Бірлескен бітімгерлік оқу-жаттығу әскерилердің дайындық деңгейін арттырады

Он төрт жыл бойы үздіксіз өткізіліп келе жатқан бітімгерлік оқу-жаттығу – ол «Дала қыраны». Оның мақсаты қазақстандық бітімгершілік бригадасының штабы мен қазақстандық бітімгерлік батальонның БҰҰ бітімгершілік операцияларын жүргізу барысындағы практикалық дағдысын, сондай-ақ қарсылас тараптар арасындағы жанжал жағдайында бітімгерлік іс-қимылдарды орындау кезінде бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімділігін арттыру болып табылады.  
Биылғы жылдың сәуірінде  «Дала қыраны – «Көктем-2017» тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуының алғашқы кезеңі «Іле» полигонында өтіп, Қазақстан Қарулы Күштерінің оқу-жаттығу орталығы босқындардың елестету лагерьлерімен нағыз бітімгершілік базаға айналған еді. Ендігі негізгі кезең осы аумақта шілденің 22-і мен тамыздың 4-і аралығында өткізілмек.  Биыл жеті мемлекеттің бітімгершілік бригадалары қатысатын бірегей шара барған сайын маңыздылығын арттырып келеді.

 Жоғары деңгейдегі жаттығу

 Алматы облысындағы «Іле» полигоны 2003 жылдан бері бітімгерлік оқу-жаттығу өткізетін аймақтың бірі болып келеді. Алаңда АҚШ, Ұлыбритания, Тәжікстан және тағы басқа елдері әскерилерін қабылдап, талай мәрте елімізбен бірлескен оқу-жаттығу өткізгені бәрімізге мәлім. Жыл сайын қатысушы әскерлер саны артып, деңгейі де көтеріліп келеді. Мәселен, «Дала қыраны-2010» оқу-жаттығуына Америка қарулы күштерінен 80, Ұлыбританиядан 10 сарбаз келген болса, бес жылдан соң бұл жаттығуға 100-ге жуық әскери қызметші қатысыпты.

Еліміздің бітімгерлік батальоны мен бригадасы толық құрамда қатысатын біріккен жаттығудың нәтижесі де жоқ емес. Оны қатысушы бірнеше елдің әскерилерінің сөзінен аңғаруға болады. Мәселен, «Дала қыраны-2010» оқу-жаттығу кезінде АҚШ Қарулы күштері үшінші армиясының қолбасшысы Уильям Вебстер: «Қазақстандық жауынгерлердің дайындығын Иракта көрдік. Осы жолы да біріккен жаттығулардың қаншалықты маңызды екенін тағы да дәлелдей түсті, деген пікірін айтқан болатын. Ал, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасы Қарулы Күштерінің өкілі подполковник Шах Навильдра «Дала қыраны-15» оқу-жатығуы кезінде: «Өткен жылы қазақстандық делегация бітімгершілік даярлық бойынша Непалдағы Бирендр оқу-жаттығу орталығында болып қайтты. Непалда болған кезде ҚР Қарулы Күштерінің өкілдері Бирендр бітімгершілік оқу-жаттығу орталығының құрылу тарихымен, оның мақсаттары және міндеттерімен, оқыту бағдарламаларымен танысты. Болашақта біздің мемлекеттер арасындағы әскери ынтымақтастық дамиды деп ойлаймын», - деп, оң пікірін білдірген еді. Осы сынды пікірді өзге мемлекеттерінің әскери қызметшілерімен бірлескен операцияларды жүргізу кезінде іс-қимылдардың үйлесімділігін, қазақстандық бітімгершілердің дайындығының жоғары деңгейін шетелдіктер қашанда атап өтуде.

 2014 жылы –  Германияда

 ҚР Қорғаныс министрлiгi 2003 жылдан берi жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан бұл оқу-жаттығу 2014 жылы тұңғыш рет Қазақстаннан тыс жерде өтті. Анығырақ айтсақ, Германия аумағындағы АҚШ қарулы күштерінің біріккен көпұлтты даярлық орталығында «Дала қыраны - 2014» бітімгерлік оқу-жаттығуы болып өтті.  

Іс-шара барысында «Дала қыранының» мәні толықтай жүзеге асырылып, бітімгерлік процедураларының тәжірибесіне оқыту мен пысықтау бойынша іс-шаралар табысты жүргізілді. Сондай-ақ, барлық әскери қызметшілердің бірлескен қимылдардан жақсы дағды алғанын, сондай-ақ жаттығуда жинаған машықтарын нақты істе көрсете алатынын, БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуға даяр екендігін танытты.

  2015 жылы – Қазақстанда

 2015 жылдың сәуірінің ортасында Алматы облысындағы «Іле» оқу-жаттығу полигоны кезекті рет «Дала қыранына» жол ашты. Он үшінші рет өткізілген шарада Қазақстан, АҚШ және Ұлыбритания әскери қызметшілері спорттың 4 түрінен: армрестлинг, гір көтеру, арқан тарту және эстафетадан күш сынасты.

Жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды Қазбриг жеңіп алды, екінші орынды Ұлыбритания армиясының командасы иеленсе, үшінші орынға АҚШ әскери қызметшілері табан тіреді. Бұдан басқа армрестлингтен 1-орынды Қазбат бітімгершілік батальонының келісімшарт бойынша әскери қызметшісі сержант Н.Саябаев, 2-орынды ефрейтор А.Бекенов, 3-орынды АҚШ армиясының әскери қызметшісі Эрик Трас иеленді. Гір тасын (24 кг) көтеруден капитан А.Спиридонов (ҚР ҚК ҚӘ Аэроұтқыр әскерлері) үздік шықты. Екінші орынды – АҚШ Қарулы Күштерінің өкілі, үшінші орынды  Қазбат бітімгерлік батальонының келісімшарт бойынша әскери қызметшісі аға сержант Қ.Пазылбеков алды. Жеңімпаздарға грамоталар, медальдар мен ауыспалы кубок табыс етілді. Наградтау рәсімін Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Руслан Мұздыбаев өткізді. 
Алғашқы кезең 17-сәуір күні қорытындыланды. Оқу-жаттығу кезінде Қазақстанның, АҚШ, Ұлыбританияның және Солтүстік Ирландия әскери қызметшілерінен құралған қатысушылар заңсыз әскери құрамаларды анықтау бойынша бітімгерлік операцияларын жүргізу және жерлерді қоршауға алу көрінісін іс жүзінде пысықтады. Аталған көріністе бандалар құрамасы бейбіт тұрғындары кепілдікке алды, ал бейбітшілдерге жүктелген тапсырма азаматтарды құтқару, қауіпті аймақтан шығару, сондай-ақ жауынгерлерді басып алу мен жою операцияларын жүргізу еді. Осы оқу-жаттығу кезінде Аэроұтқыр әскерлерінің Қазбриг және Қазбат бөлімшелері Қазақстанның Қарулы Күштерін көрсетті. Бітімгерлік миссиясы аясында операцияларды сәтті жүргізу ұлтаралық бітімгерлік контигентіндегі іс-қимыл үйлесімділігіне ықпал етеді.

Жалпы «Дала қыраны – 2015» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуының екі кезеңі де (бірінші кезеңі – сәуір айының 6-17 аралығында, екінші кезеңі маусым айының 15-26 күндері өтті) Қазақстанда ұйымдастырылды. Командалық-штабтық компьютерлік-симуляциялық оқу-жаттығу  JCATs бағдарламасы қолданыла отырып өткізілді. Бұл бағдарлама моторесурстар мен оқ-дәрілерді шығындамай бөлімшелерді жоспарлау, басқару және қолдану мәселелерін өңдеуге және компьютерде жоспарланатын операцияларды жүргізуге мүмкіндік берді.

Осы жылы оған Ауғанстан, Непал және Түркия әскери қызметшілері алғаш рет қатысты. Яғни, екінші кезеңде жеті мемлекеттің, атап айтқанда, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Ауғанстан, Непал, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Түркия әскерилері шыңдалды.

Сол тұста БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларын өткізу барысында Қазбриг және Қазбат штабы жұмысының практикалық дағдылары жетілдірілді, әскери-азаматттық өзара іс-қимыл, тарату, күреске қарсы тараптарды қарусыздандыру және ымыраға келтіру жөніндегі іс-шараларды жоспарлау кезінде бөлімшелерді басқару және бақылауда машықтары арттырылды.  Одан өзге, «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасының қатысушы елдерімен қазақстандық бітімгершілік бригадасының жедел үйлесімділігі шыңдалды.

2016 жылы – Ұлыбританияда

   Осы жылы аталмыш жаттығудың бірінші кезеңі әдеттегідей «Іле» жаттығуы базасында өтсе, екінші кезеңі Ұлыбритания жерінде ұйымдастырылды.

Бұл жолы ауқымды бірлескен жаттығу мен тәжірибе алмасу орны Ұлыбританиядағы «Станта» оқу-жаттығу орталығы болды.  Онда Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Тәжікстан мен Қырғызстанның әскери қызметшілері бірлескен операцияны өткізу үшін бірікті. Қатысушылар бірнеше топқа бөлінді. Сценарий бойынша негізгі тапсырмалар – ол ізгілік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша іс-шаралар, шекара бақылауы, қоғамдық тәртіпсіздікке ден қою. Шарттары – шынайыға барынша жақындатылған. Сценарий бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі шынайы бітімгершілік операциялар тәжірибесінде негізделді.

