«Батыр арулар" байқауына қатысушыларға дауыс беру жалғасып жатыр

Қазір ҚР Қорғаныс министрлігінің мұрындық болуымен екінші рет ұйымдастырылып отырған «Батыр арулар – 2016» байқауының бақ сынаушыларына дауыс беру жалғасуда. Ұйымдастырушылардың
дерегіне сүйенсек, дауыс беру күнінен бастап үш күн ішінде 80 әскери әйел қызметшіге 32 мыңға жуық дауыс беріліпті. Сол қатысушылар арасында дауыс жинаудан оқ бойы озық келе жатқандар да бар.

Рекордты көрсеткіш

Бәрімізге белгілі, еліміздің Қорғаныс министрлігі өткен жылы бірінші рет бірегей шара – «Батыр арулар – 2015» байқауына бастамашы болды. Тұңғыштың аты тұңғыш. Дегенмен, алғаш бұл іс қолға алынса да, ҚР Қарулы Күштерінің сапында жүрген әскери қыз-келіншектер оған бей-жай қарамады. Сол жолы қатысуға ниет білдіргендердің санынан осыны аңғаруға болады. Былтыр  «Батыр арулар» байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен өмірін әскермен байланыстырған 123 әйелзаты өтінім берген екен. Кейін оларға дауыс беру Қорғаныс министрлігінің сайтында 1-сәуірден бастап 6- мамырға дейінгі аралықта жалғасып, осы қырық күндік онлайн дауыс беру барысында олар 255 725 дауыс жинап, рекордтық көрсеткішті иеленді.

Ал, биыл... Биыл оның ауқымы кеңейді. Танымалдығы артты. Байқау көрсеткіші де жаңарды. Мәселен, былтыр бұл шараға ниет білдірушілер 120-дан асса, биыл олардың саны екі жүзден асып, рекордтық көрсеткіш еселенді. Алайда, бірінші кезеңде биылғы «Батыр арулар – 2016» сайысына қатысушы 80 әйел әскери қызметші нақты үміткер ретінде анықталды. Міне, екінші кезеңге де өтіп, қазір осы қатысушыларға дауыс беру жалғасуда. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, дауыс беру күнінен бастап үш күн ішінде оларға 32 мыңға жуық дауыс беріліпті.

Оқ бойы озық келеді

 

Дәл бүгінгі күні байқауды естісімен, өтінім білдірген 80 әскери қызметші додаға түсіп жатыр. Дауыс беру сәуірдің 1-інен бастап маусымның 15-іне дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің www.mod.gov.kz. ресми сайтында жалғасуда.

Сәуірдің 12-сі күні таңертеңгілікте осы сайтқа біз де кірдік. Қарап отырсақ, ондағы мәлімет бойынша, дауыс берудегі орташа  көрсеткіштің өзі 1000-нан аса, ең жоғарғы көрсеткіш  2000-нан асады екен. Сол күнгі сағат 11.40 - тағы мәліметтерге сүйенсек,  ең көп 2614 дауысты жинаған әскери қызметші – Кәмила Нұртазина. 2013 жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқан Кәмила бүгінде – Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде бөлімше бастығы. Ол спорттық жарыстарға ұдайы қатысып келеді. Оның қоржынында әскери қызметшілер арасындағы жеңіл атлетикадан V Спартакиада жарысында төртінші орын, шаңғыдан 2016 жылы VI Спартакиада жарысында бірінші орын алған медальдар бар.

Одан кейінгі 2360 дауысқа ие – Феруза Тәжібаева. Байқауға қатысушы Ферузаға кейінірек тоқталамыз.  

Ал, 65155 әскери бөлімінің аға маманы Бағила Нұрәділова 2350 дауыс жинаған екен. Бүгінде екі баланың анасы, сүйікті жар атанып жүрген ол отбасымен бірге, мамандығын да қатар алып жүр. Қызметіне адал, өз ортасында абыройлы. Содан да болар, қызметі бағаланған Бағила  «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл» медалімен наградталған.

Мұнан кейін 2073 дауыста Әсел Мамырбаева көшті жалғастырып тұр.  Ол  Семей өңірлік гарнизонына қарасты Әскери полиция жасағында тергеу және іздеу бөлімінің маманы (іс жүргізушісі). Спортты жанындай сүйетін оның бос уақытында қолөнермен айналысатыны бар.

Жоғарыда есімдері аталғандар – көш бастап тұрған әскери қызметшілер. Енді, Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 41321 әскери бөлімінде автоматтандырылған басқару жүйесі және байланыс торабы радиобөлімшесінің радиотелеграфисі Айнұр Әбуғалиева –1792, 73652 әскери бөліміне қарасты қару-жарақты жөндеу взводының аға маманы
Гүлжауһар Найзабекова – 1757, ҚР Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде жақ бұлшық еті хирургия бөлімшесінің аға маманы Айжан Мұсаева – 1716, ҚК Әскери-теңіз күштерінің 21814 әскери бөліміне қарасты «Орал зымырандық-артиллериялық» кораблінде жауынгерлік байланыс бөлімінің технигі 1 дәрежелі старшина Жанар Ибраева  – 1700, 65235 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Раушан Бейімбетова 1663 дауыс жинап, оларға ілісе келе жатыр. Ал, дауыс қабылдауда телефондық-телеграфтық байланыс тобының ақпаратын қабылдау және өңдеу бөлімінің аға маманы Сымбат Қаржаубаева (1540), ҚР ҚК санитарлық-эпидемиологиялық орталығы эпидемиология бөлімі әдістемелік бөлімшенің дәрігер-маманы Альбина Мұхтарова (1469), ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінің бишісі Айдана Ғазизова (1446), Павлодар облысындағы ҚІД радиобөлімшесінің командирі – радиостанция бастығы Айман Рыскелдина (1418) орташадан жоғары көрсеткішке қол жеткізуде.

Небары дауыс берудің он екі күніндегі көрсеткіш, әзірге, осылай. Алда әлі, бір айдан астам уақыт бар. Оған дейін оқ бойы оза келе жатқандардың қатарына кім қосылып, кім қалары белгісіз.

 

«Жеңімпаз болғым келеді...»

 

Жоғарыда сөз еткендеріміздің қатарында 2360 дауыс жинаған Феруза Тәжібаеваның әскери салада жүргеніне –  төрт жыл.

«Мен, - дейді байқауда бақ сынаушы, – осы салаға өз еркіммен келдім. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң 2007 жылдан бастап аудандық емханада жалпытәжірибелік дәрігер боп қызметімді бастадым. Кейін бұл қызметімнен әскери салаға бет бұруыма әріптесім себепкер болды. Бірде ол аудандық әскери комиссариатқа барып, осы салада қызмет етуге өтініш береді. Оны естіп, мен де құжаттарымды жинап, сол жерге бардым. Өйткені, әскерилердің киім киісі, бой бітімі, жүріс-тұрысы маған о баста ұнайтын. Сондықтан ештеңеге қарамай, мен де өтініш бердім. Солай, жолым болып, әскери салаға бет бұрдым».

2012 жылы әскерге шақырылған Ферузаның алғаш түскен жері – 97617 әскери бөлімі. Ал, бір жарым айдан соң ауысқан жері – қазіргі ҚР ҚК Парашюттік даярлық орталығы. «Тұңғыш рет парашюттен секірмес бұрын тікұшақта отырғанда ойым алай-дүлей болды. Бірталай сұраққа шырмалдым, жүрексіндім. Алайда, сосын парашюттен секіргенде бір биіктікті бағындырғандай болдым», - дейді ол есіне түсіре.

Әрдайым салауатты өмір салтын ұстанатын ол тауға да шыққанды жақсы көреді. Бос кезінде дәмді тәттілер әзірлеп, кітап та оқиды. Жақында ғана қолға ұстап, оқыған кітабы – «Поющие в терновнике. «Тек орысша ғана емес, қазақ, өзбек тілдеріндегі әдеби оқулықтарды да жаным сүйеді», - дейді осы арада кейіпкеріміз.

Ферузаның ұлты – өзбек. Дегемен, қазақша мүдірмей сөйлейді. «Менің мемлекеттік тілде сөйлегеніме кейбіреулер таңғалып жатады. Былай ойласаңыз, Қазақстанда туып-өскеннен кейін қазақ тілін білмеу – тіптен ұят. Таңданысын білдіргендерге, көбінесе, осы жауапты қайтарамын. Әрине, өз тілім – өзбек тілін де ұмытқан емеспін, одан қалды ресми тілді де қатар алып жүрмін», - дейді байқауға қатысушы.

Капитан шенді Феруза Тәжібаева  қазір – ҚР ҚК Парашюттік даярлық орталығында медицина қызметінің бастығы. Оның ендігі көздеген биігі – Қорғаныс министрлігінің екінші мәрте ұйымдастырып отырған іс-шарасы. Сондықтан, «Батыр арулар – 2016» байқауына қатысушы капитан қыз сөз соңында бізге жеңімпаз болғысы келетінін жеткізді. «Бақ шаба ба, бап шаба ма?» дегендей, көрейік, кімнің бағы жаңарың. Сәттілік, армиядағы айымдар!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"