ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Армия халықаралық ойындары-2017 салтанатты түрде шымылдығын ашты

Армия халықаралық ойындары-2017 салтанатты түрде шымылдығын ашты

Тамыздың 1-і күні «Отар» 40-шы әскери базасында Қорғаныс министрі  генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың басшылығымен 2017 жылғы Армия халықаралық ойындары  салтанатты жағдайда шымылдығын ашты.

Апта басында Армия халықаралық ойындары-2017 салтанатты жағдайда шымылдығын ашты.

Ресей Федерациясының Мәскеу облысынан бастау алған байрақты шараның бір бөлігі Қазақстанда өтетінін осы уақытқа дейін хабарлаған болатынбыз. Жамбыл облысының Қордай ауданы Отар стансасындағы «Гвардейск» полигонында өтіп жатқан «Артиллериялық атыс шеберлері» және «Мерген шебі», «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептоптарының сайыстары» жарысына қатысатын үздік мергендер мен артиллерияшылар сол кезде-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен жиналып үлгерген. Думанды басқосуда олар салтанатты шеру жасап, қазақ сарбазының бейнесін сомдаған театрландырылған көріністі тамашалады.

 

Алдымен ҚР Қорғаныс министрлігі оркестрінің салтанатты маршымен «АрМИ-2017» додасының туы көтерілді. Барша қазақ жұрты мен спортсүйер қауым тамашалаған жиында «Армиялық халықаралық ойындарды өткізу шынайы жауынгерлік бауырластық пен адами достықтың негізі болып табылады және Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы тарапынан лайықты қолдау тауып келеді. Армиялық ойындар көлемді әлемдік спорттық біріншіліктерден еш айырмасы жоқ, халықаралық ауқымдағы керемет іс-шара. Біз үшін оны ең жоғары деңгейде Қазақстанда өткізу үлкен абырой», - деген ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник С. Жасұзақов көпшілікті сайыстың ашылуымен құттықтады.

Басқосуда Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны шырқалды.  Содан кейін

Қазақстан Әскери-әуе күштерінің әскери ұшқыштары көк аспанда ғаламат авиа-шоу ұйымдастырды. Армия халықаралық ойындарының салтанатты ашылу рәсімінің меймандары мен сайыстың шетелдік қатысушыларын әуе хас шеберлеріміз ұшақты басқарудағы жоғары сынамамен таңғалдырды.

Армиялық халықаралық ойындардың ашылу бағдарламасына сәйкес, қазақстандық барабаншылар мен домбырашылар және қазіргі заманғы жауынгерлік техниканың («Арлан» бронды-дөңгелекті машиналары, «Т-72 Б» танктері) сүйемелдеуімен ҚР ҚМ әскери оркестрі өнер көрсетті. Көпшілікке десантшылар ротасының орындауында қарумен қол жекпе-жегі ұрысының көрсетілімі ұсынылды. Қазақстан әскерінің жауынгерлік ұшақтары мен тіккұшақтары пилотаждық тобының әуе шоуы армиялық ойындардың ашылуының шарықтау шегі болғанын атап өту керек.
Жыл өткен сайын ойындардың пішіні жетілдіріліп, оған қатысушылардың географиясы да кеңейіп келе жатқанын атап өткен жөн. Бұл елдер арасындағы достастық қарым-қатынастардың нығаю және әскери саладағы ынтымақтастық, сондай-ақ әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық және кәсіби шеберлік деңгейінің арту факторы болып отыр.

Сонымен қатар, шетелдік қонақтар мен қатысушыларды Ұлы дала елімен таныстыру үшін полигонның аумағында дәстүрлі тұрмыс, қолданбалы өнер және ұлттық дәмнен ауыз тиюге болатын нағыз этноауыл өрістетілді.

Армиялық халықаралық ойындар шеңберіндегі «Артиллериялық атыс шебері», «Мергендік шебі» және «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының жарысы» байқаулары Қазақстанда 9 тамызға дейін өтеді. Жарыстарға қатысу үшін елімізге әлемнің 18 елінен 28 команда келді. «Мерген шебі» байқауында Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Иран, Әзірбайжан, Армения, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Зимбаве, Үндістан, Грекия, Тайланд елдерінің әскери қызметшілері өнер көрсетуде. Үздіктер атағы үшін бақ сынасудағы артиллерияшылардың сайысында Қазақстан, Беларусь, Венесуэла, Қырғызстан, Иран, Әзірбайжан және Ресейдің өкілдері бәсекеге түсуде. Ал, «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының жарысына» Қазақстан, Ресей және Иранның командалары тартылған.  Жалпы алғанда, үш байқауға 28 команданың құрамында 400-дей әскери қызметші келді.

Армия халықаралық ойындары халықаралық ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың, бейбітшілік пен ниеттестік кепілінің жаңа символына айналды. Бұл дода үшінші мәрте ұйымдастырылуда. Алайда, тың сапалы және сандық деңгейге шығып отыр. Биыл  тамыздың 29-ы мен 12-і аралығында Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Әзірбайжан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының аумақтарында әлемнің 28 елінің армия командаларының басын біріктірді.

Далалық, әуе және теңіз машығы бойынша 28 байқау бір уақытта әлемнің 5 елінің полигондарында өтуде.

Тағы бір айта кетерлігі, командаларымыз өнер көрсететін байқаулардың пішімі мен ерекшелігі әр алуан. Кәсіпқойлық жағынан бақ сынасып, халықаралық аренада Қазақстан Қарулы Күштерің намысын әскери ұшқыштар, теңізшілер, десантшылар, жүргізушілер, танкішілер мен теңіз жаяу әскерлері, әскери дәрігерлер, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мамандары, кинологтар, сүңгуірлер, мергендер және артиллерияшылар қорғауда. Олардың біршамасы қызу тартысқа түсіп те кетті.

Мәселен, Армия халықаралық ойындары шеңберінде Ресейдің Алабино полигонында алғаш рет өтіп жатқан «Тәртіп сақшысы» байқауының бірінші кезеңінде  ҚР ҚК Әскери полициясының құрама командасы 1-орын алғанын айта кетейік.

Ойын ережесіне сәйкес, еліміздің әскери қызметшілері 25 -150 м қашықтықта орналасқан нысананы АК-74 автоматынан, ПМ-9 тапаншасынан ату, сонымен қатар, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бойынша нормативтерді орындау қажет болған.

Нәтижесінде  Қазақстанның құрама командасы үздік нәтиже көрсетіп, еліміздің абыройын асқақтатты. Келесі кезеңде әскери қызметшілер жеті кедергілер мен от шебінен өтуі тиіс. Ал, үшінші кезеңде патрульдік нарядтармен жауынгерлік міндеттерді орындауы қажет. Байқаудың соңғы кезеңінде Алабино полигонындағы 45 табиғи және жасанды кедергілерден өту міндеті тұр.

Сонымен қатар, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Ресейде өтіп жатқан «Әскери бврлау үздігі» және «Автобронды танктік техника шеберлері» сайыстарының бірінші кезеңіне кірісті. Бұл бәсекеде еліміздің алты қарсыласы бар. Жеребе бойынша алғашқы болып Өзбекстан командасы, одан кейін Ресей, Беларусь, Зимбаве, Армения, Қытай құрамасы, ең соңында еліміздің командасы өнер көрсетеді.

Бұл жарыста үздік, мықты және ең кәсіби деген атаққа өзге елдердің командаларымен бақ сынасуда қазақстандық әскери қызметшілерге бірнеше кезеңнен өтуге тура келеді.  Командалар десанттау жасап, жүгіреді, оқ атады, кедергілер жолағынан өтіп, жаяу әскердің жауынгерлік машинасын жүргізу дағдыларын көрсетеді.

Оған қоса,  Воронеж облысында «Автоброньды танкті техника шеберлері» байқауы өтіп жатыр.

«Автоброньды танкті техника шеберлері» - автомобиль жүргізушілерінің сайысы. Әскери жүргізушілер шектеулі өтулер бойынша жүргізуде, кедергілерді, қоршаулар мен су бөгеттерін еңсеруде, шектеулі өтулер бойынша жартылай тіркемелерді тартуда, сондай-ақ, соңғы командалық эстафетада сыналады. Аталған байқауларға қатысу үшін белгіленген командалар әскери бөлімдер, өңірлік қолбасшылықтар мен Құрлық әскерлері деңгейінде іріктеуден өткендерін айта кеткен жөн. Олардың құрамындағылар - үздік жүргізушілер, техниктер мен шеберлер.

Бұл байқауда еліміздің әскерилері Ресей, Египет, Венесуэла командаларымен бәсекеге түседі. Мұнда команда құрамы тоғыз адам.

Қазақстанның әскери қызметшілері Беларусь Республикасында өтіп жатқан «Достастық жауынгері» байқауының екі кезеңін сәтті аяқтады. Мұнда еліміздің командасы «Эрудит» және «Мерген» бөлімдеріне қатысып, өздерінің асқан шеберліктерін паш етті. Нәтижесінде көшбасшы орындарды иеленіп, бәрімізді қуантып тастады. Бұл конкурста команда құрамына 4 әскери қызметші кіреді. Оның біреуі әскери әйел қызметші. Алғашқы кезеңде Ұлы Отан соғысы, халықаралық гуманитарлық құқық бойынша интеллектуалдық сынақтан өтті. Қорытындысында біздің команда 2 орынға ие болды. Екінші әр түрлі жағдайда ату кезеңінде еліміздің әскерилері сөзсіз жеңіске жетті. 

Алда ең күрделі «Атлет» дене шынықтыру дайындығы байқауы, «Профессионал» жауынгерлік шеберлік сайысы, «Кавалер/Сударыня» шығармашылық туры күтіп тұр.

Бұл байқауларда да командаларымыз жақсы нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атануға үмітті.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"