абыройын асқақтатуға, егемендігіміздің тұғырын тереңдетуге барынша үлес қосуға күш саламыз сендіремін, - дейді бөлім басшысы Ержан Ибраев.

Айта кетейік, бұл құрылымды осы уақытқа дейін сегіз командир басқарса, қазіргі таңда барлығы да басшылық қызметте еңбек етіп жүр. Олардың екеуі генерал шенін еншілеп үлгерген. Оның біріншісі – бөлімнің алғашқы командирі генерал-майор Асқан Тасболатов болса, екіншісі – генерал-майор Қайдар Қарақұлов.

 

Орынды берілген оң баға

Былтыр Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының басқармасы тексеру комиссиясының қорытындысы бойынша 85395 әскери бөліміне мынадай баға берілген: «Әскери бөлім жауынгерлік ұрысқа дайын және тапсырмаларды орындауға қабілетті».

Сол тұста Қарулы Күштердің Құрлық әскерлері Әуе шабуылына қарсы әскерлері бастығы, комиссия төрағасы полковник Қайрат Нұртаев бригада жеке құрамы берілген тапсырмаларды лайықты орындағанын айрықша атап өткені есімізде. Тексеру комиссиясының жұмысы бөлімнің бірнеше өмірлік бағыттарын қамтыды: әскери және дене шынықтыру дайындықтарын ұйымдастыру барысы, әскери қызметінің ұйымдастырылуы, іскерлік жұмыстары, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағдайлары және тағы басқа көптеген бағыттар бойынша.

Ең басты назарға алатыны, бұл тексеріс кенеттен орын алған-ды. 85395 әскери бөлімінің штаб бастығы подполковник Ержан Мейірманов бригада әскери қызметшілері тексеру комиссиясы жұмысы барысында қойылған жағымды бағаларды мақтанышпен және шын шабытпен қабылдағанын жасырмаған.

– Бұл алынған бағалар – біздің күнделікті жұмыс барысымыздың нақты көрінісі, - деді ол. – Біздің бригада Тараз гарнизонындағы жалғыз жауынгерлік бригада болып табылады. Әскери қызметшілеріміз әскери бөлімнің мәртебесін көтеруге ұмтылады және осында қызмет атқарып жүргенін, жауынгерлік дайындыққа үлес қосқанын мақтан тұтады.

Иә, бөлімге сапарымыз барысында мұндай оң және жоғары бағаға біздің де көзіміз жете түсті. Бөлім ұжымымен қоштасып тұрып, олардың Отан алдындағы абыройлы қызметтеріне сәттілік тіледік.

Асхат РАЙҚҰЛ


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"