Ауқымды істер атқарылып келеді

Ауқымды істер атқарылып келеді

Қадірлі оқырман қауым! Назарларыңызға Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Бердібек Берістемовтың өткізілген сұхбатты ұсынып отырмыз. Көпшілік қауым бұл сұхбатты оқи отырып, көкейдегі көптеген сауалдарына жауап алатыны анық.

-     Биылғы ширек ғасырлық тойларыңыз құтты болсын! Әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің тыныс-тіршілігінен бастасақ... Жалпы қандай іс-шаралар атқарылуда?

-     Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің шығу тарихы әріден бастау алады. Жергілікті басқару органдары кезінде Әскери комиссариат деп аталған. Біздің облыстық департаменттің шығу тарихы Алматы облысының құрылуымен астасып жатыр, яғни 1932 жылғы 10 наурызда Алматы облысымен қоса біздің облыстық Әскери комиссариат та құрылды. Ол кезде комиссариаттың құрамына
24 аудандық комиссариат кірген. Содан бері 7 рет өзгеріске түсіп, 2004 жылғы 16 сәуірде бүгінгі атауы – Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті болып бекітілді. Бүгінгі күні бағынысымызда
17 аудандық және қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен бөлімдер бар.

Атқарылып жатқан жұмыстар көп, белгіленген тапсырмалар дер кезінде орындалуда. Облыстық, қалалық әкімдіктер, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті, Ішкі істер департаменті, Талдықорған гарнизонының әскери бөлімдері сынды басқа да мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеміз.

Мәселен, 2016 жылғы күздің соңғы айында қорғаныс істері жөніндегі департаменті облыстың құрылымдық күштерімен бірлесе отырып, «Жетісу-2016» оқу-жаттығуларын өткіздік. Мұндағы мақсат – жұмылдыру тапсырмасы мен тапсырысы бар әкімдіктің, аумақтық мемлекеттік ұйымдардың жұмылдыру, соғыс уақыты кезіндегі даярлықтарының деңгейін пысықтау еді.

Сонымен қатар, жыл соңында департамент, бағыныстағы басқарма мен бөлімдердің жеке құрамы білімі мен біліктіліктерін сынау үшін қорытынды тексеруден өткіземіз. Олар мемлекеттік-құқықтық дайындық, жұиымлыдру, ату, дене  даярлықтары бойынша сынақ тапсырады. Үздік бөлім мен әскери қызметшілер анықталып, алғыс хаттармен марапатталады.

    

-     Көктемгі әскерге шақыру қалай жүргізілуде?

-     Биыл Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны жылдағыдан 1 ай ерте басталды. Ондағы мақсат – әскерге қабылданғандарды Қарулы Күштерде жыл сайын өткізілетін жазғы оқу-жаттығуларға қатыстыру. Бұл олардың армия өміріне етене араласып кетуіне зор ықпал етеді.

Тағы бір ерекшелік – жалпы республика бойынша әскерге қабылданушылардың саны артты. Қорғаныс министрлігінің ұсынған мәліметіне сәйкес осы көктем айында ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына 1999-1990 жылы туылған
16 мыңнан астам азаматты қабылдау жоспарланған.

Соған сәйкес екі облысқа жылдағыдан 400-ге жуық бала артық қабылдау талабы қойылды. Соның бірі біз – Алматы облысы. Бұл Алматы облысына артылған үлкен сенім деп білеміз. Себебі жыл сайын Алматы облысы ҚР Қорғаныс министрлігі ұсынған әскерге шақыру нарядын 100 пайызға толық орындап келеді. Яғни, республика бойынша Алматы облысы әскерге шақыру жоспарын орындауда көш бастап тұр. 

Үміткерлер медициналық, моральдық-психологиялық зерделеуден өткізіліп, әскерге жарамды-жарамсыздығы анықталады.  Сарапшылардың қатаң талаптарынан іріктелген әскер қатарына алынған бозбалалар Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жиын пунктінен ҚР Қарулы Күштерінің, ҚР Мемлекеттік Күзет қызметіне, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне жөнелтіледі.

 

-  Жалпы әскерге облыс аумағанынан аттанып жатқан жастардың белсенділігі қандай?

-     Жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшыныстары қуантады. Армияға аттану үшін өз еріктерімен сұранып кетіп жатқандары да жетерлік.

Дегенмен, олардың әскерге жарамды-жарамсыздығын анықтайтын комиссияның қорытынды сараптамасынан кейін ғана шешім шығарылады.

Жалпы әскер қатарына шақыру науқаны барысында аңғаратыным – әскерге ниеттілердің басым бөлігі ауыл жастары. Пайызға шақсақ, 60-70%-ды құрайды. Оның себебі ауылдан келгендердің басым бөлігінің денсаулықтары мықты, дене-бітімдері шымыр, психологиялық тұрғыдан тұрақты болуында.

Мерзімді әскери қызметке қабылдауда әскерге қабылданушының денсаулығына, отбасы жағдайына, біліміне (ортадан төмен болмауы тиіс), өзінің және туыстарының сотты болмауына, моральдық-психологиялық жағдайына, ең бастысы, әскери борышын өтеуге деген құлшынысына басым көңіл бөлінеді.

Әскери борышты өтеу мерзімі өзгерген жоқ, Заңға сәйкес 12 айды құрайды.

 

-     Өз облысыңыз бойынша ҚР Қарулы Күштері қатарында келісімшарт бойынша қызмет ететіндер туралы не айтар едіңіз?

-     Елбасымыз – ҚР Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев Қарулы Күштердің дамуына, әлеуетінің артуына жіті көңіл бөліп, барлық жағдайды жасап келеді. Соның нәтижесінде еліміздің қорғаныстық қабілеті артып, жыл сайын армиямыз заманауи қару-жарақ пен әскери техникалармен толығуда. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайлары түзелді. Тіпті бірқатар дамыған мемлекеттердің армиясымен иық теңестіріп, түрлі халықаралық дәрежеде өткізілетін оқу-жаттығуларға қатысып, біліктілігімізді дәлелдеп келеміз. Сарбаздар, сержанттар мен офицерлердің кәсіби деңгейлері арта түскен.

Мұның бір себебі ретінде ҚР Қарулы Күштерін келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери  қызметшілермен жасақтауды атап өткім келеді.

Келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау және оның саны ҚР Қорғаныс министрлігі ұсынған жоспарға сәйкес жүргізіледі. Мәселен, 2016 жылы министрлік ұсынған жоспарды тіпті артығымен орындап шықтық.

Қазіргі уақытта жүргізушілер, дәрігерлер, атқыштар, барлаушылар сынды мамандықтарға сұраныс басымырақ. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеруге орта және жоғары білімді азаматтар қабылданады.

Барлық талаптардан сүрінбей өткен еріктілер Қазақстан бойынша қалаған әскери бөлімге барып әскери қызмет өткере алады. Оған қабылданатындар мерзімді әскери қызмет өткерген болуы шарт.

 Қорғаныс істері жөніндегі департаменті келiсiмшартпен әскери қызмет өткерем деушiлерге барынша қолдау жасайды, көмектеседi. Облыс бойынша барлық аудандар мен қалаларда орналасқан қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен бөлімдерде жауапты қызметкерлер бар, толық мағлұмат беруге әр кез дайын.

 

-  Әскери билет алудың бір жолы ретінде Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери-техникалық мектептер аталып жүр. Сол төңіректе әңгіме қозғасақ.

-  Белгілі бір себептермен мерзiмдi әскери борышын өткере алмаған, шақыру жасындағы жастар да әскери билет алу мүмкіндігіне ие. 22-27 жас аралығындағы жастар арнайы 40 күндік ақылы курста оқытылады. Құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қабылданған соң үміткер кезекке қойылады.

Бұл мектепте болашақ әскери маман теориялық және практикалық дайындықтан өтедi, әр түрлі оқу-жаттығуларға қатысады. Бүгінгі күнде оқудың төлемақысы 263 мың теңгені құрайды.

Әскери-техникалық мектепке денсаулығы мықты үміткерлер алынады. Бұл отбасы жағдайына байланысты мерзiмдi әскери қызметі кейiнге қалдырылғандарға да қатысты. Айлық курстан өткен бозбаланың әскери билет алуға және келiсiмшарт бойынша әскери қызметші болып армияда қалуына да мүмкiндiк бар.

 

- Жас буын өкілдерімен қандай жұмыстар жүргізіледі?

- Қарулы Күштердің беделін арттыру, қазақстандық армияның имиджін көтеру, жас ұрпаққа патриотизм рухын дарыту мақсатында да шаралар атқарудамыз. Соның бірі – алда келе жатқан маусым айында өткізілетін «Айбын» жастар әскери-патриоттық жиынын атап өтуге болады. Аталған жиынға қатысу үшін алдымен аудан, кейін облыс бойынша әскери-патриоттық клубтар арасында іріктеу сайыстарын өткіздік. Нәтижесінде «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы озық шығып, биыл халықаралық деңгейде өткізілетін «Айбын» жиынында Алматы облысының намысын қорғайтын болады.

Жалпы Алматы облысы бойынша 37 әскери-патриоттық клуб бар. Клубтың жұмысымен 2500-нан аса бала қамтылған. Сабақтан тыс уақыттарында жастар спорттық жаттығулармен айналысудан бөлек ҰОС, Ауған соғысы, тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, қал-жағдайларын біліп, қолғабыс беруді дәстүрге айналдырған.

Оған қоса, жылда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Шақырылушы күні» мен «Естелік» атты әскери-патриоттық акцияларымыз бар. 

«Отан қорғаушы» күні қарсаңында «Шақырылушы күні» акциясы аясында ҚР Қарулы Күштердің 25 жылдығына сый-сыралғы ретінде Талдықорған гарнизонының әскери қызметшілері мен бастапқы әскери дайындық пәнін оқитын оқушылардың басын қосып 400 адам қатыстырылған флэш-моб жасадық. Бейнеролик әлеуметтік желілерге тарап, көрермендер жылы қабылдап, ыстық ықыластарымен бөлісті.

Қолға алған шараларымызды түрлі аудиторияның сұранысына сай етіп жасауға тырысамыз. Оның ішінде «Ерлік сабақтары», ардагерлермен кездесу, үйлеріне бару, акциялар, флэш-моб, тіпті пранк-акциялар да ұйымдастырып келеміз.

Облыс көлемінде атқарылар қандай іс-шара болмасын ардагерлер мен оқушыларды қалдырмай қатыстырамыз. Аға буын, жас буын, бала буын болып өзара ортақ атсалысамыз әр істе. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы ғой!

 

-  Бүгінгі жастардың жігері, Отан алдындағы борышын өтеудегі құлшынысы тұрғысында көзқарасыңыз?

-  Қазіргі жастарда әскер қатарына өтуге, Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшыныс басым. Мерзімді әскери қызметке қабылдау жылына 2 рет жүргізіледі: көктемде және күзде. Аталған екі маусымда да үміткерлердің саны жоспар бойынша іріктелуге қажет саннан 2-3 есе артық болып келеді. Біз үшін бұл жағдай армияны сапалы жасақтауға үлкен мүмкіндік береді. Әрине, бұл қуантарлық жағдай.

«Отан – отбасынан басталады» немесе «тәрбие басы – тал бесік», - дейді қазақ елі. Әр баланың бойына жастайынан отансүйгіштік, батылдық, қайсарлық, патриотизм қасиеттерін сіңіріп өсірсек, жас ұрпаққа еліміз бен жерімізді еш алаңсыз аманат етіп кетер ек.

Білекті де, жүректі талай ұлан бар. Кеудесін намыс кернеген, елі десе ерлеген сардарлар мен сарбаздарды білеміз. Бар үмітіміз де соларда, яғни намысты қолдан бермес ұрпақта.

Еліміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

 

Сұхбаттасқан Жанар Ержанқызы


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений