Жасөспірімдермен жұмыс жіті назарда

Жасөспірімдермен жұмыс жіті назарда

Бәрімізге аян, қазір елімізде «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 17 жасқа толатын жасөспірімдерді шақыру учаскелеріне тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл іске жергілікті әскери басқару органдары жұмыла кірісуде.

Бозбалалар тіркелуде

Бала жастан өн бойына рухтық сезімді құйып өскен әр перзент өсіп, жетіледі. Отан алдындағы борышы барын мектеп қабырғасынан түйсініп өскен бозбала он алтыны еңсергенде оларды жергілікті шақыру учаскелері есепке ала бастайды.  
Әскери есеп болашақ шақырушылардың санын, әскери қызметке жарамдылық дәрежесін, олардың жалпы білім деңгейін, алған мамандығын және физикалық дайындық деңгейін анықтау үшін жүргізіледі. Мәселен, азамат 17 жасқа толған сәтте тұрғылықты жері немесе уақытша тұрған жері бойынша әскерге шақыру учаскесіне тіркеу жолымен әскери есепке қояды. Белгілі бір рәсімнен өткеннен кейін оған тіркелу туралы куәлік (тіркеу куәлігі) беріледі. Әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жыл сайын қаңтар айы мен наурыз айы аралығында жүргізіледі.
Міне, бұл науқандық жұмыс басталғалы бір айға жуық уақыт өтті. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінде ол қалай іске асып жатқандығын әр аймақтық қорғаныс істері жөніндегі департаменттеріне хабарласып білген едік.
«Жыл басталғалы бері еліміздің түкпір-түкпірінде ер азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жергілікті әскери басқару органдары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңын басшылыққа ала отырып, 2001 жылы туған жасөспірімдерді есепке алуда», – дейді Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы лейтенант Жанар Әміржанова.
Қостанай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне бағынысты басқарма мен бөлімдері де бұл іске белсене кіріскен.
«Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу – ҚР Қарулы Күштері мен өзге де әскери құрылымдарына жасөспірімдерді іріктеп алудың алдыңғы сатысы. Әскери қызмет – ер жүрек азаматтарды тәрбиелейтін мектеп. Сондықтан қойылатын талап та жоғары – болашақ сарбаздар сан түрлі сынақтан өтпек. Жергілікті әскери басқару органдары атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтардың физикалық жарамдығы мен психологиялық жағдайын бағалауда, білім де – бас назарда. Әскерге темірдей төзімді жігіттермен қатар, тың техниканың тілін мүдірмей меңгеретін озық ойлы азаматтар да қажет. Ата Заңның талабы бойынша мемлекетіміздің әр азаматы әскери қызметін өтеуге міндетті. Себебі әскер – қатал тәртіпті талап ететін  тәрбие мектебі» – дейді Қостанай облысының аталмыш департамент өкілі Назгүл Шабдарова.
Алматы, Қостанай облыстарындағы әріптестері тәрізді Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз өкілі де іске тыңғылықты кіріскенін жеткізді.
«Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу – бұл сарбаз атану жасына жеткен ер балаларды әскери есепке қою үшін жүргізілетін іс-шара.   Атап айтқанда ең бірінші тиісті құжаттарды жинау,  дәрігерлік тексеруден өту сынды алғы шарттар»,  – дейді Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы аға лейтенант Шынар  Дюсупова.
Иә, осылайша бозбалалар тұрғылықты жері бойынша медициналық куәландырудан өтіп, әскерге жарамдылық деңгейін анықтау үшін жергілікті әскери басқару органдарының есігін қағуда. Оларды қорғаныс істері жөніндегі бөлім жергілікті басқару органдары бекіткен кестеге сәйкес қабылдауда.
«Биыл қаңтар айынан бастап Заң талабы аясында осы науқанға жастары он жетіге толған және толатын Шығыс Қазақстан облысына қарасты мектептер мен колледждердің оқушылары жаппай шақырылып жатыр», – дейді аға лейтенант Шынар Төлегенқызы.
Сол сияқты орталық өңірлерде де жасөспірімдерді тірке жұмыстары ойдағыдай жүруде.
«Бізде күн сайын Қарағанды облысының тұрғылықты мекенжайы бойынша жергілікті әскери басқарма органдарына, жалпы білім беру және арнайы орта оқу орталықтарының қатысушылары, медициналық куәландырудан өтуге және әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтауға келеді», – дейді Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы лейтенант Алмагүл Дарманқұлова. Оның мәліметі бойынша, жергілікті атқару органдарымен бекітілген кестеге сәйкес күніне басқарма мен бөлімдер 50-ге жуық адамды қабылдайды. Және Қарағанды облысының тіркелу контингентінің көпшілігі әскери қызметті өткеруге жарамды болып табылған.

Жарамдылығы қадағалануда

Көбінесе жас жеткіншектердің денсаулық кінәратынан да әскерге жарамсыз болып қалатыны жасырын емес. Оларда салмақ жетіспеушілік, май басу сияқты терапевтік аурулар көп кездесетінін шақыру комиссиялары мүшелерінің аузынан жиі естиміз. Осы орайда тіркеу барысында  алдымен ұрпақтың денсаулығына назар аударылатыны жақсы үрдіс.
«Ең бірінші талап болашақ сарбаздардың денсаулығының жарамдылығы екені анық. Сондықтан, жасөспірімдердің туғаннан бері дәрігерлік құжаттарын тексеріп және тіркеуге алу кезіндегі денсаулықтарын жіті бақылау мақсатында дәрігерлік коммиссия мүшелеріне үлкен міндет жүктелуде. Азаматтардың әскери қызметке жарамдылық дәрежесі әскери-дәрігерлік сараптама бекіткен қағидалармен тексеріледі», – дейді Шығыс Қазақстан облысының ҚІД өкілі.
Еліміздің батысында да бұл іске үлкен мән берілген. Мәселен, Орал қаласында медициналық комиссияға оқу орындарының әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, медбикелері қатысады және оның құрамы біліктілігі жоғары мамандардан құралған.  
«Болашақта Отан алдындағы борышын өтейтін азаматтардың денсаулығында ешқандай ақау болмауы және әскери қызмет талабына сай болуы тиіс. Кейінгі кездері жастардың әлжуазданып кеткені, ащы болса да шындық. Қазіргі кезде жүректің әлсіздігі, қан қысымының жоғарылығы, одан кейін салмақ жетіспеушілігі, сондайақ көз аурулары, майтабан, жарақатталу, тері аурулары көп кездеседі. Мұның бәрі жастардың өз денсаулығына салғырт қарауынан, яғни салауатты өмір салтын ұстанбауынан. Төл әскеріміздің әлеуеті артып, абыройы асқақтаған шақта дені сау, шымыр да шыныққан, мықты жігіттердің саны молайса игі» – дейді Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы баспасөз қызметінің өкілі.
Айта кетерлігі,  тіркеу жұмысының тиімділігі сол, медициналық тексеру барысында жасөспірімдерде денсаулық кінәраты анықталса, одан сауығуға мүмкіндік алады.
«Денсаулықтарында кінәрат табылғандар жолдама арқылы тиісті емдеу мекемелерінде ем қабылдап, шақырылу жасына дейін сауығып келу мүмкіндігіне ие» – дейді осы жөнінде лейтенант Жанар Әміржанова.
Бұл – көңіл көншітетін жайт. Әсіресе, әскери борышын өтегісі келетін бозбалалар үшін игі іс. Бойында намысы бар ел ұланы бұған қуанбаса, көңілі түспесі анық.

Үгіт-насихат жұмыстары

Тіркеу кезінде кейбір жас әскери оқу орнына түсуге ниет білдіріп жатады. Сондай талпынысы бар балаларға үгіт-насихат жұмыстары қосымша жүргізіледі. Яғни тіркеу кезінде әскери қызметтің пайдасы мен қажеттілігі, оның болашағы туралы айтылады.
Әр аймақтың жергілікті әскери басқару органдары бұл істен де қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, Жамбыл облысы бойынша қазірдің өзінде 77 бала әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген, соның ішінде: Құрлық әскерлерінің әскери институтына – 38 бала, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына – 16 бала, Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына – 9 бала, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусына – 6 бала, армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебіне – 4 бала, «Арыстан» мамандандырылған лицейіне – 4 бала керекті құжаттарын дайындап жатыр.  
Қарағанды облысында да Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жоғары оқу орындарына түсу бойынша үгіт-насихат жүргізілуде. Оның ішінде жасөспірімдерге, әскери жоғары оқу орындарын және Кадет корпустарын аяқтағаннан кейінгі болашағы туралы айтылып,  еліміздегі әскери оқу орындарында оқуға тілек білдірушілермен жұмыстар жасалуда.
Ал, бүгінгі күні Алматы облысының 500-ден астам азаматы ҚР Қарулы Күштерінің әскери оқу орындарында білім алуда. Әскери оқу бойынша түсіндіру жұмыстары маусым айына дейін жалғасады.

Тіркеу куәліктері табысталды

Жуырда  Тараз қаласының № 32 орта мектебінде 17 жасқа толған азаматтарға әскери есепке тіркеу куәлігін тапсыру салтанатты шарасы ұйымдастырылды.  
Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы аға лейтенант Исламбек Қалдыбековтың мәліметінше, шараға Генералдар кеңесінің төрағасы генерал-майор Әбдіғапар Райымжаұлы Қазиев, Ауған соғысы кеңесінің төрағасы Дүкенбай Ермеков, ҚК ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамиль Набиевич Тартыков, Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы полковник Асқар Жақсыбайұлы Ниязов, департамент бастығының орынбасары - тәрбие және әлеуметтік жұмыстар бөлім бастығы Бауыржан Қазиұлы Қырғызбаев, Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы бастығы полковник Көпбосын Кеңесбекұлы Нұрдинов қатысты.
Жастарға отансүйгіштік пен елжандылық тақырыбында тәрбиелік маңызы зор өсиеттер айтылды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы, полковник Асқар Жақсыбайұлы Ниязов: «Сіздерді бүгінгі өмірлеріңіздегі ең бір маңызды сәттердің бірі, кәмелет жасқа толып, әскери есепке тіркеу куәлігін алып елдің қорғаны болар азаматтардың қатарына қосылуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Қазақ қашанда «Ер - елдің қорғаны» деп, ер азаматтың қоғам алдындағы биік бағасын асырып, мерейін тасыта білген халық», - деді.
Барлығы 50-ден асқан ұл балалар әскери учаскесіне тіркелгендігі үшін арнайы тіркеу куәлігін Жамбыл облысы Генералдар кеңесінің төрағасы генерал-майор Әбдіғапар Райымжаұлы Қазиевтің қолынан алды.  
Бұл тіркеу куәлігін тапсыру салтанатының бір парасы. Мұндай шаралар басқа да аймақтарда өтіп жатқаны анық. Мәселен, Алматы облысы бойынша 7 мың адам әскери тіркеуге алынып, оларға салтанатты жағдайда тіркеу куәлігі табысталған. Тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін бұл тізім тағы 3 мыңдай жасөспіріммен толықпақ.

Жоспар бойынша...

Алматы облысының ҚІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл Алматы облысы бойынша 10 мыңға жуық азаматты әскер қатарына шақыру учаскелеріне тіркеу жоспарлануда.  Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5,3%-ға артқандығының көрсеткіші.
Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс бойынша ақпан айы басталғалы бері 4508 бала әскери есепке тіркеліп, тіркеу куәлігін иемденді. Соның ішінде, 3178 бала әскери қызметке «жарамды» деп табылған. Жалпы, Жамбыл облысы бойынша биылғы жылы барлығы 6 500-ден астам жамбылдықтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жоспарланған.  
Шығыс Қазақстан облысы бойынша былтырғы жылы 7239 жас буын  тіркелсе,  биыл 6898 ер бала  тіркеуден өтуде.  Жылдан жылға жасөспірімдер арасында дәрігерлік комиссияның қорытындысы бойынша әскери қызметке жарамсыз болып табылатындар саны азайып келеді. Оған басты себеп –қазіргі кезде мектеп, колледж оқушыларының жаппай спортпен шұғылданулары мен салауатты өмір салтын ұстанулары. Сонымен қатар, әскери-патриоттық тәрбиенің жоғары деңгейде жүргізілетіндігі.
Еліміздің батысында орналасқан Оралда қала бойынша 2001 жылы туған 1442 азаматты тексеру жоспарды бар іс екен. Ал, биыл дәстүрлі науқан аясында Қостанай облысы бойынша 4000-нан астам жасөспірімді және Қарағанды облысында  6000 астам азаматтарды  әскери есепке алыну жоспарлануда.
Айта кетейік, жауапты бұл іс биылғы жылдың сәуір айына дейін жалғаспақ.

(Мақала әр аймақтағы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті өкілдерінің берген мәліметтер негізінде әзірленді)

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства