Күзгі әскери шақырылым елімізде қалай жүзеге асуда?

Күзгі мезгіл. Қазан айы. Осы айдағы науқан – күзгі әскери шақырылым. Ай басталысымен-ақ еліміздің Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдар қарбалас тірлікке кірісті. Қазір қандай да бір әскери мекемелердің алдынан шақырту қағазын алған он сегіз бен жиырма жеті жас аралығындағы жастарды кездестіруге болады. Олармен жұмыс жасайтындар – ау¬дандық, қалалық, облыстық маңызы бар қаланың әскерге шақыру комиссиялары. Олар елімізде жастарды әскерге тарту барысында зерттеу-зерделеу, іріктеу, әскери ортаға тарту сияқты жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

 Шақырушылар зерделенді

Бала кезден және мектеп қабырғасынан ұрпаққа берілетін тәлім – ел қорғаны болу, Отанға адалдықпен, патриоттық сезіммен қарау. Әу бастан «ер адамның міндеті – Отан алдындағы борышы» екенін осылай әр бозбала бойына сіңіріп, өседі.  Сол бозбалалар тепсе темір үзетін жасқа да жетеді. Сол тұста бала кезден ұғынған борышты өтейтін уақыттын да жеткенін білдіріп, әскерге шақырту қағазы да қолдарына тиеді.

Осы орайда әскери қызметшілердің тарапынан толайым жұмыстар жүргізілетінін айта кетейік.  Олар мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын шақырушыларды алдын ала зерделейді. Мәселен, шақырылушымен, оның ата-анасымен, шақырылушы жұмыс жасап немесе оқып жүрген кәсіпорын немесе оқу орнының әкімшілігі өкілдерімен жеке әңгімелеседі. Жеке әңгімелесу барысында шақырылушының моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене тұрғысындағы дамуы, жалпы білімі мен арнайы дайындығы, отбасы жағдайы туралы мағлұматтарға қол жеткізіледі. Сондай-ақ, медициналық куәландыру, яғни, наркологиялық тестілеу, гепатит пен туберкулезге зертханалық зерттеу шараларынан денсаулығы жайында мәліметтер алынады. Осындай іске әскери мекемелер алдынғы әскерге шақыру науқаны аяқталысымен-ақ кіріседі.

 «Жыл сайын қаңтар айынан бастап 16 жастағы ер балаларды есепке алу жұмыстары жүргізіледі. Сол кезде азаматтардың жас ерекшеліктеріне қарай әскер қатарына алынатындар тізімі жасалады. Әскерге шақырылудың талабы күшейтілді, әр бозбаланың денсаулығымен қоса оның моральдық-психологиялық жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан қазір жігіттерімізді зерделеу кезінде олардың ата-аналарымен де жүздесіп, балаларының жай-күйін білеміз.  Әскерге жарамды дегендері одан кейінгі іріктеуге қатысады. Медициналық тексерумен қоса, психолог мамандардың сұрыптауынан өтеді. Психологтар тестілеу өткізіп қана қоймай, «Ақ сұңқар» полиграф құралында тексереді», дейді зерделеу барысы жайында Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы полковник Бақыт Әбдібаев.

Ал, Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті биылғы көктемгі шақыру науқанын маусым айында аяқтап, жергілікті әскери басқару органдары 10 шілдеден бастап осы жылдың күзінде мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын шақырылушыларды алдын ала зерделеуге көшіпті. Яғни, 10 шілде мен 28 қыркүйек аралығында шақыру учаскелерінде Қызылорда облысына қарасты аудандармен және Қызылорда қаласындағы, кенттер мен ауылдық округтерінде бекітілген жоспарға сәйкес, әскер қатарына шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен алдын ала зерделеу жұмыстары жүргізілген. Аталмыш департамент өкілдерінің мәліметінше, зерделеуге және іріктелуге жататын 4021 азаматтың зерделенгені – 3374. Ал, іріктелгені –1543 азамат. Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарына сәйкес өткен 749 азамат ҚР Қарулы Күштеріне қарасты әскери бөлімдермен өзге де әскери құралымдарға барады деп жоспарланып отыр.

Осылай іріктелді

 Ау­дандық, қалалық, облыстық маңызы бар қаланың әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің тиісті түрі мен тегіне, басқа да әскерлері мен әскери құра­лымдарына тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде олардың өндірістік біліктілігі мен мамандығын, денсаулық жағдайын ескереді.

Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы, полковник Бауыржан Лекеровтың айтуынша, жастардың саны әскерлерді жасақтау үшін керекті мөлшерден жетіп артылады. Осыған байланысты «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болатындар ғана таңдалады. Мәселен, зымыран, авиация, броньды танк техникасын және радиотехникалық аппаратура шығарумен байланыс­ты ұйымдарда жұмыс істейтін әскерге шақырылушылар тиісті әскер түрлері мен тектерін жасақтауға жіберіледі. Сол сияқты, аэроұтқыр әскерлерін жасақтау үшін кемінде жалпы орта білімі, жақсы дене бітімі бар және бірінші кезекте парашютші спортшылар қатарынан әс­керге шақырылушыларды іріктеу жүзеге асырылады. Рес­публикалық ұланды жасақтау үшін жақсы дене дайындығы, кемінде жалпы орта білімі бар әскерге шақырылушыларды басым тәртіппен іріктеу жүзеге асқан. Жоғары білімі бар әскерге шақырылушылар оқу-жаттығу бөлімдеріне олардың біліміне және әскери даярлық бейініне ұқсас мамандықтар бойынша жіберіледі. Математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітірген азаматтар радиотехникалық, зениттік-зымыран бөлімдеріне, Қарулы Күштердің барлық түрлерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдардың байланыс бөлімдеріне шы­ғарып салынады. Ауыл ша­руа­шылығын механикаландыру және электрлендіру факуль­теттерін бітірген әскерге шақырылушылар танк, авиация, зениттік-зымыран бөлімдеріне және Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғаныс бөлімдеріне, Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлеріне жіберіледі.

Медицина және фармацевтика факультеттерін бітірген болашақ сарбаздарды Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиісінше кіші медициналық персонал лауазымдарға аттанады. Оқу-жаттығу бөлімдеріне және сержанттарды, сарбаз мамандарды даярлауға арналған мектептерге кемінде жалпы орта білімі және жоғары моральдық қасиеттері бар әскерге шақырылушылар қатарынан қатаң дербес тәртіппен іріктеледі.

 Жас толыммен қамтылды

Қазір Қазақстанда күзгі шақыру науқаны қызу жүріп жатыр.  Кейінге шақырылуға немесе шақырылудан босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы жастар, сондай-ақ, оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткермегендер (қолында шақыру мерзімі кейінге қалдырылды немесе әскерге шақырудан босатылды деген қағазы жоқтардан басқасы) ҰҚК, ІІМ және тағы басқа әскерлеріне қамтылмақ. Әр жерде жоспар бойынша жүріп жатқан жұмыс нәтижелі.

Мысалы, Жамбыл облысынан 1174 жуық жас қазақстандық азамат күзгі мерзімді әскери қызметке шақырылуы тиіс, ал көктемгі шақыру кезінде 1146 бозбала мерзімді әскери қызметке шақырылып, Отан алдындағы міндеттерін орындауда. Алдынғы 2015 жылы 1034 (оның ішінде 286 әскерге шақырылушы ҚР Қарулы Күштерінің сапына барды) бозбаланы әскери қызметке тартқан олар биыл да өз жұмыстарын жоспарлы түрде аяқтаймыз деп отыр.

Сол сияқты Қызылорда облысы бойынша межелеген жоспар бар. Қазіргі таңда Қазақстан Респуликасы Қарулы Күштерінде 279, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде 140, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде 15 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрілгі Ұлттық ұланы сапында 309 қызылордалықтар қызмет атқарып жатыр. Барлығы 743 сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуде.

Сондай-ақ, Семей қаласының қорғаныс ісі жөніндегі басқармасының мәліметіне жүгінсек, әскерге 197 адам шақырылып отыр. Оның 65-і ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне, 78 адам ҚР ҰҚК шекара қызметіне, ал, 54 адам ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясына жіберіледі.

Ал, Астана қаласы бойынша олар әскерге мерзімді қызметке 700 азаматты жіберуге тиіс. Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметіне сүйенсек, оның 240-ы Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына алынса, қалғаны ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық Гвардияға жөнелтіледі

 Алғашқылар да аттанды

Қазанның бас кезінде-ақ болашақ сарбаздардың алғашқы легін Астана қаласы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен әкімдігі мерзімді қыз­метке аттандырды. 43 әскерге шақырылушыны «Отан-Ана» монументі алдындағы алаңнан Шекара қызметінің теңіз шептеріне, яғни Ақтауға ата-аналарымен, туған-туыстарымен, ел ағаларымен бірге салтанатты жағдайда шығарып салды. Бұдан соң әр аймақта жас толым әскери борышын өтеуге жіберілді.

  Мәселен, Қызылорда облысы бойынша үш команда әскерге шығарып салынды. Қазан айының 14 - күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы 2035 әскери бөліміне жолдама алғандардың бірі – Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шаған ауылының тұрғыны Абылайхан Сәдуақасов.

1998 жылы туылған Абылайхан мектеп бітірісімен жоғары оқуға құжаттарын тапсырмастан бұрын, әскерге баруды жөн санаған. Себебі, ол «ер жігіттің ең бірінші міндеті – Отан алдындағы борышты  орындау»  деп санайды. Өзінен кейінгі екі інісі, қарындасына үлгі болғысы келген жас сарбаз әскерден үйренерім көп дейді.

P.S. Қазіргі таңда 1989-1998 жылдары туған азаматтарды кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны белсенді өтуде. Бұл шара желтоқсанға дейін жал­ға­сады.

Айта кетейік, күзгі әскер қатарына шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға және Мемлекет басшысының «ҚР азаматтарын 2016 жылғы сәуір-маусым және қазан-желтоқсанда мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлығына сәйкес жүргізілуде.  



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"