Бір отбасын ажалдан арашалаған жауынгер

Бір отбасын ажалдан арашалаған жауынгер

Алматы қаласы, 2019 жылдың 11 наурызы, сағат 18.30 шамасы. Әдеттегідей жұмысынан қайтып келе жатқан Отан қорғаушы Нұрғанат үйіне жақындап қалғанда «Өрт!Өрт! Өртеніп жатыр» деген шуға қарай бет алды.

Көрші екі қабатты жатақхана өртке оранып, әп сәтте тұрғындар сыртқа шығатын есік түтін аралас отпен тыныстай бастады. Өрт шығу ошағы есікке жақын орналасқандықтан жалындаған тілсіз жау есікпен бірге жатақхана шатырына қарай өрмелеуде. Кешкі уақыт, тұрғындар енді жұмыстан оралып жатса, жатақхана ішіндегілер сыртқа шығып өрт қызметіне жан-жақтан қоңырау шалуда. Апақ-сапақтың кезі, іште біреу-міреу қалғанын ойлайтын шамада емес, тұрғындар бірінші жақындарын, құжаттарын түгендеуде. Бір уақытта шыңғырған жан дауыс шықты. «Екінші қабатта балаларым қалды, құтқарыңдар, өтінем, құтқарыңдаршы!» деп шырылдаған ана дауысы. Ботадай боздаған ана, әркімге жанұшыра жалынып көмек сұрауда. Ешкім шешініп отқа оранған үйге кіруге дауламайды. Бәзбіреулер өртті ұялы телефондарына түсіріп әлек болып жүр. Оқиға орнына келген Нұрғанат сол мезетте ойланбастан шыңғырған әйелден балаларының қай бөлмеде орналасқанын біліп, отқа оранған есіктен ішке енді. Жалындаған от пен қою түтін тынысын тарылтуда. Жігіттің ішке батылдана кіргеніне жігерленген ана Нұрғанаттың артынан бірге еріп, баспалдақпен жоғары көтеріліп, балалары қамалып отырған есікке жетті. Кілт құрғыры осындайда табылар емес, есікті теуіп сындырған Нұрғанат іштен алты мен үш жасар аралығындағы екі баланы бушлатына орап сыртқа алып шықты. Қайта оралуға жалын мен қою түтін мұрша бермеді. Іште ана мен бір жасар қыз қалды. Осы кезде Нұрғанат сырт жақтан екінші қабаттағы жатақхана терезесін таспен сындырып, баламен қалған әйелге «Лақтыр ана қызды маған, тосып алам» деп айқайлады. Қолқаны қапқан жалын ойлануға мұрша берер емес. Шарасыз ана терезеден қызын төменге қарай лақтырып еді, Нұрғанат бушлатымен оп-оңай тосып алды. Ендігі кезек – балалардың анасында. Оғанда жиналған халық «Секір төмен, өлесің бе енді» деп айқайлап, ол әйелді де төмен секіртіп, жаңағы бушлатпен тосып алды.

      Міне, осылайша өзінің көзсіз батырлығымен Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының келісімшарттағы қатардағы жауынгері Дүйсен Нұрғанат Мұратұлы бүтіндей бір отбасыны ажал тырнағынан арашалап қалды. Сәтін салғанда өрт оқиғасы болған орында ешкім зақым шеккен жоқ.

      Артынша өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды көрші үйлерге таратпай уақытында өшірді. Оқиға орнына жиналған халық Нұрғанаттың қиын-қыстау шақта тез шешім қабылдайтын өр намысты, батыр жігіт екеніне тәнті болды.       

      Осы ерлігінен хабардар болған Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаев қатардағы жауынгер Дүйсен Нұрғанатқа алғыс хатын жіберді. Төтенше жағдайлар комитеті мен Жетісу ауданы әкімшілігі де алғысын айтуда.

        Ал Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Мұстабеков Асқар Досбосынұлы ерлігімен дүйім жұртқа танымал болған қайсар Нұрғанатқа жеке құрам алдында Қорғаныс министрінің алғыс хаты мен сыйлығын табыс ете отыра, осындай өнегелі ұл тәрбиелеген әкесі Мұрат Дүйсенұлы мен анасы Айгүл Дуйсенғазықызына алғыс хатын жолдады. Алдағы уақытта институт басшылығы тарапынан Қорғаныс министріне аталған азаматқа мемлекеттік награда беру туралы ұсыныс жіберілмек.

        24 жастағы Дүйсен Нұрғанат Мұратұлы – Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласының тумасы. Жаркент қаласындағы А.В.Лунчарский атындағы орта мектептің түлегі. Дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер.    

         2014-2015 жылы Астана қаласындағы 0112 әскери бөліміндегі   «Айбын» Президенттік полкы, рәсімдік ротасында мерзімдік қызметін абыроймен атқарды.

         2017 жылы Алматы қаласы Әуезов ауданының Қорғаныс істері басқармасынан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығына жүргізуші-механик маманы ретінде келісімшарттық қызметке шақырылады.

        Әкесі Мұхаметжан Мұрат Дүйсенұлы – әскери зейнеткер, анасы Мурумбаева Айгүл Дуйсенғазықызы – Жаркент қаласындағы А.В.Лунчарский атындағы орта мектебінде қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Інісі Ерасыл да әскери қызметте.

       Бүгінгі таңда міндетін әскери антына сәйкес адал орындап жүрген Нұрғанат өз бөлімшесінде беделді, достарына сыйлы, сеніп тапсырған әскери техникасы мен құрылғыларына ұқыпты, командирі тарапынан өте жауапты қызметкер ретінде бағаланады. Өзінің бүтіндей бір отбасыны өрттен алып қалғанын атақ үшін емес, азаматтық борышым деп түсіндіреді.

 

Запастағы майор Ербол Алибаев

 

Радиоэлектроника және байланыс

әскери-инженерлік институтының

баспасөз қызметінің бастығы

        

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи