Ел үмітін арқалаған әскери мектеп

Бұл аптадағы репортажымызды Астана қаласындағы Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы республикалық «Жас ұлан» мектебінен жалғастырдық. «Жас ұлан» мектебі 1999 жылы құрылған. Бұл мектеп мемлекеттік және шетел тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқытуға және күшейтілген, дене шынықтыру даярлығына арналған жалпы орта оқу орны. 1999 жылы 4 қарашада Ел Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі  ресми түрде ашылған болатын.  
Мектептің атын еңбегі мен өмірі жас Отан қорғаушыларға үлгі болатын Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Егемен Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атымен аталуы да жайдан жай емес. Біле білген адамға Сағадат Нұрмағамбетовтың өмір жолының өзі үлкен сабақ, үлкен тәрбие.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев мектептің ашылуына келгенде  «Жас ұлан» жеткіншектері! Өз Отандарың – Қазақстан республикасы мен өз халқыңа адал болуға дайын болыңдар. Зор денсаулық, бақыт тілеймін» деп тілек жазып, жеткіншектерге ерекше сенім білдірген болатын. Бүгінде бүкіл елдің сенімін ақтап отырған мектепке түсуге ниеттілер қатары аз емес. Бірақ, ниет танытқанның барлығы бірдей талапқа сай келе бермейді.
Ашылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін үнемі даму үстінде келе жатқан «Жас Ұлан» мектебі 2011 жылы жаңа ғимаратқа көшті.

Оқу барысы

«Жас ұлан» мектебіндегі оқу бағдарламасы қарапайым мектептермен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Тек, бұл мектеп шәкірттерін шетел тілдерін және әскери пәндерді тереңдетіп оқытуымен ерекшеленеді. Айта кетейік, биыл мектепке еліміздің 14 облысынан және Астана мен Алматы қалаларынан келген 111 тәрбиеленуші ұланның салтанатты антын қабылдады.

«Біздің мектепті бітірген оқушылардың 90 пайыздайы әскери саланы таңдайды. Алайда, түлектер қай салаға барса да, олардың біз үшін білікті, білімді, тәрбиелі болғаны маңызды. Сол үшін де шәкірттерге сап түзеп жүруді ғана емес, өнерді, спортты, білімді, адал болуды қатар үйретуге тырысамыз. Менің ойымша, әскери тәртіп дегенді «сапта тұру, адымдап жүру, нысана көздеу» ғана екен деп тар шеңберде түсінуге болмайды. Негізі Отанды сүю, антқа адал болу, патриоттық сезім дегеніңіздің барлығы осы әскери тәртіптің ішіне сыйып кетеді.

Мектептің оқу үлгерімі туралы айтатын болсақ, оқушылар жыл сайынғы ҰБТ-дан ешқашан нашар көрсеткіш көрсеткен емес. Сондай-ақ, спорттық сайыстан жүлде алып жүрген, әскери тәртібі де, оқу үлгерімі да жақсы жан-жақты оқушылар бар», – дейді мектеп бастығының орынбасары, оқу бөлімінің бастығы подполковник Хамит Байкенов.

Бұл мектепте қаршадайынан мінезі қайсар, өзін әскери саласында көргісі келетін жасөспірімдердің барлығы дерлік оқуға ниетті. Оқу орнын аралап жүріп мұнда жақсы білім де, тамаша тәртіп те бар екендігіне көзіміз жетті. Жалпы, 4 қабатты оқу орынында 51 сынып, 500 орындық жатақхана, кітапхана, оқу және мәжіліс залдары, спорт залы, 6 жолақты бассейн орын тепкен екен. Осыдан-ақ оқушыларға қандай жағдай жасалғанын аңғаруға болатындай.

Одан бөлек, қабырғаларға ілінген батырлардың портреттері мен ұлылардың ұлағатты сөздері  ұландарды Отанын, елін, жерін, ұлтын сүюге үндеп тұрғандай. Мектепті аяқтаған түлектерге әскери оқу орындарына түсіп, білімін жетілдіру өзгелерге қарағанда көп жеңіл болады екен. Әрине, бұл әскери пәндерді тереңдетіп оқытқандықтың жемісі.

Ал, мектепті аяқтағаннан кейін ұшу мамандығын меңгеруді жоспарлаған мектеп ұландарына да алғашқы қадам жасауға мүмкіндіктер берілген. Оларға авиация оқу орталығының базасында алғашқы ұшу дайындығы бойынша сабақтар өткізіледі екен. Ол жерде ұландар ұшу істері бойынша теориялық білімін ала отырып, оларды практикалық тұрғыдан да үйренеді. Алдымен  жеңілмоторлы ұшақтарды нұсқаушының көмегімен, кейін өздігімен тізгіндей алады. Ал, дайындықты аяқтағаннан кейін олар «Жеңілмоторлық ұшақ пилоты» мамандығы бойынша сертификатқа ие болады. Болашақ ұшқыштар мектепті аяқтағаннан кейін оқуларын әрі қарай екі мәрте Совет одағының батыры Т.Я.Бегелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтында жалғастыруға мүмкіндігі бар.

Айтпақшы, әскери пәнмен қоса күшейтілген дене шынықтыруға ерекше көңіл бөлетін оқу орнының спорттық жетістіктері де аз емес. Мәселен, ТМД мемлекеттерінен 600-жуық жас қатысқан «Айбын-2017» халықаралық жиынының қорытындысы бойынша ұландықтар III орынға ие болған. Сондай-ақ,  республикалық қоян-қолтық ұрыстан командалық есепте 1-орын, гимназия мектептері арасында өткен қазақша күрес сайысында да ұландықтар 1-орыннан көрінген. Осылайша әр кезде алған жүлделерін тізе беруге болады. Жалпы, мұнда тәрбиеленушілердің барлығы керілген сымдай деп айтуға толық негіз бар. Шетінен шыйыршық атып тұр.

 

 «Жас ұланға» қалай түсуге болады?

 

Мектепке қабылдау шаралары төрт кезеңде жүзеге асырылады.

І кезең – кәсіби-психологиялық іріктеу уәждемелілік, күйзеліске төзімділік, сыншылдық және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды.

ІІ кезең – «Жалпы білім беру ұйымдарына арналған  Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес айқындалған нормативтер бойынша дене дайындығын тексеру.

 

Бақылау жаттығулары

«5»

«4»

«3»

60 м (с) жүгіру

8,4

9,2

10,0

2000 м (мин, сек) жүгіру

9,20

10,00

11,00

көлденең ағашта тартылу (неше рет)

10

8

7

 

ІІІ кезең – «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде 
Әскери-дәрігерлік сараптамалар жүргізу қағидаларын және Әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережелерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 373 бұйрығына сәйкес медициналық куәландыру;

IV кезең – конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау.

Қабылдаудың әрбір кезеңінен тек бір рет өтуге жол беріледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген оқушы келесі кезеңге жіберілмейді.

Олжас СӘНДІБЕК

Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕН



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"