ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Армия ойындарының басталуына аз қалды

Армия ойындарының басталуына аз қалды

Шілденің 21-і мен тамыздың 13-і аралығында Қазақстан-Ресей елдерінде ұйымдастырылатын Халықаралық армия ойындары-2017 байрақты бәсекесінің басталуына да санаулы уақыт қалды.
Байрақты әскери бәсекенің беделі ТМД және әлем жұртшылығына белгілі. Ең бастысы, бұл додада қазақстандық әскери қызметшілер өздерінің белсенділіктерін мойындатып келеді. Біздің Қарулы Күштеріміз, әсіресе, «Танк биатлоны» мен «Авиадартс» әуе сайысында қарсыластарын қаймықтырудан шаршаған емес. Тіпті, бәсекелестеріміз санаулы десек, қателесе қоймаймыз. Халықаралық додаға биылғы дайындық қай деңгейде? Қандай аталымдар бойынша бақ сынаймыз? Осы сауалдар төңірегінде ой қозғамақпыз...

Әлемнің 27-ге жуық елі қатысады

Жуырда «Армия ойындары – 2017» халықаралық сайысын ұйымдастыру мәселелері бойынша үшінші жоспарлаушы конференция өткен болатын.
Әлемнің 27-ге жуық елі шілденің 21-і мен тамыздың 13-і аралығында Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Әзірбайжан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының аумақтарында өтетін «Армия ойындары – 2017» халықаралық жарысына қатысатынын растады. Бұл Қазақстан, Ресей, Қытай және көптеген өзге мемлекеттердің бірнеше мыңдаған әскери қызметшісінің отыздан аса сайысқа қатысатын бірегей сайыс. Конкурста ТМД мен алыс шетелдің танкішілері, ұшқыштары, артиллерияшылары мен саперлері бақ сынасады. Әскери қызметшілер «Танк биатлоны», «Суворов тегеуріні», «Мерген шебі», «Әскери барлаудың үздіктері», «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Авиадартс», «Аспан кілті», «Теңіз кубогы», «Теңіз десанты», «Тереңдік», «Десанттық взвод», «Эльбрус шығыршығы», «Ашық су», «Қауіпсіз бағдар», «Инженерлік формула», «Қауіпсіз орта», «Рембат», «Автоброньды танкті техника шеберлері», «Далалық ас үй», «Әскери-медициналық эстафета», «Жол патрулі», «Күзет сақшысы», «Әскери ралли», «Достастық жауынгері», «Қару шебері», «Ұшқышсыз ұшу аппараттары сайысы есептоптарының сайыстары» және т.б. санаттар бойынша қатысады.


Құрлық әскерлерінің қамы

Бүгінде барлаушылар командасы Армия халықаралық ойындары шеңберінде тамыз айының алғашқы онкүндігінде Новосибирскіде өтетін «Әскери барлау үздігі» байқауына жүруге дайындалып жатыр. Қазіргі таңда дайындықтар Құрлық әскерлері Әскери институтының полигонында өтуде. Іріктеу жарыстарына қатысқан 16 әскери қызметшіден команда құрамында 12 адам қалды. Оның ішінде 10 адам негізгі құрамға кірсе, 2 адам резервте тұр. Команда құрамы толықтай «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 03811 әскери бөлімінің өкілдері. Осы бөлімнің барлаушылары өткен жылдың қорытындысы бойынша жоғары дайындықтарымен еліміз Құрлық әскерлері барлау бөлімдері арасында бірінші орын алғанын жарыса сүйіншілеген болатынбыз.

 – «Команда құрамындағы 4 әскери қызметшіміз өткен жылғы Армия халықаралық ойындарының қатысушылары. Бұл бізге үлкен үміт пен қосымша жігер сыйлайды. Оларға артар сенім мол, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы барлау басқармасының аға офиері майор Нұрлан Шегебаев.

«Әр күніміз қанық дайындықтармен өтуде, біздің алдымыздағы басты тапсырма Ресейде өтетін жарыстарда ел намысын лайықты қорғай білу», - дейді тәжірибелі аға сержанттар Ержан Сейіт пен Әзиз Сындарқұлов, сержант Шәді Алимухаммет, кіші сержант Асылхан Тілеуқабылов ағынан жарылып.

Сайыстарға сақадай сай

 Дәл қазіргі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Айша бибі» полигонында Халықаралық армия ойындарының бағдарламасына кіретін «Қару шебері» байқауына қатысатын әскери қызметшілердің шешуші дайындықтары өтуде. Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы – құрама, оның құрамына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты бірнеше әскери бөлімдердің әскери қызметшілері кіреді. 01731 әскери бөлімі жөндеу-қалпына келтіру батареясы командирінің орынбасары майор Ернар Шағановтың айтуынша, жаттығуларда командаға қойылған негізгі тапсырмалар 120 милиметрлік АД-30 гаубицасын, 23 милиметрлік ЗУ-23 зениттік қондырғысын далалық жағдайда жөндеу қимылдарын барынша пысықтау болып табылады. Сонымен қатар, кедергілерді кесіп өту арқылы орудияларды тасымалдау, оларды толық шашып-жинау да жаттығулардың күрделі кезеңіне кіреді. – Барлық тапсырмаларды уақтылы әрі сапалы орындауымыз қажет. Сол себепті, дайындықтар күшейтілген режимде өтуде, – дейді майор Е. Шағанов. «Қару шебері» халықаралық байқауына бәсекелестіктің артуына байланысты оған қатысушыладың саны да өсуде. «АрМИ – 2017» ойындары шеңберіндегі бұл байқау биылғы тамыз айының басында Қытай Халықтық Республикасының «Қорла» полигонында өтеді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, жуырда аталмыш полигонда «Рембат» конкурсына қатысу үшін командалардың дайындықтары пысықталған болатын. Іріктеуде барынша лайықты деп танылған әскери қызметшілер Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын қорғайтын болды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс, барлау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері мен механикаландырылған бригадалары команда құрамына кірді. Біздің команда құрамында 28 әскери қызметші, оның ішінде негізгі және запастық құрам да бар. «Рембат» жарысы төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде әскери қызметшілер жөндеу-эвакуациялау, жылжымалы техникалық қамтамасыз ету шеберханасы көлігінде, сондай-ақ броньдалған эвакуациялау көлігінде жеке жарыстарға қатысады. Жарыстың екінші кезеңінде олар оқ ату даярлығынан бақ сынайды. Бұл жерде сайысқа қатысушылар 200-ден 400 метрге дейінгі аралықтағы алты нысанды бағындыру, сондай-ақ 25 метрдегі габаритке гранатаны дәл тигізу сынақтары күтіп тұр. Конкурсанттар үшін сайыстың әскери-спорттық кешені салмақты сайыс болғалы тұр. Өйткені, бұл кезең барысында 500 метр халықаралық кедергі жолағын бағындыру, содан кейін ұзындығы 1700 болатын барлаушы соқпағын, содан кейін жерлерді бағдарлауды жүргізу және арнайы тапсырманы орындау үшін шеберлер шебін алу сынақтары бар. – «Үшінші кезең айтарлықтай күрделі кезеңдердің бірі, бұл жерде барлық кедергілерді бағындыру үшін барынша дене күші мен шыдамдылық таныту керек. Сондықтан да әскери қызметшілермен дене даярлығы мен оқ ату даярлығынан нұсқаушылар жаттығулар жүргізуде», - деп «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 01731 әскери бөлімі материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальоны ауыр сүйретпелі автомобиль взводының командирі аға лейтенант Станислав Ван түсіндіріп өтті. «Рембат» конкурсын авто айлақтар мен броньды айлақтарда нормативтерді орындау экипаждарының аралас эстафетасы аяқтайды. – «Өткен жылы «Рембат» конкурсына 4 команда қатысқан болатын, ал биылғы жылы қатысатын командалар саны көп болады деп күтілуде, себебі Армия халықаралық ойындарына қатысу үшін өтініш берген елдер саны артуда, яғни АрМИ өз ауқымын кеңейтуде. Дегенмен біздің әскерилердің де жүлделі орындарға деген нық сенімі бар. Біз оған қуаныштымыз және жеңіске жетеді деген сенімдеміз», - деп 01731 әскери бөлімі командирінің жауынгерлік және дене даярлығы жөніндегі орынбасары подполковник Еркен Өскембаев атап өтті. «Рембат» халықаралық конкурсы тамыз айының басында Ресей Федерациясы Омск қаласының жанындағы полигонда өтеді.

Дәрігерлер додаға дайын

«Отар» 40-шы әскери базасында Ресей Федерациясы Ленинград облысындағы Киров атындағы Әскери-медициналық академиясының полигонында «АрМИ-2017» Армия халықаралық ойындары шеңберінде «Әскери-медициналық эстафета» байқауына қазақстандық әскери қызметшілердің қатысуы үшін іріктеу кезеңі болып өтті. Байқауды өткізу шарттары бойынша қатысушы елдер екі командадан ұсынуы тиіс. Сондықтан іріктелгендердің ішінде бес ер адам және төрт әйел әскери қызметші бар. Құрама команданың қаңқасын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің әскери қызметшілері құрайды. «Әскери-медициналық эстафета» кәсіби шеберлік байқауы бірқатар сайыстарды қамтиды. Оның ішінде, кедергілер жолағынан өту, тапанша мен автоматтан оқ ату, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдысын паш ете отырып, арнайы дайындық бойынша нормативтерді орындау. Оның үстіне, байқау жаттығулары күрделі жағдайда орындалуы тиіс. Мәселен, жаралыға медициналық жәрдем көрсету үшін әскери медиктерге шұңқырларды, орларды, үйінділерді, тікенді сымнан жасалған инженерлік қоршаулардағы өтпелерді еңсере отырып, 30 метрлік жерден бауырлап жылжып өтуге тура келеді. Ал алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін 30 метрді жүріп өтіп, жаралыны тасаға алмастыруы тиіс. Өзге командалық жаттығуда шартты жаралы механик-жүргізушіні арнайы иықбаудың көмегімен ұрыс машинасының люгынан алып шығып, зембілмен қауіпсіз жерге жеткізу қажет. Бастапқыда әскери буынның кіші және орташа медициналық персоналының ішінен анағұрлым дайындалған мамандарды айқындау үшін полигонға келісімшарт бойынша 27 әскери қызметші келді, - деп команда жетекшісі, Қазақстан Құрлық әскерлері әскери-медициналық басқармасының бастығы медициналық қызметінің бастығы Александр Лизе ақпараттандырды. Жаттығуды орындау қорытындысы бойынша ең мықты және төзімді тоғыздық іріктелінді. Екі аптаға созылған тартысты іріктеу сайысынан кейін бүгін барлық қатысушылар ұдайы орналасу пункттеріне кетеді. Он күндік демалыстан кейін әскери ақ желеңділер тікелей эстафетаға қатысу үшін Гвардейск гарнизоны полигонындағы дайындық жаттығуларда қайта бас қосады. Әскери-медициналық эстафетаға іріктелініп алынған тоғыз әскери қызметшінің үшеуі былтырғы жылы мұндай сайысқа қатысқан болатын, - деді Қазақстан Құрлық әскерлері құрамасының бас бапкері медициналық қызметінің майоры Мұрат Фатыков. Жеңіске деген құлшыныс сияқты бұл жігіттерде әлеует пен тәжірибе бар. Бұл баршамызға олар сайыста жоғары деңгейде өнер көрсетеді деген сенімділік береді.

P.S. Халықаралық армия ойындарына дайындық осындай. Санаулы күндерден соң, сайыстың шымылдығы түрілмек. Жалпы, әскерилеріміздің әзірлігі көңіл көншітеді деп айтуға әбден негіз бар. Өйткені, еларалық маңызы бар шарада артта қалуымызға хақымыз жоқ. Бұл жауапкершілікті сарбаздарымыз да сезінетініне сенім мол. 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах