"Армия ойындары-2016" халықаралық байқауының басталуына санаулы тәуліктер қалды

2-9 тамыз аралығында Қазақстан-Ресей елдерінде ұйымдастырылатын Халықаралық армия ойындары-2016 байрақты бәсекесінің басталуына да санаулы тәуліктер қалды. Қатысушы мемлекеттердің әскери қызметшілері дайындық шараларын әлдеқашан бастап кеткенін осы уақытқа дейін де газетімізде жарялаған болатынбыз. Бүгін де жүрісімізден жаңылмай, байрақты бәсекенің тыныс-тіршілігін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік...

Алғашқы лек аттанып кетті

 

Қазіргі таңда қазақстандық командалардың алғашқы легі, яғни, 01731 әскери бөлімінің елуден аса әскери қызметшісі Халықаралық армия ойындарына қатысу үшін Ресейге аттанып үлгерді. Олар еліміздің намысын алдағы ойындардың «Рембат», «Қару шебері», «Автоброньды танкті техника шеберлері» атты үш байқауында қорғайтын болады. Аталған байқауларда ұсынылған біздің командаларға бірқатар сыннан өтуге тура келеді. Айталық, «Рембат», бұл – техника мен қару-жараққа қызмет көрсету және жөндеу бойынша шеберханалардың сайысы. Мұнда бірінші орынға күш сынасуда қатысушыларға жеке жарыста, атыс даярлығында, әскери-спорттық кезең мен аралас эстафетада өздерінің барлық шеберліктерін паш ету қажет.

«Қару шебері» – қару-жарақ жөндеу взводтарының сайысы. Мұнда командаларды үш кезең күтіп тұр. Атап айтқанда, 122-мм Д-30А тартылатын гаубицаны жөндеу, 23-мм ЗУ-23 зениттік құрылғысын жөндеу, қару биатлоны және шешуші эстафета.

«Автоброньды танкті техника шеберлері» – автомобиль жүргізушілерінің сайысы. Әскери жүргізушілер шектеулі өтулер бойынша жүргізуде, кедергілерді, қоршаулар мен су бөгеттерін еңсеруде, шектеулі өтулер бойынша жартылай тіркемелерді тартуда, сондай-ақ, соңғы командалық эстафетада сыналады. Аталған байқауларға қатысу үшін белгіленген командалар әскери бөлімдер, өңірлік қолбасшылықтар мен Құрлық әскерлері деңгейінде іріктеуден өткендерін айта кеткен жөн. Олардың құрамында үздік жүргізушілер, техниктер мен шеберлер бар.

Жалпы алғанда, осы жылы Қазақстанның Қарулы Күштері Халықаралық армия ойындарының 23 байқауының 21-іне қатысады. Осылайша, командалар барлық ойын түрлерінде ұсынылады. «Алғашқы рет өнер көрсетейін деп отырған әскери қызметшілерге үлкен үміт артылып отыр. Танкішілердің, әскери ұшқыштар мен теңізшілердің аталмыш сайыстарға қатысудағы мол тәжірибелері «Танк биатлоны», «Авиадартс», «Теңіз кубогы» байқауларында жүлделі орындарға үміттенуге мүмкіндік береді» дейді мамандар.

 

 

Он сегіз сарбазымыз «Аспан кілтіне» таласады

 

Биылғы жылы Халықаралық армия ойындарын Қазақстанның әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери қызметшілері ашатынын сүйіншілей кеткен жөн. Олар Ресей Федерациясы Астрахан облысының «Ашулук» полигонында шілденің 30-ы мен тамыздың 7-і аралығында «АрМИ-2016» шеңберінде өтетін зениттік-зымыран әскерлерінің жауынгерлік есептоптары арасындағы «Аспан кілті» байқауына алғаш рет қатысады.

Сайыс көзтартарлық, сонымен бірге, едәуір күрделі болмақ. Төрт қатысушы елдің – Қазақстан, Ресей, Қытай, Беларусь мемлекеттерінің әскерилерін алты байқау кезеңі күтіп тұр. Онда әрбір есептоп өздерінің нормативтерін орындайды. Қатысушылар көп осьті шасси жүргізушілерінің сайысы, зениттік-басқарылатын зымырандарды іске қосу құрылғысын зарядтау, орынды қайта алмастыру кезінде әуе шабуылына қарсы ұрысты жүргізу мен іс-қимылдар секілді сындардан өтеді.

10216 әскери бөлімі командирінің орынбасары (бас инженер) подполковник Дмитрий Шевченконың айтуынша, нысаналар бойынша жауынгерлік түсірулер айқындаушы болады. «Барлығы ескеріледі, мәселен, жүргізу, зымырандарды қайта жүктеу, есептоптың техниканы жауынгерлік әзірліктің әртүрлі дәрежелеріне келтіре алу шеберлігі, жорықтық, жауынгерлік. Бірақ, сайыс жауынгерлікке барынша жақындатылған. Сарбаздар нысаналар бойынша жауынгерлік түсірулерге аса мән беру қажет», - дейді ол. Қатысушылар Ресей тарапынан ұсынылатын С-300ПС қондырғыларында сайысады. «Біз зымырандардың жауынгерлік түсірулерімен мерзімді түрде тактикалық оқу-жаттығулар өткізіп тұрамыз. Сондықтан, біздің есептоптар жарысқа сақадай сай. Бұл тұрғыда барлығы керемет деп айта аламыз. Біздің команда тиісті дайындықтан өтті, жоғары нәтижелер көрсетеміз деп үміттенеміз»,- дейді сенімді түрде подполковник Дмитрий Шевченко.

Қазақстанда халықаралық байқауда ұсынатын үздік команданы жинау үшін бірнеше кезеңдерден тұратын іріктеу ұйымдастырылды. Қазақстан Қарулы Күштерінің әртүрлі әскери бөлімдерінің 80 әскери қызметшісінің ішінен ең алдымен 30, содан кейін 18 анағұрлым дайындалған әскери қызметші іріктелді. Сайысқа алғаш рет қатысушы әскери қызметшілер мен командалардың жақсы дайындығы бағаланып, қызу бәсеке болады деп күтуде.

 

«Орал» мен «Сарыарқа» жеңіспен оралсын

 

Қазақстан Әскери теңіз күштерінің корабльдері «Теңіз биатлонына» қатысу үшін Каспий теңізін есіп өтуде. «Орал» және «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық корабльдері Каспий теңізінің ресейлік су айдындарына жөнелтілді. 1-тамыздан бастап осы жауынгерлік корабльдердің экипаждары Халықаралық армия ойындары-2016 шеңберінде «Теңіз кубогы» сайысына қатысады.

ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқармасында атап өткендей, «Теңіз биатлонына» біздің командаларды дайындау теңізге әркез шығу кезінде алдыңғы үш байқау кезеңдерінің әрқайсысы үшін жеке-жеке өтті. Сайысқа экипаждар толық әзірлікте және жоғары жауынгерлік рухта жөнелтілді.

«Теңіз биатлонының» бағдарламасы Қазақстан, Ресей, Қытай және Әзірбайжанның әскери теңізшілеріне үш кезең дайындауда. Біріншісі – теңіз және әуе нысаналары, жүзбелі мина бойынша оқ ату. Екінші кезең – жағалық тренажерлық кешенде судың ағынымен өміршеңдік үшін күресу. Үшінші – теңіз машығы мен құтқару дайындығы. Сайыстың бұл кезеңінде экипаждар шектеулі жылдамдықпен апаттық кеменің сүйретілуін, корабльдің зәкірге және кеменің артқы жағындағы бөшкенің қойылуын жүргізеді.

«Теңіз биатлонына» әскери теңізшілеріміз екінші мәрте аттанғалы отырғанын айта кеткен жөн. Былтырғы жылы Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің командасы байқауға алғаш рет қатысса да лайықты өнер көрсетіп, екінші орынды иеленген. Сол арқылы күміс медальдар жиынтығы мен «БЛ-680» жылдам жүретін қайықтың иегері атанды.

 

Мергендердің алды межеге жетті

 

Байрақты шараның екі байқауы елімізде ұйымдастырылатыны белгілі. Қазіргі таңда Қазақстан әскерилері «Гвардейск» полигонында әлемнің үздік мергендері мен артиллерияшыларын қарсы алуда. Күні кешеге дейін оқу-жаттығу полигонына Ресей, Қытай, Ангола, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Иран, Моңғолия және ОАР-дың үздік мергендері мен артиллерияшылары келді. Команда құрамында олардың барлығы «Артиллериялық оқ ату шеберлері» мен «Мерген шебі» байқауларына қатысады. Алайда, бұл әлі қатысушылардың толық тізімі емес. Сайысқа барлығы, Қазақстанды қоса есептегенде, 13 ел қатысуға ниет білдірген. 28 шілде күні сайыс өтетін жерге Қырғызстан мен Үндістанның соңғы командалары келетін болады.

Жарыс өтетін орынға жиналған әскери қызметшілер орналастырылды. Командалар алғашқы жаттығуларға кірісіп те кетті. Оқ ату қаруының сапасын байқап көрді. Жеңіл броньдалған көп нысаналы сүйретпені жүргізу, минаатқыштан оқ ату бойынша сабақтар өткізді. «Гвардейск» полигонына енді ғана келіп жатқандармен ұйымдастырушылар брифингтер мен кеңестер өткізуде. Байқауларды өткізу үшін қазақстандық полигонда барлық қажетті инфрақұрылым дайындалып, жаңғыртылды. Артиллерияшылар үшін кедергілері бар, ұзындығы екі шақырым тас жолдар, мергендер үшін мерген винтовкасынан, тапаншадан оқ ату, гранаталар лақтыру үшін барлаушының соқпақ жолы элементтері және шептері бар тас жол әзір.

Қару-жарақ пен техника туралы айтатын болсақ, байқаулар үшін Драгуновтың мерген винтовкасы, 120 мм 2Б11 минаатқышы және жеңіл броньдалған көп нысаналы сүйретпе (ЖБКС) белгіленді. Үлгілер қазақстандық тараптан ұсынылады. Себебі, бекітілген үлгілердің техникалық сипаттамалары толық сәйкес келген жағдайда ғана командаларға байқауда өзінің қару-жарағы мен техникасын пайдалануға рұқсат етіледі. Осылайша, 12 ел қазақстандық техникамен өнер көрсетеді. Өзінің қару-жарағы және техникасымен байқауларға тек Ресей ғана қатысатын болады.

Қазақстанда өтетін артиллерияшылар мен мергендердің ауқымды халықаралық байқауының басталуына бір апта уақыт қалды. 2-тамыздан бастап «Гвардейск» полигоны мерген және артиллерия шеберлерінің ірі сайыс алаңына айналмақ.

 

Қызыл танкпен ойынды қыздырамыз

 

Қазақстанның командасы үшін «Танк биатлоны-2016» қызыл танктерден басталамақ. Бірнеше күн бұрын Мәскеу облысының «Алабино» полигонында халықаралық жарысқа қатысушы командалардың жеребесі тасталды. Оның нәтижесі бойынша танкішілерімізге қызыл түсті танкілер бұйырды. Ресей, Үндістан және Сербияның командаларымен бірге «Танк биатлоны» бойынша қазақстандық құраманың экипажы 30 шілдеде өнер көрсетеді. Командамыздың екінші жартысы 1-тамызда, ал үшіншісі 6-тамызда өтеді. Еліміздің Қарулы Күштері «Танк биатлоны» сайысында қазақстандық армияның барлық деңгейлерінде іріктеуден өткен төрт үздік экипажбен ұсынылған. Үш экипаж – 10810 әскери бөлімінің танкішілері. Біреуінің құрамында «Астана», «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының сарбаздары бар.

«Танк биатлоны-2016» 30 шілдеде Мәскеу облысының «Алабино» полигонында бастау алады. Оған 17 ел қатысады. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Венесуэла, Ангола, Беларусь, Иран, Әзірбайжан, Зимбабве, Армения, Моңғолия, Үндістан, Сербия, Кувейт, Никарагуа және Тәжікстан. Командамыздың жеңіс тұғырынан көрінуіне барлық мүмкіндігі бар. Өйткені, өткен «Танк биатлоны» сайыстарында танкішілеріміз әрқашан көшбасшылар үштігінде болды.

Дәл осы күні Ресейде «Суворов тегеуріні» жаяу әскердің жауынгерлік машиналары экипаждары сайысының қатысушылары да жеребе тастаған. Мұнда қазақстандық командаға ЖӘЖМ-нің жасыл түсі бұйырды. Жауынгерлік машиналар экипаждарымыздың жарыстары 30 шілдеде, сондай-ақ, 1 және 5-тамызда өтетіні белгілі.

 

«Авиадартс» ойыны тартысты өтеді

 

Су-27 және МиГ-29 ұшақтары мен тікұшақтарының, Су-25 шабуылдағыштарының, сондай-ақ, Ми-8 бен Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшақтарының қазақстандық экипаждары Ресейдегі Дубровичи полигонына ұшып барып, жаттығуларға кірісті. Бұл ірі сайыс – «Авиадартс-2016» халықаралық байқауы алдындағы әскери ұшқыштарымыздың соңғы дайындық жұмыстары. Ұшу құрамы қарқынды жаттығуда, әуеайлақтарда инженерлік-техникалық құрам мен ұшуларды жерүсті қамтамасыз ету мамандары ұдайы әзірлікте.

Бұл байқауда Қазақстанның намысын қорғайтын ұшқыштар – капитан Григорий Кондратюк, Әділ Ысқақов, Азат Абдуллин және Владимир Железнов – «Авиадартсқа» екінші мәрте қатысқалы отыр. Олар қарсыластардың сайысуы мен мүмкіндіктері туралы хабардар. Алайда, бұдан жауапкершілік пен толқыныс азаяр емес. «Мұндай халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғау – біз үшін үлкен абырой. Конкурста лайықты қарсыластар болатыны сөзсіз. Ұшқыштарымызда әлеует, тәжірибе және ең бастысы – жеңіске жетуге деген құлшыныс бар», - дейді капитан Григорий Кондратюк.

Қатысушылардың айтуынша, ұшу және инженерлік-техникалық құрамдар үшін бұл байқау жақсы практика болып табылады. Біріншіден, ол жауынгерлік жағдайларға жақындатылған. Екіншіден, қарсыластарына өз деңгейіңді көрсетіп, үздіктердің тәжірибесін жинақтауға болады. Ал үшіншіден, Әскери-әуе күштеріміз бен жалпы, Қарулы Күштердің беделін көтеруге мүмкіндік бар. Байқауда ұшу экипаждарымызға Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Пәкістан және Беларусьтің ұшқыштарымен бақ сынасуға тура келеді.

«Авиадартстың» бағдарламасы өте ауқымды. Яғни, пилотаждау, навигация техникасына ұшақтар мен тікұшақтардың экипаждарына арналған ұшу тапсырмалары, көзбен шолып, әуеден барлау бағдарлары, сондай-ақ, жерүсті нысаналары бойынша жауынгерлік қолдану.  Барлық ұшулар қарапайым метеорологиялық жағдайларда орындалады. Байқау соңында ұшқыштар шыдамдылық пен шапшаңдылық бойынша дене даярлығы тұрғысында сайысқа түседі.

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"