«Жасұлан» жас толқынмен толықты

«Жасұлан» жас толқынмен толықты

    Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектебі жаңа буынмен толықты. Биылғы оқу жылына 240-қа жуық шәкірт қабылданды.

Мектеп алды қайнаған тірлік. Оқуға түскен баласына ақ жол тілеп, әскери мектепке перзентін тапсырып ата-ана жүр. Тексеру пунктінен тізіммен өтіп жатқан оқушылар енді әскери өмірдің алғашқы баспалдағынан аттап, темірдей тәртіпке үйренеді.

Биыл еліміздің өңір-өңірлерінен келген 500 бала бағын сынап көрген. Тамыз айының 5-18 аралығында өткен емтихан 4 кезеңнен тұрды. «Сынақ тапсырған балалардың білім көрсеткіші жоғары деңгейде екенін көрсетті» дейді «Жас ұлан» мектебі бастығының орынбасары (тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі) – бөлім бастығы майор Серік Байқұлов. «Жас ұлан» мектебіне түсу үшін «денсаулығы жақсы» деген анықтамамен келген балалар ең алдымен психологиялық тестен өткен. «Әскери мектеп болғаннан кейін бала мінезінің тұрақтылығы және әртүрлі қиын жағдайларда тез шешім қабылдай алатын қабілетінің болуы біз үшін маңызды»,-дейді Серік Байқұлов.

Екінші кезеңде дене тәрбиесінің дайындығы тексерілсе, ары қарай математика және қазақ тілі пәндерінен білім деңгейлері сынға түскен. Атап өту керек, спорттық дәрежесі бар, әке-шешесіз жетім өскен және әскери қызметшілер отбасынан шыққан балаларға оқуға түсуге жеңілдік қарастырылған. « Жас ұлан» мектебінің жай мектептен ерекшелігі біз әскери оқу орындарына маман даярлаймыз. Сондықтан біздің басты назарымыз математика, физика және шет тілдеріне көңіл бөлінеді. Әскери пәндер бойынша біз әртүрлі әскер тектері, мәселен Құрлық әскерлері, Әскери теңіз күштері, Әуе қорғаныс күштері деген сияқты әскери қызметтің түрлері бойынша курстар өтеміз. Бала егер Құрлық әскерлеріне барғым келеді десе, арнайы сол бағыт бойынша дайындаймыз», - дейді бөлім бастығы.

Сынақтан сүрінбей өтіп, «Жас ұлан» мектебіне қабылданған Әліби Нұрмолдан офицер болуды армандайды. «Бұл мектепті жақсы бағаға бітірсем, маған әскери институтқа түсу қиын болмайды» дейді ол. Әлібидің әкесі де әскери қызметші. «Баламыз әке жолын қуған әскери адам, генерал болса деген арман алып келді бізді. Конкурс өте қиын болды. Баламызды жарты жыл бұрын Лепсідегі спорт мектебіне апарып дайындадық. Ата-апасының қолында өскен ерке бала болашақта үлкен жетістіктерге жетсе деген тілек бар» дейді Талдықорғаннан келген Әлібидің анасы Арнагүл Байтілеуова.

Баласы мектепке жоғары көрсеткішпен қабылданған екінші ата-ана – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жамбыл Алжанов: «Баласының генерал болғанын қаламайтын ата-ана жоқ шығар. Өзім Байқоңыр әскери қалашығында азаматтық персонал болып қызмет еткеннен кейін балам да әскери өмірді кішкентайынан сезініп өсті. Мектепте білім жағынан да, спорттан да алда жүрген ұлым әскери саланы қалап тұрғаннан кейін жолына бөгет бола алмадым» дейді ол.

Мектептен жаңа форма алып, биылғы оқу жылына сақадай-сай дайын тұрған оқушылар үшін 5 мезгіл тегін тамақ, таза жатын орын қарастырылған. Жалғыз ғана қойылар талап – білім алып, темірдей тәртіпке бас ию. «Бала интернатта тұрғандықтан әр күні әскери тәртіппен өтеді. Балаларға патриоттық тәрбие беруде кәсіби бағытта жүргізілетін жұмыстарды жоғарғы әскери оқу орындарынан келген офицерлер жүргізеді. Әр түрлі әскери тектер құрамынан келген офицерлер әскери мамандықтың қыр-сырымен кеңірек таныстырып, бейнекөріністер көрсетеді», - дейді «Жас ұлан» мектебі бастығының орынбасары – оқу бөлімінің бастығы подполковник Хамит Байкенов.

Жасұландықтарды даярлау деңгейі жыл сайын өсіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Бүгінде оқу ордасында жоғары санатты 13, бірінші санатты 10 ұстаз білім беруде. Оның 3-еуінің магистрлік академиялық дәрежесі бар. Республикалық деңгейдегі түрлі оқу олимпиадалары, спорттық жарыстар, әскери-спорттық ойындардан жүлделі орындар алып келеді.


 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи