Жауынгер жасақтау – жауапкершілігі зор жұмыс

Биыл ілгеріде әскери комиссариат атанған, ал бүгінде Қорғаныс істері жөніндегі департаменттері мен басқармалары деген атауға ие жергілікті әскери басқару органдарына 100 жыл толып отыр.  Жалпы, бұл әскери құрылым қай кезде болса да армияға алғаш шақырушылар үшін «Әскер әліппесі» саналған. Өйткені, олардың ә, дегендегі алғашқы әскери танымы осы жерден басталады. Кешегі бозөкпе бозбаладан нағыз сақа сарбаз жасап шығаратын жер әрине әскер, алайда оған дейінгі сынақ кезеңі де өмірлік сабақ боларлық жайтқа толы. Бүгінгі әңгіме сол жайында болмақ. Бастапқы баспалдақ –  әскерге шақырылған әрбір сарбаз, алдымен дәрігерлік комиссияның тексеруінен өтеді. Осы орайда айтарымыз, азаматтарды кезекті мерзімді әскери қызметке шақыратын биылғы көктемгі науқан басталып та кетті. Биыл көктемгі және күзгі шақыру науқандарында елімізде 1991-2000 жылдары туған 35 мың азамат әскерге аттанбақ. Соның ішінде наурыз-маусым айларында 17 мыңдай жастарымыз әскер сапын толықтырады. Ал Астана қаласының үлесіне осы көктемде 800 жасты әскер қатарына аттандыру жүктеліпті. Оның ішінде Қазақстан Қарулы Күштеріне 300-ден астамы, Ұлттық ұланға – 320-сы, ал ҰҚК шекара қызметіне 160-тан астам адам, қалғандары мемлекеттік күзет қызметіне жасақталмақ.  

Шақыру пункттерінде қайнаған тірлік

Көктем шыққалы бері Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне қарасты жиын пунктінде қарбалас тірлік қайнап жатыр. Дәліз толы бір бума қағаз құшақтап, кабинеттен кабинетке кезек алып, талай есіктің табалдырығын аттап жүрген әскерге шақырылушы жастар. Хирург, көз дәрігері, лор, дерматолог, невропатолог, психиатр... Әжептәуір маманның алдынан өткен болашақ сарбаздар әскер өмірінің алғашқы әліппесімен танысып жатқандай. Жастар рух-жігері сынға түсетін сарбаз өмірінің жауапкершілігі мен жақындарынан алыстайтын сәттің жақындап қалғанын сезетіндей. Олар тізіле тұрған дәлізде тыныштық байқалады.

22 жасар Екібастұз қаласының тумасы Ислам Жикенов Қазақстан әскерінің қатарына қосылуды армандайды. Әзірге медициналық тексерудің бірқатарынан өтіп келе жатқан оның бұл мақсатының да орындалар күні алыс емес. «Осы уақытқа дейін оқуыма байланысты әскер кейінге шегеріліп келді. Павлодар педагогикалық институтының физкультура және спорт факультетін тәмамдап, Екібастұз қаласында денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидатпын. Бұл күндері Астана қаласында тұрамын. Әскерге десанттық-шабуылдау бөліміне барып, бұл саланың машығын меңгергім келеді. Мүмкіндігі болса келісімшарт бойынша әскер қатарында қалсам ба деген ойым бар», – дейді Ислам Жикенов.

Әр кәсіптің өз қиындығы бар

Десантшы болу – әскер қатарына қосылғысы келген көп жастың арманы. Өйткені, көк жүзінде қалықтаған әуе кемесінен парашютпен секіріп, күрделі тапсырмалар орындау – сақа сарбаздың ғана қолынан келер іс. Осы ретте байқағанымыз, жастар көбінесе кәсіптің қиындығынан, тапсырманың күрделісінен мойымайтын секілді, өйткені көңілдері соған бұрып тұрады. Әрине, әскердің әр түрі мен тегі болашақ сарбаздардан өз антропометрикалық өлшемін талап етеді. Мәселен, Мемлекеттік күзет қызметі полкі қатарынан табылу үшін сарбаздардың бойы кем дегенде 180 см болуы керек. Қарулы күштердің ішіндегі десанттық-шабуылдаушы әскерлерге, сонымен қатар барлау топтарына, арнайы бөлімдерге баратын жастардың бойлары 170 см-ден аз болмауы шарт. Сондай-ақ десанттық-шабуылдау, мемелекеттік күзет қызметіне баратын сарбаздардың көру қабілеті 100%, яғни көз ақауы, денсаулығында кінараты жоқ, шыныққан шымыр жастар болуы керек. Ал басқа әскери бөлімдерге шақырылатындарға аса қатаң талап қойылмайды. Сондай-ақ, еліміздегі белгіленген заңнамаға сәйкес, әскер түрі мен тегіне байланысты атқаратын қызметі мен тапсырмаларына да әртүрлі талаптар қойылады. «Бұл ретте, жастардың моральдық-психологиялық дайындықтарына, әр азаматтардың жеке мінездемелеріне көп көңіл аударамыз», – дейді Астана қаласы Қорғаныс істер жөніндегі департаменті бастығының орынбасары полковник Ғани Артықов.

-         Айталық, шапшаң ойланатын, ойы алғыр, тез шешім қабылдай алатын жігіттердің денсаулық жағдайлары дұрыс болатын болса, десанттық- шабуылдау, барлау бөлімдеріне әскерге жіберіледі. Ал енді байыпты, сабырлы, асықпай ойланатын, ақпараттардың ішінен өзіне керектісін ғана таңдай алатын азаматтарды зениттік-зымыран әскер түріне, әуе қорғанысы күштеріне лайық деп табамыз. Айталық, зениттік-зымыран кешендерде зымыранды жіберу үшін нысанның биіктігін және басқа да қыр-сырын анықтап білу керек. Оған орашолақ, ұшқалақ азаматтар жарамайды. Сондықтан мұндай салада асықпай, еш жаңылмайтын шешім қабылдау керек. Өйткені, бұл азаматтар оператор жауынгерлер болуы мүмкін. Сондай-ақ, мінез-құлығы да байсалды, орнықты болуы қажет.

Тағы бір айта кетер жайт, математика, физика, автоматикалық басқару жүйесі және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітірген азаматтар артиллерия, радиотехникалық, зениттік-зымыран бөлімдеріне, әскери құралымдардың байланыс бөлімдеріне әскерге шақырылады. Ауыл ша­руа­шылығын механикаландыру және электрлендіру факуль­теттерін бітірген әскерге шақырылушылар танк, инженерлік-саперлық бөлімдеріне, механикаландырылған бригадалар және Төтенше жағдайлар комитетінің азаматтық қорғаныс бөлімдеріне жіберіледі. Құқық қорғау факультеттерін бітірген азаматтар мейлінше Ұлттық Ұланға бағытталады. Медицина және фармацевтика саласын бітірген болашақ сарбаздарды Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы тиісінше кіші медициналық персонал лауазымдарына аттандырамыз. Әскерге шақыру комиссиясының ең маңызды мақсаты, негізгі бағыттарының бірі де осы.

Қазір әскери борышты өтеу мерзімі - 12-ақ ай. Әрқайсысының қабілет-қарымына жеке қарап отыруға әскери бөлімде уақыт тығыз. Сондықтан осы зерделеу-сұрыптау жұмыстарының барлығы әскерге аттандырылмай тұрып, алдын-ала, бірнеше ай бұрын әскерге шақыру, денсаулығын тексеру, жұмыс, оқу орны, құқық қорғау органдарынан келген мінездемелерді қарау арқылы жүзеге асырылады. Психологиялық тестілеу нәтижесінде олардың қаншалықты ұқыпты, зейінді, ой қорыту тереңдігі, білім көкжиегі қандай екендігі анықталады. Осы секілді сараптамалардан өткеннен кейін ғана сарбаздар әр әскер түріне, тегіне бөлінеді. Бұл – үлкен маңызды, күрделі, кешенді жұмыс.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» ғана таңдалмақ

Биыл әскерге шақыру науқаны өзгешелікпен басталып отыр. Бұрынғы жылдары әскерге шақырылушы жастарды тіркеу, дәрігерлік саралаудан өткізу, іріктеу бір науқанда 3 айға созылса, енді 4 айға ұзартылды. Тағы бір айдың қосылуы аудандық, қалалық, республикалық деңгейдегі әскерге шақыру жұмыстарының сапалы жүруіне, мүмкіндігінше әскерге шақырылатын жастардың барлығын қамтып, оларды сапалы дәрігерлік комиссияның тексеруінен өткізіп, сонымен бірге олардың отбасылық, білім, кәсіби деңгейлерін кеңірек қамтуға мүмкіндік береді. Әскерге шақыру науқанының бастамасы ретінде ең алғашқылардың бірі болып наурыз-сәуірде ҚР ҰҚК Шекара қызметіне баратын болашақ сарбаздар аттанбақ. Бұл жастарға аса көп көңіл аударылады. Өйткені, елден алыс, көпшіліктен шалғайда орналасқан шекарада қызмет ететін сарбаздардың дене тәрбиесі, моральдық-психологиялық дайындығы, белгіленген мамандықтардың иегері болуы басты мәселе. Себебі, кейбір шекара, заставалар таулы жерлерде, тіпті табиғаты тек тікұшақпен байланыс жасайтын жағдайлар болады. Осындай қиын-қыстау, ауа-райының қолайсыз сәттерінде шекарашы сарбаздар өздерінің шыныққан шымыр екендігін, жан-жақты білімді екендігін көрсететін деңгейде болуы керек. ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзетке баратын жастарға сондай-ақ полиграфтық тексеру де жүргізіледі. Бұл сарбаздардың қаншалықты шыншыл, адал екендіктерін тексеруге мүмкіндік беріп отырады. Мерзімді әскерге шақырылғандарды іріктеу – кешенді іс. Жастарымыздың саны әскерлерді жасақтау үшін керекті мөлшерден жетіп артылады. Еліміз бойынша әр науқанда әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясында сарапталған 100 мыңға жуық шақырылушының 1/3-і ғана іріктеуден өтеді екен. Демек «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» ғана таңдалады.

Халің қалай, жас өрен?

Гүлнар Бутунбаева, Астана қаласы Алматы ауданы әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының төрайымы:

–       Әскерге шақырылған азаматтар бізден медициналық тексеруден өтеді. Былтырғы жылдармен салыстырғанда, болашақ сарбаздар арасында көз аурулары өте көп, тіпті тең жартысында бар деп айтуға болады. Алыстан көрмеушілік белең алып барады. Әрине, бұл көздің көру қабілетіне кері әсерін тигізетін электрондық құралдардың зиянды жағы деуге негіз бар. Өйткені жастар телефонда, компьютерде күні-түні отырады, сондықтан көздеріне зақым көп келеді. Әскерге жарамсыздардың ішінде терапия, іш-құрылысы аурулары, асқазан, жүрек аурулары, неврологиялық секілді сырқаттарға шалдыққандары да кездеседі. Сонымен бірге кішкентай кезінде жарақат алып, оны дер кезінде емдемей, уақыт өте келе бұл салғырттық әскерге жарамсыз халге де жеткізіп жатады. Шақырушылар арасында мұндайларды да кездестіріп жатамыз. Сондай-ақ, жас жігіттердің денсаулығында ас қорыту жүйесінің, зат алмасу процесінің бұзылғандығы, гипоталамин синдромы, яғни дене салмағының артуы, борпылдақ семіздік жиі байқалады.

Мұндай аурулардың көбеюін дәрігер-мамандар фаст-фуд өнімдерімен, энергетикалық газды сусындармен байланыстырады. Мұндай тағам түрлерін күнделікті тұтынатын жастар не тым арық, не етжеңді семіз болып келеді. Әскерге шақыру комиссиясын бір-екі сағат аралаған біз де соны байқадық. Сабадай іркілдеген ірі дене иесін де, сырықтай сорайған бойшаңды да, жіптіктей жіңішке жасты да көзіміз шалды. Бірақ сымдай тартылған, құрыштай шыныққан шымыр дене иелерінің аздығы байқалды.

Ермек Ержанов, Астана қаласы Сарыарқа ауданы әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының хирург-дәрігері:

–       Әскерге шақырушылардың денсаулығы жыл өткен сайын жақсарып келеді деп айта алмаймын. Оның себебі, біріншіден, жастар спортқа жақын емес, далаға көп шыға қоймайды, денесін шынықтырмайды. Хирургиялық жағынан айтатын болсақ, қазіргі әскерге шақыру­шыларды медициналық тексеруден өткізгенде, үшінші дәрежелі майтабан дертін көп кездестіреміз. Қазір әскерге шақырылғандардың қатарында арқа омыртқасының қисаюы көбейіп кетті. Егер болашақ сарбаздар қандай да бір аурумен келетін болса, біз қайтадан тексеруден өткіземіз. Яғни, рентгеннен өткізіп, қалалық аурухана, травматология институты мамандарының кеңесімен компьютерлік тамография, магнитті-резонанстық тексеруден кейін дәрігерлік комиссияның қатысуымен жарамдылығы жөнінде шешім қабылдаймыз.

Осы орайда айта кетер жайт, түр-тұлғаның, арқа, бел омытқаның дұрыс қалыптасуының, бұлшықеттің шымыр болуының негізі бала кезден қалыптасып қалануы қажет. Бұл тұрғыда отбасының, бала-бақша мен мектептің атқарар рөлі зор.

        Еліміздегі әскери қызметтің түрлері

Қарулы Күштерімізді сарбаздармен толықтырып жасақтау 2 жолмен жүзеге асады. Біріншісі, 12 ай әскери дайындықтан өтетін мерзімді әскери қызмет. Бұл жылына екі рет өткізіледі.

Екіншісі, келісімшарт бойынша әскери қызмет ететін сарбаздармен толықтыру. Әскери қызметтің бұл түрі бойынша ҚР ҚК әскер қатарын жасақтау жыл бойы өтіп тұрады. Оның ішінде офицерлік құрам, сарбаздар, матростар, сержанттар және старшиналарды келісімшарт бойынша әскерге қабылдау мен толықтыру жұмыстары жүргізіледі.

Ал енді бейбіт уақытта дайын тұратын әскери қорды дайындау келесі жолмен жүзеге асады.

Біріншісі, жоғарыда айтылған 12 ай әскери дайындықтан өтетін мерзімді әскери қызмет.

Екіншісі жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлерді дайындау курстары.

Ал үшіншісі, әртүрлі себептермен бір жылдық әскерге бара алмай қалған, денсаулығы келмей тұрса да әскер қызметіне жарамсыз деп есептен шығарып тастауға болмайтын азаматтарымызды мүмкіндігінше ҚР ҚМ «Әскери техникалық мектептерінде» ақылы түрде өтетін 40 күндік курстан өткізу. Ақылы негіздегі әскери қызметтен 24 -27 жасқа дейінгі, денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамды немесе жарамдылығы шектеулі, соның ішінде әскери қызметке шақыру мерзімі кейінге қалдырылған азаматтар өте алады. Оқыту құны  263 318 теңгені құрайды.

 

                Әскери қызметтен босатылудың тәртіптері қандай?

Бейбіт уақытта әскерге шақырудан денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар босатылады.

Ал әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру қолданыстағы заңнамаларға сәйкес отбасы жағдайлары бойынша, күндізгі оқу бөлімдерінде білім алуды жалғастыру үшін, денсаулық және тағы басқа себептермен кейінге қалдырылады.

Әскерге шақырылу­шы­лар аудандық, қалалық, облыстық маңызы бар қаланың әскерге шақыру комиссиясына дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда Қорғаныс істері жөніндегі бас­қармалардың бастықтары оларды іздестіру үшін ішкі істер органдарына хабарлайды. Сонымен бірге, әскерге шақырудан қасақана жалтарған азаматтарға қолданыстағы заң­намаға сәйкес өте үлкен көлемде айыппұл салу немесе бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айыру секілді жауап­кершілікке тарту қарастырылған. Ал егер азаматтар әскерге шақыру пункттеріне келмеген жағдайда өзінің келмеу себептерін құжат ретінде растауы тиіс.

Әскерге бару, ел қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Әскер машығы – шыңдалу мектебі, үлкен өмірге дайындық. Әскердегі 12 ай - кешегі бозбала бозаң шақта жүрген жасты ертең Отаны үшін оққа байланып, отқа да түсетін қайтпас қайсар етіп шығаратын, шыңдайтын уақыт. Ендеше, жақсы сарбазды тап басып танып, таңдап, іріктеуден өткізу, дұрыс бағыт сілтеу оңай жұмыс болмаса керек. Әскери киімді киіп, жауынгерлік рухты сезіну, Отан алдындағы борышын адал атқару, бабалардан мұраға қалған қасиетті жерді, бейбіт елдің тыныштығын күзету - әрбір азаматтың арманы болса ғана ісіміз алға басатыны анық.

 

Меруерт САФАЕВА

 Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕН

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"