Жалпы алғанда, оқу-жаттығудың негізгі тапсырмалары бейбітшілікті қолдау, жүктерді айдауылдау, бақылау-өткізу пункттерінде жұмыс жасау бойынша операциялардың барлық аспектілері мен ерекшеліктерін пысықтаудан тұрды. «Станта» оқу-жаттығу орталығында Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Тәжікстан және Қырғызстанның бітімгершілері күш, ептілік және төзімділік тұрғысында бәсекеге түсті. Олар спорттық пәндер кешенінде, яғни, арқан тарту, гантельдермен эстафета, ауыр автотехниканы сүйрету, футбол және волейболдан өздерінің дене даярлықтарын паш етті. Ұдайы физикалық жүктемелер және спортпен шұғылдануға әбден дағдыланып қалған әскери қызметшілер үшін мұндай халықаралық жарыстар нағыз спорттық мерекеге айналды. Қатысушылар тең нәтиже көрсете отырып, барынша күш салды. Қазақстандық «ҚАЗБРИГ» бітімгершілік бригадасының әскери қызметшілері дене даярлығының жоғары деңгейін көрсетті. Қатысушылардың айтуы бойынша, спорттық жарыстар оқу-жаттығу бағдарламасының ажырамас бөлігіне айналған және ұлтаралық командаларды керемет біріктірді.

 «Дала қыраны-2017»

 Сәуір айында  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Іле» оқу-жаттығу орталығының базасында «Дала қыраны» – «Көктем – 2017» тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуының алғашқы фазасы өтті.

Әдеттегідей, «Іле» әскери полигонында өткен жаттығуға Ұлыбритания, АҚШ пен Қазақстан бітімгершілік бригадалары қатысты.

Шартты сценарий бойынша елді мекенге баса көктеп кіріп, жанжал тудырмақ болған қарулы топқа тосқауыл қойылды. Оқу-жаттығу барысында қазақстандық бітімгершілер АҚШ пен Ұлыбританияның әскери қызметшілерімен бірлесе жауапкершілік аймақтарын патрульдеу, блокбекеттерді орнату құралдары бойынша көлік магистральдарын бақылау, тобырды бақылау және келіссөздерді жүргізу, бітімгершілік базаны күзету, жекелеген тұлғалар мен ізгілік жүктерді айдауылдау және ілесіп жүру, миналық учаскелерді залалсыздандыру және алғашқы медициналық жәрдем көрсету мәселелерін пысықтады. Әскери қызметшілермен тәжірибелі қазақстандық, американдық және британдық нұсқаушылардың жетекшілік етуімен теориялық және практикалық сабақтар өткізілді. Барлық жоспарланған іс-шараларды сапалы өткізу үшін қажетті инфрақұрылым құрылды. Оқу-жаттығу орталығы шегінде бітімгершілік базалар мен босқындардың елестету лагерьлері өрістетілді.

«Дала қыраны – «Көктем-2017» тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуы бірінші кезеңінің белсенді түрде өтті. АҚШ және Ұлыбританияның әскери қызметшілерімен бірлесе қазақстандық бітімгершілер бітімгершілік миссиялардың тақырыптық мәселелерінің біртұтас кешенін пысықтады. Бұл жөнінде Ұлыбритания Қарулы күштерінің өкілі Алан Ричмонд: «Қазақстан бітімгершілік бригадасымен үнемі тәжірибе алмасып тұрамыз. Бүгінгі жаттығуда өзара іс-қимыл жоғары деңгейде болды деп айтуға болады» дейді.

Оқу-жаттығудың белсенді фазасын өткізу кезінде Қазақстан Қарулы Күштерінің оқу-жаттығу орталығы босқындардың елестету лагерьлерімен нағыз бітімгершілік базаға айналды. Жасалған инфрақұрылым барлық жоспарланған іс-шараларды сапалы өткізу үшін шанайы жағдайда барынша жақындатылған түрде модельдеуге мүмкіндік берді.

«Көктем-2017»  – биылғы «Дала қыранының» алғашқы кезеңі. Ендігі негізгі

кезең шілденің 22-і мен тамыздың 4-і аралығында «Іле» полигонының аумағында өтеді. Оған 7 мемлекеттің бітімгершілік бригадалары қатысады. Сол кезде Қазақстанның бітімгершілік бригадасы толық жасақталады.

 

P.S. Айта кетейік, Дала қыраны» оқу-жаттығуы 2003 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осындай бірлескен тәжірибенің арқасында қазақстандық бітімгершілік батальонының әскери қызметшілері өздерінің дайындық деңгейлерін жетілдіруге мүмкіндіктері бар. Еліміздің Қарулы Күштерінен «Дала қыраны» оқу-жаттығуына қатысушы қазақстандық «ҚАЗБРИГ» бітімгершілік бригадасы БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөнінде бірнеше операцияны жүзеге асырып жүр. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі екі миссияда Батыс Сахарасы (MINURSO) мен Кот-д’Ивуарда (UNOCI) әскери бақылаушылар ретінде ҚР ҚК-нің әскери қызметшілер де қызмет атқарып жүргендігі тағы бар. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"