Айбынды әскер – тәуелсіздік тірегі

Айбынды әскер – тәуелсіздік тірегі

Алаш зиялысы Міржақып Дулатов “Қайтсек жұрт боламыз?” деген мақаласында: “Жауап біреу-ақ: әскеріміз болса ғана жұрт боламыз” деп кесіп айтқан екен.  Тәуелсіз Қазақстанның тарихында осы асқақ арманнан туындаған ұлттық әскеріміздің  құрылуы 1992 жылдың  7 мамырына дөп келеді.
    Бірақ ол кезде әскеріміздің айбынды күшке ие еді деп айта алмап едік. Егемен еліміздің өзі сияқты әскері де күрделі қалыптасу жолынан өтті. Қазақстан әскерінде  кадрлар да, тәжірибе де жоқ кезең-тін. Алайда тынымсыз еңбектің нәтижесінде біздің Қарулы Күштер аяғынан тік тұра алды. Ең бастысы, әскери қызметшілер үшін әлеуметтік кепілдіктер белгіленді. Осындай қадамдардың арқасында әскерилердің әлеуметтік мәселелері уақытында шешімін тапты.

Мысал келтірер болсақ, еліміздегі әскери қызметшілер көп жылдардан бері “көшпенділердің” күйін кешіп келгені жасырын емес. Көпшілігінің жеке басына тиесілі баспанасы да болмайтын. Ал соңғы алты-жеті жыл бойы оларға баспана жалдау ақысы төленсе, былтыр “Әскери баспана” бағдарламасы қабылданып, үй сатып алуға мүмкіндік пайда болды. Осы игілікті бағдарламаның шапағатын алғашқы болып көргендердің бірі – облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары подполковник Дәулет Толыбай. “Әскери баспана” бағдарламасы бойынша әскери қызметшінің отбасындағы жан басына ай сайын үлкен қалаларда 50 мың, ал облыс орталықтарында 22300 теңгеден ақша бөлінеді.  Яғни, отбасындағы адам саны неғұрлым көп болса, тұрғын үй төлемінің сомасы да соғұрлым жоғары болады деген сөз.  Сатып алатын пәтер бағасының 20 пайызы жинақталғаннан кейін Дәулет Толыбайұлы несие ресімдеп, баспана бақытына кенелген. Қазір оның айына 113 мың теңге несиесін он жыл бойы өтеуді де Қорғаныс министрлігі өз мойнына алған. Бұған дейін әр жерде пәтер жалдап, баспана тауқыметін біраз тартқан әскери қызметші қазір кең де жарық үш бөлмелі пәтерде тұрып жатқанын өз қызметінің басты игілігінің бірі деп біледі. Отағасы өзінің 5, 8 және 11 жасар үш ұлы Асанәлі, Болат пен Қуатқа әскери қызметтің артықшылықтарын үнемі айтып отырады. Соның нәтижесі болуы керек, олар  халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы “Жас ұлан” әскери мектебінде оқуды армандап жүр. Бұған Ұлттық ұлан әскери институтында байланысшы болып жұмыс істейтін аналары Зәуреш Рахметоллақызының да әскери қызметте жүргені түрткі болса керек. Кенжесінің балабақшаға кезексіз орналасқанын да әкесі әскери қызметтің артықшылығы деп түсіндірді.
Әскерилеріміздің әлеуметтік жағдайы “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңда қамтылған. Мәселен, әскерилерге еңбек еткен жылдарына қарай  екі лауазымдық еңбекақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленіп, 30 тәуліктен 45 тәулікке дейін жылсайынғы демалыс беріледі. Демалыс кезінде олар алыс сапар шегетін болса, жолға шығындаған күндері қосылады. Ал олардың отбасы мүшелері, ата-аналары да әскери-медициналық мекемелерде мемлекет есебінен көмек алуға құқылы. Егер қызмет бабымен басқа елдімекеннен қоныс аударса, екі айлық еңбекақы көлемінде ақшалай қаражат, сонымен қатар бірге көшкен әрбір отбасы мүшесіне бір жалақының жартысы мөлшерінде көтермеақы төленеді. Біздің облыс бойынша көктемде және күзде жыл сайын 20 адамға санаторийге жолдама беріледі. Қажетті киім-кешекпен мемлекет есебінен қамтамасыз етілуін де Дәулет Толыбайұлы әскердің игілігі ретінде атап өтті.  Сарбаз, сержант лауазымдарына 3 жылға келісімшарт бойынша әскери қызметке алғаш кірген азаматтарға – бір, ал бес жылға келісімшарт жасасқандарға 10 лауазымдық еңбекақы мөлшерінде сыйақы төленетіні де – әскери қызметтің абыройын асқақтату үшін жасалған қадамдар. Ал ең бастысы, әскери қызметшілердің зейнет демалысына ерте шығатыны көпшілікті қызықтырып отырған жайттардың бірі екені жасырын емес.  
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Әскери адам оттан да ыстық Отан шебін қорғайды. Ашық аспан, бейбіт өміріміздің тірегі де, қорғанышы да – солар. Сол себепті де халқымыз оларды айрықша қастер тұтып, ел үшін жандарын қиған батырларды жырға қосып, аттарын аңызға айналдырған. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әскері – біздің ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы” деген сөзі бар. Ендеше, елдің тыныштығын ойлап жүрген айбынды әскерімізге барлық жағдай жасалуы – дауласуды қажет етпейтін аксиома. Өйткені бейбіт елдің бесігі қуатты әскердің қолында тербелері хақ. Демек, “Ердің аты  – елменен, ел қорғаны  – ерменен” дегендей, бейбіт күннің арғы жағында беделі биік қолбасшы мен қасиетті парызы өтеп жүрген білегі мықты сарбаз тұрғаны ақиқат. 

Айман Абжапбарова,

СҚО ҚІД баспасөз қызметінің бастығы


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи