Астанада үш күн "Бейбітшілік кернейі" фестивалі өтті

Маусымның 6-сы мен 8-і аралығында Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңес отырысы шеңберінде «Бейбітшілік кернейі» әскери үрмелі оркестрлерінің үшінші халықаралық фестивалі өтті.

Маусымның 6-сында Астана төріне музыканттар, ШЫҰ мүше мемлекеттер әскери үрмелі оркестрлерінің «Бейбітшілік кернейі» ІІІ халықаралық фестивалінің қатысушылары жинала бастады. Ол ғаламат байқауға Қырғыз Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы әскери оркестрлерінің жеке құрамы келген еді. Әрбір оркестрдің саны 50 музыканттан құралған. Барлығы – 350 адам.

 Іс-шараны өткізудегі мақсат – халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделі мен имиджін арттыру, әскери музыкалық өнер арқылы мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, тәжірибе алмасу және әскери оркестрлік қызметті дамыту.  

Баса айта кететін жайт, үш жылдық тарихы бар фестиваль қазақ елінде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Оған дейін ол осыдан екі жыл бұрын тамыз айының 18-і мен 29-ы аралығында Қытай Халық Республикасында және былтыр маусымның 30-ы мен шілденің 1-і аралығында  Ресей Федерациясының аумағындағы Санкт-Петербург қаласында өткен болатын.  
Биылғы Қазақстандағы шара ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының концерт залында бэнд-марафоннан басталды. Онда Қытайдың Ұлт-азаттық армиясының әскери оркестрі, Қырғыз Республикасы қарулы күштері бас штабы Орталық армия үйінің әскери-көрсетпелі оркестрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетпелі оркестрі, ҚР ҚК ҰӘПО орталық әскери оркестрі, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық әскери оркестрі және Тәжікстан Республикасы Қорғаныс министрлігі коменданттық полкінің әскери-үрмелі оркестрі музыкалық бағдарламасын ұсынды. «Біздің ұжым Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бізді мұнда құшақ жая қарсы алды. Бұл қазақ халқын үнемі ерекшелендіріп тұрады», - дейді РФ ҚМ Орталық әскери оркестрінің дирижері капитан Андрей Нисенбаум. 

 «Бейбітшілік кернейі» фестивалі шеңберінде елордалықтар мен қала қонақтары ШЫҰ мүше мемлекеттердің музыкалық мәдениетімен танысып, өзге елдердің ұлттық және әлемдік музыкасымен сусындады. Оларға музыканттар әскери әуендерді ғана емес, халық әндері мен әлемдік хиттерді тарту етті.

Соңғы күнде «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының алдындағы алаңда ШЫҰ қатысушы мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кеңесі аясында «Бейбітшілік кернейі» фестивалінің ғаламат плац-концерті өтті. ШЫҰ елдері әскери үрмелі оркестрлерінің «Бейбітшілік кернейі» үшінші халықаралық фестиваліне қатысушылар қазақтың ұлттық әуендеріне мән берді. «Біз концерттік бағдарлама және плац-концерт түрінде өнер көрсеттік. Біз үшін бұл фестиваль – өзіміздің мәдениетімізді көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге тәжірибе бөлісу үшін жақсы мүмкіндік. Әлбетте, өзге елдің сахнасында әрбір оркестрдің өз өнерлерін ортаға салуы өте жауапты іс. Биыл біз «Қара жорға» биін алып келдік. Қазақстан мен Қырғыз елінің халқы бұл әнге би билейді. Біз бұл нөмірді плац-концертімізге қосып,  осылайша біздің халықтарымыздың бауырластығы мәңгі екендігін көрсеткіміз келді», - деді Қырғыз Республикасы қарулы күштері бас штабы Орталық армия үйі әскери  оркестрінің бастығы, капитан Дастан Жұматайуулу.

Ал, ҚР ҚК ҰӘПО Орталық әскери оркестрінің бастығы, аға лейтенант Алмас Ибрагимовтың айтуынша, халықаралық фестивальге жиі қатысатын қазақстандық ұжым жоспарланған барлық дүниені орындап шыққан. «Біз халықаралық фестивальдарға үнемі қатысып тұрамыз. Қазақстанның атын шығарып, жоғары деңгейді көрсетеміз. Осы жылы барлық күш-жігеріміз аталмыш фестивальге дайындалуға бағытталды. Сондай-ақ, Мәскеуде өтетін «Спасск мұнарасы» фестиваліне қатысуды жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Иә,  қазақ жерінде ШЫҰ мүше мемлекеттері әскери үрмелі оркестрлерінің «Бейбітшілік кернейі» ІІІ халықаралық әскери үрмелі оркестрлерінің үшінші халықаралық фестивалі осылайша жоғары деңгейде өтті. Рухты, патриотты жандандыруда бұл іс-шараның маңыздылығы ШЫҰ мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесінде айтылмай қалған жоқ. Оның рухты нығайтуда жоғары рөлін ескеріп, іс-шараны кейінгі жылдарда да жалғастыру көзделіп отыр. Осы орайда, ғаламат фестивальдің әр қадамы қарыштай беретіне сеніміміз мол.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"