ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Ауғанстан жеріндегі соғысқа 1185 семейлік қатысқан

Ауғанстан жеріндегі соғысқа 1185 семейлік қатысқан

Ауғанстан жеріндегі соғысқа қатысқан 1185 семейліктің 44-і туған еліне қайта оралмады. Екеуі мүлдем хабарсыз кетті. Көзі тірі 440 жауынгер Ауғанстан соғысында қаза тапқан семейлік жауынгерлерге арналып салынған ескерткіштің алдына жиналды. Зиялы қауыммен бірге қаралы жиынға қатысып, шейіт болған боздақтарды еске алды. Осы шараға қатысқан бірқатар кісілер өз ойларын ортаға салған болатын.

Марат ӘБІШЕВ, отставкадағы медицина қызметінің подполковнигі, «Қызыл Жұлдыз» иегері:

–       Біз Витебск 103-ші әуе десанты дивизиясының 350-ші парашютті десант полкі құрамында Ауғанстанға бірінші болып кірдік. Берілген бұйрық бойынша Кабулды, көптеген үкіметтік мекемелерді алдық. Екі жылдың ішінде бейбіт тұрғындарға да көп көмек көрсетілді. «Мұсылман батальоны», артынша екі күннен кейін Баграмға енген тағы бір батальонның көмегімен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жекелеген кішігірім отрядтары «Шторм» операциясына кірісетін болып жоспарланды. 1989 жылдың 23-26 ақпанындағы «Тайфун» операциясы кеңес әскерлерінің ауған жеріндегі ең ақырғы шайқасы болды. Осы соғыста өлгендер,түрлі жарақаттан, аурудан, оқыс жағдайлардан қайтыс болғандар, хабар-ошарсыз кеткендер, жалпы қаза тапқандардың саны 14 427 адам.

   Рима ҚЫДЫРМАНОВА, Ауғанстан соғысында қаза болған Ермек Қыдырмановтың анасы:

–       Менің балам 119-шы байланыс училищесін бітіріп, 18 жасында әскер қатарына шақырылды. Бөтен жердің топырағы бұйырса керек, 1984 жылдың 3-ші шілдесінде оққа ұшты. Мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, дәрі-дәрмек те беріліп жатады. Алайда, баламның орнын ешқандай дүние толтыра алмайды ғой... Тағдырдың маңдайымызға жазғаны сол болар. Міне, сары уайымға салынып ұлымды сағынғаныма 32 жылдан асты. Құрбы-құрдастарын көргенде жан-жүрегім езіледі. Шаңырағымыздың отағасы – ақсақалым да дүние салып, енді қос қанатынан айрылған құстай күй кешудемін. Өскелең ұрпақ мұндай қасіретті ешқашан көрмесін!

Айдар МАНАСОВ, Ауғанстан соғысының ардагері, запастағы майор:

–       Кабулға алғаш келіп түскенде жан-жақтан оқтың атылып жатқаны, ұшақ пен тікұшақтардың гүрілі, күннің шыжып тұрғаны әлі есімде. Келесі күні Парван провинциясындағы Баграм қаласына келіп жеттік. Бізге ол жердегі ірі әскери аэродромды күзетіп, тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету жүктелді. «Ауғанстанда қорқынышты болды ма?» деген сұрақты маған жиі қояды. Менің ойымша, оқ пен оттың ортасында жүріп, ажалдан қорықпайтын адам болмайды. Бойдағы үрейді, ойдағы күмәнді жеңе білетіндер болады. Біз, интернационалист-жауынгерлер, патриотизм рухында тәрбиеленіп, Отанымызға адал қызмет ету жолында берген сертімізге берік болдық.

   Ерқанат ОМАРОВ, Ауғанстан соғысының ардагері:

–       Нангархар провинциясына қарайтын Джалалабад және Кунар провинциясының Асадабад қалаларында өткен қиын күндер ешқашан ұмытылмайды. Ол жайындағы естеліктер «Намыстың құлы, Алаштың құлы» кітабына жазылған. Менің командирім Бақытжан Ертаев болды. Өзекті өртейтін өкініш, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас жігіттердің көбі шаңырақ көтеріп, ұрпақ қызығын көре алмай кетті.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"